Мысығыңыз немесе итіңіз бар ма? Болмаса мына жағдай сізге таныс шығар: мысығыңыз қасыңызға келіп, ақырын пырылдап, еркелей бастайды. Бұл жай ғана еркелік емес. Егер ол тоқтамай қатты мияулай берсе, ашуланып кетуіңіз мүмкін. Ал ақырын еркелеп келсе, оны аяп, тамақ бергіңіз келеді. Сөйтіп орныңыздан тұрып, ыдысына тамақ салып бересіз. Сіз шешімді өзім қабылдадым деп ойлайсыз. Бірақ сізге мұны істеткен мысығыңыз.
Елемеу мүмкін емес дыбыс
Мұны Сассекс университетінің ғалымы Карен Маккомб зерттеген. Оның Пепо деген мысығы оны күнде таңертең пырылдап оятатын. Ғалым не себепті бұл дыбысқа бірден елең ететінін түсінгісі келеді. 
Ғалым мысықтың пырылының ішінде өте әлсіз, бірақ жіңішке дыбыс бар екенін анықтаған. Бұл дыбыс сәбидің жылаған дауысына ұқсайды.
Оны тексеру үшін 10 мысықтың екі түрлі дауысын жазып алған: бірі – тамақ сұрағандағы, екіншісі – жай ғана пырылдап жатқандағы үні. Кейін бұл жазбаларды 50 адамға тыңдатады. Бір қызығы, өмірінде мысық асырап көрмегендердің өзі мысықтың тамақ сұрап пырылдағаны шұғыл, назар аудартатын әрі онша бір жағымды емес болып естіледі деген.
Ғалым тағы тәжірибе жасап, жазбадағы сол нәзік дыбысты өшіріп, қайта тыңдатқанда, адамдар оған мүлдем мән бермеген. Демек, біз мысықтың пырылына емес, оның ішіндегі сәбидің үні тәрізді дыбысқа иланамыз.
Сонда мысықтар айласын осылай асыра ма? Жоқ, олай емес. Олар адамдардың бойындағы табиғи сезімдерді пайдаланады. Адам шаршап тұрса да, жылаған сәбидің үніне шыдай алмай, бірден елең етеді. Мысық оны әдейі істей ме? Жоқ. Иесін елеңдеткен тәсілді қайталап, кейін әдетке айналдырады.
Мысық дыбысты көбіне иесімен оңаша тұрғанда шығарады. Ал адам көп, шулы үйде дауысы естілмегендіктен бірден дауыстап мияулайды.

Мысық тек өз иесінің еркелеткенін ұнатады
Шыныңызды айтыңызшы, сіз де мысық көрсеңіз «Қандай сүйкімді? Табаны неткен жұмсақ?» деп, дауысыңызды бірден өзгертесіз. Мұндайда адамның дауысы жіңішкеріп, сөзді созып, бір айтқанын қайталай береді. Біз кішкентай сәбиге де дәл осылай сөйлейміз, мұның да өз себебі бар.
Париж-Нантер университетінің зерттеушісі Шарлотта де Музон мынадай тәжірибе жүргізді. Ол ветеринария факультетінде оқитын студенттердің 16 мысығын алып, оларға иесінің «ойнағың келе ме?», «тамақ жейсің бе?» сияқты бес түрлі сөзін қосып тыңдатты. Мұндағы төрт сөз адамдарға арналған әдеттегі дауыспен, ал біреуі ғана мысыққа арналған еркелету үнімен жазылған еді.
Бір қызығы, мысықтар алғашқы сөздерді естігенде құлағын тігіп, елең етеді. Бірақ кейінгі сөздерге аса мән бермейді. Ал иесінің еркелеткен үні шыққанда, олар қайтадан елең ете түседі. Тек әдеттегі дауысты естісе болды, қайтадан назар аудармай қояды.

Бірақ тәжірибенің екінші бөлігі одан да қызық. Олар дәл осы сөздерді бейтаныс адамға айтқызады. Мысық басында құлағын түріп, кейін мүлдем мән бермей қояды. Тіпті дауысын өзгертіп, еркелетсе де елең етпейді. Себебі мысық бөтен адамның еркелеткеніне қарамайды. Қызық болса, үйден байқап көріңіз.
Ал иттер бөгде адамға да елең етеді. Себебі олар мысықтарға қарағанда әртүрлі дауысты жиі естиді.
Демек, мысықтар дауыстың қалай шыққанына емес, оны кім айтқанына мән береді. Олар иесінің үнін таниды. Сондықтан үйдегі шуды елемей жатқан мысық сіздің «кіс-кіс» дегеніңізге жүгіріп келеді.
Ит адамның өзіне қарап тұрғанын байқаса ғана қасын қимылдатады
Ит адамды алдамайды. Оның түр-әлпетінен не сезіп, не ойлап тұрғаны көрініп тұрады. Шынымен солай ма? Бұны білу үшін тағы бір зерттеуге назар аударайық.

Портсмут университетінің ғалымы Джулиана Камински иттің алдына қарама-қарсы бір адамды отырғызады. Ол адам не итке қарап тұрады, не теріс қарап тұрады. Бұл кезде қолында тамақ болуы да, болмауы да мүмкін. Иттің реакциясын көру үшін қолына тамақ ұстайды. Өйткені тамақты көргенде қуанатыны белгілі. Егер ит эмоциясын жасыра алмаса, адамға қарамай-ақ, тамақты көре салып кейпін өзгертер еді.
Ит тамақты көргенде емес, адам өзіне қарағанда ғана түрін құбылтады. Адам бұрылғанда қасын көтеріп, жаутаңдай бастайды. Демек, бұл эмоция емес, адамға көрсететін ишарасы.
Бұрын ғалымдар мынадай теорияға сенетін. Қасқырда қасын көтеретін бұлшықет жоқ, ал иттерде бұл мүше адамның жанында жүріп пайда болған-мыс. Яғни адамдар тек мүләйімсіп жаутаңдай алатын сүйкімді иттерді асырап, қолға үйреткен деседі. Адамның сүйкімді жануарларға деген сүйіспеншілігі туралы әдемі хикая. Бірақ 2024 жылы дәл осы бұлшықетті койоттар мен Оңтүстік Американың жабайы иттерінен де тауып алады. Олар адамның жанында ешқашан өмір сүрмеген. Демек, бұл қасиет басында ит тұқымдастардың бәрінде болған, қасқырлар жоғалтып алған.

Ит кінәлі емес, оған қарап тұрған өзіңіз кінәлі
Барнард колледжінің зерттеушісі Александра Хоровиц үйде тұратын 14 итке арнайы тәжірибе жасады. Иесі иттің алдына дәмді тамақ қойып, «жеуге болмайды» деп бөлмеден шығып кетеді. Бөлмеде жалғыз қалған ит тамақты жеп қоюы да, тиіспей отыра беруі де мүмкін.
Кейін иесі бөлмеге қайта кіреді. Ол иттің тамақты жеген-жемегеніне қарамастан, кейде себепсіз ұрсады, кейде еркелетеді.
Тәжірибе мынаны көрсетті: ит ештеңе жасамаса да, иесі ашуланса, бірден өзін кінәлі сезінеді. Демек, ит иесінен қорыққаннан «істеген ісіне өкінгендей» түр жасайды. Ал біз итті «қатесін түсініп тұр» деп ойлаймыз.
Иттің «айыпты» кейпін бәріміз білеміз: көзін тайдырады, құлағын жымитады, құйрығын қысады. Логикаға салсақ, тыйым салынған тамақты жеп қойған ит бәрінен бетер өзін кінәлі сезінуі керек еді.
Биологтар мұны тексеріп көрді. Сөйтсе, тамақты жеп қойған ит пен ештеңеге тиіспей, тыныш отырған иттің түрінде ешқандай айырмашылық болмай шықты.
Демек, иттің бұл кейпі «істеген ісіне өкінгеннен» емес, иесінің ашулы дауысынан қорыққаннан болады.

Ал ит мұндай кейіпке не үшін түседі? Иелерінің 60%-ы иті жаутаңдап тұрса, ұрыспайтынын айтқан. Өйткені адамдар оны айыбын ұқты деп ойлайды. Ғылымда мұны адамның райын қайтарудың амалы дейді, кәдімгі – манипуляция. Тек ит мұны қулыққа салмай, ұрыс естімеу үшін жасайды.
Бұдан шығатын қорытынды, итке ұрсудың еш пайдасы жоқ. Біріншіден, сіз оны бүлдірген ісі үшін емес, дауысыңыздан қорыққаны үшін жазалайсыз. Ол өкініп тұрған жоқ, жай ғана сізден қорқып тұр. Екіншіден, айғайлап жатып, иттің неге бұлай істегенін де ұмытып кетесіз.
Түйін
Бұл мәтіннің тақырыбы оқырманның назарын аудару үшін сәл асыра айтылған. Негізі біз мәселенің тереңіне үңілгіміз келмей, бәрін «манипуляция» деп түсіндіре салғанды жақсы көреміз (балаларға да солай). Ал негізінде кез келген әрекеттің өз себебі бар. Иттің іші пысуы, жалғызсырауы, қарны ашуы немесе далаға шыққысы келуі мүмкін. Осындай кезде ит иесінің қарағанын қалайды. Ол үшін не істейіні маңызды емес, маңыздысы назар аудартқысы келгені. Ал қалғанын адамдар өздері ойлап табады.



