ДенсаулықДенеМектептегі жыныстық тәрбие: Қазақстанда жасөспірімдер өз денсаулығы туралы жеткілікті біле ме?

Мектептегі жыныстық тәрбие: Қазақстанда жасөспірімдер өз денсаулығы туралы жеткілікті біле ме?

29 шілде 2026
3 мин
"Бір тоқсан" сериалынан үзінді | Фото: GAKKU TV youtube каналы

Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Депутаттар мектеп бағдарламасында анатомия, репродуктив денсаулық пен жеке шекара тақырыптарына көбірек көңіл бөлу керек дейді. Себебі жасөспірімдер ағзадағы өзгерістерді жақсырақ түсінсе, кейін түрлі қиындықты болдырмайды. Tamga Media тақырыптың қаншалық маңызды екенін анықтап көрді.


Жасөспірімдер ақпаратты қайдан алады?


Қазір кез келген сұраққа жауап табу оңай. Оқушыларда интернет, әлеуметтік желі мен жасанды интеллект бар. Бірақ балалар психологы Дарья Валентованың сөзінше, ондағы ақпараттың бәрі пайдалы әрі сенімді емес.

«Қазір ақпарат көп, бірақ мәселе ақпараттың өзінде емес, соны үйде ашық сөйлесіп, таразылай білуде. Себебі көп жағдайда бала өзіндегі өзгерістерді үйде қорықпай, еркін айта алмайды».


Жасөспірім зорлық-зомбылық пен қысым көрсе, ар-намысына тиетін әрекетке кезіксе, әуелі достарына, кейде мұғалімдерге не мектеп психологтарына айтады. Үйдегілеріне айтпайтыны белгілі.

«Себебі бала сөзге қалудан қорқады. Ата-анасы қолдаудың орнына ұрысып, айыптайды деп ойлап, іштей тынып жүреді».


Бұл тақырыпта баламен неге ерте сөйлесу керек?


Ата-аналар бала өсіп, жасөспірім болғанда бірақ сөйлесеміз деп ойлайды. Ал мамандар әңгімені барынша ерте жаста бастауға кеңес береді. Дарья Валентова әуелі өз денеңді құрметтеу, жеке шекараны түсіндіруден бастау керек дейді.

«Бала неғұрлым кішкентай болса, ақпарат та соғұрлым қарапайым болуға тиіс. Басында жеке шекара мен дене атауларын айтамыз. Ал бала есейе бастағанда баланың қалай пайда болатынын, есею мен қарым-қатынас жайлы түсіндірген абзал».

Гинеколог Вячеслав Локшин де қазір балалардың ерте есейетінін айтады. Сол себепті жыныстық тәрбие тақырыбын кеш қалдыруға болмайды. Тіпті кішкентай бала да біреудің құшақтағанын не денесін ұстағанын ұнатпаса, ашық айту керек екенін білуге тиіс.

«Бала өзіне керек ақпарды бәрібір достарынан не әлеуметтік желіден естиді. Ондағы ақпараттың дұрыс-бұрысына кепіл жоқ. Сондықтан ата-ана мен мамандар бәрін өзгелерден бұрын өздері түсіндіріп үлгергені жөн».


Бұл тақырып мектеп бағдарламасына ене ме?


Вячеслав Локшиннің айтуынша, мектепте тек анатомияны емес, гигиена, репродуктив денсаулық тақырыптарын, екі адамның бір-бірін сыйлауды, жауапты болуды үйрету керек. Өйткені бұдан хабарсыз болса, соңы өкінішке ұрындыруы мүмкін.

«Жеке пән ретінде енгізу шарт емес. Бұл тақырыптарды биология сабағында немесе сынып жетекшімен бірге талқылауға болады».

Қазір Қазақстанда ерте жүкті болып қалатын жасөспірімдер азайды, бірақ мәселе толық шешілген жоқ. Жасөспірімдер контрацепция, жыныстық жол арқылы берілетін аурулар мен репродуктив денсаулық туралы әлі де дұрыс білмейді.


Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да биологияны оқыту тәсілін жаңарту мәселесін көтерген. Қазір оқушылар адам анатомиясын толық өтпейді, ал репродуктив денсаулыққа қатысты тақырыптар бағдарламада жоқ.

«Жақында мектепте биологияның қалай өтіп жатқанына қатысты депутаттық сауал жолдадым. Шыны керек, бұл пәннің мазмұны да, оқыту әдісі де оқушылардың сұранысына мүлдем сай келмейді. Ал кей мектепте биология маңызды пән саналмайды екен».

Ирина Смирнованың ойынша, осының салдарынан балалар адам ағзасын, есею кезеңінде не болатынын, денсаулықты күтудің маңызын түсінбейді. Жасөспірімдер есеюге де, отбасын құруға да дайын болмай шығады. 


Қазақстан мектептеріндегі жыныстық тәрбие


Мамандардың сөзінше, мектептерге мұндай сабақтар енгізу жыныстық қатынас туралы сөз қозғау дегенді білдірмейді, бұл – денеңді тану, жеке шекараңы қорғау, өзгені сыйлау, есею мен денсаулығыңа жауапты қарау.


Психолог Дарья Валентова мектептегі ең жақсы сабақтың өзі үйдегі ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасқа жетпейтінін айтады. Вячеслав Локшин мектепте осы мәселелерді еркін талқылау идеясын қолдайды.

«Бастапқыда қысылып, уайымдауыңыз мүмкін. Бірақ баламен еркін сөйлесе берсеңіз, уақыт өте келе сенім де қалыптасады».


Жасөспірімдердің есею мен репродуктив денсаулыққа қызығатыны хақ. Сәйкесінше, үлкендер айтса да, айтпаса да, сұрақтар туындайды. Бастысы балалар сенімді мәліметті барынша қарапайым әрі түсінікті формада алуы қажет.

Бөлісу: