Ойын-сауықСаяхатЛикия соқпағы: әйел сызған Түркиядағы әйгілі маршрут

Ликия соқпағы: әйел сызған Түркиядағы әйгілі маршрут

22 маусым 2026
6 мин
Адель Тойгулиева | Фото: Жеке архивінен

Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған 30 мыңға жуық турист Түркиядағы ең жас маршруттардың бірі Ликия соқпағы арқылы жүріп өтеді. Жолды толық жүріп өтсеңіз де, жартылай көрсеңіз де, ерекше әсер алатыныңыз анық. Жақында ғана осы сапардан оралған Адель Тойгулиева Tamga Media-ға маршруттың ерекшелігі мен бұл жолды не үшін таңдағанын айтып берді.


Кішігірім тарихи мәлімет


Ликия – Кіші Азияның оңтүстігіндегі көне ел. Қазір бұл аумақта Түркияның Анталья мен Мугла провинциялары орналасқан. Мемлекет Тавр таулары жағалауға тіреліп, Жерорта теңізі Теке түбегін шайып жатқан тұста болған.


Б.з.д. VI ғасырдың ортасынан бастап Ликия біресе парсылардың, біресе гректер мен римдіктердің қол астында болды. Ал біздің заманымыздың 43 жылы Клавдий императордың жарлығы бойынша Памфилиямен бірігіп, бір провинцияға айналды да, дербестігінен біржола айырылды. Кейін аймақты арабтар басып алып, XI ғасырда Ликия мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты.


Тарихы осындай күрделі болса да, Ликия елінен ерекше мұра қалды. Бұл – тіп-тік жартастарды ойып жасаған тас табыттар. Ең танымалдары Мира,  және Дальян маңында орналасқан. Көптеген ғимарат уақыт өте қирап, римдік құрылыстардың астында қалып қойған. Бірақ кейбірі алғашқы қалпында жақсы сақталған, оны қазір де барып көруге болады.


Адель Тойгулиева:

«Саяхатшы достарым бұл маршрутты маған жарыса мақтап, міндетті түрде баруым керек екенін, маған ұнайтынын айтатын. Кейін Дудьтың бағдарламасында сүйікті блогерім Птушкинмен сұхбат шықты. Шығарылым дәл осы Ликия соқпағында түсірілген екен, мұны тағы бір белгі деп қабылдадым».


Маршрут қалай пайда болды, оған Британияның қандай қатысы бар?


1988 жылы Британия азаматы Кейт Клоу Түркияға алғаш рет барады. 1989 жылы Стамбулға, ал 1992 жылы Антальяға көшіп, фрилансер болып істейді. Басында Кейт ешқандай маршрут жасауды жоспарламаған. Оған жай ғана кезінде үлкен өркениет орталықтарын байланыстырған көне Ликия жолында серуендеген ұнайтын. Көп ұзамай бұл ескі жолдар мен малшы соқпақтарының бойы тарихи жәдігерлерге толы екені анықталады. Мұнда табиғат сұлулығынан бөлек Ликия, Селжұқ, Осман мен Византия дәуірінен қалған мұралар өте көп. Осыдан біртіндеп 540 шақырымға созылған маршрут жасау идеясы пайда болады.


1999 жылы Garanti Bank қаржылай көмектесіп, Түркия Мәдениет министрлігі рұқсат берген соң, еріктілер жол бойына белгілер салып шығады. Сол жылы «Ликия соқпағы» деген жолнұсқа кітап әуелі ағылшынша, кейін немісше, сосын түрікше шығады.


Кітап түрік тілінде жарық көргенше, шетел азаматтары бұл жолмен әлдеқашан саяхаттап жүрген еді. Мұны көрген жергілікті жұрт та арқасына сөмке асып, 540 шақырым жаяу жүрудің несі қызық екенін білгісі келеді. Міне, осылай Түркияда белсенді демалыс түрі осылай басталды.


Бұл соқпақ – елдегі ең бірінші әрі ең ұзын жаяу жүретін жол. Бұған дейін Түркияда треккинг маршрут болмаған екен.


Адель Тойгулиева:

«Декреттен кейін Эльбрусқа шықсам деп армандадым. Содан қалмайын деп залға барып, жаттыға бастадым. Бірақ уақыт өте келе бұл ойымнан айнып қалдым. Өйткені маған қары қалың, жалаң жартасты биік шыңдарда қону, ұзақ жаяу жүру онша ұнамайды екен. Мен көбіне жасыл табиғатты, орман ішіндегі соқпақтар мен жануарларды жақсы көремін. Залға тұрақты барып жүргеніме бір жылдан асқанда, ынтам кетті. Бірақ мұның бәрі не үшін керек болғанын еске түсіріп, Эльбрустың орнына жаныма жақын басқа нұсқа іздестірдім. Осылай, әуелі Ликия соқпағы шықты.


Маған арқаға сөмке асып, шатырда қонатын тур керек еді. Ақыры Алматыдағы ұйымдастырушылардан өзіме сай келетін бағдарлама таптым.Турды сатып алған соң екі ай бойы қатты дайындалдым. Бойым үйренсін деп 60 литр үлкен сөмкені арқалап, тауға бір күнге жаяу сапарларға шығып жүрдім. Әрине, айналадағылар маған таңырқай қарайтын. Бір күнге бола үлкен сөмкені несіне сүйреп жүр деп түсінбеген де шығар».


Маршрут


Соқпақ ежелгі Ликияның Жерорта теңізі жағалауын бойлай өтіп, Фетие қаласы мен Анталья маңындағы Гейкбаири ауылын байланыстырады. Жалпы ұзындығы – шамамен 540 шақырым.


Адель Тойгулиева:

«Мен Алматыдан жиналған топпен бірге бардым. Басында бейтаныс адамдармен бірнеше күн бірге жүретін болған соң, қатты қобалжыдым. Бірақ балалармен танысқаннан кейін уайымым су сепкендей басылды. Топтағының бәрі дайындалған, тәртіпті, керемет жандар екен. Біз бәрі жүретін үйреншікті бағытқа қарсы, яғни керісінше жүрдік. Маршруттың орталық және батыс бөлігін, Демре қаласынан Фетиеге дейінгі аралықты артқа тастадық. Сусыз, тым құрғақ жерлерді айналып өттік. Жоспар бойынша 88 шақырым жаяу жүруіміз керек еді, бірақ қадам өлшегішіме қарасам, 180 шақырым жүріп тастаппын»


Бұл соқпақты негізі 29 күнде жүріп өтуге болады. Жол бойында көне қалалардың қирандылары, ескі рим жолдары мен малшылар салып кеткен сүрлеулер өте көп кездеседі. Бірде теңіздің дәл іргесіндегі жабайы жағажайларға түссең, бірде биік тауға бір-ақ шығасың. Ал тауда түнейтін ауыл табу екіталай.


Адель Тойгулиева:

«Ликия соқпағымен тоғыз күн жүріп, соның бес түнін шатырда өткіздік. Бірде жабайы жағажайларға қонсақ, бірде арнайы кемпингтерде түнедік. Каш қаласынан қонақүй алып, тағы бірнеше күнді жергілікті тұрғындардың үйінде өткізуге тура келді. Негізінен дәмханалардан тамақтандық, бірақ бізге гидіміз де ас әзірлеп беріп отырды. Таңертең ботқа, кешке ыстық сорпа ішсек, түсте нан, шұжық пен ірімшік қосылған бутерброд жасап алатынбыз. Әрине, гидтердің Алматы тауларынан өзімен бірге жинап әкелген шөп шәйі де керемет болды».


2014 жылы соқпақ Хисарчандырдан Түркияның ең танымал альпинизм орны Гейикбайириге дейін 30 шақырымға ұзартылды. Жол Өлідеңіз, Кабак, Патара қирандылары, Калкан, Каш, Учағыз, Демре, Мира, Олимпос пен Шыралы сияқты жерлерді басып өтеді.


Соқпақ бойында жол көрсететін қызыл-ақ түсті белгілер бар. Алғашқы маршруттың өзі жолаушылар жол бойы қонақүйлер мен кемпингтерге емін-еркін түнеп отыратындай ыңғайлы жасалған.


Адель Тойгулиева:

«Кейде шаршап, мұңайып кететінмін. Әсіресе, бірінші рет шатырға қонған түні қатты жаңбыр жауып, салқын болды. Жалғызсырап, ішім пысқаннан сөмкемдегі тіскебасарларымды жеп тауыстым. Содан кейін мүмкіндік болса болды, бірнеше қорап мармелад сатып алып жүрдім».

Бұл соқпақтың бойында бірнеше көрнекі жерлер тоғысқан. Ең әуелі, бұл – театры, табытханасы мен ғибадатханалары бар Мира, Патара, Ксанф, Олимпос және Фаселис сияқты ежелгі қалалардың қирандылары. Тік жартастарды ойып жасаған Ликия мазарларының жөні бір бөлек. 


Одан бөлек саяхатшылардың тағы бір сүйікті мекені – Антальядағы Химера тауы. Онда мыңдаған жыл бойы жер астындағы жарықтардан табиғи газ шығып, тоқтаусыз жанып тұрады. Бұған қоса жол-жөнекей адам аяғы баспаған оңаша қойнаулар мен жағажайлар, орта ғасырдағы бекіністер, византия шіркеулері мен генуэздік мұнаралар кездеседі.


Адель Тойгулиева:

«Ең ерекше жердің бірі – Көбелектер аңғары. Сол түні шатырда бірінші рет ұйқым қанды. Содан кейін ұйықтау қапшығында жату қиын көрінбейтін болды. Бұл жорықта мына бір жер ерекше ұнады деп бөліп айту қиын. Өйткені бүкіл жол бойы тынысыңды ашатын, көз тоймайтын әдемі табиғатпен өтті. Керемет күннің батуы мен шығуы, мөлдір көгілдір теңіз, шексіз зәйтүн бақтары, апельсиндер мен тұт ағаштары – бәрі мәңгі есімде қалады».

Туризм және әлемге танылуы


2025 жылы Time Out журналы Ликия соқпағын планетадағы ең әдемі трекинг маршруты деп атады. Британияның Daily Sabah журналы да бұл бағытты әлемдегі ең әдемі жаяу жолдар арасында бірінші орынға қойды. 10 жылдан бері соқпақта Lycian Way Ultramarathon халықаралық марафоны өтіп келеді. Қатысушылар алты күнде 240 шақырымды жүріп өтеді.


Жолда әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарды кездестіресіз. Біреулер жалғыз, енді біреулері топпен жүреді. Мұнда жалғыз саяхаттап жүрген әйелдерді де жиі көресіз, өйткені соқпақ өте қауіпсіз әрі ыңғайлы. Саяхатқа ақпан мен мамыр немесе қыркүйек пен қараша айларында шыққан дұрыс. Жазда тым ыстық, күн өтіп кетуі мүмкін. Ал желтоқсан мен қаңтарда ауа райын болжау қиын, жиі дауыл тұрады.


Адель Тойгулиева:

«Бірінші күні жаңбыр мен салқын ауа райын күтпедік. Сөмке ауырламасын деп ең қажет заттарды ғана алғанбыз, мұндай күнге киетін жылы киіміміз болмай шықты. Бастапқы түн оңай болмады. Тағы бір таңғалғаным – мамырда Түркияда туристер өте аз, көп жер жабық, кейбірі маусымға енді ғана дайындалып жатыр. Негізі бұл аймақтың тарихы керемет бай екен. Екі мың жылдық саркофагтар қаланың қақ ортасында тұр. Сапардан келген соң Түркия, Ликия одағы мен көне қалалар туралы қаншама видео қарап шықтым».

Маршруттың басты миссиясы – Түркияның көне соқпақтарын бұзылмаған, байырғы қалпында сақтап қалу. Сонымен қатар жол бойындағы кішкентай тау ауылдарына көмектесу. Ондағы жергілікті тұрғындар саяхатшылар үшін оңаша қонақүйлер мен дәмханалар ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.


Адель Тойгулиева:

«Түрік пен қазақ тілінің ұқсастығына таңғалдым. Жергілікті жұртпен ағылшынша емес, қазақша сөйлескен сондай күшті екен. Бірақ үйді сағынып кетеді екенсің. Бұл сапар мені өзгертті ме, жоқ па, білмеймін, бірақ бақытты болдым».

Бөлісу: