Күзгі салғырттық пен шаршап жүрген күйді көбіміз «маусымдық депрессияға» жаба саламыз. Бірақ созылмалы шаршау күннің суытқанынан емес, өмір ырғағымыз мен ішкі көңіл-күйімізден туындауы мүмкін. Бойдағы әлсіздікті жеңіп, өмірлік қуатты арттырудың құпиясын AlmaU профессоры, ICF коучы Марина Новоточина сараптайды.
Алдымен, кәдімгі шаршау екенін тексеріп алған дұрыс.
«Жай шаршасаңыз демалып алғаннан кейін, яғни ұйқыңызды қандырып, демалыс күндеріңізден кейін немесе айналысып жүрген істі ауыстырсаңыз бірден басылады. Адам сергек оянып, бойына қайта күш біткенін сезеді. Тәніміздіғ шаршауын жеңудің ең оңай жолы – тынығу, ұйықтау, ортаны ауыстыру. Ал егер ұзақ демалыстан кейін де «дәрменсіздік» күйіне қайта оралсаңыз, бұл ағзадағы қуаттың азайғанын білдіретін белгі».
Егер мәселе физикалық шаршауда болмаса, онда ішкі эмоционалдық күйіңіз бен өмірге деген көзқарасыңызға қараңыз.
«Жұмысқа деген ықыластың жоғалуына, мотивацияның төмендеуіне, ашушаңдыққа, денедегі бостық пен мағынасыздық сезіміне мән беріңіз. Егер сізге өміріңіз "автопилотта" өтіп жатқандай немесе өз өміріңізді емес, біреудің өмірін сырттай бақылап отырғандай көрінсе, жай ғана шаршаудың белгісі емес. Бұл — бойдағы қуаттың өзге арнаға, қажетсіз бағытқа ағып жатқанын білдіретін дабыл».

Сарапшының пікірінше, тұрақты торығудың басты себебі — ішкі кернеу болуы мүмкін.
«Адам үздіксіз эмоционалдық және когнитивті күйзеліс жағдайында өмір сүруі мүмкін: өзін үнемі «тонуста» ұстау, айналаның бәрін бақылауда ұстауға тырысу, сезімдерді тұншықтыру, болашақ үшін уайымдау, біреудің үмітін ақтауға ұмтылу. Бұл іште байқалмайтын фондық шаршау тудырады. Адам физикалық тұрғыдан ауыр жумыс жасамаса да, бұл сезім оның қуатын біртіндеп сорып таусады».
Сондай-ақ күнделікті істердің адамның жеке қалауы мен құндылықтарына қаншалықты сәйкес келетіні де бойдағы қуатқа тікелей әсер етеді.
«Адам бір қалыпты өмір сүрмегенде шаршайды. Сондай-ақ өз қалауы мен өмірлік мәніне еш қатысы жоқ біреудің мақсатын орындап жүргенде бойдағы қуат таусылады. Егер бұлар сәйкес келмесе, бүкіл энергия өз-өзімен күресуге кетеді. Бұл бейнебір қол тіжегішті тартып қойып көлік жүргізгенмен бірдей. Сырттай бәрі дұрыс көрінгенімен, ішкі ресурстар шамадан тыс шығындалады».
Жұмыс бар, қарым-қатынас орнаған, күнделікті үйреншікті ырғақ сақталған, бірақ сырт көзге бәрі дұрыс сияқты болып көрінгенімен, іштегі тұрақты кернеу созылмалы шаршауға әкеліп тұр.
Адамның күш-қуатын ең көп соратын жағдайлар
Марина Новоточинаның айтуынша, адам күш-қуатын өзі де байқамайтын қарапайым нәрселерге жұмсап алады: біреудің үмітін ақтауға ұмтылу, бәріне «жағымды» болуға тырысу, өз эмоциясын жасыру немесе жеке қалауларынан бас тарту және т.б.

Сондай-ақ сарапшы мынадай жағдайларды атап өтті:
аяқталмаған процестер — шешілмеген әңгімелер, кейінге қалдырылған шешімдер, үзілмеген қарым-қатынастар, «кейін істеймін» деген уәделер;
жағымсыз ортамен қарым-қатынаста болу;
белгісіздік пен болашақтан қорқу;
айқын мақсаттардың болмауы;
үнемі психологиялық қысым жағдайында өмір сүру.
«Мұндай ашық қалған «түйіндердің» әрқайсысы сіздің назарыңызды талап етеді де, байқалмай бойды торықтыратын ішкі күйзелісті тудырады. Адамның ішкі "қалаймын" деген арманы сыртқы "істеуім керек" деген міндетке үнемі жол берген кезде, түсініспеушілік пайда болады. Сырт көзге бұл ештеңемен білінбеуі мүмкін, бірақ "су тама-тама көл болады" демекші, іште жиналған кернеу соңында кенеттен шығатын агрессияға немесе ауыр эмоционалды күйзеліске әкеліп соғады».
Бойдағы қуатты қалпына келтіруге бола ма?
Ол үшін өзіңіз байқамайтын, бірақ шаршататын әрекеттерден бас тартсаңыз жеткілікті:
Үнемі бақылауда ұстау әдетінен арылыңыз. Бойдағы мінсіздікке ұмтылатын әдетті қойыңыз, өзіңізге кейде қателесуге және мінсіз болмауға рұқсат беріңіз.
Өз-өзіңізді айыптамай демалыңыз. «Бәрін бітіргенде барып демаламын» деп айтпай, демалысты міндетті қажеттілік ретінде қабылдаңыз.
Бәріне бірдей жағуды тоқтатыңыз. Әсіресе біреу жеке шекараңызды бұзғанда, ұялмай «жоқ» деп айтуды үйреніңіз.

Созылмалы шаршау белгілері байқалса, өзіңізге мынадай бірнеше сұрақ қойыңыз:
Өмірімнің қай саласында өз ыңғайыммен емес, өзгелердің ырқымен өмір сүріп жатырмын?
Қай мақсат — өзімдікі, ал қайсысы — біреудің маған артқан үміті?
Қай жерде өз сезімдерімді шетке ысырып, бәрін толық бақылауда ұстауға және өзгелерге жағынуға тырысып жүрмін?
«Ішкі қалауыңыз бен күнделікті іс-әрекетіңіз неғұрлым үйлесім тапса, ішкі қарсылыққа кететін энергия да соғұрлым азаяды. Сол сәтте күз — тек күн көрістің емес, өзіңді естудің, өз-өзіңе қысым жасамай-ақ, өмірлік энергияны кері қайтарудың әдемі мезгіліне айналады.
Мен бұған тұтас бір кітабымды арнадым. Онда ішкі қуатты мистикалық құбылыс немесе мотивация ретінде емес, ішкі адалдық пен өзіңмен үйлесімде өмір сүрудің табиғи нәтижесі ретінде қарастырдым. Кітапта адамның неге күш-қуаты сарқылатыны, ішкі бұлқыныстардың сыры неде екені, өз мақсатыңмен өмір сүрмегенде, жағымсыз ортада жүргенде, сүйіспеншілік пен өөкінішті бастан кешіргенде немесе шығармашылықпен айналысқанда не болатыны баяндалады. Мұнда тек теория емес, өмірден алынған нақты мысалдар мен практикалық жаттығулар жинақталған. Өйткені мұнда дайын рецепттер жоқ, тек өз жүрегіңді естіп, ресурстың дәл қайда сарқылып жатқанын ұғынуға мүмкіндік бар».
— Марина Новоточина



