Босанғаннан кейін әйел адамның ағзасында көптеген физиологиялық өзгерістер болады. Осы кезеңде сүт бездерінің қызметі белсенді жүріп, нәрестені ана сүтімен қоректендіруге қажетті жағдай қалыптасады. Бірақ бала емізіп бастаған әйелге мастит қаупі төнуі мүмкін.
Мастит – сүт безі тіндерінің қабынуымен сипатталатын ауру. Әйел босанғаннан кейінгі ана сүтінің түзілуі және бөлінуі (лактация) кезеңінде сүттің сүт безінде қабынуын – лактациялық мастит деп атаймыз. «Лактациялық маститтің жиілігі мен қауіп факторлары» атты жүйелі шолуда босанғаннан кейінгі алғашқы 26 апта ішінде шамамен әр төртінші емізетін әйелде мастит дамитыны анықталған. Аурудың ең жоғары жиілігі босанғаннан кейінгі алғашқы төрт аптада байқалады.
Ескерте кетейік, мастит тек лактация кезеңінде ғана емес, лактациямен байланысты емес жағдайда да кездеседі. Яғни бала емізбейтін, бала босанбаған әйелдерде де сүт безі қабынады. Оның негізгі қауіп факторларына темекі шегу, қант диабеті, семіздік, сүт өзектерінің патологиясы және гормондық өзгерістер, иммундық бұзылыстар жатады. Зерттеулер бойынша бұл ауру бала емізбейтін әйелдерде өте аз, 5-9%-ында ғана кездеседі.

Лактациялық мастит қалай пайда болады?
Босанған әйелде маститтің пайда болуына бірнеше фактор ықпал етеді. Ең негізгі себептердің бірі – лактостаз. Лактостаз кезінде сүт безінің бір бөлігінде сүт іркіліп қалып қояды. Сол аймақта қатты түйін пайда болады. Ал лактостаздың пайда болуына нәрестені сирек емізу, баланың емшекті дұрыс ұстамауы, сүтті толық шығармау, емізу уақытын шектеу немесе емізуді кенеттен тоқтату себеп болуы мүмкін. Сүттің ұзақ уақыт без ішінде жиналуы қабыну процесін үдетеді. Мысалы, нәресте алғашқы 2-3 күн көп сүт ембей, көбірек ұйықтайды. Сол кезде сүт безіне сүт жиналып, емшек толып кетеді. Егер толған сүт уақытылы сығып алынбаса емшек астында майда түйіндер пайда болады. Ұзақ уақыт шығарылмаған сүт без ішінде қысымды арттырып, қабыну процесін туындатады. Егер бұл жағдай уақытында түзетілмесе, лактостаз лактациялық маститке ұласуы мүмкін.
Екінші маңызды себеп – бактериялық инфекция. Инфекция көбінесе емізік ұшының жарылуы, сызаттар немесе басқа да микрожарақаттар арқылы сүт безі тініне енеді. Мұндай зақымданулар бала емшекті дұрыс ембегенде, емізу техникасы сақталмаған жағдайда немесе емізік ұшының құрғауы салдарынан пайда болуы мүмкін. Инфекция сүт өзектері арқылы таралып, қабыну процесін туғызады. Маститтің ең жиі кездесетін қоздырғышы – Staphylococcus aureus (алтын түсті стафилококк). Бұл бактерия қабынудың дамуына, тіндердің зақымдануына және уақытылы ем жүргізілмеген жағдайда іріңнің түзілуіне әкелуі мүмкін.

Лактациялық маститтің кезеңдері мен белгілері
Серозды мастит – маститтің бастапқы және жеңіл түрі. Бұл кезеңде сүт безі тінінде серозды (мөлдір) сұйықтық жиналып, қабыну басталады, бірақ ірің түзілмейді. Сүт безі аз-аздан ауырсынып, емшектің сұйықтық жиналған бөлігі аздап қызарады. Дене қызуы 37,5-38,5 °C болып, әйел әлсіздене бастайды.
Инфильтративті мастит – серозды қабынудың асқынған түрі. Бұл кезде қабынған аймақта жасушалар жиналып, тығыз қабыну ошағы (инфильтрат) түзіледі. Көкіректе анық шектелген тығыз инфильтрат пайда болады. Сол аймақ ісіп, дене қызуы 38-39 °C-қа жетеді. Қолтық асты лимфа түйіндері ұлғаюы мүмкін.
Іріңді мастит – сүт безіне бактериялық инфекция түсіп, ірің түзілетін ауыр қабыну түрі. Бұл кезде дене қызуы 39-40 °C немесе одан жоғары болады. Әйел адам қатты қалтырап, жағдайы нашарлайды. Сүт безі қатты қызарып ісіп кетеді.
Абсцестік мастит – іріңді маститтің ең ауыр түрлерінің бірі. Бұл кезде сүт безінде іріңге толы шектелген қуыс – абсцесс пайда болады. Сүт безі айқын ісініп, ішінде сұйықтық бар аймақ білініп тұрады.
Лактациялық маститтің алдын алу үшін не істеу керек?
Маститтің алдын алудың негізгі жолы – нәрестені дұрыс және жиі емізу. Сонымен қатар емізік ұшының жарылуына жол бермей, емізікке күтім жасау маңызды. Ана жеке бас гигиенасын сақтап, қолын таза ұстап, кеудені жарақаттанудан қорғауы қажет. Ыңғайлы, кеудені қыспайтын іш киім кию де маңызды.
Ал бала дұрыс ему үшін:
Баланың аузы кең ашылу керек.
Бала тек емізік ұшын емес, емізік айналасындағы қоңыр шеңбердің (ареоланың) көп бөлігі, әсіресе төменгі жағы аузына кіріп тұру қажет.
Баланың төменгі ерні сыртқа қайырылып шығып тұрады.
Иегі ана кеудесіне тиіп тұрады, ал мұрны еркін тыныс алатындай болады.
Ему кезінде жұтынған дыбыстар естіледі, бірақ бала ауа жұтып қоймауы керек.
Баланың басы, мойны және денесі бір түзу сызықта болуы керек.
Баланың денесі анаға толық бұрылып, іші ананың ішіне қарауы қажет.
Ана баланы өзіне жақын ұстап, баланың басын емес, иығы мен мойнынан демегені дұрыс.

Ескерту!
Егер баланы емшектен ажырату қажет болса, емізікті бірден тартпай, кішкентай саусақты баланың аузының бұрышына енгізіп, вакуумды бұзғаннан кейін ғана емшекті алған дұрыс. Бұл емізік ұшының жарақаттануын болдырмайды.
Айта кетейік, баланы сүттен шығарған кезде де мастит қаупі төнеді. Сондықтан баланы бірден емізбей қою дұрыс емес. Баланы емшектен біртіндеп шығару керек. Яғни күнделікті емізу санын біртіндеп азайтып, сүт безі қатты керілген жағдайда сүтті сауып алып, жайсыздықты басқан дұрыс. Бұл сүттің табиғи түрде азаюына мүмкіндік береді және маститтің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар бала да емізіктен оңай шығады.
Бұрындары мастит кезінде баланы емізуді тоқтату керек деген пікір болған. Ал қазір мамандар керісінше емізуді жалғастыруды ұсынады. Бұл сүттің тоқтап қалмауына көмектеседі және сауығуды тездетеді. Тек абсцесс кезінде немесе дәрігер қарсы көрсетілім қойған жағдайда ғана емізуді тоқтату қажет.
Маститті қалай емдейміз?
Дәрігер диагнозды көбіне науқастың шағымдары мен сүт безін қарау арқылы қояды. Қажет болған жағдайда сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізіледі. Егер абсцесс күдік тудырса, ультрадыбыс міндетті түрде жасалады. Кейбір жағдайларда іріңнен бактериологиялық себінді алынып, қоздырғыштың антибиотикке сезімталдығы анықталады.
Маститті емдеу аурудың сатысына байланысты жүргізіледі. Аурудың бастапқы кезеңінде сүт безін толық сауып алу, нәрестені жиі емізу және сұйықтықты мол ішу ұсынылады. Қажет болған жағдайда ауырсынуды және дене қызуын төмендететін дәрілік заттар тағайындалады. Сонымен қатар сүтті саууға арналған түрлі құрылғыдар (молокоотсос) қолданылады.
Егер мастит бактериялық инфекциямен байланысты болса, дәрігердің тағайындауы бойынша антибиотиктер ішу керек.

Іріңді немесе абсцестік мастит кезінде хирургиялық ем қажет болады. Хирургтар іріңді ошақты ашып, тазартады. Яғни лактациялық мастит уақытында емделмесе, қабыну асқынып, ана денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Ескерте кетейік, лактациялық мастит кезінде өздігінен ем қабылдауға болмайды. Сүт безін қатты уқалау немесе ұзақ уақыт ыстық компресс басу қабынуды күшейтіп, тіндердің зақымдануына әкелуі мүмкін. Тіпті емшекке орамжапырақ қабықтарын да қойып жатады. Халық еміне жүгінбес бұрын дәрігердің кеңесін алған дұрыс. Егер сүт безінде іріңді ошақты байқасаңыз, оны өзіңіз ашуға немесе сығып шығаруға тырыспаңыз.
Егер дене қызуы 38,5 °C-тан жоғары көтерілсе, сүт безіндегі ауырсыну мен қызару 24 сағаттан артық сақталса, безде қатты түйін немесе ірің байқалса, сондай-ақ жалпы жағдай күрт нашарласа, өздігінен емделмей, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.
Қорытындылай келе, мастит – босанғаннан кейінгі кезеңде жиі кездесетін, бірақ дер кезінде анықталып, дұрыс емделсе толық жазылатын сүт безінің қабыну ауруы. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек аурудың ауыр түрге өтуінен сақтайды және баланы ана сүтімен емізуді қауіпсіз жалғастыруға болады.




