Кеше ғана 50 жасында мотоцикл мінген әкеңіздің қылығына күліп жүрсеңіз, бүгін өзіңіз де жаңа хобби таңдап тұрсыз. Бұл өмірдегі кезекті дағдарыс па, әлде жас ерекшелігі ме? Бірге талдайық.
Дағдарыс үстіне дағдарыс
“Thriving Center of Psychology” орталығы 28 бен 43 жас аралығындағы мыңнан астам миллениалдан сауалнама алған. Олардың 64%-ы өмірде үлкен дағдарыс көргенін, ал 39%-ы бұған жақында ғана тап болғанын айтты. Қазір орта жас дағдарысы «жасарып» кетті, оған қоса «ширек өмір дағдарысы» пайда болды. Оны 25 пен 33 жас аралығындағы жастардың 75%-ы бастан өткереді. Бұл кезеңде адам іштей мазасызданып, уайымдап, өзіне жиі күмәнданады. Бәлкім, сіз де қазір осы күйде шығарсыз.
Миллениалдар қартаюдан қорықпайды. Олар өмірдің мәні мен мақсатын жоғалтудан қорқады. Бала күнінен «биіктерді бағындыр» дегенді естіп өскен бұл буын белгілі бір деңгейге жеткенде: «Мен шынымен осы жерге келгім келді ме, қазіргі өміріме көңілім тола ма?» деп ойланады.

Миллениалдардың өмірі басқа буындардан мүлдем бөлек, өйткені ес білгелі сырттағы дағдарыстарды көріп келеді. Үнемі құбылып тұрған жағдайды бастан өткерген соң, оларды «жайлы өмірден шығу» дегенмен қорқыта алмайсың. Бұл буын үш үлкен соққыны көрді: жұмысқа енді орналасқанда 2008 жылғы дағдарысқа тап берді, кәсіби тұрғыда өсе бастағанда пандемия болды, ал қазір күннен күнге бәрі қымбаттап жатыр. Сауалнамаға қатысқанның 81%-ы тіпті күйзеліске түсіп, ес жиюға да уақыты мен күш-қуаты жоқ екенін айтады. Ал 83%-ы қазір ересек өмірді бастау 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда қиын екенін мойындайды. Сондықтан іштегі үрей мен шаршағанын басу үшін олар миды тынықтыратын қарапайым істермен айналыса бастады. Мұндай хоббилар адамға ес жиюға, өз құнын сезінуге және өмір сүрудің мәнін табуға көмектеседі.
Миллениалдар арасындағы танымал хоббилар
Фитнес пен жүгіру
Қазір фитнес саласын алға сүйреп тұрған – дәл осы миллениалдар. Олар спорт пен дұрыс тамақтануға зумерлерге қарағанда көп ақша жұмсайды және жаттығуды да тастамайды. Мәселен, TikTok-та #running хэштегімен 3,9 миллион видео шыққан. Қазір жастар үшін жартылай марафон жүгіру – үйлену мен балалы болу сияқты өмірдегі үлкен белестің бірі. Ал 2019 бен 2024 жылдар аралығында Нью-Йорк марафонына жүгіруге қатысатын 30 жасқа дейінгі жастардың қатары 50%-дан асқан. Жаттығу жасау адамнан тәртіпті, жауапты болуды, сондай-ақ белгілі бір ережені сақтауды талап етеді. Осылай, адамдар өмірінде бәрі тұрақты болуы үшін әрекет жасайды. “Running USA” зерттеуі де осыны растайды: жастар жүгіруге тек арықтау немесе шынығу үшін келмейді, олар осы арқылы көңілдерін аулап, өмірдің мәнін іздейді.
Йога мен пилатес
Дүниежүзінде 300 миллионнан астам адам йогамен тұрақты айналысады. Бұл – 125 миллиард доллар бар үлкен нарық, жыл сайын тағы 9% өсіп отыр. Онымен айналысатынның 55%-ға жуығы – миллениалдар мен зумерлер. Соның ішінде ең белсенді әрі ақша төлей алатын топ – 30 бен 49 жас аралығындағы адамдар. Олар абонемент сатып алып, ретриттерге де ақша аямайды. Ұлттық денсаулық сақтау институттарының (NIH) мәліметі бойынша, адамдар йоганы көбіне күйзелгенде, ұйқы қашып, мазасызданғанда айналысады Deloitte жүргізген жаһандық сауалнамаға (44 елдегі 23 000 адам) сүйенсек, зумерлердің 40%-ы, ал миллениалдардың 34%-ы үнемі уайымдап жүреді. Оған шамадан тыс жұмыс істеу (47%), еңбектің бағаланбауы (47%) мен ұжымдағы жағымсыз орта (45%) әсер етеді. Сондықтан миллениалдар йоганы дене сымбаты үшін емес, бірінші кезекте миды тынықтырып, ішкі тыныштықты табу үшін таңдайды.

Би
Адамдар жалғыз болудан қорқып, жаңа ортамен танысқысы келгенде, бимен айналысады. Мәселен, 2025 жылғы дерек бойынша, Америкадағы үлкендердің жартысына жуығы жалғызсырап жүреді. Ал 18 бен 34 жас аралығындағы әрбір үшінші адам жалғыздықты күнде немесе аптасына бірнеше рет сезінеді. Жастар би сабақтарына басқалармен бірге уақыт өткізу үшін барады. Бұл – жаңа достар табудың жақсы жолы. Ең ыңғайлысы, мұндай таныстық би үйірмесінен ары аспайды, сондықтан адамды шаршатпайды.
Падел, теннис және сквош
Ракеткамен ойнайтын спорт түрлері кейінгі екі жылда кеңінен танымал болып жатыр. Әсіресе падель адамның көңіл-күйін тез көтереді, өзіне сенімін арттырады. Бұл ойынға ешқандай дайындықсыз-ақ барып, залдан жақсы сезімде шығуға болады. Мәселен, спортпен соңғы рет мектепте айналысқан 30 жастағы адам үшін ең ыңғайлы әрі жеңіл спорт түрі. Осылай, жастар бір мезетте әрі денесін шынықтырады, әрі адамдармен араласады.

Кітап клубтары мен #BookTok
TikTok-тағы #BookTok хэштегі 220 миллиардтан астам рет қаралды. Қазір кітап клубтарының форматы мүлдем өзгерді: адамдар барлар мен кофейняларда бас қосады, тіпті бірге жүгіріп жүріп немесе алғашқы кездесуге шыққанда да кітап талқылайтын болған. Бұл үрдіс кітап саудасын да жандандырып жіберді. Мысалы, АҚШ-та қағаз кітаптар пандемия басталғанға дейінгі уақыттан 10% көп өтсе, ал үлкендерге арналған көркем әдебиет бес жылдан бері жақсы сатылып жатыр.
Винил мен таспалы фотоаппарат
Адамдар қолмен ұстауға болатын шынайы заттарды жақсы көреді. Олар осы арқылы алаңсыз, қарапайым өткен балалық шағы мен жастық шағын еске алғысы келеді. Ал таспаға (пленкаға) түсірілген суреттердің ерекше стилі TikTok пен Инстаграмды жаулап алды. Соның әсерінен қазір “Kodak” пен “Fujifilm” сияқты таспалы камералар өте жақсы сатылып жатыр.
Бердвотчинг (құстарды бақылау)
“GetYourGuide” платформасының сауалнамасына сүйенсек, миллениалдардың 85%-ы саяхат кезінде құстарды бақылап көргісі келетінін айтқан. Тіпті Ариана Гранде сияқты танымал жұлдыздар да бұл хоббиді қатты жақсы көретінін жасырмайды.
Жалпы табиғатта уақыт өткізу адамды уайым мен күйзелістен арылтады, ал құстарды тамашалау жан дүниеңе тыныштық береді. Оның үстіне, бұл асықпай уақыт өткізіп, айналаға жай ғана көз салуды үйретеді.

Жиһазды апсайклинг жасау (ескі жиһазды жаңарту)
Миллениалдардың 64%-ы DIY-жөндеумен және үйін өзгертумен айналысады. Апсайклинг – ескі затты жаңартып, ерекшелеу. Мысалы, базардан алынған ескі сандықты бояп, тұтқаларын ауыстырса, су жаңа жиһаз болады. Кеңес кезінен қалған орындықтың матасын жаңартса, дизайнер бұйымына айналады, ал ағаш паллеттерден бақша жиһазын құрастыруға болады.
Жастардың бұл іске көшуіне үш себеп бар. Біріншіден, бұл арзан: ескі затты алып қайта жасау жаңасын сатып алғаннан әлдеқайда тиімді. Екіншіден, сапасы жоғары: таза ағаштан жасалған ескі жиһаз ұзаққа шыдайды, ал қазіргі дайын жиһаздар тез бұзылады. Үшіншіден, ерекшелік: бұл – ешкімде қайталанбайтын, тек сізде ғана болатын дүние.
Көкөніс пен өсімдік өсіру
Азық-түлік бағасы өскендіктен, адамдар бақша еге бастады. “Axiom Gardening Outlook Study” зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылы миллениалдардың 66,7%-ы бақшада көбірек уақыт өткізген. Экономикалық дағдарыс кезінде өскен жастар қолмен ұстауға болатын әрі өзін асырай алатын іске бет бұрып жатыр. Бұл жерде мәселе тек ақшада емес.

Сауалнамаға қатысқандардың 56%-ы бақша жұмысы адамды сабырға түсіріп, өзіне сенімді етеді дейді, ал 44%-ы ешкімге тәуелді болмауды үйрететінін айтқан. Жастар сыртқы дүниені, мысалы, үй бағасын немесе жұмыста өсіп, жоғарылауды өз бетінше басқара алмайтынын айтады. Ал қызанақ егу өзіне ғана байланысты, сондықтан олар осы жерде өзін қожайын сезінеді. Қазір қалада бақша өсіру сәнге айналды. Жастар балкондағы шағын ыдыстарға, тік сөрелерге немесе терезе алдына көкөніс егіп алады. Миллениалдар мен зумерлер тіпті өте тар жердің өзінде өсімдік өсірудің амалын тауып жүр.



