"Миллениалдар үнемі шаршап жүреді", "зумерлер ештеңеден қорықпайды", "альфалар телефоннан ажырамайды" деген стереотиптер жиі айтылады. Бірақ әр қалжыңның астарында шындық бар. X, Y, Z және альфа буындары Қазақстанда қалай қалыптасты? Олардың құндылығына, мінезіне қандай факторлар әсер етті? Tamga Media осы сұраққа жауап алу үшін социолог, Нархоз университетінің ассоциациялық профессоры Айман Жүсіповамен сөйлесті.
Әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың айтуынша, ғылым адамдарды туған жылына ғана қарап буынға бөлмейді. Дегенмен бұл тәсіл де маңызды, себебі бұл экономика, медианы, білім жүйесі сияқты ірі салалардағы өзгерістерді түсінуге көмектеседі. Ал адамның қай буынға жататыны туған жылына ғана емес, өскен ортасы мен қалыптасқан кезеңіне де байланысты.
“Бір буын қиын заманда ер жетсе, екіншісі нарық тез өзгерген кезеңді бастан кешкен, ал кейінгі буын цифрлық технология дамыған кезде дүниеге келген. Сондықтан буындарды ортақ тарихи тәжірибесі бар орта деуге болады”, – дейді сарапшы.
X буыны: 1990 жылдардың қиындығы мен тапшылығын көрген
Х буыны - 1964-1980 жыл аралығы туғандар. Олар Кеңес Одағы кезінде өсіп, 90-жылдардың қиын кезеңіне тап болды. Бұл жағдайлар олардың жұмысқа, өмірлік стратегияға деген көзқарасына әсер етті.
“Олар тапшылықты, ұзын-сонар кезекті көрді. Олар тіпті кезінде бір затты “тек таныс арқылы” ала алатын. Кейін нарық күрт өзгеріп, экономика тұрақсыз болып, қатты құбылғанда өмірге көзқарасы қайта қалыптасты. Сондықтан Х буыны төзімді әрі тұрақтылықты ерекше бағалайды. Олар көп жыл бойы бір жерде жұмыс істесе де, жалықпайды. Керісінше, бұл – олардың қиын кезеңдерді еңсергенінің дәлелі”, – дейді әлеуметтанушы.

Миллениалдар: үміт пен өзгеріс арасындағы кезеңде есейгендер
Миллениалдар – 1981-1996 жыл аралығы туғандар. Кейбірі 1984-2000 жыл аралығы туғандар жатады дейді. Бұл буын кеңестік жүйе әлсіреп, жаңа жүйе толық қалыптасып үлгермегенде, яғни өтпелі кезеңде өсті. Олардың көбі бала күнінен “Оқу тұрақты әрі жайлы өмірге жеткізеді” дегенді естіді. Дегенмен шынайы өмір басқаша болды.
“Миллениалдарға ата-анасы “Білім ал, еңбек ет. Бұл – тұрақты өмірге апаратын жол” деп үйреткен. Бірақ олар ересек болғанда бұрынғы ережелер жұмыс істемей қалды. Диплом енді тұрақты жұмыс пен мансаптың кепілі болмады, еңбек нарығы құбылды. Көбі “бәрін дұрыс жасап жүрмін” деп ойлағанымен, бәрібір тұрақтылыққа жете алмай жатқанын сезді”, – дейді маман.
Миллениалдар эмоция тұрғысынан тез шаршап, күйіп (орысша “эмоциональное выгорание” – ред.) жатады. Бірақ бұл олар әлсіз деген сөз емес. Бұл буын үнемі жаңа талаптарға бейімделуге мәжбүр болды.
“Олар тұрақсыз ортада жаңа нәрселерді үйренді. Бала кезінде, жасөспірім шағында цифрлық технология күрт дамыды. Әлеуметтік желіні қолданды, өзін өзгелермен салыстыра бастады, үнемі даму, тоқтамау, үнемі әрекет ету трендке айналды. Мұның бәрі адамды тез шаршатады”, – дейді Айман Жүсіпова.

Зиллениалдар: Y мен Z арасындағы көпір
Кейінгі уақытта миллениалдар мен зумерлердің арасында өтпелі топ – зиллениалдар жайлы жиі айтылып жүр. Олар бір жағынан батырмасы бар телефонды, алғашқы интернет форумдарды көріп өсті. Екінші жағынан TikTok, маркетплейстер мен цифрлық технологияны күнде қолданатын дәуірге қадам басты.
Зиллениалдар екі буынның мәдени кодын түсінеді. Олардың арасындағы "көпір" сияқты. Кейбірі бұл буынға 1992–1998 жыл аралығында дүниеге келгендерді жатқызса, енді біреулер нағыз зиллениалдар 1995–2004 жыл аралығы туғандар кіреді дейді.

Зумерлер: экранның алдында қалыптасқан алғашқы буын
Зумерлер немесе Z ұрпағы – 1997-2010 жылдары туған, цифрлық ортада өскен алғашқы буын. Олардың бала кезі интернеттің ішінде өсті. Сондықтан олардың ойлау тәсілі, ақпаратты қабылдауы және жұмыстан күтетіні басқа буынға қарағанда өзгеше.
"Олар қысқа видеолар көріп, ақпаратты тез алып, бір батырманы басып қана керек затын сатып алып үйренген. Бұл буын Қазақстандағы тілге қатысты көзқарасқа ықпал етіп отыр: қазақша контент көбейді, қазақ тілінің беделі артып, тіл жеке болмысты танытудың бір жолына айналды", – дейді Айман Жүнісова.
Басқа буын өкілдері “Зумерлер тұрақсыз, жұмыстан жұмысқа секіріп жүреді” деп жатады. Шын мәнінде, олар үшін бір жерде ұзақ отырғаннан гөрі өз мансабында өсіп, жаңа дағдылар үйренген маңызды.
“Олардың жиі жұмыс ауыстырғаны қыңыр мінезінен емес, еңбек нарығының ерекшелігінен. Қазір жастар бастапқыдан тұрақсыз экономикада жұмыс істейді, ал Қазақстанда икемді шарттар мен мансапты өсіруге мүмкіндік беретін компания аз. Сондықтан Z буыны үшін жұмысын ауыстыру – даму мүмкіндігі және өз болашағын басқару жолы”, – дейді әлеуметтанушы.
“Зумерлер саясатқа қызықпайды, ештеңеге араласпайды” деген пікір де қате. Олар да белсенді, бірақ әрекетін басқа формада көрсетеді: экология қозғалыстарына, волонтерлік іс-шараларға, жергілікті әлеуметтік бастамаларға, цифрлық белсенділікке қатысады. Олар абстракт ұрандарға қосылғаннан гөрі нақты мәселелерді шешкенді жөн көреді.
Мысалы, 2020 жылы АҚШ-тағы сайлауда зумерлер классикалық үгіт-насихаттың орнына TikTok пен мемдерді қолданды. Оңтүстік Кореяда экология мен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін алға шығарып, саясаткерлерді онлайн-аудиторияға бейімдеуге мәжбүр етті. Чили мен Колумбияда Z буыны жаппай реформалар мен көше толқуларының негізгі қозғаушысы болды. 2025 жылы Непалда билік әлеуметтік желіге тыйым салғанда, зумерлер митинг ұйымдастырып, тыйымның күшін жойды.

Альфа: алгоритмдер әлемінде өсіп келе жатқан ұрпақ
Альфалар – 2010 жылдан бастап туғандар. Олар әлі кішкентай, бірақ қазірдің өзінде ерекшеліктері байқалады. Қысқа видеолар, ойын, визуал, ақпаратты жылдам алу, тез ауысатын контент – альфа ұрпағы үшін қалыпты нәрсе.
“Олар экология, қайта өңдеу, жаһандық жауапкершілік туралы әңгімелерді ерте жастан естіп жатыр. Қазақша контент балалар үшін ойын мен қарым-қатынас тілінің табиғи бөлігіне айналып келеді”, – дейді сарапшы.
Айман Жүсіпованың айтуынша, қазір балалар интернетте ерте жастан түрлі радикал ойға тап болуы мүмкін. Мұндай идеялар кейде мем немесе әзіл ретінде беріледі, сондықтан оларды байқау қиын.
“Z буыны өзін көп сынайды, ал альфа буыны одан да ашық, бақылауы аз ортада өсіп жатыр. Ақпарат пен таңдау тым көп болғандықтан, балалар жиі шатасады. Сол себепті үлкендер балаларды интернетке толық тыйым салмай, оны қауіпсіз әрі саналы түрде қолдануға үйретуі керек”, – дейді әлеуметтанушы.

Буындар бір-бірін неге түсінбейді?
Кейде әр буын ұрпағы бір-бірін түсінбей, келісе алмай жатады. Бірақ бұл бірі жақсы, бірі жаман деген сөз емес. Әр буын әртүрлі жағдайда өсіп қалыптасты, сондықтан “қалыпты нәрсе” деген түсінігі әртүрлі. Мәселен, әр буын бір адамның мінезін, жүріс-тұрысын әртүрлі қабылдайды.
“X буыны Z және альфа ұрпағына өз призмасынан қарайды. “Біз төздік, бір жерде тұрақты жұмыс істедік, көп таласпайтынбыз” деп, жастар жеңіл жол іздеп жүр деп ойлайды. Ал Z буыны “X буыны үнемі ақыл беріп, цифрлық форматтарға сенбейді” деп жақтырмайды. Мұндай кикілжің жұмыс пен тіл мәселесінде қатты байқалады: үлкендер ресми жүйеге сенсе, жастар нақты жобаларды таңдайды. Олар бір-бірін “жалқау” немесе “ескі көзқарастың адамы”, “консерватизм” деуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл – екі түрлі әлем моделінің үйлеспеуі”, – дейді сарапшы.
Буындар арасындағы қарым-қатынасты қалай жақсартуға болады?
Маманның айтуынша, бір буынға таңба басып, стереотиптерге сенуден аулақ болу керек. Мысалы, кейбіреулер жастарды “жалқау” немесе “тек өз қара басын ойлайды” деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде, әр буынның тәжірибесі мен ойы әртүрлі. Z және альфа буындарына үлкендердің “біз бәрін жақсы білеміз” деп қарағаны ұнамайды. Олармен тең дәрежеде сөйлесіп, не үшін осындай шешім қабылданғанын түсіндіру керек. Жастар не болып жатқанын, оның себебі мен нәтижесін білгісі келеді. Олар ережелерді түсінсе, кез келген істі белсенді әрі жауапты жасай алады.
“Жалқау”, “консерватив”, “түсінбейді” деп кесіп айтудың орнына басқа сұрақ қойған дұрыс. Олар қандай экономикада өсті? Олардың әдеттерін қандай медиа қалыптастырды? Қандай шынайы мүмкіндіктері болды? Әр буынның әртүрлі екені – қоғам өзгеріп жатқанының белгісі, ал бізге бұл өзгерістерді қабылдай білу керек. Буындар арасындағы айырмашылықтарды, қайшылықтарды проблема емес, мүмкіндік деп қараса, бір-бірін толықтыратын орта қалыптасады”, – дейді сарапшы.




