Сіз футбол көpмесеңіз де, «Манчестер Сити» туралы естіген боларсыз. Ол Англия Премьер-лигасын (АПЛ) қатарынан төрт рет жеңген, өзі қатысатын кез келген турнирде басты фаворит саналатын әлемдік футболдағы алып клубтардың бірі. Енді осы атақ-даңқтың қатарына тағы бір бұрын-соңды болмаған жағдай қосылды. Клуб АПЛ-дың қаржылық ережелерін бұзғаны үшін айыпталған 115 тармақтың 114-і бойынша кінәлі деп танылды. Мұның салдары қандай болуы мүмкін? Неліктен бұл іс маңызды? Және неге жай ғана футбол бағытынан асып, сыртқа шығып кетіп отыр?
Мақалада жағдай барынша егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Соңғы нүкте жаңа бастамаға айналғанда
Әңгімені соңынан, яғни 2026 жылғы 25 қыркүйегінен бастайық. Дәл сол күні британдық баспасөз қарапайым ғана «ғасырдың спорт процесі» деп атап жүрген іс бойынша сот шешімі шықты. The Athletic, BBC, Reuters және The Guardian басылымдарының хабарлауынша, тәуелсіз комиссия «Манчестер Ситиге» Премьер-лиганың қаржылық ережелерінің 115-ін бұзды деп айып тағып, соның 114-і бойынша кінәлі деп дәлелдеді. Алайда берілген үкім оқиғаның басы ғана. Процесс әлі толық аяқталған жоқ. Қандай жаза қолданылатыны да жарияланған жоқ. Тіпті жаза белгілі болған күннің өзінде, «Сити» оған апелляция беретіні анық. Құпиялық ережелеріне байланысты екі тарап та толық түсініктеме беруден әзірге тартынып отыр. Премьер-лига мен клуб барлық ресми рәсімдер аяқталмайынша, шыққан үкімге қатысты пікір білдіре алмайды. Клубтың өзі айыптау үкімін жоққа шығармай, тек процестің «жалғасып жатқанын» айтты.

«Құрдымға» апаратын оқиға
Бұл дау аяқ астынан туған жоқ. «Манчестер Ситиге» қатысты даулар сонау 2018 жылы басталды. Сол кезде Football Leaks сайты қолға түсірген электрондық хаттардың топтамасын немістің Der Spiegel журналы жариялаған еді. Бұл хаттар клубтың шынайы демеушілік кірістерін жасыруға тырысқанын жазды. Оны «Сити» топ-менеджерлерінің өзара хат алмасуында байқалған делінеді (бұл жайт түпкілікті анықталғанша әрдайым ескертіліп отыруы тиіс). Өз тарапынан, «Сити» хаттардың түпнұсқалығын жоққа шығарды. Егер футбол әлеміндегі осындай сындардан алыс болсаңыз, мұның неліктен маңызды екенін қысқаша түсіндірейік. Мәселе қаржылық фэйр-плей ережелерінде – қалтасы қалың адам клубқа шексіз ақша құя беруіне жол бермейтін талаптар мен шектеулер жүйесі. Бұл тақырыпты трансферлер туралы материалымызда толығырақ қарастырғанбыз.
Қалай болғанда да, Football Leaks жариялаған материалдар УЕФА-ның «Ситиге» қарсы ісінің негізіне айналды. Нәтижесінде клуб кінәлі деп танылып, Еуропадағы ең беделді клубтық турнирі Чемпиондар лигасына екі жыл қатысу құқығынан айырылған еді. Алайда бұл шешім көп ұзамай Спорттық арбитраж сотынан кейін күшін жойды. Ал айыптардың бір бөлігі УЕФА-ның бес жылдық мерзімі «аяқталды» деп ілініп кетсе, екінші бөлігі қажетті дәлелдеулерге сай келмей шықты. Бұл бүгінгі оқиғаға ұласып жатқан баяғы көне із. Ол кезде көпшілік мәселе осымен бітті деп ойлаған. Ендеше осы уақыт аралығында не өзгерді?
Премьер-лига ережелерінде мұндай істерге қатысты мерзімі қткен деген түсінік жоқ. Сондықтан 2023 жылғы ақпанда лига «Ситиге» 2009–2018 жылдар аралығында қаржылық регламенттерді бірнеше мәрте бұзды деген айыптар тақты.
2008 жылы клубты БАӘ корольдік әулетінің өкілі шейх Мансур сатып алғаннан кейін «Сити» ағылшын футболының нағыз алып күшіне айналды. Біреулер үшін ол сүйікті клуб болса, енді біреулер үшін ең жек көретін командалардың біріне айналды. Осы кезеңде клуб соңғы он үш чемпионаттың сегізінде топ жарды, соның ішінде рекордтық төрт титулды қатарынан жеңіп алды. Ал 2023 жылы тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының кубогын көтерді. Таяу Шығыстан ірі қаржы құйылғалннан бері клуб осыған дейінгі 114 жылдық тарихындағы жеңістерден де көп жүлде олжалады. Енді осы мұра мен еңбекке күмән көлеңкесі түсіп отыр. Олардың жетістіктері әділ жолмен келді ме?
Клуб нақты не үшін айыпталып отыр?
Қандай заңбұзушылық болса да, оны 115 рет жасау дұрыс емес екені анық. Алайда, «қалалықтарға» (жанкүйерлер клубы) тағылған айып бір ғана ережені қайта-қайта бұзу деген емес, мұнда әртүрлі маусымды, әртүрлі талапты және сан алуан қаржылық міндеттемені қамтитын тұтас айыптар жиынтығы бар.

Барлық тармақты бірдей егжей-тегжейлі талдамаймыз. Істің өзегі ретінде көбіне қаржылық есептілікке қатысты бұзушылықтар аталады. Сондықтан соларға кеңірек тоқталып, қалғанын жалпы сипаттап өтейік.
Қаржылық есептілік — 54 тармақ.
Клубқа өзінің қаржылық жағдайын шынайы әрі объективті көрсететін нақты ақпаратты адал ұсынбады деген айып тағылды. Заңгерлердің тілімен айтқанда, демеушілік қаражат пен операциялық шығындар анық көрсетілмеген. Ал қарапайым тілмен айтсақ, клуб есепте көрсетілген кейбір қаражаттың қайдан келгенін сенімді түрде дәлелдей алмай отыр. Серіктестерден түскен инвестиция деп көрсетілген ақша шын мәнінде клуб иелерінің жасырын қаржы құюы болуы мүмкін деген күдік бар.
Бұл жағдай 9 маусым бойы – 2009/10 жылдан 2017/18 жылдар аралығында қайталанып отырған. Мысал ретінде тағы да жария болған электрондық хаттарды алайық. Ондағы мәліметтерге сәйкес, 2015/16 маусымында £67,5 млн көлеміндегі демеушілік келісімнің небәрі £8 миллионы клубтың басты демеушісі Etihad компаниясынан тікелей түскен. Қалған £59,5 млн клуб иесінің инвестициялық құрылымы – ADUG тарапынан келген делінеді. Клуб мұны жоққа шығарады. Айта кетейік, кейін CAS (Спортивтік арбитраж соты) дәл осы Etihad желісі бойынша тағылған айыпты алып тастаған еді. Ал Премьер-лиганың өз ережелері мен өз дәлелдеу стандарттары бар.
Қалған айыптарды қысқаша түйіндейік:
Ойыншылар мен бапкерлерге төленген сыйақылар. Клуб төлемдерді толық ашпаған, қаражаттың бір бөлігі ойыншылармен байланысты офшорлар арқылы өткен деседі. Мәселен, Football Leaks құжаттарында бапкер Роберто Манчинидің ресми жалақысынан бөлек жасырын екінші табысы болғаны айтылады. Манчини мұны растамады.
УЕФА-ның қаржылық фэйр-плей ережелері және Премьер-лиганың табыстылық пен тұрақтылық талаптары. Клуб 2013–2018 жылдар аралығында шығындарға қойылған шектеулерді бұзды деп айыпталған.
Тергеумен әріптестік жасаудан бас тарту. 2018–2023 жылдар аралығында Премьер-лиганың тергеу жұмыстарына жәрдемдеспеу, құжаттар мен ақпаратты адал ұсынудан жалтарып, қарсылық таныту. Қызығы сол, бұл санат – сотта әлдеқашан дәлелін тапқан жалғыз эпизод (2021 жылғы Жоғарғы соттың шешімі және 2020 жылы жауап беруден бас тартқаны үшін CAS салған айыппұл).
Осының бәрі клубқа қандай қаупі бар?

Оқиға қалай өрбуі мүмкін?
Есептелген жаза түрлерінің саны соншалық, санап тауыса алмайсыз. Санкциялар жеңіп алған титулдардан айыру, ұпай шегеру, қаржылай айыппұл салу, тіпті жоғары дивизионнан шығарып жіберу шаралары бар. Мұнда бір маңызды жайт – ұпайды тек қазіргі маусымнан ғана емес, аяқталып кеткен маусымдардың нәтижесінен де шегеруі қарастырылады. Ал осы жағдайдан кейін олардың чемпиондық атақтардан айырылуына әкелуі мүмкін.
Ағылшын футбол тарихында қаржылық ережелерді бұзған клубтарды жазалау бұрын да болған. «Эвертон» PSR – табыстылық пен тұрақтылық ережелерін ұстанбағаны үшін жаза алған алғашқы Премьер-лига клубы болды. 2023 жылғы қарашада командадан 10 ұпай шегеріліп, апелляциядан кейін алты ұпайға дейін азайтылды. 2024 жылы жіберген қателіктері үлкен болмаған «Ноттингем Форестен» төрт ұпай кемітті. Ал «Ситиге» тағылып отырған айыптар нағыз корпоративтік алаяқтыққа пара-пар және аса ауыр заңбұзушылық ретінде бағалануы мүмкін.
Баспасөз беттерінде сан алуан талдаулар бар. Кей сарапшылар клубты дәрежесінен айырмайды деп санайды. Олардың пікірінше, әрі кетсе ұпай шегеру мен ірі көлемде айыппұл салумен шектеледі. Бірақ айыппұлдың өзі қаншалықты ауыр жаза болмақ? «Ситиге» қанша ірі айыппұл салсаңыз да, орасан қаржы мүмкіндігі бар клуб үшін бұл аса ауыр соққы болмауы мүмкін. Олар оны төлеп шыға алады. Тек биылғы жылдың өзінде клуб трансферлерге 500 миллион еуродан астам қаражат жұмсаған. Бұдан әлдеқайда қатаң болжамдар да бар. Standard Sport мәліметінше, «Сити» Премьер-лигадан шығарылуы мүмкін. Ал The Athletic дереккөздерінің хабарлауынша, клубтан 3-5 маусым мерзіміне 25-ке дейін ұпай шегеріліп тасталуы әбден ықтимал. Бұл олардың алдағы бірнеше жылды турнирлік кестенің орта тұсында өткізуге мәжбүр ететініне кепілдік береді.
Бірақ жаза емес, оның соңы не болатыны қызық. Елестетіңіз, сіз бірнеше рет Англия чемпионатында екінші орын алдыңыз. Ал алдыңызда үнемі «Манчестер Сити» тұрды. Кейін олардың бұған адал емес жолмен жеткені әшкере болады. Мүмкін соның кесірінен сіз «әжептәуір мәңгілік екінші орында қала беретіндер» деген атаудан құтылып, қыруар қаржы ұтып алатын, тіпті Чемпиондар лигасында топ жаратын мүмкіндіктен қағылар едіңіз. «Арсенал» мен «Ливерпульге» мұны елестетудің де қажеті жоқ. Олар дәл сондай маусымдарда «Ситидің» артынан екінші болып қалған.
Тіпті бесінші және алтыншы орынның арасындағы айырмашылықтың өзі жер мен көктей. Бесінші орын еурокубокқа жолдама беруі мүмкін, ал алтыншы орын қалған команда мұндай мүмкіндік пен соған байланысты төлемдерден қағылады. Демек, «Манчестер Ситидің» бұл былық-шылығы соңынан сондай бір тізбекті оқиғалар мен дау-дамайларды ертіп әкеледі, оны баяндау үшін тіпті жеке бір энциклопедия жазу қажет болар еді. Оның үстіне, зардап шеккен клубтардың бәрі де әділ өтемақы талап етуге толық хақылы.

Бұл оқиғадағы өзге клубтардың орны
Басты жәбірленушілер (жанкүйерлерді есепке алмағанда) өзге футбол клубтары арасында бәсеке әділ өткенде, олар қомақты қаржы тауып, талай жеңісті қанжығасына байлар еді. Алайда бұл коалицияның ортақ ұстанымы немесе біртұтас пікірі әзірге жоқ. Кейбірі кінә дәлелденсе, «тікелей шеттетуді талап етуге» дайын болса, екіншілері ұзаққа созылған сот процесі «Премьер-лигаға негізсіз зиян келтіріп жатыр» деп есептейді және бүкіл футбол қауымдастығына «ары қарай жүруге мүмкіндік беретін» жаза түрін құп көреді. Сот тартыстары басқа командалардың ойыншыларына да, басшылығына да қысым түсіріп отыр. Мұнда, әсірелеп айтпай-ақ қояйық, бұрын болмаған жағдай таразы басында тұр. Көз алдымызда футбол тарихының өткен беттері қайта жазылып жатқанын бақылап отырғандаймыз.
Бұл істің жауапкершілік шегі қаншалықты кеңейетінін, әсіресе, сол кезеңде Премьер-лигадан түсіп қалған клубтар, Чемпиондар лигасына өте алмай қалған командалар немесе шартты түрде Еуропа лигасының жолдамасынан қағылғандар мұқият бақылап отыр. Өйткені турнир кестесіндегі бір ғана орынның өзгеруі демеушілік келісімдерге тікелей әсер етеді. Мұндай келісімдердің көбі команданың нәтижесіне немесе жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалуына байланысты жасалады. Бұған дейін аты аталмаған бірнеше клуб жіберіп алған мүмкіндіктері үшін 100 миллион еуродан астам өтемақы талап ету жолдарын қарастырып жатқаны туралы ақпарат тарады. Елестетіп көріңізші, мұндай зардап шеккендердің саны 5 немесе 10-нан асып кетсе, сомалар шарықтап кетпек, ал оның артынан туындайтын салдар тізбегі тек ағылшын чемпионатымен шектелмей, барлық турнирлерді қамтиды. Сондай-ақ кеше ғана сіз Англияның ең табысты клубы санында ең мықты қарсыластарға қарсы ойнап жүрсеңіз, ал бүгін сот келесі жылдан бастап жоғары лигаға шыға алмай жүргендермен күш сынасатыныңызды мәлімдейді. Әрине, ойыншылар кеткісі келеді, ал клуб қарыздарын жабу үшін болсын оларды жіберуге мәжбүр болады. Алайда бұл тек болжамдардың түрлі нұсқалары ғана.
Оқиғаның келесі тармақтары
Біріншіден, комиссия жазбаша шешімін жариялап, содан кейін санкциялардың түрін нақтылауы тиіс. Екіншіден, қандай санкция қолданылса да, «Манчестер Сити» міндетті түрде апелляция түсіреді. Мұны 100 пайыздық кепілдікпен айтуға болады. Ал соңында, апелляциялық кеңес бұл іс бойынша өз шешімін шығаруы тиіс. Яғни, бұл тартыс тағы да айлап, тіпті жылдарға созылуы мүмкін.

Неліктен апелляция сөзсіз дерлік беріледі?
Біз осы материалды дайындап жатқан сәттің өзінде «Ситидің» апелляция беретіні барлық жарияланымда қалыпты әрі күтілетін қадам ретінде қарастырылып отыр. Таразы басында клубтың беделі, орасан ақша және жеңіп алған титулдары тұр. Бұл дауды қайта қарамау, жай ғана ақымақтық әрі өз кінәсін мойындаумен бірдей. Оның үстіне, апелляциялық инстанцияның өкілеттіктері өте кең: апелляциялық кеңес шағымды қанағаттандыра алады, кері қайтарады немесе комиссияның шешімін мүлде басқа үкіммен алмастыра алады.
Басты кейіпкер – Премьер-лиганың өзі
Бұл іс лиганың өзі үшін нағыз сынақ. Егер «Сити» барлық шешімдерге қарсы шығып, тағылған айыптар алынып тасталса, лиганың беделіне қатты соққы түсуі анық. Оның үстіне УЕФА бұған дейін клубты белгілі бір бұзушылықтар бойынша кінәлі деп танығанын да ұмытпау керек. Ал егер «қалалықтар» айыппұл арқалап, ұпайларынан айырылып, ол ағымдағы маусымға әсер етсе, қызықтың көкесін сол кезде көреміз. Мұндай жағдайда лига жұрт көзіне «соттасуға тым әуес ұйым» деген атаққа ие болады. Дегенмен, мұндағы бәс – таразы басында футболдан да маңызды нәрсе тұр. Спорттағы абырой мен ақшалылардың жазадан құтылуы десек те болады.
Бұл енді тек футбол ғана емес
Өздеріңіз білетіндей, «Сити» 2008 жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясына тиесілі, ал нақты иесі – шейх Мансур. Сондықтан 115 заңбұзушылыққа қатысты дау спорттық трибунал аясынан шығып кеткен. Британ баспасөзінің мәліметінше, әлі 2008 жылдар түгілі, 2023 жылдың өзінде-ақ Абу-Даби әмірлігі Лондонға қатаң сигнал берген. Клубқа қатысты қатал үкім екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға сызат түсіруі мүмкін. Ал БАӘ – британ экономикасына ең көп инвестиция құюшылардың бірі екенін ұмытпаған жөн.
Клубтың бұл жағдайға қатысты көзқарасына келсек, «Манчестер Ситидің» төрағасы Халдун Аль Мубарак 2023 жылдың ақпанындағы клубтың мәлімдемесіне сілтеме жасап, онда өз ұстанымын қорғауға жеткілікті «бұлтартпас дәлелдері» бар екенін айтқан еді.
Әзірге жағдай осындай. Ал біз сіздермен бірге бұл істің маңызды жаңалықтарын жіті қадағалайтын боламыз. Өйткені алда болатын өзгерістердің өзі де, осы істің ауқымы сияқты ерекше болмақ.



