МедиаСәнКүзгі гардероб – 2026: бұл маусымда не киеміз?

Күзгі гардероб – 2026: бұл маусымда не киеміз?

24 қыркүйек 2026
4 мин
Фото: ossou.com

Күз мезгіліне гардеробты жаңартуды жоспарлап жүрсіз бе? Жазғы киімдерін буып-түйіп, күзгі киімдерді шығаратын кез келді. Әлемдік British Vogue, Net-a-Porter және Harper’s Bazaar сарапшылары ұсынған 2026 жылдың басты трендтері мен стилистер кеңесі Tamga Media шолуында. 


Әлемдегі ең беделді сән журналдарының бірі British Vogue 2026 жылдың күзінде «ladylike» стилі негізгі трендке айналатынын мәлімдеді. Яғни әйелдерге тән классикалық стильдің жаңаша түрі сәнге енеді. Бұл жолы бұрынғыдай тым ресми, сірескен костюмдер емес, керісінше, классикалық пішіндерді күнделікті еркін стильмен (smart casual) шебер үйлестіру. Мысалы:

  • Белді айқын көрсететін жакеттер

Сонғы жылдардағы көлемді пиджактардың орнына мүсінді (песочные часы) айқындайтын, белі қымтылған жакеттер қайта оралды. Мұндай жакетті тырысқан ресми шалбармен кисеңіз, образ тым жасаң әрі жас қосып көрсетеді. Ал оны кең балақ джинсымен (wide-leg немесе boyfriend) немесе матадан тігілген кең шалбарлармен үйлестіруге болады. Бұл қатал аристократия мен заманауи еркіндіктің (smart casual) шебер тоғысы. 

  • Оверсайз пиджактар

Кең иықты, ерлер стиліндегі (oversize) пиджактар сәннен мүлде кеткен жоқ, бірақ оны өзгеше киюге болатынына кеңес береді. Биыл жеке костюмнің өзін емес, оны күнделікті қарапайым образдарға қосып, акцент берген абзал. Оны ақ футболка, қарапайым топ немесе жұқа водолазканың сыртынан киіп, кроссовкамен немесе лофермен толықтырған жөн. Бұл силуэтті ұзартып, бойыңды ұзын қылып көрсетеді.

  • Art Deco ренессансы

Биыл сән әлемінде өткен ғасырдың 1920 жылдарындағы киім үлгісі саналатын Art Deco стиліне де қызығушылық артып отыр. Сондықтан күзгі киімдер қатарында жылтыр матадан тігілген киімдер, геометриялық оюлары бар киімдер, моншақпен безендірілген бұйымдар, барқыт матадан тігілген көйлектерден аз-маз болғаны дұрыс. 

  • Total Leather (Тотал-былғары)

Net-a-Porter мәліметінше, басынан аяғына дейін былғары киім кию – яғни былғары күртеше, шалбар немесе белдемшені бір образда үйлестіру де күзгі трендтердің бірі болмақ. 


Гардеробыңызды ірі тоқылған өрнекті свитерлермен, кашемир кардигандармен немесе ұзын тоқылған трикотаж көйлектермен толықтыруға кеңес береді. 


Сондай-ақ, Who What Wear басылымы соңғы жылдары фактуралы трикотаж тегіс былғарымен немесе классикалық джинсымен үйлесіп кетеді. Мысалы қарапайым джинсыды жакет, былғары күртеше немесе классикалық пальтомен киіп, образды сәндірек етуге болады.


Соңғы жылдары күз мезгілінде қабаттап киіну (layering) трендке айналған. Көлемді свитерді жеңіл жібек белдемшенің сыртынан кисеңіз, образыңыз жеңіл, заманауи, сәнді көріеді. 


Биыл қандай сырт киім сәнде болады? 


2026 жылғы сән көрсетілімдерінде жылы, көлемді әрі ұзақ уақыт киюге болатын сырт киімдерге басымдық берілген. Vogue шолуларында әсіресе дубленка, үлкен жағалы пальто, былғары бомбер және жаңартылған тренчтер жиі кездеседі.


Күздің басты трендтерінің бірі – дубленка. Ұзын классикалық пальто да өз маңызын жоғалтпады. Тағы бір назар аударатын сырт киім – былғары бомбер. Тренчте жаңарған нұсқада қайта оралды. Классикалық ашық қоңыр түстегі тренч орнына былғары, ерекше пішінді, кең шарф жағалы модельдер ұсынылып отыр. 


Егер бір ғана сырт киім алатын болсаңыз, ұзын классикалық пальто – ең ұтымды таңдау болады. Ал гардеробыңыздың ерекше болғанын қаласаңыз, былғары бомбер немесе дубленка алғаныңыз жөн.


Ал баскиімге келер болсақ, биыл әсіресе жиексіз шляпа, берет және тоқылған бас киімдер қайта танымал болуда. Суық күндері жарасымды, бір түсті, тоқылған бас киім таңдауға болады. Ал ерекше образ үшін кең жиекті шляпа немесе формасы өзгеше бас киім таңдаған дұрыс. 


Күзгі гардеробты толықтыратын тағы бір маңызды бөлшек – сөмке. Harper’s Bazaar журналының мәліметінше, 2026 жылдың күзінде сөмкелердің бірнеше үлгісі сәнге шығады. Олардың қатарында қысқа баулы классикалық сөмкелер, қолтырауын терісіне ұқсас модельдер, үлкен көлемді сөмкелер жатады. 


Vogue мәліметінше, 2026 жылдың күзінде өкшесі аласа туфлилер, үшкір тұмсықты аяқ киімдер және T-тәрізді бауы бар үлгілер қайта сәнге келеді. Сән үйлері күнделікті киіммен үйлесетін жалпақ аяқ киімдер мен лоферлерді де ұмытпапты. Күзгі топтамаларда жұқа әрі ықшам кроссовкалар, классикалық ақ модельдер, қара түсті аяқ киімдер және қанық сары түсті үлгілер басты орында. Harper’s Bazaar да күзде табаны жұқа, жинақы көрінетін кроссовкалар өзекті болатынын жазды. Сондай-ақ бұл мезгілде тізеден жоғары келетін етіктер мен баулы аяқ киімдерге сұраныс жоғалмайды. 


Қандай түсті киімдерді таңдаймыз? 


Күзгі гардеробта түстердің де өзіндік орны бар. Биыл дәстүрлі қоңыр, шоколад және бордо түстерімен қатар, киімге ерекше реңк беретін қанық түстер де сәнге енеді. Олардың қатарында қызыл, күлгін түстер бар. Бұл маусымда дизайнерлер ашық, көзге бірден түсетін реңктерді және ерекше өрнектерді ұсынуда.

  • Күлгін түс. Нәзік күлгін реңктер биыл сәнде. Бұл түсті көйлек, сырт киім, сөмке немесе аяқ киім арқылы образға қосуға болады. Күлгін түсті күнделікті киіммен де, кешкі образбен де үйлестіріп кете бересіз.

  • Қызыл түс. Қызыл көйлекке қызыл аяқ киім киіп, қызыл сөмке ұстауға болады. Қызыл шалбар костюмін ашықтау түсті топпен үйлестірсеңіз, сәнді көрінеді.

  • Жануарлар өрнегі. Леопард, жолбарыс, зебра және питонға ұқсайтын өрнектер әлі де сәннен шықпады. Оларды толық образ ретінде де, бір ғана акцент ретінде де пайдалануға болады. Мысалы леопард түсті сөмке немесе белдік қарапайым киімді бірден өзгертеді.

  • Тор мен жолақ. Торлы және жолақты киімдер де өзектілігін жоймаған. Ең бастысы образды тым көп өрнекпен ауырлатып алмау керек.


Ескерту! Тек сыртқы көрініс емес, киімнің сапасы мен оны ұзақ уақыт кию де маңызды екенін айта кетейік. Сондықтан жиі ауыстыратын арзан киімдерден гөрі, бірнеше маусым бойы киюге болатын сапалы әрі әмбебап дүниелерге басымдық беру керек. 


Қорыта айтқанда, күзде сәнге сай болу үшін гардеробты толығымен жаңартудың қажеті жоқ. Классикалық пальто, джинсы, пиджак пен свитер сынды базалық киімдеріңізді дұрыс үйлестіріп, образға жаңа реңк берсеңіз жетіп жатыр. 2026 жылдың күзгі сәні гардеробты түгел ауыстырмай, бар киімді жаңаша үйлестіруді ұсынады.

Бөлісу: