Әлемде 195 ел бар, бірақ әрқайсысы өзінше басқарылады. Кейбір елде билік бір адамның қолында болса, басқаларында халық сайлаған органдар елді басқарады. Бұл мақалада мемлекетті басқарудың қандай формалары бар және олардың айырмашылығы неде екенін қарастырайық.
Мемлекет – өз территориясы бар ұйым. Әр мемлекеттің өз заңы бар және сол елдің азаматтары сол заңға бағынып, өмір сүруі керек. Мемлекет тек заң шығарып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін сақтайды, зейнетақы мен жәрдемақы сияқты көмектер береді. Сондай-ақ тұрғындардан салық жинап, әртүрлі жобаларды қолдап, жақсы бастамаларды марапаттайды. Ал осы мемлекетті басқарудың негізгі екі түрі бар: монархия және республика.
Монархиялық басқару тәсілі деген не?
“Монархия” грек тілінен аударғанда “бір адамның билігі” дегенді білдіреді. Мұндай елде билік бір адамның – монархтың қолында болады. Монарх патша, король, император, сұлтан, шах немесе раджа деп аталуы мүмкін. Ол елді өмір бойы басқарады және билікті әдетте мұрагерлік жолмен ұрпағына береді. Монархия өте ежелгі басқару формасы және бірнеше түрге бөлінеді:
Абсолютті монархия – барлық билік монархта. Ол үкіметті, сотты, әскерді басқарады, кейде діни билікті де жүргізеді. Қазіргі таңда БАӘ, Сауд Арабиясы, Оман, Катар, Бруней, Ватикан билігі елін абсолютті монархия бойынша басқарады.
Конституциялық монархия – монархтың билігі шектеулі. Мұнда екі түрі бар: парламенттік және дуалистік. Парламенттік монархия кезінде елде монарх бар, бірақ билік парламенттің қолында. Дуалистік монархияда монарх маңызды шешімдерді өзі қабылдай алады, бірақ заң мен ережелер оған белгілі шектеу қоя алады.
Теократиялық монархия – монарх тек саяси емес, діни билікті де басқарады.

Республикалық басқару тәсілі деген не?
“Res publica” латын тілінен аударғанда "ортақ іс" дегенді білдіреді. Республикалық жүйеде билік халыққа тиесілі, бірақ шешімдерді бүкіл халық бірдей қабылдамайды. Халық депутаттарды, парламент мүшелерін сайлайды, олар елді басқарады және халыққа есеп береді.
Алғашқы республикалар көне заманда пайда болған: Афина, Спарта, Рим. Орта ғасырда Венеция, Флоренция сияқты қала мемлекеттер де басқарудың республикалық түрін қолданды. XVIII-XIX ғасырларда көптеген монархиялы елдер реформа немесе төңкеріс жасап, республикаға айналды. Қазір әлем елдерінің көбі республикамен басқарылады. Республикалар үш түрге бөлінеді:
Парламенттік республикада басты билік парламентке тиесілі. Парламент үкіметті құрады, таратады, заңдарды қабылдайды. Президент тек елді халықаралық деңгейде таныстырады, ал нақты билік премьер-министрде болады. Мысалы, Германияда, Түркияда, Үндістанда, Иракта, Польшада, Грекияда осы жүйе қолданылады.
Президенттік республикада мемлекет пен үкіметтің басшысы – президент. Ол министрлерді тағайындайды, заңдар мен парламентке ықпал етеді, кейде парламентті тарата алады. Дуалистік монархияға ұқсас, бірақ президент билікті мұрагерлік жолмен емес, халық немесе сайлаушылар арқылы белгілі бір мерзімге алады. Мысалы, АҚШ және Латын Америкасының көп елдерінде осы жүйе қолданылады.

Аралас республикада билік президент пен парламенттің қолында. Маңызды шешімдер екі жақтың келісімімен қабылданады. Президентті де, парламентті де халық дауыс беріп, сайлайды. Бұл жүйе Францияда, Финляндияда, Ресейде, Украинада, Балтық елдерінде қолданылады.




