МедиаҚоғамМемлекеттік рәміздер туралы жаңа заң: не өзгерді?

Мемлекеттік рәміздер туралы жаңа заң: не өзгерді?

15 тамыз 2026
2 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

13 шілдеден бастап Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалануға қатысты жаңа ереже қабылданды. Енді Мемлекеттік туды балконға ресми түрде ілуге болады, бірақ оны күнделікті киімге басып шығаруға әрі жарнамаға қолдануға болмайды. Осыған қатысты Қазақстан азаматтарының арасында түрлі сұрақ туындап жатыр. Tamga Media жаңа ережедегі кейбір тармақтың түсініксіз тұсын саралап көрді.


Жаңа ереже не үшін керек?


Қысқаша айтқанда, мемлекет Туды қолдануға тыйым салған жоқ, қайта мүмкіндікті көбейтті.


Енді туды балконға ілуге, іс-шараларда ұстауға, ал спортшыларға формасына басуға рұқсат. Тек мемлекеттік рәмізді қайда пайдалануға болатынын, ал қайда болмайтынын білсеңіз болғаны.


Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл өзгерістерді рәміздерге құрмет көрсету, оларды пайдалануда нақты ережені білу әрі отанды сүюге тәрбиелеу мақсатында жасалып жатқанын айтады.


Не себепті кей затқа тыйым салынды десеңіз, ту тез тозатын, кірлейтін немесе қоқысқа тастайтын заттарға салынбауы керек. Мысалы, киім, төсек-орын, перде, дастарқан мен кілемшелер.


«Мемлекеттік туды жарнамалауға, сондай-ақ киім, төсек-орын, перде, дастарқан мен кілемше ретінде пайдалануға болмайды», – деп жазған Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми жауабында.


Демек ереже рәміздерді тұрмыстан мүлдем ысырып тастау үшін емес, олардың жай ғана тауарға айналып кетпеуі үшін енгізілді.


Шоколад пен кәдесыйдағы суреттер қалай болмақ? 


Жаңа ережеге қатысты сұрақ өте көп.  Соның бірі – бәрімізге таныс «Қазақстан» шоколады.


Шоколадтың сыртында тудың суреті басылғанына қанша жыл болды. Көптеген шетел азаматы да бұл тәттіні біліп қалды. Оны әуежайлардан да, дүкендерден де жиі көреміз. Ел азаматтары да шетелге шыққанда достарына сыйлау үшін осы шоколадты бірге ала жүреді.


Міне, қайшылық осы жерде туындап отыр: шоколадты жеп болған соң, сыртқы орамасын бәрібір қоқысқа тастаймыз. Ал жаңа ереже бұған қарсы.


Әзірге жағдай заң тұрғысынан беймәлім болып тұр. Басқа тауарларға қатысты да сұрақ аз емес. Мысалы, кәдесый жасайтындар не істемек? Ту суреті бар магнит шығаруға бола ма? Ал саптыаяқ, ашықхат, қойын дәптер мен брелоктар ше? Қай кезде еліңе сүйіспеншілігің ережені бұзу болып саналады?


Сұрақтардың көбіне ресми жауап әлі жоқ. Мәдениет және ақпарат министрлігі шектеу қойған тауарлар тізімін толық бермеген. 


Суретті өзгертіп немесе сәндеп салуға қатысты да сұрақ көп. Мысалы, дизайнер көк түсті, алтын күнді не ұлттық өрнекті пайдаланды, бірақ туды түпнұсқасындай емес, өзгеше салды дейік. Бұл рәмізді қолдануға жата ма, әлде дизайнердің идеясы ма?


Құжатта ресми ту мен оның сәндеген түрінің айырмашылығы көрсетілмеген. Содан да көп нәрсе ережелердің өмірде қалай орындалатынына байланысты.


Әзірге жауаптан сұрақ көп


Негізі мұндай ережелерге таңғалуға болмайды. Басқа елде де рәміздерді олай-бұлай пайдалануға тыйым салынған. Қазақстан да осы жолды таңдап, бір жағынан шектеу қойса, екінші жағынан оларды ресми түрде қолдану мүмкіндігін де арттырды. Ал нәтижесін уақыт көрсетеді.

Бөлісу:

Мемлекеттік рәміздер туралы жаңа заң: не өзгерді?