Бұл – коллекциялық таро карталары туралы әңгіменің екінші бөлімі. Мұнда миллиондаған долларға сатылған карталар туралы айтамыз. Олардың ерекшелігі неде? Суретшілердің шеберлігі ме, әлде тапсырыс беретіндердің атағы ма? Бүгінгі материалда әлемдегі ең қымбат карталар жинағын шолып шығамыз.
Висконти және Сфорца карталары
Құны: 2-2,7 миллион доллар аралығы
Висконти және Сфорца карталары – бүгінге дейін толық сақталған ең көне жинақ, сондықтан тарихи тұрғыдан өте құнды әрі ең қымбат карталардың қатарына жатады. 1428-1466 жылдар аралығында бұл карталарға Милан герцогтары – Висконти мен Сфорца арнайы тапсырыс берген. Бонифачо Бембо деген шебер әр картаға өз қолымен сурет салып, картаның бетіне жұқа алтын жалатқан.
Әрине, қазір қайта басылған нұсқалары да танымал, ал түпнұсқасы музейлер мен жеке коллекцияларда сақталған. Қазіргі таңда 78 картаның 74-і ғана белгілі. Олардың негізгі бөлігі Нью-Йорктағы Pierpont Morgan кітапханасында (35 карта), Каррара академиясында (26) және Бейнеке кітапханасындағы Кэрри-Йель коллекциясында тұр.
Бұл карталар әу баста болашақты болжау немесе бал ашу үшін жасалмаған. Олар «траппола» деп аталатын Италияның карта ойынына арналған. Оны тек ақсүйектер ойнаған.

VI Карл Таросы немесе «Грингонье Таросы»
Құны: 1 миллион доллардан жоғары
Бұл карталарды 1460-1485 жылдары жасап шығарған. Басында бұл карталар француз королі VI Карл мен суретші Жакмен Грингоньеге (1392 жыл) тиесілі болған деседі. Алайда зерттеулер бұл жұмыстың Флоренция немесе Венецияда жасалғанын және корольдің тапсырысына ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеді. Бұл көне жинақта 22 Үлкен Арканның (ол кезде оларды «Тронфи» деп атаған) тек 16-сы және бірнеше сарай карталары ғана сақталған. Қазір бұл жинақ Францияның Ұлттық кітапханасында сақталып тұр.
Карталарға суреттер миниатюра әдісі арқылы салынып, бетіне жұқа алтын жалатылған.
Қазір карталардың көшірмелері бар. Тіпті түпнұсқасы жоғалып кеткен карталардың да қайталап жасаған нұсқалары да кездеседі Мұндай жұмыстардың ішінде Марко Бенедеттидің жасаған карталары өте танымал.

Сола Буска Таросы
Құны: 1 миллион доллардан жоғары
Бұл – 1491 жылы Италияда жасалған, 78 картасы түгел сақталған әлемдегі ең көне жинақ. Оның таро тарихындағы орны бөлек, сондай-ақ бірнеше себепке байланысты ерекше жинақ саналады.
Алхимия трактаты. Эзотериктер бұл жинақты карта емес, нағыз «алхимиялық еңбек» деп атайды. Мұндағы суреттерде ежелгі ритуалдар мен тәжірибелер бүге-шігесіне дейін бейнеленген. Алхимия тек металды алтынға айналдыру емес, адам санасының тазарып, кемелдену процесін де білдіреді.
Тұңғыш сюжеттік жинақ. Бұл – үлкен аркандармен де, кіші аркандары да арнайы сюжет суреттермен берілген ең алғашқы карталар.
Райдер-Уэйттың негізі. Қазір бүкіл әлемге танымал Райдер-Уэйт-Смит карталары дәл осы Сола Буска жинағына қарап жасалған.
Бұл жинақ маркиза Сола Бусканың құрметіне аталған. 420 жылға жуық уақыт бойы жеке адамдардың қолында сақталған. Тек 2008 жылы Италия үкіметі оны сатып алып, Миландағы Пинакотека Брера галереясына қойды.
Sylvia Plath’s Tarot Deck – Сильвия Платтың Таро карталары
Құны: 206 886 доллар
Әйгілі ақын Сильвия Платтың өз қолымен ұстаған жеке жинағы. Бұл – қарапайым ғана француздық «Марсель Таросы», бірақ кез келген жәдігерден қымбат.
1956 жылғы қазанда Сильвияның 24 жасқа толғанда күйеуі, ақын Тед Хьюз осы карталарды тарту етеді. Екеуі де тылсым дүниелерге қатты қызыққан, сондықтан бұл сыйлық Сильвияның шығармашылығына жаңа серпін беріп, өлеңдеріне арқау болды. Карталардың сырын тереңірек ұғу үшін ол Бэзил Иван Ракоцидің «Бояулы керуен: Таро карталарының құпиясы» деген еңбегін зерттеген.
2021 жылы Сильвия мен Тедтің қызы Фрида Хьюз бұл жәдігерді Sotheby's аукционына сатылымға шығарды. Бастапқыда қарапайым карталардың мұншалықты жоғары бағаға өтетініне ешкім сенбеген еді. Алайда бұл жинақ ақын мұраларының ішіндегі ең қымбат дүниелердің біріне айналды.

XVII-XVIII ғасырлардағы сирек кездесетін Marseille жинақтары
Құны шамамен: 4 000 – 50 000 доллардан жоғары
Бұл нақты бір жинақ емес, сол дәуірде Францияда қалыптасқан карталарды ерекше безендіру стилі. Оның ішіндегі ең бағалы әрі аңызға айналған түпнұсқалар – Jean Noblet (1650), Jean Dodal (1701) және Nicolas Conver (1760). Карта жинаушылар арасында бұл үштік «Марсель библиясы» деген атпен танымал.
Қазіргі уақытта бұл жәдігердің санаулы түрі ғана қалды. Кезінде бұған өнер туындысы деп емес, күнделікті ермек ретінде қараған, сондықтан карталар қолдан-қолға өтіп, тез тозып кеткен. Бүгінде бұл жинақтар Еуропаның алғашқы баспа үлгілері ғана емес, XIX-XX ғасырдағы бүкіл тылсым ілімдерге негіз болған құнды мәдени мұра.
Jean Noblet Tarot – марсель стиліндегі ең алғашқы толық жинақ. Карталар Парижде ағаштан ойылып жасалған, ал түстерін арнайы қалыпта қолдан бояп шыққан.

Jean Dodal Tarot – Noblet карталарының негізінде жасалған алғашқы жүйелі жинақ. Оны Лион қаласында (карта шығарудың орталығы болған) басқан. Тарихшылардың айтуынша, бұл карталар басқаларына қарағанда өте жанды әрі адамға ерекше әсер сыйлайды.
Nicolas Conver Tarot – Марсель стилінің атасы. Қазіргі репринттердің басым бөлігі дәл осы үлгіге сүйеніп жасалады. Кезінде Марсель қаласында көптеп басылып, кеңінен тарады. Дәл осы нұсқасы XVIII-XIX ғасырларда мистикаға сенетіндердің назарына іліккен әрі Таро әлемін тылсым аңызға толтырған.



