Ойын-сауық●Кино●Мерекелік маусым: блокбастерлер мен «Оскар» бәсекесі

Мерекелік маусым: блокбастерлер мен «Оскар» бәсекесі

16 қараша 2026
7 мин
в
«Фабельманы» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Мереке күндері – көп қаржы жұмсалған фильмдерді көрерменге ұсынатын қолайлы кез. АҚШ-та мерекелің күндер өзгермейінше, бұл дәстүр жалғаса бермек. Осы кезеңде танымал фильмдердің жалғасы, жаңаша түсірілген нұсқалары және бұрыннан таныс оқиғаларды басқа қырынан баяндайтын туындылар жарық көреді. Отбасымен бірге көруге арналған фильмдермен қатар, «Оскар» бәйгесіне соңғы сәтте қосылуға тырысатын картиналар да прокатқа шығады.


Биыл қандай фильмдер шығады, олар несімен ерекшеленеді? Ең көп табыс әкелетін туындылар расымен осы маусымда көрсетіле ме? Алдымен көрермен асыға күткен, жеңіл қаралатын фильмдерге, содан кейін жүлдеден үмітті картиналарға тоқталайық.


Уақыт иірімі


Қарашаның соңынан Жаңа жыл алдында кино саласына өте тиімді уақыт. Бұл кезең АҚШ-тағы Алғыс айту күнінен (қарашаның төртінші бейсенбісі) басталады. Мереке кезінде оқушылар мен студенттер каникулға шығады, ересектер де бірнеше күн демалады. Отбасылар бірге уақыт өткізіп, киноға барады. Сондықтан осы уақытта отбасымен көруге арналған фильмдер көп шығады. Бұл кезде бәсеке де күшейеді. Көрерменге бір фильм ұнамаса, басқасын таңдайды. Сондықтан әр туындының мақсаты – көбірек көрермен жинау. Бұл уақытта әр фильм көрерменнің назары мен ақшасы үшін таласады. Рождество мен Жаңа жыл арасында адамдар жұмыс күндері де киноға жиі барады. Сондықтан желтоқсанда шыққан фильм қаңтардың ортасына дейін табыс әкеле алады. Тағы бір себеп – «Оскар». Осы сыйлыққа үміткер болу үшін фильм 31 желтоқсанға дейін кинотеатрларда көрсетілуі керек. Сол себепті беделді жүлдеден үміті бар авторлық фильмдер де көбіне желтоқсанда жарық көреді.


Тарихқа көз жүгіртсек


Қараша қалай франшиза фильмдердің айына айналды?


1989 жылғы Алғыс айту мерекесінде кинотеатрлардағы кассалық түсімнің 98%-ын «Болашаққа оралу 2» фильмі жинаған. Оның басты себебі – сол кезде фильммен бәсекеге түсетін ірі картиналардың аз болуы. Кейін киностудиялар жасөспірімдерге арналған фильмдер сериясының жаңа бөлімдерін мерекеден бір апта бұрын шығару тиімді екенін түсінді. Фильмді көргендер оны достарына ұсынады. Сөйтіп, екінші аптада мерекелік демалыс басталғанда, фильм көп көрермен жинайды. «Гарри Поттер», «Ымырт» және «Аштық ойындары» осы тәсілмен көрермен жинаған фильмдер. Осы уақытта ең көп табыс тапқан фильм - «Аштық ойындары: Жалын тұтанғанда». Ол 2013 жылы Солтүстік Америкада 424,7 миллион доллар жинаған. Араға 13 жыл салып, дәл осы маусымда оның жаңа бөлімі жарық көреді. Ол туралы кейінірек айтамыз.


Disney Алғыс айту күнін қалай өз мерекесіне айналдырды?


Disney де осы мерекелік демалыста басты мультфильмдерін шығаруды дәстүрге айналдырды. «Ойыншықтар хикаясы», «Рапунцель», «Мұзды өлке» осы кезеңде шыққан. «Мұзды өлке» «Аштық ойындарымен» бір күнде көрерменге ұсынылып, АҚШ-та 400,7 миллион доллар жинаған. Бұл дәстүр әлі жалғасып келеді. 2024 жылы «Моана 2» үш күндік мерекелік демалыста 167,6 миллион доллар табыс тапты. Дәлірек айтсақ, сол күндері кинотеатрлар жинаған барлық табыстың жартысы. Ал 2025 жылы «Зверополис 2» алғашқы көрсетілім күндеріндегі әлемдік табысы бойынша мультфильмдер арасында рекорд орнатты. Ол бес күнде АҚШ-та 156 миллион доллар, ал әлем бойынша 556 миллион доллардан астам қаражат жинады. Оның жартысына жуығы Қытайдан түскен: бұл елде мультфильм кассасы 272 миллион доллаға жетті. Бұған дейін бірде-бір америкалық мультфильм Қытайда мұнша табыс жинамаған.


Мерекеде шыққан фильмнің бәрі табысты бола бермейді. Көп қаржыға түсірілген кейбір фильмдер тиімді уақытта шықса да, көрерменнің назарынан тыс қалды. Мысалы, «Ғажайып әлем» алғашқы күндері 12,2 миллион, ал жалпы 39,1 миллион доллар жинады. «Асыл арман» алғашқы үш күнде 19,7 миллион, ал жалпы 64 миллион доллар тапты. Бұл фильмдер есіңізде ме? Көпшіліктің есінде де қалмаған.


Джеймс Кэмеронның желтоқсаны


Желтоқсанды «Кэмерон айы» деп атау туралы ұсыныс та болған. Бірақ ол қабылданбаған. Бір қызығы, режиссердің ең көп табыс тапқан фильмдерінің бәрі осы айда шыққан: «Титаник» – 1997 жылғы желтоқсанда, «Аватар» – 2009 жылғы желтоқсанда, ал «Су жолы» – 2022 жылғы 16 желтоқсанда. Кэмеронның бұл айды таңдауы бекер емес сияқты.


Қызықты деректер осымен бітті. Енді бүгінгі күнге оралып, көрермен қандай фильмдерді не үшін күтіп жүргені туралы сөйлесейік.


Үлкен экранда


«Аштық ойындары: Орақ таңы» (Голодные игры: Рассвет жатвы)


Күні: 20 қараша. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: Бұл жолы алғашқы бөлімдегі оқиғалардан 24 жыл бұрынғы кезең көрсетіледі. Басты кейіпкер – жас Хеймитч Эбернети. Оқиға 50-ші ойындарға қатысушыларды таңдайтын күні таңертең басталады. Бұл – 25 жылда бір рет өтетін ерекше сайыстың екіншісі. Фильмді бұл жолы да Фрэнсис Лоуренс түсірген.


Неге күтеді? Фильмде көпшілік жақсы көретін қосалқы кейіпкердің бұрынғы өмірі көрсетіледі. Оған негіз болған кітап та жақында шығып, әлі талқыланып жатыр. Алғашқы трейлер бір күнде 109 миллион рет қаралған. Сондықтан фильмнен үлкен табыс күтіледі. Джа-Джа Бинкс туралы бөлек фильм түсірілсе, қалай боларын елестетіңізші. Бүкіл әлем оның премьерасын асыға күтер еді. Бұл фильмді де кітаптар мен осы кино франшизаның жанкүйерлері күтіп жүр. Ережеге қарсы шығып, өзін өзгелерден ерекше сезінетін жасөспірімдер туралы оқиғаларды ұнататындарға да қызық болады.


«Focker-in-Law»


Күні: 25 қараша. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: «Ата-анамен танысу» (Знакомства с родителями) комедиясының жалғасы. Осы жолы актерлік құрамға Бен Стиллер мен Роберт Де Нироға Скайлер Джизондо мен Ариана Гранде қосылады.


Неге күтеді? Фильм авторлары ескі комедияларды сағынған көрерменді киноға қайта тарту арқылы қаражат табуды (money grab) көздейді. Сол үшін жас кезімізде көрген таныс кейіпкерлерді экранға қайтарып отыр. Ал Ариана Гранде Факерлер отбасын тек әкесінің естеліктерінен ғана білетін жастарды қызықтыруға шақырылған. Егер тереңірек үңілетін болсақ фильмнен 2000-жылдардағы комедияларға деген сағынышты сезуге болады.


«Hexed» / «Билли және сиқыр әлемі»


Күні: 25 қараша. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: Disney-дің жаңа мультфильмі ебедейсіздеу жасөспірім қыз туралы. Оның бойындағы ерекше қабілеттері құпия сиқыр әлеміне жол ашады.


Неге күтеді? Алдымен «Бұл мультфильмді жұрт күтіп жүр ме?» деп сұраған дұрыс шығар. Күтіп жүрген сияқты. Алайда мультфильм әлі шықпай жатып, оны TikTok-та қызықты көрінетіндей етіп жасаған деген дау туды. Бұлай ойласақ, Кубрик TikTok дәуірін алдын ала болжағандай. Ал Уэс Андерсон мен Ксавье Долан да телефон экранына сай тік форматтағы фильмдерді жақсы көретін болып шығады. Бұл – Disney-дің Алғыс айту күніне арналған мерекеде отбасымен бірге кино көруді дәстүрге айналдыру мақсатында жасалған фильм. Жаңа кейіпкерлер бұрынғы картиналар сияқты көрерменнің көңілінен шыға ала ма? Оны біз жақында білеміз.


«Қатыгез түн 2» (Жестокая ночь 2)


Күні: 4 желтоқсан. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: Санта туралы төбелес пен әзілге толы фильмнің жалғасы. Санта мұнда сыйлық таратудың орнына қарақшыларымен күреседі.


Неге күтеді? Отбасылық фильмдер көп шығатын мереке маусымында бұл кино ересектерге арналған тосын оқиға ұсынады. Жаңа жыл сайын «Крепкий орешекті» қайта көретіндерге ұнауы мүмкін.


«Кек алушылар: Қиямет күні» (Мстители: Судный день)


Күні: 18 желтоқсан. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: Режиссерлері – «Шексіздік соғысы» (Войны бесконечности) мен «Финал» фильмдерін түсірген ағайынды Руссолар. Кіші Роберт Дауни – Доктор Дум рөлін ойнайды. Тағы не айту керек? Marvel әлеміндегі 900 кейіпкердің бәрі қайта оралады!


Неге күтеді? Marvel жұрттың өз фильмдерін бұрынғыдай асыға күткенін қалайды. Темір адам қаза тапқаннан кейін оны ойнаған Роберт Дауни зұлым кейіпкер рөлінде оралады. Көрерменді қызықтыратыны да осы. Тірі қалған қаһармандар түгел жиналады, бәлкім, қаза тапқандарын да қайта көріп қалармыз, кім біледі?! Мүмкін әр кейіпкерге экранда екі-ақ секунд тиетін шығар, бірақ бұл бөлек әңгіме. Басты сұрақ: суперқаһармандар туралы фильмдер жұртты қайтадан кинотеатрға жинай ала ма? Бір қарағанда, бұл фильм көп табыс әкелетіндей көрінеді. Бірақ бұл әзірге болжам ғана. Білетініміз суперқаһармандар әлемінің барлық желісін түсінуге Marvel-дің бұрынғы фильмдерін көру керек пе?  Немесе, YouTube-тегі бір сағаттық түсіндірме видео да жеткілікті ме? Қалай болғанда да, Кек алушылар оралады. Осының өзі фильмді күтуге себеп емес пе?


«Дюна: Үшінші бөлім»


Күні: 18 желтоқсан. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: «Дюнаның мессиясы» романы бойынша түсірілген бұл фильм Дени Вильневтің трилогиясын аяқтайды.


Неге күтеді? Бұл – үш бөлімнен тұратын оқиғаның финалы. Көрермендер «Дюнаны» ауқымды көріністері мен терең мазмұны үшін бағалайды. Жаңа бөлімге белгілі актерлер қосылған, ал оқиға осы жолы аяқталады. Шөлдегі әлем, Паттинсон және шебер режиссер Вильнев - фильмді күтуге осының өзі жеткілікті.


«Джуманджи: Ашық әлем» (Джуманджи: Открытый мир)


Көрсетілім күні: 25 желтоқсан. Кинотеатрлардағы жаппай көрсетілім.


Фильм туралы: Жаңа бөлімді Джейк Кэздан түсірген. Дуэйн Джонсон, Кевин Харт, Джек Блэк пен Карен Гиллан өз рөлдеріне қайта оралады. Дэнни ДеВито да ойнайды. Бұл жолы ойын әлемі шынайы өмірге шығады. Бәлкім, бұл ойынды аяқтайтын кез келді дегенді білдіретін шығар? Себебі 90-жылдары басталған ойынды әлі күнге дейін аяқталмай алмай келеміз.


Неге күтеді? «Джуманджидің» жаңа нұсқасы осы фильммен аяқталуы мүмкін. Бәлкім, алдыңғы бөлімнен кейін-ақ тоқтау керек еді. Бірақ ол 800 миллион доллардан астам табыс тапты. Демек, Дуэйн Джонсонды («Скала») тағы бір миссия күтіп тұр.


Касса табысынан бөлек


Көп ақша табуды көздейтін фильмдер туралы айттық. Енді алтын статуэтка алуға үміткер фильмдерге көшейік.


«Artificial»


Күні: 25 желтоқсаннан бастап шектеулі прокат, қаңтарда кең прокатқа шығады.


Фильм туралы: Лука Гуаданьино OpenAI туралы фильм түсірді. Тақырыбының өзі қызық. Фильмнің негізгі оқиғасы – Сэм Альтманның 2023 жылы қызметінен босатылып, кейін қайта оралуы. Бұл жағдай кезінде үлкен дау тудырған. Альтманды Эндрю Гарфилд ойнайды. Юра Борисов OpenAI-дің бұрынғы бас ғалымы Илья Суцкеверді, Айк Бэринхольц Илон Маскты, Моника Барбаро Мира Муратиді ойнайды. Кейіпкерлердің бәрі - ойдан шығарылмаған, қазір өмір сүріп жатқан адамдар. Фильм жасанды интеллект туралы басқаша ойлануға шақырады.


Фильм кинотеатрға шықпай тұрып-ақ дау тудырды. Түсірілім Сэм Альтман тұратын үйдің маңында өткен. Альтман өзін ойнаған Эндрю Гарфилдті түсірілім кезінде көріп отырған. Фильмнің мүлде шықпай қалу қаупі де болды. Оны Amazon MGM үшін түсіргенімен, Amazon шығарудан бас тартты. Бұл шешім компания OpenAI-ге 50 миллиард доллар инвестиция салғаннан бірнеше айдан кейін қабылданды. Netflix, A24 және Focus та жасанды интеллект компанияларынан келетін қаржыға қауіп төндіргісі келмей, фильмді алмады. Соңында оны Neon сатып алды.


Неге күтеді? Жұрт жасанды интеллект туралы талқылап жатқан кезде оны жасаушылар жайлы алғашқы үлкен фильм түсірілді. Фильм оларды асыра мақтамайды. AV Club басылымының айтуынша, Гуаданьино Сэм Альтманды Бонд фильмдеріндегі айлакер жауыз сияқты көрсеткен. Нью-Йорк кинофестиваліндегі премьерадан кейін сыншылар оны «Әлеуметтік желімен» салыстырды. Юра Борисовтың рөлі де қызығушылық тудырды. Сыншылар ол ойнаған Суцкеверді фильмнің ең әсерлі кейіпкері деп санайды. The Hollywood Reporter-дің «Оскар» туралы болжамында да Борисовтың аты бар.  25 желтоқсанда америкалықтар екі фильмнің бірін таңдай алады: «Джуманджиді» немесе төрт адамның бүкіл адамзат тағдырын шешетінін мысқылмен көрсететін фильмді.


«Behemoth!»


Күні: 4 желтоқсан, Searchlight.


Фильм туралы: Педро Паскаль Алекс Сериан есімді виолончельшіні ойнайды. Алекс 20 жыл концерттік сапарларда жүріп, Лос-Анджелеске оралады. Сол жерде фильмдерге арналған музыканы студияда жазуға қайта қатысады. Саундтректердің бірінің кодтық атауы – «Бегемот». Фильмнің музыкасын бірнеше композитор бірігіп жазған. Олардың арасында Майкл Джаккино, Джеймс Ньютон Ховард және Алан Сильвестри бар.


Неге күтеді? Тони Гилрой 2012 жылдан бері алғаш рет толықметражды фильм түсірді. Енді ол киноға музыка жазатын адамдар туралы фильммен оралды. Мұндай тақырып сирек кездеседі. Пікірлер әртүрлі. Біреулер оқиғада жаңалық жоқ дейді, басқалары Паскальдың үлкен амбициясын сөз етеді. Ал кей сыншылар фильмнің музыкасын жылдың үздігі деп санайды. 


«Elsinore»


Күні: 20 қараша, Focus Features.


Фильм туралы: Режиссері - Саймон Стоун. Эндрю Скотт актер Иэн Чарлсонды, ал Оливия Колман оның дәрігерін ойнайды. «Отты арбалар» (Огненные колесницы) фильмімен танылған Чарлсон ЖИТС дерті өміріне қауіп төндіріп тұрған кезде Ұлттық театрда Гамлетті ойнаған. Фильмнің атауы да осыдан шыққан: Эльсинор – Гамлеттің қамалы.


Неге күтеді? Көпшілік үшін басты себеп – Эндрю Скотт. Біреулер оны BBC-дің «Шерлок» сериалындағы Мориарти ретінде таниды, енді біреулер «Бәріміз де бейтаныспыз» фильмінен кейін жақсы көріп кетті. Жаңа фильмде ол басты рөлді ойнап, бар шеберлігін көрсете алады. Туындының трейлері «Теңіз жағасындағы Манчестер» фильміне ұқсайды, алайда оған қарағанда өміршең сияқты көрінеді. Айтпақшы, Скотт бұған дейін театрда «Гамлет» қойылымдарына қатысқан. Сондықтан бұл рөл оған жақсы сай келеді.


«Wild Horse Nine»


Күні: 6 қараша, Searchlight.


Фильм туралы: Оқиға 1973 жылғы мемлекеттік төңкеріс алдында Чилиде өтеді. Джон Малкович пен Сэм Рокуэлл ЦРУ-дың екі агентін ойнайды. Режиссер Мартин Макдонах бұл оқиғаны қара әзілге құрылған комедия етіп түсірген.


Неге күтеді: Бұл – Макдонахтың (The Banshees of Inisherin) кейінгі алғашқы фильмі. Алдыңғы туындысы «Оскарға» тоғыз аталым бойынша ұсынылған еді. «Брюггеде жасырыну», «Жеті психопат» және «Миссуридегі Эббинг қаласының шетіндегі үш билборд» (Залечь на дно в Брюгге, Семь психопатов, Три билборда на границе Эббинга, Миссури) фильмдерінен кейін оның әр премьерасы қызығушылық тудырады. Содан болар жүлде туралы болжамдар да бірден басталады. Фильмнің жүлделі болатынына үміт сыйлайтын тағы бір себеп, актер – Сэм Рокуэлл. Ол Макдонахтың картиналарында өзін керемет көрсететін, режиссердің сәттілік әкелетін “бойтұмары” десе де болады.

Бөлісу: