2026 жылдан бастап бұрын мемлекет бюджетінен қаржыландырылған 25 созылмалы ауруды емдеу қызметі толықтай МӘМС пакетіне енгізілді. Олардың қатарында қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, буын, қалқанша без, бауыр аурулары, жүректің туа біткен ақаулары және басқа да дерттер бар. Осы тұста Tamga Media МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейтінін және қазақстандық азаматтар медицина сақтандыруы арқылы қандай ем-дом түрін тегін ала алатынын түсіндіріп көрді.
Қазақстанда медицина көмегі екі деңгейге бөлінеді: ТМККК және МӘМС.
Тегін медицина көмегінің кепіл берілген көлемі (ТМККК) – ТМККК – мемлекет есебінен барлық азаматқа берілетін тегін медицина көмегінің пакеті. Оған жедел жәрдем, алғашқы медициналық көмек, вакцинация және басқа да қызметтер кіреді.
МӘМС – жарна төлеп жүрген азаматтарға медицина көмегін алуға мүмкіндік беретін жүйе. Адам ай сайын медицина сақтандыруына жарнасын аударып отырса, МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алады.
Қазір жұмыс істейтін азаматтар ай сайын табысының 2%-ын, ал жұмыс берушілер қызметкері үшін тағы 3%-ын МӘМС жүйесіне аударады. Кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар айына 4 250 теңге төлейді. Кейін жарна төлеп жүрген адам ауырып қалса, емханаға барып тегін ем ала алады. Себебі қор осы ақшадан емхананың шығынын өтейді.

МӘМС бойынша нақты қандай қызметтер тегін беріледі?
МӘМС барлық медициналық қызметті толық тегін етеді деген сөз емес. Тегін көрсетілетін қызметтердің өз тізімі бар:
Тар бейінді мамандар: кардиолог, невролог, эндокринолог, ортопед және басқа да дәрігерлерге қаралуға болады. Ол үшін алдымен терапевтке барып, жолдама алу қажет.
МРТ және КТ: дәрігердің жолдамасы бойынша қымбат диагностикалық тексерулерді тегін жасауға болады.
Зертханалық талдаулар: дәрігер тағайындаса, қан, зәр, биохимиялық талдауларды тегін тапсыруға болады.
Жоспарлы оталар: ауруханада ем алу, сондай-ақ жоғары технологиялы медицина көмегін пайдалану мүмкіндігі бар.
Дәрі-дәрмек: Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізім бойынша кейбір созылмалы ауруға арналған дәрілер тегін беріледі.
Оңалту: инсульттен, операциядан немесе ауыр аурулардан кейінгі қалпына келу шаралары тегін жүргізіледі.
Стоматология: балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге және жеңілдік санатына кіретін азаматтарға кейбір стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.
Диализ және трансплантация: бүйрек аурулары кезінде гемодиализ және бүйрек ауыстыру операциялары тегін жасалады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгерді?
2026 жылдан бастап бұрын бюджет есебінен қаржыландырылған 25 созылмалы ауруды емдеу МӘМС пакетіне өтті. Яғни бұл бағыттағы медицина қызметтері енді сақтандырылған азаматтарға МӘМС арқылы көрсетіледі. Олар:

қант диабеті;
артериялық гипертензия;
созылмалы бүйрек ауруы гемодиализ;
ревматизм мен артрит түрлері, омыртқа аурулары;
қалқанша без, бауыр аурулары, ас қорыту жолдарының патологиялары;
қуық асты безінің аденомасы, мастопатия, әйелдердің репродуктив жүйесінің аурулары;
Жүректің туа біткен ақаулары;
Балалардың церебралды сал ауруы.
Яғни осы тізімдегі созылмалы ауруы бар адамдар тегін ем алуы үшін медицина сақтандыруына жарна аударып отыруы керек деген сөз.
Кім мемлекет тарапынан сақтандырылған?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, мына топқа жататын адамдар үшін мемлекет МӘМС жарнасын төлеп отырады және олар тегін ем ала алады:
18 жасқа дейінгі балалар
Күндізгі бөлімде оқитын студенттер
Жүкті әйелдер
Зейнеткерлер
Мүгедектігі бар адамдар
Жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер
Тұрмысы төмен жандар (D және E санаттары)
Әскери қызметкерлер, ауылдық жердегі медицина қызметкерлері мен мұғалімдер.
Сақтандыруым бар-жоғын екі минутта қалай тексеруге болады?
Оның төрт жолы бар. Өзіңізге ыңғайлы кез келген әдісті таңдаңыз:
Медициналық сақтандыру қорының сайты: fms.kz – «Сақтандыру мәртебесін тексеру» – ЖСН енгізіңіз. Жауабы бірден шығады.
eGov порталы: egov.kz – Денсаулық сақтау – «МӘМС жүйесіне қатысу туралы ақпарат беру». Жауабы 10 минутта дайын болады.
Банк қосымшалары: Kaspi, Halyk немесе bcc.kz – Мемлекеттік қызметтер – «МӘМС мәртебесі» – ЖСН енгізіңіз. Сол жерде берешекті де төлей салуға болады.
Telegram-бот: @SaqtandyryBot – «Сақтандыру мәртебесін анықтау» – ЖСН енгізіңіз.

Емханаға қалай тіркелеміз?
МӘМС мүмкіндіктерін пайдалану үшін әуелі мемлекеттік немесе жеке емханаға тіркелуіңіз қажет. Тіркелмесеңіз, бейінді маманға жолдама ала алмайсыз, басқа да талдауларды тапсыра алмайсыз. Жеке емхананы таңдауға болады, бірақ ол мекеменің Медицина сақтандыруы қорымен келісімшарты болуы керек.
Fms.kz сайтындағы «Емхананы таңдау» бөлімінде МӘМС жүйесіне енген барлық медициналық ұйымның тізімі бар. Оны қала мен мекеме түріне қарай сүзгіден өткізіп, іздеуге болады. Сондай-ақ сол жерден клиникадағы дәрігерлік учаскелердің шамадан тыс толып кетпегенін де бақылай аласыз.
Тіркелудің 3 оңай жолы:
eGov порталы арқылы тіркеліңіз. Egov.kz сайтына кіріп – «Денсаулық сақтау» бөлімінен – «Медициналық ұйымға бекіту» қызметін таңдаңыз. Өзіңізге ыңғайлы емхананы белгілеп, сұранысты ЭЦҚ арқылы растаңыз.
Damumed.kz жүйесі арқылы тіркеліңіз. Порталдағы жеке кабинетіңізге кіріп – «Менің деректерім» – «Тіркелу» батырмасын басып, тізімнен қалаған мекемеңізді белгілеңіз.
Емханаға барып тіркеліңіз. Жеке куәлігіңізді алып, таңдаған емханаңыздың науқастарды тіркейтін бөліміне барыңыз. Сол жерде бас дәрігердің атына өтініш жазасыз.
Ескеретін маңызды ережелер:
Бір уақытта бір ғана емханаға тіркеле аласыз.
Өз қалауыңызбен жылына бір-ақ рет, 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емхананы ауыстыра аласыз.
Емхананы міндетті түрде тіркелген мекенжайыңыз (прописка) бойынша емес, үйіңізге немесе жұмысыңызға жақын жерден таңдауға болады.
Жұмыс беруші сіздің орныңызға емхана таңдай алмайды, бұл – әркімнің өз еркі.
Таңдаған емханаңызда бос орынның бар-жоғын алдын ала анықтап алыңыз, әйтпесе орын тапшылығына байланысты өтінішіңіз қабылданбауы мүмкін.

Бейінді маманға немесе МРТ-ға қалай тегін жазылуға болады?
Дәрігерге барыңыз
Тіркелген емханаңыздағы терапевтке немесе ЖТД-ға барып, тексеріліңіз. Шағымыңызды айтыңыз.
Жолдама алыңыз
Дәрігер қажет деп тапса, бейінді маманға немесе МРТ/КТ-ға жолдама береді.
Қабылдауға жазылыңыз.
Емхананың тіркеу бөлімі немесе Damumed қосымшасы арқылы жазыла аласыз. Кейде терапевт бірден бейінді дәрігердің, МРТ-ның бос күніне жаза алады.
Қабылдауға жолдаманы, жеке куәлігіңізді алып барыңыз.
Дәрігерге жолдаманы көрсетіп, ЖСН-ді айтыңыз.
Сізге берілген медицина қызметін бақылап отыруға болады
damumed.kz қосымшасындағы «Менің деректерім» / «Медициналық деректер» бөлімінен МӘМС арқылы сізге берілген барлық медицина қызметін көре аласыз. Өзіңіз бармаған немесе жасатпаған ем-шараларын көрсеңіз, бірден Қорға (1406) хабарласыңыз.

Емхана ақша талап етсе не істеу керек?
Егер сіз сұраған қызмет МӘМС пакетіне кірсе, ақы төлеуге міндетті емессіз. Медицина сақтандыруы қоры ұсынған іс-қимыл алгоритмі төмендегідей:
Дәрігердің өзінен тікелей сұраңыз. Бұл қызмет үшін не себепті ақша төлеу керек екенін нақтылаңыз. Көп жағдайда осы сұрақтың өзі жеткілікті: дәрігер жүйені қайта тексеріп, жолдаманы тегін рәсімдеп береді.
Емхана басшылығына жүгініңіз. Бас дәрігердің қабылдауына кіріп, жағдайды түсіндіріңіз. Мекеме басшылығы ресми арыз-шағымдардың түсуіне мүдделі емес.
Қордың жедел желісіне қоңырау шалыңыз. 1406 – МӘМС біріңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда медициналық көмек көрсетуден бас тарту немесе тегін қызметке ақша талап ету жағдайлары бойынша шағымдар қабылданады.
Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданыңыз. Сенім телефоны: +7 (7172) 74-37-27. Қазақстан аумағындағы кез келген медициналық көмектің сапасына қатысты мәселелерді қарайды.
Денсаулық сақтау басқармасы немесе сот. Өңірлік басқарма – келесі саты. Сондай-ақ, ең соңғы шара ретінде емхана орналасқан аудандық сотқа жүгінуге құқығыңыз бар.
Жедел желі нөмірлері:
1406 – Медициналық сақтандыру қоры (МӘМС мәселелері мен шағымдар)
1414 – МӘМС шеңберінде қызметтер мен дәрі-дәрмектердің берілу барысы
103 – Жедел медициналық көмек (барлығына бірдей тегін)




