Оқу жылы асталғанда ата-аналар көбіне баланың мектеп формасына, оқу құралдары мен сабақ кестесіне мән береді. Бірақ баланың сабақтағы зейіні мен ақыл–ойының дамуына оның ұйқысы, тамақтануы және белсенділігіне не әсер ететінін біле ме? Осы орайда Tamga Media ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, баланың сабақ үлгерімін арттыратын қарапайым әдеттер мен танымал «нейромифтердің» ақиқатын таразылап көреді.
Баланың ұйқысы
Америкалық ұйқы медицинасы академиясының (AASM) сарапшылары 6–12 жастағы балалар тәулігіне 9–12 сағат, ал 13–18 жастағы жасөспірімдер 8–10 сағат ұйықтауы керек деп кеңес береді. Уақтылы әрі сапалы ұйқы баланың эмоциясын реттейді, зейінін, есте сақтау және оқу қабілетін арттырады.
Ұйқы уақытының аз болуы баланың миына қалай әсер ететіні жайлы АҚШ-тағы Жасөспірімдер миының когнитивті дамуын (Adolescent Brain Cognitive Development) зерттеу ғалымдары 9–11 жастағы 11 мыңнан астам баланың деректерін салыстырған. Олар ми құрылымын, ұйқы ұзақтығы мен когнитивті көрсеткіштерінің деректерін жинаған.

Зерттеу барысында аз ұйықтайтын балалардың кейбір ми аймақтарының көлемі кішірейіп, эмоциялық және когнитивті қиындықтары артқанын байқаған. Алайда «ұйқы аз болса, мидің функциясы өзгереді» дегенді білдірмейді. Жүргізілген зерттеу ұйқы ұзақтығы мен көрсеткіштердің байланысын анықтағанмен, себеп-салдарын толықтай дәлелдемеді. Дегенмен ата-ана баланың ұйқысын сабақ үлгерімімен бірге жүретін қағида деп білу қажет.
Күн тәртібін реттеу үшін:
бала бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянғаны дұрыс;
демалыс күндері уақыт кестесін қатты өзгертпеу керек;
ұйықтар алдында телефон, планшет пен компьютерді қарамаған жөн;
балаға ұйқы алдында қайталанатын әдет қалыптастыру маңызды: жуыну, кітап оқу, бөлмені желдету;
күндізгі ұйқы кешкі ұйықының уақытын бұзса, онда оның ұзақтығы мен уақытын қайта қараған жөн.
Бастысы баланың жас ерекшелігіне қарай ұйқы мөлшерін реттеу қажет.
Таңғы ас
Таңғы асқа зауқы болмай, мектепке аш кететін балалар мен жасөспірімдер өте көп. Ғалымдар 45 түрлі ғылыми зерттеуді сараптай келе, таңғы ас баланың ойлау қабілетіне тікелей әсер ететінін дәлелдеді. Мектепке тоқ барған балалардың зейіні, есте сақтау қабілеті де, күрделі тапсырмаларды шешу жылдамдығы да таңғы ас ішпеген құрдастарына қарағанда әлдеқайда жоғары болған.

Қарапайым тілмен айтқанда: таңғы ас — бала миының ең басты қуат көзі.
Бірақ бұл жерде бір маңызды нюанс бар. Ғалымдар «таңғы ас ішу — тоқсандық бағаны бірден көтереді» деп кесіп айтпайды. Сондай-ақ мектеп оқушысына арналған «мінсіз мәзірдің» де бірыңғай формуласы жоқ. Зерттеулердің басым бөлігі таңғы астың тек қысқа мерзімді (сол күнгі) әсерін ғана дәлелдеген.
Сонда балаға таңертең не берген дұрыс?
Мысалы, таңғы асқа:
Ақуыз көзі: жұмыртқа, сүзбе, табиғи йогурт, ірімшік;
Жай энергия: сұлы және басқа да толық дәнді дақылдар;
Дәрумендер мен клетчатка: жеміс-жидектер беруге болады.
Тек тәтті тоқаш немесе қант мөлшері жоғары дайын таңғы асқа шектеу қою керек. Олар қандағы қант деңгейін кенет көтеріп, жарты сағаттан соң бала қайта шаршап қалады.
Су ішкен маңызды
Су баланың көңіл-күйі мен сабақтағы сергектігіне тікелей әсер етеді. Мысалы, Италияның Сардиния аралында 9–11 жастағы 168 мектеп оқушысына арнайы зерттеу жүргізілген. Ғалымдар сабақ кезінде қосымша су ішіп отырған балалардың ойлау және зейін қою қабілеті айтарлықтай артқанын байқаған.

Бірақ бұл жерде бір ескеретін жайт бар: зерттеу климаты ерекше ыстық аймақта өтті. Сондықтан бұл нәтижені барлық оқушыға бірдей «алтын ереже» ретінде қарауға болмайды.
«Нейрогимнастика» миды шынымен дамыта ма?
Соңғы жылдары ата-аналар арасында Brain Gym немесе «нейрогимнастика» деп аталатын жаттығулар танымал бола бастады. Қол-аяқты белгілі бір ырғақпен қозғау және көз жаттығуларын жасау сияқты тәсілдерді жақтаушылар: «бұл мидың оң және сол жарты шарын байланыстырып, баланың оқу қабілетін арттырады» деп сендіреді.
Білім беру саласындағы нейромифтерді зерттеген ғалымдар «үйлестіру жаттығулары мидың екі жарты шарын бірдей жұмыс істетеді» деген түсінікті ғылыми негізсіз тұжырымдардың катарына жатқызады.
Brain Gym бойынша жүргізілген жекелеген зерттеулер оң нәтиже көрсеткенімен, олардың бәрі бірдей тиімді емес. Мысалы, 4–6 жастағы балалар арасында жүргізілген сапалы зерттеуде нейрожаттығулардың ми функцияларына емес, тек дененің тепе-теңдігін ұстау қабілетіне ғана әсер еткені анықталған.

Жалпы физикалық белсенділік балалардың сабақтағы белсенділігі мен кейбір оқу көрсеткіштеріне оң әсер етеді. Мектептегі қимыл-қозғалысқа негізделген сабақтарды зерттеген ғылыми шолу барысында, қозғалыс балалардың сабаққа зейін қоюын жақсартатынын растайды. Ұзақ отырып сабақ оқыған бала орнынан тұрып, бойын жазып, жүріп-тұрса немесе сергіту жаттығуын жасаса, миға оттегі барып, оқу процесі жеңілдейді.
Ғылыми дәлелденген деректер көрсеткендей, баланың мектептегі зейіні мен сабақ үлгерімін арттыратын маркетингтік «нейрогимнастика» немесе сиқырлы формулалар емес, құрамы теңгерілген дұрыс ұйқы, пайдалы таңғы ас, жеткілікті су балансы және сабақ арасындағы қарапайым дене қозғалысы.



