ӘлемдеЭкономикаМемлекеттен тегін жер алудың 4 жолы

Мемлекеттен тегін жер алудың 4 жолы

14 сәуір 2026
5 мин
 способа получить бесплатную землю от государства
Фото: Shutterstock

Қазақстанда әр азамат өмірінде төрт рет тегін жер алуға құқылы. Осы мүмкіндікті пайдалансаңыз – үй салып, шаруашылық бастап, тіпті саяжай иесі бола аласыз. Бұл қандай жер және оны қалай алуға болады? Tamga Media материалда түсіндіреді.


Қандай жерлер тегін беріледі?


Қазақстанда мемлекет әр адамға тегін жер алуға мүмкіндік береді. Жер кодексінің 50-бабы бойынша, сіз өміріңізде төрт түрлі мақсатта бір реттен жер ала аласыз. Қарапайым тілмен айтқанда, әкімдік мынадай жерлерді тегін береді:

  • Үй салу үшін 10 сотық жер;

  • Жеке қосалқы шаруашылық үшін, яғни мал ұстап, шаруашылық жүргізу үшін ауылдан 15-25 сотық жер;

  • Көкөніс шаруашылығына 1 гектарға дейін жер;

  • Бақша, саяжай үшін 12 сотық жер береді.


Ең маңыздысы – бұл бір ғана мүмкіндік емес. Жерді әр мақсат бойынша бөлек-бөлек алуға болады. Мысалы, үй салуға жер алсаңыз да, кейін бақшаға немесе шаруашылыққа тағы өтініш бере аласыз. Яғни жалпы төрт түрлі жер телімін алу мүмкіндігі бар.


1. Үй салуға 10 сотық жер 


18 жасқа толған барлық адам ала алады. Тіпті адамның атында үй бар-жоғы маңызды емес. Азамат қай жерде тіркелгеніне қарамастан Қазақстанның кез келген қаласынан, өңірінен жер алуға құқылы. Тек бір шарт бар: жерді алған соң 3 жыл ішінде тұрғын үй құрылысы басталуы керек. Бұл жерде тек үй сала аласыз.


10 сотық жер алу үшін кезекке тұру керек. Бұл үшін eGov сайтына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» деген бөлімді таңдайсыз. Кейін «Жер қатынастарын», сосын «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру», сосын «Онлайн сұрау» дегенді басып, өтініш беру керек. 


2. Жеке қосалқы шаруашылығы (ЛПХ) үшін жер 


Бұл жерді алу үшін кезек күтудің қажеті жоқ. Тек ауылдық жерден немесе қала маңындағы елдімекеннен ала аласыз. Қай жерде тұрақты тіркеуде тұрғаныңыз маңызды емес, Қазақстан азаматы болсаңыз жеткілікті. Жеке тұлға да, заңды тұлға да сұрауға құқылы. 


Бұл жерде үй салып, мал асырай аласыз, бау-бақша ексеңіз болады. Жеке қосалқы шаруашылығы үшін өтінімді elicense.kz порталынан бере аласыз. Ол үшін ЭЦҚ қажет. Сайттың басты беті ашылған соң, «Жер қатынастары» дегенді таңдаңыз. Кейін «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу», сосын «Қызметке онлайн тапсырыс беру» дегенді басыңыз. 


Өтінім бергенде таңдаған жеріңіздің орналасқан жерін, ауданын, ол жерде қалай пайдаланатыныңызды жазу қажет. Дегенмен бұл жерді мемлекет бірден меншігіңізге бермейді, әуелі уақытша өтеусіз пайдалану құқығын аласыз. Кемі екі жылдан кейін жергілікті әкімдік рұқсатымен атыңызға аударып алуға құқығыңыз бар. 


Өтінім берудің екі кезеңі бар


1-кезең
. 12 жұмыс күніне дейін созылады. Әкімдік өтінімді қарап, уәкілетті органдармен ақылдасады. Сосын жер комиссиясы шақырылады. Комиссия «мақұлдау» не «бас тарту» туралы шешім шығарады. 


2-кезең. 3 жұмыс күніне дейін созылады. Өтінім мақұлданса, жер учаскесінің алаңы, шекарасы, орналасқан жері, меншік иесі туралы жоба дайындалады. Сосын әкім жерді беру туралы қаулы шығарады. 


Сіз таңдаған жерді беруден бас тартса, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабы, 4-тармағы бойынша шағымдана аласыз. 


3. Көкөніс шаруашылығына жер


Көкөніс егемін деп үкіметтен 1 гектарға дейін жер сұрауға құқығыңыз бар. Бірақ оны әуелі 5 жылға дейін жалға аласыз. Кейін әкімдіктен сұрап, атыңызға аударуға болады.


Ол үшін де elicense.kz порталынан өтінім жіберу керек. Тек өтінім толтырғанда «жерді пайдалану мақсаты» деген жерге «көкөніс шаруашылығына» деп көрсету қажет. 


4. Бау-бақша шаруашылығына жер


Бау-бақша өсіруге деп 12 сотыққа дейін жер алуға құқығыңыз бар. Мұнда саяжай салуға да болады. Бұл жер бірден меншігіңізге ауысады.  


Ол үшін elicense.kz порталынан өтінім жібересіз. Өтініміңіз 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Мұнда шешімді жер комиссиясы шығармайды. Келісімдер тек электрон форматта жүреді. Соңында жер учаскесіне кадастрлық төлқұжат (меншік құқығы) беріледі.  


Бос жатқан жерді қалай табамыз? 


Көпшілікті мазалайтын сұрақ – «бос жерді қайдан табамыз?». Қазір оны анықтау әлдеқайда жеңіл. Қай жер бос жатқанын «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» (ЕГКН) map.gov4c.kz порталынан көре аласыз. 


Негізі карта екі түске боялған. Бос жер мен бос емес жерді анық көруге болады. Тек үстінен түртіп, көз жеткізіңіз. 


Картадан қажет аймақты белгілеңіз, сонда бөлінген жер телімдері анық көрінеді. Кейін жер телімінің үстінен басыңыз. Егер «кадастр номері, нысан түрі, меншік иесі, жер мақсаты» туралы ақпарат шықса, ол жер бос емес.


Ал «Сіздің сұрауыңыз бойынша нысандар табылмады» деген жазу шықса, ол жер бос болуы мүмкін. «Мүмкін» деген себебіміз: ол жер резервте тұрған болуы ықтимал, не пайдалануға беруге болмайтын жер болуы мүмкін, инженерлік желі тартылған болар немесе қорғалатын орман, су аумағы шығар. 


Бос жатқан болуы мүмкін деген жердің кадастрлық номерін жазып алып, жергілікті әкімдіктің жер бөліміне барып, анықтаңыз. 


Мемлекеттен тегін жер телімін алу құқығы туралы «Жер кодексінен» бөлек «ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығында жазылған. Әкімдік «сізге жер берілмейді» деп жатса, сол бұйрыққа сілтеп сотқа шағымдана аласыз.

Бөлісу: