Ойын-сауықСаяхатМиды тынықтыру: 50 000 теңгеге демалыс күндері қайда баруға болады?

Миды тынықтыру: 50 000 теңгеге демалыс күндері қайда баруға болады?

21 мамыр 2026
7 мин
Ментальная перезагрузка: куда уехать на выходные за 50.000 тенге
Бурабай | Фото: Shutterstock

Қаланың қарбалас тірлігінен шаршап, миыңызды тынықтырғыңыз келсе  – ортаңызды аз уақытқа болсын өзгертіңіз. Мысалы, қала сыртына, табиғат аясына шығып қайтыңыз. Өзіңіз немесе жаныңызға жақын адамыңызды ерітіп алыңыз. Бұлай серпіліп қайту қалтаға да айтарлықтай салмақ салмайды.


Алматы


Көлсай мен Қайыңды


Бұл – ең танымал маршрут, жолға небәрі төрт-ақ сағат кетеді. Жол бойында үш көл кездеседі, оның ішінде инстаграмға ең әдемі сурет шығатын жері – Қайыңды. Онда судан қылтиып шығып тұрған шырша діңгектерін көруге болады (1911 жылғы жер сілкінісінен кейін осындай болып қалған). Көл суы жылдан-жылға тартылып, бұл шыршалар су мен желден мүжіліп барады. Су астындағы орман жылдан-жылға сиреп барады. Сондықтан дәл қазір – осы бір сұлу табиғатты өз көзіңізбен көретін ең қолайлы сәт.


Егер қонуға барсаңыз көл жағасында шатыр құруға, Саты ауылындағы қонақүйлерге түнеуге немесе глэмпингте демалуға болады. Ал шатырды арнайы кемпинг аймағында құра аласыз. Экологиялық жарна ересектерге шамамен 926 теңге, ал көлікпен кіру – 2 753 теңге. Түнде салқын болмас үшін шатырды судан 50-70 метрдей алысырақ құрған жөн. Ауылдағы үйлердің бағасына таңғы, кешкі ас және кешкі алау жағу кіреді. Тіпті дайын турлар да бар, оның ішіне жатын орын, көлдерді аралату мен сізді алып барып, әкелетін көлік бағасы – түгел кіреді. Сондай-ақ айнала анық көрінетін, терезелері кең үйшіктер де салынған, көбіне таңғы асы да ішінде болады. Бұл жерден қалтаға қолайлы арзанын да, нағыз люкс демалысты да табуға болады.


Шарын шатқалы


Жолға 2,5-3 сағат кетеді (Алматыдан 195 шақырым жерде). Кешке туристер тараған кезде, айнала құдды бір Марс сияқты құбылып, аспандағы жұлдыздар анық көрінеді. Шатырды арнайы орындарында тегін құрасыз. Ал жайлы орын іздесеңіз, ұлттық парктің үйшіктері (кэбиндері) бар, бағасы – шамамен 55 000 теңге. Бұл үйшіктер табиғи материалдан жасалған және дәл шатқалдың жиегіне салынған. Оның ішінен демалысқа керектің бәрін табасыз. Тағы бір нұсқа – сафари-тенттер. Ішінде әжетханасы, душы, барбекю аймағы мен көлік қоятын тұрағы да  бар. Бағасы аптадағы демалыс әрі жұмыс күніне қарай өзгереді (орташа есеппен бір түнге 32 000 теңге – 42 000 теңге). 


Түрген шатқалы


Іле Алатауы саябағындағы шатқалға көлік арқылы бір сағатта-ақ жетіп аласыз. Мұнда адамдар Аюлы мен Қайрақ сарқырамаларын көруге, ескі шыршалы орманның таза ауасын жұтуға, сақ қорғандары мен Алтын адам ескерткішін тамашалауға барады. Қонуға өз шатырыңызды тіксеңіз, тегін. Ол аз десеңіз өзен жағасындағы жайлы люкс шатырларда (глэмпингке) т түнеуге болады, ішінде дайын тамағы (швед үстелі) мен моншасы да бар. Бағасы 35 000 теңге шамасында болады. Ал одан да жайлы орын іздесеңіз, арнайы үйшіктер бар. Бағасы сәл қымбаттау, есесіне ішінде бәрі дап-дайын.


Қырғызстар 


Ала-Арча су қоймасы


Бұл – Қырғызстандағы су ішінде өскен ерекше орман. Мұнда ағаштардың арасымен сап-борд тебуге болады. Бір өкінішітісі, тек сәуір мен мамырда үлгеріп қалу керек. Маусымда суды егістікке ағызып жіберетіндіктен, жүзе алмай қаласыз. Алматыдан әр демалыс сайын туристер автобусы қатынайды. Бір күнге 22 000 теңге – 40 000 теңге тұратын турлар бар. Су қоймасына барып- қайтуға 19-20 сағат кетеді, түнгі 3-те жолға шығасыз. Сапар тек бір күнге арналған, ал қонғыңыз келсе, Бішкектен орын қарастырған жөн. Су қоймасының жанында Чункурчак шатқалы бар. Ондағы 100 метр биікте, жартастар арасына тартылған аспалы көпір салынған. Оған қызықсаңыз, бағасы – 500 сом (3 000 теңге).


Астана


Бурабай


Жолға үш сағаттай уақыт кетеді. Ұлттық парктің ішінде қалың шырша қоршаған 14 көл бар. Ең танымалдары – Үлкен және Кіші Шабақты, Шортанды, Бурабай және Майбалық. Айналасындағы ерекше жартастары үшін бұл жерді «Қазақстанның Швейцариясы» деп атайды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс күндері жеңіл көлікпен кіру ақысы – 1 298 теңге. Парк ішінде дәмханалар, қонақ үйлер мен түрлі экскурсия бар. Түнде қалу үшін арнайы жерлерге шатырыңызды тегін тіге аласыз. Қонақ үйлердің бағасы (көбіне таңғы асымен) 20 000 теңгеден басталса, тура орман іші мен су жағасындағы жайлы люкс шатырларды екі адамға бір түнге 50 000 теңгеден жалдай аласыз.


Зеренді


Бурабайдан 70 шақырым жерде орналасқан (көлікпен бір сағатқа жетпейтін уақыт). Мұнда демалатындар аз, суы таза, ал табиғаты өзінің алғашқы таза қалпын еш өзгертпей сақтаған. Жазда су 24-25 градусқа дейін жылығанда шомылған жақсы. Сондай-ақ мұнда жыл бойы балық аулауға болады. Шатырыңыз болса, тегін қона аласыз немесе жатын орны, тамағы мен экскурсиясы ішіне кіретін екі күнге турларды таңдай аласыз (бір адамға 20 000 теңгеден басталады).


Шымкент


Ақсу-Жабағылы қорығы


Бұл – Қазақстандағы 1926 жылы құрылған ең көне қорық. Мұнда тау соқпақтары, сарқырамалар бар, ал көктемде Грейг қызғалдақтары өседі әрі қар барыстары да мекендейді. Барыстарды кездестіру қиын, бірақ осы жерде бар екенін біле жүріңіз. Шымкенттен жолға екі сағаттай уақыт кетеді (130 шақырым). Қорыққа кіру үшін бір адам шамамен 2 000 теңге төлейді. Өзен жағасына шатырыңызды тегін тігіп қонуға немесе Жабағылы ауылындағы қонақ үйлерде түнеуге болады (бір түнге 8 000 теңге - 12 000 теңге). Сол жердің тұрғындарына тамаққа тапсырыс бере аласыз.


Өзбекстан


Шымған таулары мен Шарбақ су қоймасы


Шымкенттен шықсаңыз, шекарадан өтуді қосқанда 4-4,5 сағатта жетесіз. Көлігіңізбен барсаңыз өте ыңғайлы, болмаса таксимен де (шекараға дейін және одан ары қарай) жетіп алуға болады. Жол шығыны шамамен 12 000 теңгеге шығады. Шекара маңында Білдірсай – Шымған – Шарбақ бағытымен қыдыртатын жүргізушілер өте көп. Тау қоршаған Шарбақ су қоймасының суы күн ашықта көкпеңбек болып құбылады. Мұнда келгенде Үлкен Шымғанның бүкіл панорамасы, әдемі табиғаты алақандағыдай көрінетін биік алаңға аспалы жолмен көтеріліп (шамамен 5 000 теңге), шатқал ішінде атпен серуендеуге болады. Жазда суға шомылсаңыз, қыста «Амирсой» шипажайында шаңғы тебе аласыз. Егер қонып қалғыңыз келсе, Шымған етегіндегі Қожакент немесе Шарбақ пен Шымғанның ортасындағы Нанай ауылынан бассейні мен моншасы бар демалыс орындарына барыңыз. Тіпті Airbnb арқылы үй жалдасаңыз, бағасы – бір түнге 10 000 теңге - 20 000 теңге шамасында.


Ақтау


Бозжыра мен Маңғыстау алқаптары


Шетсіз-шексіз дала төсіндегі аппақ борлы жартастарды көбіне Американың Юта штатындағы Монументтер алқабына ұқсатып жатады. Ақтаудан шыққан соң 3 сағаттан астам уақыт жүру керек (270 шақырым). Мұнда, әсіресе, түнде өте әдемі – жұлдызды аспан астындағы көрініс тура басқа ғаламшарға тап болғандай әсер береді. Бұл жаққа өз көлігіңізбен немесе көлік жалдап, бірден екі күнге баруға болады. Жалдау құны – шамамен 40 000 теңге. Түнде қалу үшін кең далаға шатырыңызды тегін тіге аласыз немесе тұрғындардан киіз үй жалдай аласыз. Тұрғындар қонатын орынмен бірге кешкі асты да дайындап береді, бағасы – бір түнге шамамен 15 000 теңге.


Астана, Павлодар, Семей, Өскемен


Баянауыл, Жасыбай көлі


Жасыбай – Қазақстандағы ең таза көлдің бірі. Жан-жағынан таулар қоршаған бұл су айдыны қазақ-жоңғар соғысының батыры Жасыбайдың есімімен аталады. Көлдің дәл ортасында жүрек пішінді жасыл арал бар. Оны «Махаббат аралы» деп атап кеткен, сол себепті еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғашықтар бақыт тілеп, мұнда лента байлап жатады. Кемпинг аймағына шатыр тігіп қонсаңыз, орны үшін мың теңгеге жетер-жетпес ақы төлейсіз. Ал демалыс орындарынан бөлме жалдап алғыңыз келсе, бағасы бір түнге 15 000 теңгеден басталады.


Жолға не алу керек?


Бұл бәрі дайын тұрған қала маңындағы демалыс емес. Тіпті шатыр тікпей, демалыс орнына тоқтасаңыз да, ол жерде интернет ұстамауы, картамен төлем қабылдамауы әбден мүмкін. Сондықтан ең қажет заттарды жинап алған жөн.


Қолма-қол ақша. Тау мен далада терминал атымен жоқ. Сол себепті ақшаны артығымен ала жүріңіз (егер Қырғызстан немесе Өзбекстанға баратын болсаңыз, валютаны алдын ала айырбастап алыңыз).


Су. Әсіресе экскурсияға және жаяу серуендегенде міндетті түрде су алыңыз.


Су өткізбейтін киім (дождевик). Тауда ауа райы 20 минуттың ішінде құбылып кетеді, жарқырап тұрған күннің көзі бірден нөсер жаңбырға ұласуы мүмкін.


Телефонды қуаттайтын құрылғы (Пауэрбанк). Шатырда қонсаңыз, ол жерде тоқ көзі жоқ, ал телефон мен қолшам үнемі керек, сол себепті телефоныңызды өшіріп алмаңыз.


Жабық аяқкиім. Қай бағытты таңдасаңыз да, жолға ыңғайлы әрі сапалы кроссовка киген дұрыс.


Аймақ картасы. Жолға шықпай тұрып, телефонға офлайн карта жүктеп алыңыз. Мұндай жерлерде байланыс бола бермейді, алдын ала сақтанған артық етпейді.

Бөлісу: