ДенсаулықДенеМенопауза: неге қазір климакс ерте басталып жатыр?

Менопауза: неге қазір климакс ерте басталып жатыр?

2 маусым 2026
6 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

АҚШ ғалымдары кейінгі кездері әрбір оныншы әйелде климакс ерте басталады дейді. Әлеуметтік желіде де 25-35 жастағы әйелдер менопаузасы ерте келгенін, яғни етеккірі толық тоқтағанын айтып жатыр. Неге қазір климакс ерте басталып жатыр? Әйел бойындағы белгілерге қарап, климакс кезеңінде екенін қалай біле алады? Қалай күтіну керек? Гинеколог Айнұр Оспанова айтып берді.  


Климакс басталғанын қалай білеміз?


Климакс кезінде аналық бездер жұмысы баяулайды, яғни фолликул қоры азаяды, жұмыртқа жасушалары таусылады. Кейін әйелдің жыныс гормондарының, әсіресе эстрогеннің деңгейі бірте-бірте төмендейді. Етеккір тұрақсыз болып, соңында мүлдем келмейді. 


Әйел климакстың бірнеше кезеңін бастан өткереді. Алғашқысы – климаксқа дейінгі кезең. Бұл әдетте 45-55 жас аралығында болады. Осы уақытта етеккір тұрақсыз келе бастайды: цикл ұзарады немесе қысқарады, етеккір тым аз немесе көп келеді. Тіпті кенеттен әйелдің денесі қызуы, қатты терлеуі, мазасыздануы, ашушаң болуы, ұйқысы бұзылуы мүмкін. Кейде тері, қынап құрғап, жыныстық қатынасқа құштарлығы төмендейді.


Айнұр Оспанова, гинеколог: 

«Бұл уақытта да әйел әлі бала көтере алады. Сол себепті сәбилі болуды жоспарламаған адамға «менде климакс, қорғанудың қажеті жоқ» деп бей-жай қарауға, жыныстық қатынасқа қорғанбай түсуге болмайды».


Соңғы етеккір келгеннен кейін менопауза кезеңі басталады. Бұл шамамен бір жылға созылады. 


Ал одан кейінгісі – менопаузадан кейінгі кезең. Бұл әйел өмірінің соңына дейін жалғасады. Осы уақытта әйел ағзасында жоғарыда айтылған симптомдар әлі де болуы мүмкін. Менопаузадан кейінгі кезеңде ағзада зат алмасу процесі баяулап, кейбірі салмақ қосып та алады.


Ерте басталған менопауза


Етеккір 40 жасқа толғанға дейін тоқтаса, мұны ерте басталған менопауза дейді. Маманның айтуынша, кейбір әйелде менопауза не себепті ерте басталатынын дөп басып айту мүмкін емес. 

«Кейде әйелдердің менопаузасы анасына немесе жақын туысына келген жасында басталады. Сондықтан отбасында біреуде менопауза ерте келсе, әйел балалы болуды ертерек жоспарлағаны абзал, – дейді Айнұр Оспанова.


Аутоиммун аурулардың, аналық бездерге жасалған оталардың, химиотерапияның, сәуле терапиясының, темекі шеккеннің, кейбір созылмалы аурулардың салдарынан менопауза ерте келуі мүмкін. Ал кейде мұның нақты себебін табу қиын. 

«Менопауза ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру), аналық жұмыртқа жасушасына донор болғаннан ерте басталмайды. Бұған ғылыми дәлел жоқ. Себебі стимуляция кезінде алынған жасушаларды ағза сол циклде бәрібір табиғи түрде жоятын еді», – дейді маман.


Ерте менопаузаның белгілері қалыпты менопаузаның белгілерінен ерекшеленбейді. Бірақ ол ерте басталса, әйел ағзасында эстроген ұзақ тапшы болады. 

«Ал эстроген азайғанда буындар ауырып, сүйек әлсірейді, сынғыш келеді. Соның салдарынан остеопороз, жүрек-қантамыр аурулары пайда болуы, есте сақтау қабілеті нашарлауы мүмкін», – дейді гинеколог. 


Менапауза ерте келмеуі үшін не істеу керек? 


Оны толық тоқтату немесе алдын ала болдырмау мүмкін емес. Өйткені бұл – ағзадағы табиғи процесс. Бірақ аналық бездердің ерте әлсіреу қаупін азайтуға болады. Ол үшін темекі шекпеу керек, созылмалы ауруларды бақылау қажет, себепсіз ота жасатпаған дұрыс және етеккір циклі бұзылса, уақытылы дәрігерге барып, тексерілген жөн.


Ғалымдардың зерттеуі бойынша, жүктілік пен бала емізгеннің пайдасы болуы мүмкін. Себебі бұл кезде етеккір уақытша тоқтап, аналық бездер жұмыртқа жасушасын бөлмей, «демалады». Соның арқасында жұмыртқа жасушасының қоры ұзағырақ сақталуы мүмкін. Яғни көп балалы әйелдерде менопаузаның ерте келу қаупі салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін. Бірақ дәрігерлер бала саны климакстың ерте басталмайтынына кепіл болмайтынын айтады.


Гормон алмастыру терапиясы не үшін керек?


Кейде дәрігерлер жыныс гормондарының орнын толтыру үшін эстроген мен прогестерон сияқты гормондарды тағайындайды. Мұндай ем түрі гормон алмастыру терапиясы деп аталады.

«Гормон терапиясы шынымен де остеопороз бен сүйек тез сынып кету қаупін төмендетуге көмектеседі. Ал менопауза ерте басталғанда жүрек-қантамыр жүйесін қорғап, жалпы өмір сапасын жақсартуы мүмкін. Эстрогендер қан тамырларының, сүйек тінінің, терінің, несеп-жыныс жүйесінің және ми қызметінің жұмысына әсер етеді. Дегенмен бұл терапия барлық әйелге бірдей жарамайды. Кейбіріне зияны болуы мүмкін, сондықтан дәрігер науқас жағдайына қарап, емді тағайындайды», – дейді маман.


Менопауза туралы мифтер


«Гормон алмастыру терапиясы қатты салмақ қосып, қатерлі ісікке әкеледі» деген пікір жаңсақ. Қазіргі заманда қолданылатын гормоналды ем түрлері әлдеқайда қауіпсіз.


Оған қоса көбі «етеккір тоқтаған соң әйел қартаяды», «климакс міндетті түрде ауыр өтеді» деп ойлайды. Дегенмен бұл –  миф. Иә, эстроген деңгейі төмендеп, оның салдары теріге, сүйекке, бұлшықетке және зат алмасу процесіне әсер етеді. Бірақ климакс әйелді бірден қартайтып жібермейді. 

«Жалпы климакс кезінде өмір салты ерекше маңызды. Әйелдің ұйқысы дұрыс болуы қажет, күйзелмеуге тырысу керек, тамақ рационында ақуыз, кальций және D дәрумені жеткілікті мөлшерде болуы қажет. Күш салатын жаттығулар жасап, көбірек жаяу жүрген абзал. Темекі, ішімдік сияқты зиян әдеттерден бас тартқан маңызды», – дейді гинеколог.


Ал шөп шайлар мен халық емі ағзадағы эстрогеннің орнын толтыра алмайды. Кейбір өсімдік негізіндегі өнімдер тек белгілерді сәл жеңілдетуі мүмкін, бірақ олардың әсері толық ғылыми түрде дәлелденбеген.


Климаксы басталған жақыныңызды қалай қолдау қажет?


Кейде орта жасқан әйелдердің себепсіз ашуланып, мазасыздануы мінезден емес, осы климакс кезеңінде жүргенінен болуы мүмкін. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, әрбір үшінші әйел климакс уақытында күйзеліп, үрейленеді екен.  

«Эстроген деңгейі азайған кезде ол жүйке жүйесінің жұмысына да әсер етуі мүмкін. Осы кезеңде көп әйел өз өмірін, жасын, денедегі өзгерістерді, отбасы мен өмір салтын қайта қарап, ой елегінен өткізеді. Сондықтан көңіл-күйдің түсуі немесе күйзеліс болуы – қалыпты жағдай. Мұндайда дәрігерге немесе психотерапевтке барған дұрыс», – дейді Айнұр Оспанова.


Ал климакс кезеңінде жүрген, менопаузасы басталған әйелдің жақындары оны түсініп, артық сын айтпауға тырысқан жөн. Жылы сөз айтып, эмоциялық тұрғыда қолдағаны дұрыс. Дұрыс тамақтануына, демалуына және жеңіл дене жаттығуларымен айналысуына көмектесуіне болады. Мұндай қамқорлық әйелдің бұл кезеңді жеңілірек өткізуіне көмектеседі.

Бөлісу:

Менопауза: неге қазір климакс ерте басталып жатыр?