ДенсаулықПсихологияМектеп оқушысы қалай тамақтануы керек?

Мектеп оқушысы қалай тамақтануы керек?

6 қыркүйек 2026
4 мин
«Матильда» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Өткен материалымызда баланың мектепке психологиялық, әлеуметтік және физикалық дайындығын сөз еткен едік. Ал бүгін бала денсаулығы мен ми жұмысына тікелей әсер ететін оның дұрыс тамақтануы мен тәбетіне тоқталамыз. Ішек — адамның «екінші миы». Таңғы асты ішпей сабаққа кету баланың есте сақтауын, зейінін және реакциясын төмендетеді.  Бала нутрициологы Айжан Салпикова Tamga Media оқырмандарымен мектеп оқушысының тамақтану кестесін дұрыс реттеудің ең тиімді де нәтижелі амалдарымен бөліседі. 


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы баланың дұрыс тамақтануы оның бойы мен салмағының өсуіне ғана емес ми жұмысына, оқу қабілетіне, иммундық жүйесіне әсер ететінін айтады. Сонымен қатар ересек адамның ас талғауы мен тамақтану әдеті бала кезден қалыптасады. АҚШ ғалымдары жүргізген зерттеуде  таңғы ас ішкен балалардың ішпеген балаларға қарағанда есте сақтау қабілеті жақсырақ, зейіні тұрақтырақ әрі реакциясы жылдамырақ болатыны анықтаған. Бала нутрициологы Айжан Салпикова да баланың дұрыс тамақтануы мидың жұмысына айтарлықтай әсер ететінін айтады. 


«Әуелі ішек туралы айта кетейік. Ішекті қазір дәрігерлер мен нутрициологтар «екінші ми» деп атайды. Бұл бекер емес. Себебі ішектің жағдайы миға тікелей әсер етеді. Көптеген гормондар ішекте түзіледі. Ал ішектің жағдайы дұрыс тамақтануға байланысты», – дейді маман.


Дұрыс тамақтану деген не? 

«Көп ата-аналар «баламның әйтеуір қарны тоқ болса болды» деген принципті ұстанады. Тек макарон, картоп пісіріп бере салады. Ал өсіп келе жатқан ағзаға бос калориялар емес, ақуыздар, күрделі көмірсулар, пайдалы майлар, дәрумендер мен минералдар қажет. Біз күш-қуатты тамақтан алатындықтан тағам құнарлы, пайдалы болса, бала ұзақ уақыт күш-қуаты тасып, сергек жүреді», – дейді бала нутрициологы.


Маманның айтуынша тағам теңгерімді болуы керек, яғни, әртүрлі дәрумендер мен минералдары бар заттардан тұруы тиіс. Мысалы, сұлы ботқасының өзін ғана бермей, үстіне кешью, бадам, грек жаңғағын, түрлі жидектерді қосып беруге болады. Сүзбені де солай ұсынған жөн. Шпинаттан, кәдіден құймақ жасауға болады. 

«Көп ата-ана баланың су ішу режміне мән бермейді. Менің тәжірибемде мұндай жағдай жиі кездеседі. Ата-аналардан баланың қанша су ішетінін сұрасам, «жақсы ішеді» деп жауап береді, бірақ, нақты қанша ішіп жүргенін білмейді. Баланың күш-қуаты тасып, сергек жүруі үшін дұрыс мөлшерде су ішу өте маңызды. Тіпті тамаққа қарағанда маңыздырақ деуге болады», – дейді Айжан Салпикова. 


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше темір, йод және А дәруменінің жетіспеушілігі балалар мен жүкті әйелдер арасында кең таралған. Мұндай минералдар мен дәрумендердің жетіспеуі оқу үлгерімінің, еңбек өнімділігінің төмендеуі мен аурушаңдықтың артуына әкелуі мүмкін.  

«Қазір ағзасында дәрумен, микроэлементтер жетіспейтін балалар саны көп. Оның айтуынша ата-аналар тек бір ғана белгіге қарап, балаға дәрумендер мен минералдар беретін көрінеді. Мысалы: «Балам боп-боз, темір жетіспейтін сияқты» деп дәріханадан бір дәрумен түрін алып беруі мүмкін. Бұл дұрыс емес, міндетті түрде анализ тапсырып, не жетіспейтінін, қаншалықты жетіспейтінін анықтау керек. Педиатр дәрігер баланың жасына, салмағына қарай дозасын белгілеп бергеннен кейін ғана тұтыну қажет. Кейде дәруменнің мүлде пайдасы болмауы мүмкін. Себебі баланың тамақтануы дұрыс емес. Тез дайындалатын ас жейді, тәтті сусындар ішеді. Мұндай жағдайда ішек дәрумендерді дұрыс сіңірмейді. Барлығы сыртқа кетеді. Сондықтан алдымен тамақтануды дұрыстау керек», – дейді маман.


Таңғы ас ішпеуге бола ма? 


Бала нутрициологының пікірінше таңғы асты міндетті түрде ішу керек. Себебі бала оянып, алдымен су, сосын бір сағат ішінде таңғы ас ішкеннен кейін барлық асқазан-ішек жолы өз жұмысын бастайды. Әуелі өт жүреді. Ал таңғы ас ішпеген баланың өті қоюланып, ақпай қалуы мүмкін. 

«Ата-анасы балаға ақша беріп, «асханадан бірдеңе алып жерсің» деп жатады. Бала асханадан тәтті тоқаш, пицца ала салуы мүмкін. Оны бір-екі рет жесе, ештеңе қылмайды. Бірақ, үнемі солай тамақтанса, кейінірек баланың ағзасында іш қату, артық салмақ, дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігі сияқты мәселелер пайда болады», – дейді Айжан Салпикова. 


Тіскебасарға не беруге болады? 


Маманның айтуынша мектеп жасындағы балалардың ата-аналары жиі жіберетін қателіктердің бірі – тіскебасарға түрлі тәттілерді салып беру. 

«Кей ата-аналар балаға печенье, шоколад, тәтті сусын алып беріп жатады. Мұндай тәттілер, әрине, энергияны көтереді. Бірақ әсері уақытша болады. 15-20 минуттан кейін баланың көңіл-күйі түсіп, ұйқысы келеді. Себебі тәтті тағамдар ағзаға түскен соң қант мөлшерін бірден көтереді де, бірден түсіреді. Сонымен қатар тәтті жеу асқазан-ішек жолына ғана емес, ұйқы безіне де әсер етеді. Ұйқы безі ферменттер бөлетіні белгілі. Осыдан ферменттер жетіспеушілігі орын алып, ас дұрыс қорытылмайды. Қазір көп адамда фермент жетіспеушілігі бар. Кей ата-аналар бала дүкеннен кириешки, картоп чипстерін алып жесе де, көз жұма қарайды. Мұндай тағамдардағы дәм мен иіс күшейткіштер, қоспалар баланың зейінін нашарлатып, гипербелсенділігін арттырады. Дайын, тез әзірленетін тағамдар, жартылай дайын өнімдер, шұжықтар да зиян», – дейді бала нутрициологы.


Маман бала рационынан тәттіні мүлде алып тастауға да болмайтынын айтады. Оның сөзінше зиянды тәттілердің орнына какаосы табиғи, құрамы таза шоколад, құрма, мейіз сияқты пайдалы тәттілерді берген жөн. Ескеретіні оларды аш қарынға жеуге болмайды, тек негізгі тағамнан кейін тұтыну керек. Сонымен қатар зиянды заттарды мүлде шектеу кейде керісінше баланың қызығушылығын арттырып, тығылып, көп жеуіне әкелуі мүмкін.

«Пайдалы тіскебасарларға жемістер, көкөністер, жаңғақтар, табиғи йогурт, банан беруге болады. Үйде пайдалы пісірмелер әзірлеуге болады. Тауық, ет бәліштерін, кештен қалған асты да салып беруге болады. Бастысы ата-ана күрделі, теңгерімді, толық тіскебасар жасаймын деп өзін шаршатпауы керек. Себебі жасалуы күрделі тіскебасарды бірнеше рет әзірлегеннен кейін мүлде даярлағысы келмей де қалуы мүмкін. Ата-ана мектеп асханасында күн сайын қандай тамақ берілетінін бақылап, соған байланысты үйде тағамдарды толықтырып отырғаны дұрыс. Мысалы, мектепте сорпа ішіп, палау жесе, кешке балық пен пюре немесе көкөністер беруге болады», – дейді нутрициолог.


Баланы қалай дұрыс тамақтануға үйретуге болады? 


Айжанның айтуынша таңертең тамақ ішпейтін, тәбеті жоқ баланы қинауға болмайды. Ондайда ата-ана алдымен өзін дұрыстауы керек. 

«Нейрондық байланыс деген бар. Бала ата-анаға қарайды. Бала дұрыс тамақтану үшін ата-ана өзінен бастау керек. Бала жемейтін тағамдарды үстелге қойып, бірге жеу керек. Пайдасыз, зиян, бос калориялы тағамдарды мүлде алмаған дұрыс. Егер баланың үйреніп қалған зиян тағамдары үйде болса, ол жаңа тағамды жемейді. Қарны ашса, қайтадан барып сол печеньені жейді», – дейді маман. 


Сонымен қатар таңертең тәбеті болмайтын баланың кешкі асқа қандай тамақ ішкеніне, қашан ішкеніне мән беру керек екен. Егер бала тамақты кеш ішсе әрі қорытуға ауыр тамақ ішсе, таңертең тәбеті болмауы қалыпты жағдай. Нутрициологтың пікірінше баланың күн тәртібіне де назар аударған жөн. 

«Бала ерте ұйықтап, ерте тұрса, ояу жүрген уақытында тәбеті ашылады. Көп балалар таңертең тұрады да, жарты сағат ішінде мектепке шығып кетеді. Жарты сағатта тәбеті ашылмауы да мүмкін. Сонымен қатар дәрумендер мен минералдар жетіспесе, өт қоюланып қалса да, тәбет болмауы  мүмкін», – дейді маман. 


Айжанның айтуынша «болды сен бүгіннен бастап пайдалы тағамдар жейсің» деп бірден бәрін өзгертіп тастау баланы қатты стресске ұшыратады. Керісінше күштемей, ақырындап, қызықтырып үйрету керек. Мысалы, күнделікті жеп жүрген макаронның қасына кішкентай брокколи, тефтели, тауық котлетін қоюға болады. 

«Бала жесе де, жемесе де, солай тұруы керек екен. Ақырындап оның көзі үйренеді, қолмен ұстайды, бір тістеп көреді, түкіріп тастайды. Солай-солай үйренеді», – дейді маман. 


Бастысы баланың тамақтануын кіші кезінен бастап жөндеген дұрыс. Өсе келе бәрін білетін, сезетіндіктен бұл қиын болады.

«Менің тәжірибемде «балам тек макарон мен тәтті жейді», «көкөніс пен етке жоламайды» деп келетін ата-аналар көп. Мұндайда жемейтін тамақтарын жеп жүрген тамағының ішіне жасырып беруге болады. Мысалы, шпинаттан құймақ, кәдіден вафли, асқабақтан пенқызылшадан оладьи, көкөніс, шөп-шалаңнан котлет әзірлеуге болады. Кей ата-аналар балаға көкөністі бір рет беріп, «жемейді» деп қолын бір сілтейді. Олай болмайды. Қинамай, бірақ, қайта-қайта ұсына беру керек. Әртүрлі қылып беру керек. Мысалы, бір балалар домалақ қылып тураған сәбізді жемей, ұзынша туралған сәбізді жейді. Кейбір балалар қуырылған етті жемей, асқан етті жейді. Кейбірі ірі туралған етті жемей, майда туралған етті жейді», – дейді Айжан Салпикова. 


Жаңа тағамдарды ұсынған кезде баланың көңіл-күйін де ескеру қажет екен. Психологияда мұны «төзімділік терезесі» деп атайтын көрінеді. 

«Жалпы жаңа ақпаратты, жаңа нәрсені қабылдауға дайын боп тұрған кезде, көңіл күйі жақсы боп тұрғанда ұсынған дұрыс. Тамақ пісіргенде баланы шақырып, бірге әзірлеуге болады. Көбіне балалар өздері жасаған тағамды сүйсініп жейді. Кіші жастағы, бастауыш сыныптағы балаларға өздері жақсы көретін мультфильм кейіпкерлерінің бейнесімен ыдыс таңдауға болады. Су ішпейтін балаларға сондай саптыаяқтармен, түтікшемен беріп көруге болады», – дейді нутрициолог. 

Бөлісу: