МедиаҚоғамМикро-демалыс: Қаладан ұзамай-ақ күйбең тірліктен қалай сергуге болады

Микро-демалыс: Қаладан ұзамай-ақ күйбең тірліктен қалай сергуге болады

5 тамыз 2026
3 мин
"Бестолковые" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Кейде еңбек демалысын алудың өзі әбігерге айналады. Бір ай бұрын өтініш беру керек, ал демалыс маусымында ұшақ билеттерінің бағасы шарықтап кетеді. Сөйтіп, «кейін демалармын» деп жүріп, ағза шаршап үлгереді. Бірақ күш жинау үшін міндетті түрде алысқа барудың қажеті жоқ. Кейде өз қалаңыздан шықпай-ақ, бір күнде сергіп алуға болады. Мұны микро-демалыс деп атайды.


Неге кәдімгі демалыс күнінен кейін де шаршап жүреміз?


Көбіміз демалыс күні түске дейін ұйықтап, кеш тұрамыз. Кейін үй жинаймыз, дүкен аралаймыз, кейінге қалған шаруаларымызды бітіреміз. Кешке телефонға немесе сериалға телміріп жатамыз. Бір қарағанда демалған сияқты көрінеді, бірақ дүйсенбі бәрібір шаршап тұрасыз. 

Мәселе демалыс уақытының аздығында емес. Көбіне біз жұмыс күніндегі әдетімізді ғана жалғастырамыз. Тек кеңсенің орнына үйде жүреміз.


Психологияда мұны жұмыстан толық ажырай алмау деп түсіндіреді. Яғни адам жұмыс орнында болмаса да, ойы жұмыстан шықпайды: ертеңгі жиналысты, хаттарды немесе аяқталмаған тапсырмаларды ойлап жүреді. Мұндай жағдайда ми демалып үлгермейді. Сондықтан шынайы демалыс үшін тек бос уақыт жеткіліксіз. Күнделікті орта, қозғалыс ырғағы және көңіл бөлетін нәрселер өзгеруі керек.


Үш түрлі өзгеріс ережесі


Микро-демалыснегізі үш қарапайым қағидаға сүйенеді.

  1. Ортаны өзгерту. Ол үшін міндетті түрде басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Жұмыс күндері сирек баратын жерлерге соқсаңыз да жеткілікті. Алматы тұрғындары таңертең тауға шығуына немесе Ботаника бағын аралауына болады. Астана тұрғындары Есілдің жағалауына барып, «Думанға» ерекше бір уақытта кіріп қайтуына болады. Бастысы – күнделікті «үй-жұмыс-үй» ырғағынан бір сәтке болса да шығу.

  • Қарқынды өзгерту. Бұл күнді оятқышсыз, минутқа бөлінген кестесіз, асықпайтын еркін уақытпен өткізіңіз. Үнемі шауып жүруге үйренген адамға бұл оңайға соқпайды, сондықтан өзіңізге «жайбарақат жүруге» іштей рұқсат беріңіз.

  • Рөліңізді өзгертіңіз. Бір күнге қызметкер немесе ұйымдастырушы емес, өз қалаңыздағы турист, жаңа дәм іздеген гурман немесе жай ғана саяхатшы болып көріңіз. Бұл миыңыздв сергітеді. 

Орта, қарқын және рөл миды жұмыстан күштеп ажыратады. Бейтаныс жерге барып, жаңа мейрамханадан тамақ таңдағанда немесе көлге дейін жаяу барғанда мидың жұмыс чатын ойлауға мұршасы жетпей қалады. Бұл – іс жүзінде нақты жұмыс істейтін механизм.

Не істейміз?

  • Таң атысымен үйде жатпаңыз. Алматыда, Астанада SPA немесе хаммам көп. Телефоныңызды шкафқа қалдырып кетіңіз де, бір-бір жарым сағат сол жақта демалыңыз. Сонда денеңіз бірден жеңілдеп қалады. Өзіңізге асықпай, рахаттанып отыруға рұқсат беріңіз.

  • Түсті табиғат аясында өткізіңіз. Алматыда болсаңыз, Медеуге, Үлкен Алматы көліне немесе мүмкіндік болса Көлсайға барыңыз. Басқа қалада тұрсаңыз, саябақта, жағалауда немесе тау бөктерінде серуендеңіз. Телефонды қолға алмай, 20 минут бойы табиғатты тамашалаңыз немесе кітап оқыңыз. 

  • Кешкі ас та өзгеше болсын. Түрік, корей немесе грузин тағамдары, әйтеуір бұрыннан көргіңіз келіп жүрген ұлттық колориті бар мейрамханаға барып көріңіз.

Кешті экран алдында емес, кітап оқып, жақындарыңызбен әңгімелесіп немесе қаланың кешкі көшелерімен асықпай серуендеп аяқтаған дұрыс.


Ескерту! Микро-демалыс үшін қымбат мейрамхана мен SPA-салонға бару шарт емес. Негізгі үш ереже ақша жұмсамай-ақ іске асады. Бастысы – қанша ақша жұмсағаныңыз емес, жаңа сезімге бөленіп, асықпай уақыт өткізу.


Әркімге әртүрлі нұсқа


Микро-демалыстың бәріне ортақ дайын үлгісі болмайды. Ол әр адамның мінезіне сай құрылуы керек, әйтпесе тағы бір міндетті бағдарламаға айналып кетеді.

  • Тұйықтау, оңашаны қалайтын адам болсаңыз: Жалғыз серуендеп, адам аз орындарды (бұл оңай емес, дегенмен тырысып көріңіз) таңдаңыз.

  • Адамдармен араласып, сергігенді ұнатсаңыз, жаныңызға бір-екі жақыныңызды ертіп алыңыз. Бірақ абыр-сабыр үлкен топ жинаудың керегі жоқ, өйткені бәрінің басын қосу тағы да ұйымдастыру әлегіне айналады. 

  • Балаларыңыз болса, бәріне бірдей қуаныш сыйлайтын бір орынды таңдаңыз. Дендрарийге, аквапаркке немесе зоопаркке отбасымен баруға болады. Баланы қатар-қатар бес жерге апарып шаршатудың керегі жоқ. Ата-ана үшін демалыс – «істеуім керек» деген ойдан арылып, бәрін асықпай орындау. 

Бәрін бүлдіретін үш нәрсе


Жоспар қанша жерден керемет болғанымен, күніңіз қайта күйбең тіршілікке ауып кетуі мүмкін. Сондықтан мына үш нәрседен сақтаныңыз:

  • «Желіге немесе мессенджерге бір кіріп шығу». Сол бір секунд бір сағатқа созылып, демалыстың барлық рахатын бұзады. Әріптестерге бұл күні қолжетімсіз болатыныңызды алдын ала ескертіп, жұмыс қосымшаларын өшіріп тастаған абзал.

  • «Бәріне үлгеруге» ұмтылу. Бір күнде бес жерге барамын деген жоспар демалысты тағы бір тапсырмалар тізіміне айналдырады. Микро-демалысқа аз шаруа керек.

  • «Түк бітірмей жатырмын» деп өзін кінәлау. Үнемі қарбаласта жүретіндерге бұл өте таныс күй. Мұндайда өзіңізді былай жұбатуға болады: мұндай пауза – өнімділікті еселеуге жасалған жақсы инвестиция. Толық демалған бір күннен кейінгі жұмыс, шаршап өткізген 10 демалыс күнінен де өнімдірек.

Бөлісу: