Бір күнде бірнеше марқұмның денесін ақтық сапарға дайындау – Айша Нұртазақызы үшін қалыпты жағдай. Көпшілікке айтыла бермейтін, бірақ күн сайын адам өмірінің соңғы сәтімен бетпе-бет келетін ауыр да үнсіз жұмыс.
Бүгінде марқұмды жуындырып, жаназаға дайындау туыстардың ғана емес, арнайы мамандардың да міндетіне айналып келеді. Осындай жауапты істі атқарып жүрген жандардың бірі – «Қамқор шарапат» орталығының мәйіт жуындыратын маманы Айша Нұртазақызы. Ол бұл салада 25 жылдан бері еңбек етіп келеді.

«Қорықпадым… бірақ ішімде бір нәрсе өзгерді»
Айша бұл жолға 18 жасында келген. Алғашында ол қарттар үйінде аспаз болып жұмыс істеп жүрген. Сол ортада өмірден өткен адамдардың соңғы тілектері мен аманаттарын жиі еститін. Қарттардың «бізді діни дәстүрге сай жуындырып, ақтық сапарға дайындаса» деген сөздері оның ойында терең із қалдырған. Кейін ол үшін бұл жай ғана өтініш емес, үлкен жауапкершілікке айналады. Осылай, ол мәйіт жуындыру ісін үйреніп, марқұмдарды соңғы сапарға дайындауға кіріседі. Өзінің айтуына қарағанда, ол алғаш рет қатерлі ісік ауруынан қайтыс болған кейуананы жуындырған.
«Мәйіттен қорықпадым, тек ішімде бір нәрсе өзгерді. Сол уақытта бұл жұмыстың қаншалық жауапты екенін түсіндім. Уақыт өте келе бұл күнделікті жұмысыма айналды», – дейді Айша Нұртазақызы.
Оның жұмыс күні қаралы хабар түскен сәттен басталады. Айша алдымен марқұмның үйіне барады немесе мәйіт «Қамқор шарапат» орталығына жеткізіледі. Ең алдымен туыстарына қоштасуға мүмкіндік беріп, содан кейін ғана жуындыру рәсіміне кіріседі. Кебін пішіп, мәйітті орайды. Барлық процесті есептегенде, бір марқұмды соңғы сапарға дайындау үшін бес-алты сағат уақыт кетеді.
Айшаның айтуынша, бұл тек физикалық еңбек емес, нәзік әрі рухани жауапкершілігі жоғары жұмыс.
«Бұл іске етің үйреніп кету, оны жай ғана жұмыс ретінде қабылдау мүмкін емес. Әрбір мәйітті жуған сайын өзімнің де бір күні осылай жататынымды ойлаймын. Бұл өлімнің барын еске салады», – дейді ол.
Сонымен қатар, бұл жұмыстың денсаулыққа әсері де бар дейді. Кейде бірнеше күн жатып қалған мәйіттерді жуындырады. Мұндай жағдайда терісі етінен ажырап, мәйіттен өткір иіс шығады.
«Ондай сәттерде қорқынышқа берілмеуге тырысамын. Бар ойым – марқұмның соңғы тілегін орындап, Құдайдың разылығына жету (ислам шариғаты бойынша жуындырады). Қандай жағдай болса да, бұл жұмыстан бас тартқан емеспін», – дейді маман.
Бүгінге дейін ол мыңдаған адамды соңғы сапарына дайындаған. Өзінің айтуынша, кей күндері бірнеше мәйітті қатарынан жуындыруға тура келеді, ал пандемия кезінде бір күнде 10 марқұмның денесін жуындырған. Ұзақ жылғы тәжірибесінде ол әрбір мәйіттің өзіндік «салмағы» болатынын түсінген.
«Кей мәйіттерді жуындыру рәсімі жеңіл өтеді. Ал кейбірін жуындырған соң ауырлық сеземін. Осындай кезде өзімді рухани қорғау үшін рәсімнен кейін міндетті түрде өзім де жуынып, дұғалар оқимын», – дейді маман.
Ең ауыр сәт
Айша үшін ең ауыр сәттер – шетінеп кеткен сәбилерді, суға кеткен немесе күйік шалып қайтыс болған балаларды жуындыру. Мұндай жағдайларда жұмыс тек физикалық емес, үлкен рухани күшті талап етеді.
Соған қарамастан, ол өз қызметінің қоғам үшін маңызын жоғары деп біледі. Себебі қайғыдан есеңгіреген туыстарға дәл осындай сәтте кәсіби маманның көмегі қажет. Бұл олардың жан жарасын жеңілдетіп, психологиялық тұрғыда демеу болады.
«Қазақстанда ісімізді әлі бір мамандық ретінде көрмейді»
Қазақ дәстүрі бойынша, мәйітті жақын туыстары жуындыруға тиіс. Алайда кейінгі жылдары мамандарға жүгінетіндер саны артып келеді. Айшаның айтуынша, оның себептері әртүрлі.
«Кейбір адам иістен жиіркенеді, кейбірі қорқады. Әсіресе ауыр дерттен қайтыс болған адамның жағдайын көру оңай емес. Жақындары үшін жүректері ауырып кетеді. Бірақ біз қызметтік этиканы сақтап, мәйіттің жағдайын ешкімге жария етпеуіміз керек», – дейді Айша.
Маманның айтуынша, қазір көп пәтерлер тар етіп салынады, ал мұндай жерде мәйітті сақтау, жуындыру қиынға соғып жатады. Осы себептен де мәйіт жуындыратын адамның қызметіне сұраныс артқан болуы мүмкін. Кейбірі бәрі дұрыс рәсім бойынша болғанын қалап, мәйітті жуындыру процесін мамандарға тапсырады.
Мәйіт жуындыратын мамандар жұмыс барысында санитария талаптарын қатаң сақтайды: медицина маскасын, қолғап тағып, халат киеді, бөлмені кварцтайды. Дегенмен Айша Қазақстанда бұл қызметке әлі де толыққанды мамандық ретінде қарамайтынына қынжылады.
«Медициналық тексеруден өткенде мәйіт жуушымын дедім. Бірақ менің жұмысыма мамандық деп қарамады. Ал шетелдерде мұндай мамандарды ерекше қадірлейді».
Оның айтуынша қызметтерінің нақты құны, арнайы бекітілген бағасы жоқ. Марқұмның жақындары қызметінің құнын өз қалауларына қарай бағалайды екен.
Айша үшін бұл жұмыс жай табыс көзі емес. Бұл – өмір мен өлім арасындағы ең нәзік сәтте адамдарға көмектесу. Ол қанша ауыр болса да, таңдаған ісіне еш өкінбейді. Себебі ол өз ісін – жүрекпен істелетін және әр сәті маңызды шаруа деп санайды.




