Той торттың алғашқы тілімі кімге бұйыруы керек – жас келінге ме, әлде күйеу жігіттің анасына ма? Қазақстандық Threads желісінде бұл дау басылар емес. Бұған тойда түсірілген шағын видео түрткі болды. Онда күйеу бала тортты кесе сала, алғашқы түйірін қалыңдығына емес, анасына ұсынады. Желідегілердің бір бөлігі мұны анаға деген құрмет десе, енді бірі «мамасының баласы» деп сөгіп, ененің бір тілім тәтті үшін келінімен таласқанына қайран қалды.
Бұл дау – қазақ шаңырағында жиі кездесетін бұрыннан таныс тақырыпты тағы бір қозғауға сылтау ғана: ана мен бала арасындағы жақындық неліктен кейде келінмен іштей бәсекеге айналып кетеді? Tamga Media бұл мәселені психологпен бірге талқылап көрді.
«Мамасының баласы» деген кім және бұл қалай қалыптасады?
Бұл тіркес психологиялық оқулықтардан емес, ғаламтордағы мемдер мен әлеуметтік желілерден шыққан. Десе де, психологтың айтуынша, бұл қалжыңның артында отбасылық нақты қарым-қатынас жатыр. Бұл, әрине, диагноз емес, қос тараптың, яғни ана мен ұлдың, бір-біріне деген ықпалынан туатын құбылыс.

Назигүл Темірғалиева, психоаналитикаға бағытталған психологтың айтуынша:
«Мамасының баласы» – есейсе де анасына жіпсіз байланған, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын, тұрмыс пен жауапкершілікті анасының мойнына артып қоюға үйренген ер азаматқа айтылатын желідегі сөз. Психоанализ тұрғысынан қарасақ, бұған тек ананы кінәлауға болмайды, бұл – екі жақты байланыс. Ана өзінің керек екенін сезінеді, ал ұлы қамқорлық пен қорғаныш алып, дербес өмірдің мазасыздығынан арылады».
Маман бұл жағдайдың туындауына түрткі болатын белгілі бір себептерді атап өтеді. Бұл жерде тек әкенің жоқтығы емес, ұлға бала кезден артылған міндет пен ата-ананың өз арасындағы қарым-қатынас та үлкен рөл атқарады.
Бұл үдеріс мынадай жағдайларда белең алуы мүмкін:
ана ұлын жалғыз өсіріп, оны өзінің ең жақын сырласына айналдырса;
әкесі болмаса, балаға суық тартып жүрсе немесе ата-ана арасында ұдайы араздық болса;
ұлы кішкентайынан «сен менің жалғыз сүйенішімсің» деген сөзді естіп өссе;
ұл үйдің жалғыз баласы болса;
баланы тым ерте үйдің қамқоршысы, қорғанышы немесе «үйдің иесі» етіп қойса;
ана өз өмірін ұмытып, тек ұлының тілегімен өмір сүрсе;
отбасында ауыр дерт, қайғы, ажырасу немесе қаржылай таршылық орын алса;
ерлі-зайыптылардың бұрынғы бастан өткергендері мен ата-анасының өз некесіндегі қарым-қатынасы әсер етсе;
ана өзін күйеуінің қасында қауіпсіз әрі жақын сезінбесе.

«Бұл орайда жоғарыда айтылған отбасыларда міндетті түрде осындай жағдай қалыптасуы мүмкін деп айтуға болмайды. Бұл тек ана мен бала арасындағы ерекше қарым-қатынасына әсер ететін жанама факторлар ғана. Одан бөлек жанұяның толық болмауы емес, баланың сол отбасында қандай орын алғаны маңызды», – дейді маман.
Ана неге тіпті жақсы келіннен де қызғанады?
Әдетте ене келінін «мінезі жаман, үлкенді сыйламайды, күйеуін бізге қарсы айтақтайды» деп қызғанады деген түсінік бар. Бірақ психологтардың сөзінше, іс жүзінде бәрі керісінше. Анасы, тіпті, еш айыбы жоқ, биязы да әдепті келінді де жақтырмай, суық қабылдауы мүмкін.
Психолог мұндағы гәп келіннің қандай екенінде емес дейді.
«Келіннің келуі – ұлдың есейгенін, өз әйелі, өз шаңырағы мен бөлек өмірі пайда болғанын білдіреді. Ана бұл сәтте: «Бұрын ең жақыны мен едім, енді ол басқаны таңдады» деп қапалануы мүмкин. Мұны ол өзінің сонша жылғы бейнетінің еш кеткенідей, тіпті сатқындықтай көреді. Психоанализ тілімен айтқанда, ана бұдан былай ұлы үшін жалғыз әрі оның орнын басқа адам басқанын сезініп, іштей жарақат алады».
Нәтижесінде жағдай екі түрлі өрбиді: егер келін шынымен тік мінезді болса, оны отбасындағы барлық мәселеге кінәлау оңай, себеп те дайын. Ал келін момын әрі жақсы болса, іштегі өкпе сыртқа тікелей шықпай, майда-шүйде тұрмыстық мінге айналады. Мысал үшін, енесі келінін «тамақты дұрыс жасамайды», «ұлымды менен суытып әкетті», «тек әйелінің айтқанымен жүреді», «біздің ғұрыптарды сыйламайды» деп айыптауы мүмкін. Мұндай сәтте ана саналы түрде белгілі бір әйелмен емес, ұлының есейіп, бөлек кеткенімен, яғни, уақытпен бәсекеге түседі.

Қазақ отбасындағы жағдай
Қазақ отбасыларында жастардың дәтүр бойынша ата-анамен бірге тұруы жиі кездеседі. Бұл ортада ана мен ұлдың тығыз байланысы одан сайын күшейе түсе ме? Маман бірге тұрудың өзі отбасын бірден бұл проблемаға алып келмейтінін айтады.
Назигүл Темірғалиеваның пікірінше:
«Бiрге тұрудың өзінде тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, кейбір отбасында бұл үлкен көмек: бала бағуға, қаржылай көмекке, үлкен әулеттің бірлігін сезінуге мүмкіндік береді. Десе де бір шаңырақтың астында бірнеше буын мен «дұрыс өмір сүру» туралы әртүрлі түсінік тоғысады. Бір кеңістікте үш жүйе түйіседі деуге болады: анасы мен ұлы, күйеуі мен әйелі және үлкен қара шаңырақ. Жастар ата-анамен тұрғанда, ол үйде бұрыннан қалыптасқан тәртіп, билік және ереже болады. Келін дайын жүйеге келеді. Ал ұлы анасы мен әйелінің арасында қалады».
Мұның бәрі күнделікті тұрмыста ашық айтылмайтын мынадай сұрақтарға келіп тіреледі: үйде кім бастық, кімнің сөзі өтімді және келін қалыптасқан тәртіпке қаншалықты иілуі керек?
«Осыдан барып: «Шешімді кім қабылдайды? Ақшаны кім ұстайды? Үйде кімнің ережесі жүреді? Баланы кім тәрбиелейді? Келін енеге толық бағынуы керек пе? Ұлы анасына әр қадамын айтып отыруға міндетті ме?» деген сауалдар туындайды. Бірге тұру мәселені күшейтетіні – ас үйде де, тұрмыста да, бала тәрбиесі мен қаржы мәселесінде де шекаралар аралысып жатады. Отбасы психологиясында бұл «үштік қатынас» (триангуляция) деп аталады: екі адам арасындағы шиеленісті көтере алмағанда, араға үшінші адам тартылады.

Бірақ дәстүрге тіл тигізудің қажеті жоқ. Жас жұбайлардың жеке кеңістігі, міндеттері, қаржысы мен шешім қабылдау құқығы алдын ала келісілсе, бірге тұру да сыйластықта өтеді. Бөлек шығу тұрмыстық келіспеушілікті азайтқанымен, ана мен ұл арасындағы тығыз тәуелділікпен өздігінен күресе алмайды», – дейді психолог.
«Ата-анаңның алдында борыштарсың» және ұят: өз шекараңды қалай қорғау керек?
Қазақ отбасыларына өте таныс тағы бір жайт бар: балаға кішкентайынан ата-ана алдындағы парыз бен «ұят болады» деген түсінік бойына сіңіріледі. Соның салдарынан көптеген ұлдар анасына қарсы келе алмайды, тіпті даулы сәтте әйелін қорғауға батылы жетпейді. Психолог ата-ананы сыйлаудың маңызын жоққа шығармайды, бірақ құрмет пен өмір бойы бағынышты болып өтудің арасын ажыратып береді.
Назигүл Темірғалиева, психолог:
«Ата-ананы сыйлау мен алғыс айту – үлкен құндылық. Бірақ алғыс білдіру өмір бойы бас шұлғи беруді білдірмейді. Мәселе «Мен саған бәрін бердім, енді өз бетіңше шешім қабылдауға хақың жоқ» деген астарлы ой айтылғанда басталады. Ондайда сүйіспеншілік пен міндет шатасып, өз пікіріңді айту сатқындық сияқты көрінеді. Ер адам өзінің есейгенін түсінсе де, іштей кінәлі сезініп, «жоқ» деп айтудан қорқады».
Маман мұндай жағдайда ішкі шекараны бұзып-жарып емес, сабырмен, біртіндеп бөліну арқылы қалыптастыруды ұсынады. Ол тіпті дауыстап айтуға болатын нақты сөздерді де мысалға келтіреді.
«Арақашықтық орнату деген ұрысып кетіп, қатынасты үзу емес, сабырмен бөліну. «Анашым, мен сізді жақсы көремін әрі ризамын. Бірақ отбасымызға қатысты шешімді жұбайым екеуміз өзіміз қабылдаймыз». «Сіздің сөзіңізді ұқтым, дегенмен соңғы шешім өзімізде қалады». «Мен сіз бен әйелімнің арасында таңдау жасағым келмейді. Сіз – анамсыз, ал ол – жарым. Екеуіңіздің де менің өмірімдегі орындарыңыз бөлек» деп түсіндіруге болады. Шекара дегеніміз – өзге адамның ренішін көтере біле отырып, өз шешіміңнен таңбау».

Ұлдың өзі не сезінеді?
Бұл жағдайды ене мен келіннің көзімен талқылау оңай, бірақ ортада екі оттың арасында ер адам қалады. Ол екі жаққа да ортақ, екі жақтың да өзіндік уәжі бар. Осы орайда біз ер адамның ішкі күйін ұғуға тырыстық: ол шынымен анасының жағында ма, әлде жай ғана өз ойын ашық айта алмай жүр ме?
Назигүл Темірғалиева, психолог:
«Көбіне ұлы екі жақты адалдық арпалысына түседі. Ол анасын жақсы көргісі, оған алғыс айтқысы келеді, оның жалғыз қалуынан қорқады, сонымен бірге өз некесін де сақтап қалғысы келеді. Оның ішінде мынадай ойлар түйіседі: «Әйелімді таңдасам, анамды сатқаным ба?», «Анама қарсы келсем, ол ауырып қалмай ма?», «Мен оның жақсылығын қайтаруым керек». Осыдан барып ол шешім қабылдаудан қашады, анасынан жоспарын жасырады, ал әйелінің алдында ақталумен болады. Кейде анасына тікелей сөз қайтарудан қорыққандықтан, әйелін кінәлі етіп шығарады.
Шекара қою дегеніміз қарым-қатынасты суыту емес. Негізгі міндет – ұлының бір әйелге бүйрегін бұрып, екіншісін шеттетуі емес, оның ересек азаматша жауапкершілік алуы. Анасын сыйлай отырып, өз некесі мен отбасы үшін өзі жауап бере алуы».
Бұл жағдайда өскеніңізді қалай білуге болады?
Ендігі сұрақ: адам өзінің жай ғана мейірімді, жақын отбасыда емес, дәл осындай үлгіде өскенін қалай аңғарады және маманға қашан жүгінген жөн? Психолог бұған қатысты нақты белгілерді атайды:
есейген ұлы анасының рұқсатынсыз шешім қабылдай алмайды;
оған әр қадамын айтып, есеп беріп отырады;
бөлек өмір сүргені үшін іштей қатты кінәлі сезінеді;
«жоқ» деп айта алмайды;
маңызды шешімдерді анасынан жасырады немесе, керісінше, отауындағы бар сырды жайып салады;
әйелінен де анасы сияқты қамқорлық күтеді;
әйелін анасымен салыстырады;
әйелі оның отбасына иілуі тиіс деп есептейді;
анасы кез келген дербестікті силамаушылық деп қабылдайды;
келіспеушілік кезінде жары: «Анаңды таңдайсың ба, әлде мені ме?» деген сөз айтуы мүмкін».

Егер бұл жағдай отбасында ұдайы ұрыс-керіске, сарыуайымға, күйзеліске, кінәлі сезінуге алып келсе және некенің бұзылуына қауіп төндірсе, маманға көрінген абзал. Ұлына ішкі тәуелсіздікке қол жеткізу үшін жеке терапия көмектесуі мүмкін. Ерлі-зайыптыларға неке терапиясы пайдалы. Ал жалғыздық пен ішкі өкінішті бастан кешіріп жүрген анаға жеке психологиялық көмек қажет. Егер барлық тарап дайын болса, отбасылық терапияны да қолдануға болады.
Назигүл Темірғалиева, психолог:
«Ұлын қимай, босата алмай жүрген ананы жаман деуге болмайды. Бірақ оның ішкі реніші үстемдікке айналмауы тиіс. Көкірегі ояу аналық махаббат ұлының есейіп, отау құруына мүмкіндік береді және арадағы жақындықты да жоғалтпайды. Ұлы анасына жіпсіз байланбай-ақ ризашылығын білдіре алады. Ал анасы жалғыз сүйеніші болмаса да, оның өміріндегі ең ардақты адам болып қала береді» .




