Қазақстанда қазір 4600-ден аса адам донорлық ағза күтіп, өлім мен өмірдің ортасында арпалысып жатыр. Оның 119-ы – бала. Алайда біздің қоғамда мәйіттік донорлыққа қатысты үрей мен миф өте көп. Біреу діннен қорықса, біреу дәрігерлерге сенбейді. 28 жастағы Аделаида Әуеспекова eGov порталы арқылы мәйіттік донор болуға, яғни болашақта өмірден өткен жағдайда өз ағзаларын мұқтаж жандарға беруге ресми келісім рәсімдеген. Tamga Media онымен тілдесіп, бұл күрделі шешімнің артында қандай оқиға жатқанын, туыстарының реакциясын және «ағзаны қара базарда сатып жібереді» деген қорқынышпен қалай күрескенін сұрап білді.
Жақынының клиникалық өлімі
Аделаиданың болашақта донор болуға шешім қабылдауына шамамен 10 жыл бұрын отбасының басынан өткен қайғылы жағдай түрткі болған. Ол кезде жасөспірім еді. Мектеппен қоштасу кешіне бір күн қалғанда оның өгей әкесі Қарқаралы тасжолында ауыр жол апатына ұшырайды.
Аделаида анасымен бірге түн ішінде 300 шақырым жолды артқа тастап ауруханаға жеткенде оларға қаралы хабар естіртеді. Бірақ санавиация арқылы ұшып келген қарағандылық дәрігерлер науқастың жүрегі тоқтап тұрса да, ота жасап, тірілтіп көруге үміт бар екенін айтады. Туыстары «мәйітті қинамайық» деп айтса да, анасының өтінішімен дәрігерлер реанимацияда арпалысып, өгей әкесін клиникалық өлімнен алып шығады. Алайда өгей әкесі есін жиғанға дейін жарты жылға жуық комада жатқан.
«Сол түні жансақтау бөлімінің есігіндегі ауыр атмосфера әлі есімде. Шарасыздық күйін өмірімде алғаш рет сонда сезіндім. Жақын адамыңнан айырылып қалу қаупі, бәрі тек дәрігерлердің қолында екенін ұғыну өте қиын екен, тіпті қазір айтып отырып көзіме жас келіп жатыр», – деп еске алады ол.

eGov-қа кіріп келісім берген сәт
Телехикаялар мен әлеуметтік желідегі «адамды ұрлап кетіп, ағзасын байларға сатып жібереді» немесе «донор екеніңді білсе, дәрігерлер әдейі емдемей, өліміңді тездетеді» деген қауесеттер оның да көңіліне күдік ұялатыпты. eGov порталын ашып алып, біраз уақыт екіұдайы күйде отырған. Дегенмен тәуекелге барып, болашақта барлық ағзасын алуға рұқсатын беріп, қол қойған.
«2020 жылы eGov арқылы донор болуға келісім беруге болатынын естігенде, көз алдыма өгей әкем жатқан реанимация алдындағы шарасыздығым келді. Болашақта мен өмірден өткенде, ауруханада дәл сондай жағдайда менімен қатарлас бір қыз немесе бір отбасы жақынын күтіп отырса, менің ағзам оларға бір үміт сыйлағанын қалаймын», – дейді Аделаида.
Келісім берген алғашқы күндері көшеге шыққанда бойын үрей билеп, «көлік қағып кетпей ме», «ауруханаға барсам, өлтіріп қоймай ма» деп қорыққанын жасырмады. Тіпті ағзаларын таза ұстау үшін жеген тамағына дейін мән беріп, өзіне аса жауапкершілікпен қарай бастапты, бірақ бірнеше күннен соң бұның бәрі басылған.
«Арада 6 жыл өтті, талай рет ауруханаға бардым, дәрігерлермен кездестім. Ешкім менің ағзама қол сұққан жоқ. Логикаға салсақ, бір адамның мүшесін екінші адамға салу үшін медициналық көрсеткіштер мінсіз сәйкес келуі керек. Әлемде менің ғана ағзам бір байдың ағзасына дәл келе қалады дегенге сенбеймін. Оның үстіне, қылмыстық хроникаларды оқысақ, бізде біреуді ұрлап өлтіргеннен гөрі, қаржылық қиындыққа түскен адамдардың өз бүйрегін өздері сатқысы келіп, ұсталып жататынын көреміз».

«Өлім туралы ешкім сөйлескісі келмейді»
Қазақстан заңында адам тірі кезінде ағзасын беруге келісім берсе де, ол қайтыс болған соң туыстары қарсы болса, дәрігерлер ота жасай алмайды. Аделаида eGov-тан алған куәлігін бірден әлеуметтік желідегі парақашасына жариялап, бұл шешімін ешкімнен жасырмаған. Ол отбасының қайғылы сәтте эмоцияға беріліп немесе «әлі тіріліп кетеді» деген үмітпен трансплантацияға рұқсат бермей қоюы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Бірақ ол «жақындарым шешімімді құрметтейді» деген сенімде.
«Туғандарыма шешімім туралы бірнеше рет айттым. Олар түбегейлі қарсы шығып жатыр деп айта алмаймын, олар жай бұл тақырыпты айналып өтіп, әңгімені бұрып жібереді. Біздің менталитетте өлім туралы алдын ала сөйлесуді "жамандық шақыру" деп қабылдайды ғой. Бірақ уақыты келгенде оларға бұл өмірдегі миссиям – өзгеге өмір сыйлау екенін түсіндіремін. Біздің отбасымызда сыйластық жоғары, сондықтан менің шешімімді құрметтейді деп сенемін», – дейді ол.

«Тірі адамның өмірі өлі адамнан маңызды»
Қоғамдағы ең үлкен кедергілердің бірі – діни наным-сенім. Көпшілік «дін денені бөлшектеуге қарсы» деп санайды. Алайда Аделаида бұл мәселені де зерттеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми пәтуасымен танысып шыққан.
Шариғат бойынша, адам баласы – жаратылыстың ең ардақтысы. Құрандағы «Бір адамды өлімнен құтқару – барлық адамзатты құтқарумен тең» («Маида» сүресі) деген аят – трансплантологияның діндегі басты негізі. Мүфтияттың ресми түсіндірмесі бойынша, мәйіттік донорлыққа рұқсат етіледі, бірақ өте қатаң шарттармен:
Адамның өлімі нақты биологиялық тұрғыдан расталуға тиіс. Клиникалық өлім немесе тек мидың өлуі жеткіліксіз, жүрек тоқтап, рух денеден толық ажырауы керек. Мұны кемінде үш білікті дәрігерден құрылған тәуелсіз комиссия куәландыруы шарт.
Адам тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс шағында өз еркімен келісім (өсиет) беруі керек.
Ағзаны сатуға, бизнеске айналдыруға қатаң тыйым салынған. Тек тегін, қайырымдылық ретінде беруге рұқсат. Сондай-ақ ұрпақ таратуға қатысатын (жыныстық) мүшелерді трансплантациялауға қатаң тыйым салынады.
«Мүфтияттың түсіндірмесінде тірі адамның өмірі өлі адамның өмірінен маңыздырақ екені айтылады. Себебі марқұм өз тіршілігін жасап кетті, ал ауруханада жатқан науқасты құтқарып қалуға мүмкіндік бар болса, оны қолдану керек. Сондықтан "дін қарсы" деген – қате ұғым».
4600-ден аса адам донорлық ағзаға зәру
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір елде 4600-ден аса адам донорлық ағзаға зәру. Олардың басым бөлігі, яғни 4102 науқас бүйрек күтсе, 267 адам – бауыр, 198 адам – жүрек, ал 33 адам өкпе кезегінде тұр. Бірақ бұл тізім жыл санап қысқарудың орнына өсіп барады, мысалы, 2023 жылы 3900 адам болған. 2025 жылдың өзінде донорлық ағза табылмай, кезегін күтіп жүрген 342 адам көз жұмған.
Осы жылдың бірінші тоқсанында ел бойынша 77 ота жасалған. Оның 55-і – тірі донорлардан, яғни туыстары өз бүйрегін немесе бауыры берген, ал мәйіттен 22 ағза алынған.
2026 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша, eGov порталы арқылы 156 мыңнан аса қазақстандық донорлыққа қатысты шешім қабылдаған. Оның ішінде 140 мың 800 адам өзінің ағзасын беруден түбегейлі бас тартса, тек 15 мың 100 адам Аделаида сияқты өлгеннен соң донор болуға келісім берген.
«Басыңа түспейінше, жақының сол ағзаға зар болып жансақтау бөлімінде жатпайынша, адамдар мұның қадірін түсінбеуі мүмкін. Бірақ бұл өте қатігез тәсіл, мен ондай ауыртпалықты ешкімге тілемеймін. Бұл – әркімнің жеке шешімі. Бірақ егер мен өмірден өтіп жатсам, сол кезекте тұрған 4000-нан астам адамның ең құрығанда біреуіне өмір сыйлап кеткім келеді. Бәлкім, менің осы әңгімем кімге болса да бір ой салар...»




