Пластмассадан жасалған балалар ойыншығы алтыннан, акциялардан және мемлекеттік облигациялардан да тиімді инвестиция екенін елестетіп көріңізші. Бұл жай ғана қауесет емес, дәлелденген экономикалық факт. Қазір мыңдаған доллар тұратын LEGO жинақтары виртуал криптадан кем түспейтін, тіпті одан да тұрақты «альтернатив активке» айналып үлгерді. Tamga Media ойыншықтың қалайша үлкен экономикалық феноменге айналғанын талдап көрді.
Акция мен алтынды артта қалдырған актив
LEGO – бір-біріне оңай жалғанатын түрлі-түсті пластмасса бөлшектерден тұратын әлемдегі ең танымал құрастырғыш ойыншық. Экономистердің айтуынша, LEGO баяғыда-ақ жай ойыншық болудан қалған. 2022 жылы Research in International Business and Finance ғылыми журналында жарияланған зерттеу осыны нақты дәлелдеп берді. Ғалымдар 1987-2015 жылдар аралығында шыққан 2300-ден аса LEGO жинағының бағасын талдап, олардың иесіне жылына кемі 11% тұрақты пайда әкелетінін анықтаған. Ал 2011-2023 жылдардағы жаңартылған статистикаға сүйенсек, ойыншықтардан түсетін орташа табыс тіпті 15,6% өскен.
Салыстырмалы түрде қарасақ, сіз ақшаңызды АҚШ-тың ең мықты 500 компаниясының акциясына (S&P 500 индексіне) салсаңыз, капиталыңыз жылына орта есеппен 10% өседі. Ал алтын сатып алсаңыз – 7-8%, мемлекеттік құнды қағаздарға (облигацияларға) салсаңыз – небәрі 4-5% пайда көресіз. Яғни біз сөз етіп отырған «пластик алтын» дәстүрлі қор нарығы мен бағалы металдарды да басып озып тұр.

2025 жылғы деректерге сүйенсек, қолданыста болған немесе ескі LEGO жинақтарын қайта сату нарығының (secondary market) жалпы көлемі 1,2 миллиард долларға жеткен. Қаржы әлемінде осы жаңа бағытты “Brick economy”, яғни «кірпіш экономикасы» деп ресми түрде атап кетті.
Баға неге шарықтайды?
LEGO-ның табысты инвестицияға айналуы кездейсоқ емес. Мұның артында мынадай үш нақты себеп тұр:
Жасанды тапшылық. Бұл – компанияның ең басты маркетингтік қулығы. Кез келген жаңа жинақ дүкен сөресінде небәрі екі-үш жыл ғана сатылады да, кейін өндірісі тоқтайды (retired статусын алады). Сол себепті коллекционерлер арасындағы таластың арқасында қораптың бағасы өзінен-өзі шарықтай бастайды. Мысалы, 2000 жылға дейін шыққан ескі жинақтардың қазіргі бағасы бастапқы құнынан орта есеппен 4,3 есеге дейін қымбаттаған.
Ересектер нарығы (AFOL). Миллениалдар мен Z буыны үшін бұл әлдеқашан ойыншық болудан қалған. Күйбең тірліктен шаршаған ересектер LEGO-ны медитация және стресстен арылу құралы ретінде қолданады. Мәселен, компанияның 2025 жылғы 13 миллиард доллар табысының қомақты бөлігін осы 18 жастан асқан тұтынушылар әкелген. Ең қымбат, премиум жинақтың 62%-ын ересек коллекционерлер сатып алады.

Ностальгия және эксклюзив. Жылдар өткен сайын ескі жинақтар нағыз классикаға айналады. Мәселен, 2007 жылы шыққан Star Wars желісіндегі Millennium Falcon жинағы кезінде 500 доллар тұрса, қазір оны коллекционерлер 4800 долларға сатып алады. Яғни, баға 860% өскен. Тіпті, ішіндегі сирек кездесетін мини фигураларды бөлек сатып, 2000 долларға дейін табыс табатындар бар.
Инвестицияның қаупі мен кемшілігі
Қаржы сарапшылары LEGO-ны «нарыққа тәуелсіз актив» деп бағалайды. Бұл нені білдіреді? Яғни биржада акциялар құлдырап, экономикалық дағдарыс болып жатқанда да, бұл ойыншықтардың бағасы түспей, тұрақты болады. Сондықтан бұл – ақшаны түрлі бағытқа бөліп салу үшін таптырмас құрал.
Зерттеулер көрсеткендей, LEGO жинақтарының шамамен 89%-ы уақыт өте келе тек қымбаттайды. Алайда оңай олжаға кенелуді ойлаған инвесторлар мынаны ескеруі керек:
Бұл крипто сияқты телефондағы виртуалды әмиян емес, кәдімгі зат. Қымбатқа сатылуы үшін қорабы мүлде ашылмаған күйде, тіпті бір бұрышы мыжылмай сақталуы шарт. Қорап бүлінсе, бағасы да түседі. Ал жүздеген үлкен қорапты жылдар бойы мінсіз күйде ұстау үшін арнайы қойма немесе үлкен бөлме қажет.
Биткоин немесе акцияны телефон арқылы бірер секундта сатып жіберуге болады. Ал 5000 доллар тұратын LEGO-ны айлап, кейде жылдап сату қиын.
Көзге көрінген жинақтың бәрі бірдей табыс әкелмейді. Тәжірибелі инвесторлар көбіне Star Wars, Harry Potter сияқты танымал фильмдердің желісімен шыққан немесе құрамында мыңнан аса бөлшегі бар, шектеулі топтамаға, өте күрделі жинақтарға ғана ақша салады.
Дұрыс таңдалған LEGO жинағы – жасанды тапшылық пен тұрақты сұраныстың арқасында қор нарығынан да көп пайда әкелетін сенімді инвестициялық құрал. Бастысы – нарықты зерттеп, қорапты ашпауға төзіміңіз жетсе болғаны.




