ДенсаулықПсихологияКундалини және депрессия: йога дәрі-дәрмекке балама бола ма?

Кундалини және депрессия: йога дәрі-дәрмекке балама бола ма?

14 тамыз 2026
6 мин
"Весна, лето, осень, зима... и снова весна" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

ДДСҰ мәліметі бойынша, депрессия – әлемдегі ең жиі кездесетін аурулардың бірі. Қазір 280 миллионнан астам адам осы дерттен зардап шегіп отыр. Біреулер дәрі ішіп емделсе, енді біреулер йогаға барады. Tamga Media кундалини онлайн мектебін ашқан Валерия Суховейден йоганың ағзаға әсерін, қазір бұл бағытты таңдайтындардың неге көп екенін сұрады.


Кундалини деген не?


«Кундалини» сөзі санскрит тілінде «иірілген жылан» дегенді білдірсе, йогада – омыртқаның түбінде ұйықтап жатқан адамның ішкі қуаты деген мағынаға ие. 


Ұғым алғаш рет X-XI ғасырлардағы үнді жазбаларында (Упанишадтарда) кездеседі. Онда бұл құбылыс көркем тілде былай түсіндірілген: қуат омыртқа түбінде, бірінші чакрада иіріліп жатқан жылан кейпінде болады. Адам арнайы жаттығу жасап, дұрыс тыныстап, мұқият назар аударса, ол «жылан» оянады. Содан соң омыртқа бойымен жоғары көтеріліп, жеті негізгі чакраны (ірі жүйке түйіндерін) іске қосады. Төбесіне жеткенде адам өзін толық бақытты сезінеді. Бұл «кундалиниді ояту» (немесе «кундалиниді жоғары бағыттау») деп аталады.

«Өзім мұндай күйді толық бастан кешпесем де, көбі бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді: көз алдыңа ерекше көріністер келіп, қуанып, рахатқа бөленесің. Кундалинимен айналысқанда жүйке мен эндокрин жүйесіне тікелей әсер етеміз, ал олар біздің эмоциямыз бен көңіл-күйімізге жауап береді. Сондықтан адам бір сәтте ерекше жеңілдеп, қуаныштан көңілі тасуы әбден мүмкін. Алайда мұның бәрі – қарапайым физиологиялық процесс», – дейді Валерия Суховей.


Кундалини йогасында денені қимылдататын арнайы жаттығулар, тыныс алуды реттейтін әдістер, медитация, мантра айту және дыбыспен жұмыс істеу тәсілдері қолданылады.

«Кундалини йогасы – жүйке мен эндокрин жүйесіне, миға әрі денеге бірдей әсер ететін жалғыз техника. Бұл – дәрі-дәрмексіз, тіпті психологсыз-ақ психоэмоциялық күйді реттеуге көмектесетін құрал. Денеңізді сезініп, онымен жұмыс істей алсаңыз, көп мәселені оңай шеше аласыз», – дейді Валерия Суховей.


Кундалини тамыры тереңде жатқанымен, қазіргі кундалини йогасы – салыстырмалы түрде жаңа бағыт. Ол хатха-йога шебері Свами Дхирендра Брахмачари (1924-1994) мен сикх әулиесі Махарадж Вирса Сингхтің (1934-2007) ілімінен құралған.


Оның негізін Үндістан мен Америкада өмір сүрген йог, кәсіпкер Йоги Бхаджан (1929–2004) қалады. Ол 1968 жылы Лос-Анджелеске досына барып, Калифорния хиппилеріне дәріс беру үшін сонда қалып, өз жолын табады.


Йоги Бхаджан 3HO (Healthy, Happy, Holy Organization) қорының рухани жетекшісі болды. Бұл – қазір йога үйрететін әлемдегі ең ірі мекеме. АҚШ президенті Никсон есірткіні «елдегі бірінші мәселе» деп атағанда, Йоги Бхаджан кундалини йогасына негіздеп, нашақорларды оңалту бағдарламасын іске қосады.

«Бәрі үш негізден тұрады: дене, сана және рух. Дене бәрімізде бар. Сана – ми жұмысын бақылап отырады. Оны жағымсыз ойдан жақсыға бұрады. Ал рух – адамға іштей қуат беретін күш немесе жан. Йогада жан өзінің бастау алған негізіне қайта оралғанша саяхаттайды дейді. Бұл – ілімнің өз пайымы. Кундалини йогасының философиялық негізі – сикхизм. XVI ғасырда Нанак есімді ұстаз қарапайым идея айтқан: діндер адамға кедергі жасайды, нақты бір Құдай жоқ, бірақ ол әркімнің ішінде бар. Ең бастысы – жақсылық жасау», – дейді Валерия Суховей.


Әлемдегі танымалдығы


Батыста йоганың таралуына контрмәдениет, медиа мен салауатты өмір салты тренді түрткі болды. Жастар жаңаша өмір сүру жолы деп білді. 60 жылдардағы хиппи қозғалысы кезінде кундалини йогасы қатты танымал болды. Оны «Битлз» сияқты әйгілі топтар да насихаттады. 2004 жылы Йоги Бхаджан қайтыс болғанда, оның 3HO ұйымы 35 елде 300-ден астам орталық ашқан еді. Бұл жүйеге құны миллиардтаған доллар болатын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар кірді.


Кундалини йогасы пандемия кезінде қайта таныла бастады. 1960-70 жылдары ол рухани ізденіс болса, 2020 жылы адамдар мазасыз күйі мен қажудан арылу үшін таңдады. АҚШ сауалнамасы бойынша, йогамен айналысатындардың 94%-ы денсаулығын күту үшін, ал 17,5%-ы нақты бір ауруды емдеу үшін жасайды. COVID-19 пандемиясы серпін беріп, 2019-2022 жылдары йога, пилатес, тай-чи нарығы 17% өсті. Өйткені бұл кезде адамдар дене формасын сақтаудың әрі күйзелістен арылудың жолын іздеді.

«Жасым 42-де, йогамен айналысқаныма 18 жыл болды. Мұнда бәрі кезең-кезеңмен өзгереді. Алдымен мәселеңді шешу үшін, кейін өзіңді күшейту үшін, одан соң мақсатыңа жету үшін айналысасың. Артынан қайтадан тығырыққа тіреліп, жаңа кезең басталады. Йога тоқтамай алға жүруге, қолыңнан келгенше жақсы нәтиже шығаруға көмектеседі. Қорқыныш пен жаман ойға бой алдырмай, керісінше, оларды мықты тұсыңды оятуға пайдаланасың», – дейді Валерия Суховей.


Қазір йога индустриясының жылдық айналымы 125 миллиард доллардан асты (2025 жылғы дерек), ал бұл бағытты ұстанатындар саны дүниежүзі бойынша 300 миллионнан асады. 2035 жылға қарай 300 миллиард доллардан асып кетуі мүмкін. Негізгі аудитория – 30-50 жас аралығындағы әйелдер (жалпы айналысатындардың 72%-ға жуығы).


Халықаралық FMI зерттеу компаниясының мәліметінше, 2024 жылы йогаға қатысты тауарлар мен қызметтер нарығы 119,1 миллиард долларға жеткен, ал 2034 жылға қарай 288 миллиард доллардан асады деп болжап отыр.


Қай кезде көмегі тиеді?


Адамдардың йогаға психологиялық мәселесі болғанда келеді. Атап айтқанда, күйзеліс, мазасыздану, ұйқының қашуы, депрессия.

«Forbes-тен кейінгі жылдары әйелдер арасында антидепрессант ішу он есеге  өскенін оқыдым. Қазір “суық депрессия" деген де шықты. Бұл кезде адам өмірдің мәнін жоғалтып, не қалайтынын түсінбейді. Енжарланып, бойын үрей билейді, ұйқысы бұзылады. Мұндайда мидың жұмысы баяулап, есте сақтау қабілеті де нашарлайды. Бұл дәрімен емделмейді, сондықтан көбі йогадан шипа іздейді. Бірақ кундалини бәріне бірдей пайдалы болмайды. Мысалы, шизофрениясы бар адамдарға мұнымен айналысуға болмайды», – дейді Валерия Суховей.


Кундалини йогасы – ғылыми тұрғыдан зерттелген санаулы рухани тәжірибенің бірі. 15 ғылыми зерттеуді шолып шыққан сарапшылардың айтуынша, йога есте сақтау мен ми жұмысын жақсартады. Сондай-ақ мазасыздануды, күйзелісті, үрей мен депрессияны басып, оған қоса ауыр оқиғадан қалған психологиялық жарақат пен жүйке ауытқуларын (ПТСР мен ОКР) емдеуге көмектеседі. Ұйқыңыз түзеліп, тіпті қан қысымыңыз дұрысталып, шаршағаныңыз басылады.


Валерия Суховей:

«Бірінші айдан кейін-ақ ұйқы жақсарып, адам сабырлы бола түседі, бойында күш пайда болады. Арқа мен мойынның ауырғаны бәсеңдеп, иммунитет нығаяды. Екі-үш айдан кейін адамның ойы тазарып, ненің маңызды, ненің маңызды емес екенін түсінеді. Адам бәріне үлгеремін деп асығуды қояды. Өзіне сеніп, батыл қадамдар жасап, шабыты ашылады. Ойында жүрген идеяларын іске асырады. Ал алты-он екі ай өткен соң адамның өзі де, мінезі де өзгереді. Біреу кәсібін ашады, біреу жұмысын ауыстырады, біреу қарым-қатынасын тоқтатып жатады. Адамның жұмыс істеу қабілеті артып, зейіні шоғырланады. Басты қағида – өзіңе сену, маңыздыны көре білу әрі өз жолыңмен жүру».


Кундалини йогасы есте сақтау қабілеті мен ми жұмысын жақсартатынын айттық. Бұл ретте мидағы есте сақтауға жауап беретін бөліктің көлемі ұлғайып, ағзадағы қабыну белгілері азаяды әрі адамның жасы ұлғайған сайын гендердің жұмысы да реттеледі.

«Барлық ауру жүйкеден деп бекер айтпаған. Ағзамыздағы жүйке мен гормон түйіндері денсаулығымызды толық басқарады. Мәселен, қолтық аймағы гормондар үшін маңызды, сол үшін жаттығуда қолды жиі қозғаймыз. Үрей, шаршау, енжарлық – жүйкеңіздің тозғанын, артынша гормондардың бұзылғанын көрсетеді. Осы екеуін ретке келтірсеңіз, кез келген күйзелісті әлдеқайда оңай жеңесіз. Эмоцияны басқару мен медитация іштегі ауырлық пен жағымсыз сезімді сыртқа шығарып, аурудың алдын алады. Бұл – өз алдына дайын психотерапия. Оған қоса, медитация зейінді арттырып, бастаған істі соңына дейін жеткізуге көмектеседі. Ал тыныс алу, қозғалыс пен үн арқылы санадағы шектеулер мен ауыр естеліктерден арыламыз», – дейді Валерия Суховей.


Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, йогамен айналысқан адамның ағзасы күйзелістен арылып, жүйкесі тынышталады екен. 

«Кундалини йогасын күнделікті жасаудан қуат аламын. Жұмысқа да, отбасыма да, бала тарбиесіне де күш-жігерім жетеді. Бұл әдіс көңіл-күй мен эмоцияға жауап беретін гормондарды, толықтай алғанда гипофизді реттейді. Сондай-ақ ағзаның «бас компьютері» – гипоталамусқа әсер етеді, ал ол өз кезегінде қан айналымын, сезімдеріміз бен ойларымызды басқарады», – дейді Валерия Суховей.


Зерттеу көрсеткендей, күйзеліске түсіп, жұмыстан демалыс алған адамдарға йога эмоциялық та, физикалық та күш береді. Әсері психологқа (КБТ) барып емделгенмен пара-пар.


Рухани дағдарыс: йога кімге кері әсер етуі мүмкін?


Адамдар йогаға күйзелістен арылу үшін келіп, кейін біржола қалып қояды. Себебі мұнда ішкі тыныштық, даму мен өзін түсінетін орта табады.

«Кундалини йогасына өмірімнің ең ауыр сәтінде келдім. Аз уақыттың ішінде анам мен әпкем қайтыс болып, екі жиенім қолымда қалды. Өзім де онкологиямен ауырдым. Ұйқым қашты, күйзелдім. Өздігімнен еңсере алмайтынымды түсіндім.
Содан маған осы йоганы байқап көр деді. Ешқандай керемет күткенім жоқ, бірақ өзіме: “40 күн жасаймын, көмектеспесе, психиатрға барамын” деп уәде бердім. Екі аптадан соң себепсіз жылауды қойдым, ал бір айда бойымдағы қорқыныш жоғалып, ұйқым реттелді. Бұл жақсы белгі еді.
Жарты жылда еңсемді тіктеп, қайта аяққа тұрдым: әпкемнің ісін қолға алып, тұрмысымызды реттедім. Йоганың пайдасын сезінген соң, туристік агенттігімді сатып, өз студиямды аштым».
– дейді Валерия Суховей.

1994 жылы АҚШ-тың Психикалық ауытқуларды диагностикалау анықтамалығына (DSM-IV) V62.89 кодымен «Діни немесе рухани мәселе» деген жаңа санат енді. Бұған түрлі рухани тәжірибеден кейін дағдарысқа түскен адамдармен жұмыс істеген психологтардың зерттеулері түрткі болды.


«Рухани дағдарыс» ұғымын ғылымға алғаш рет чех психиатры Станислав Гроф енгізді. Бұл – адамның рухани ізденіс пен медитация кезінде өзі дайын болмаған ішкі сезімдерді бастан кешіріп, содан қатты күйзеліске түсуі. Мұндай сәтте адам ішкі эмоцияларын басқара алмай, күнделікті өмірін де, айналасымен қарым-қатынасын да бұзып алуы мүмкін.

«Мен әрқашан аяқты жерге нық басып, шынайы өмір сүруді жақтаймын. Ал рухани практикаға келгендердің көбі, өкінішке қарай, айналасындағы шынайы әлеммен байланысын үзіп алады. Мұндай тәжірибелер адамға тұрмысын түзеуге, табыс табуға, отбасы мен мақсаттарына күш-қуат жинауға көмектесуі керек еді. Бірақ кейбіреулер оны тығырықтан қашудың жолы етіп, кундалиниді өмірді оңалтудың құралы ретінде емес, бейнебір арақ сияқты мәселеден қашу үшін пайдаланады.
Практикада адамның жан-дүниесі тынышталып, миы мен эмоциясы серігіп, демалатыны рас. Бірақ кейбіреулер осы рахат күйге беріліп кеткені сонша, сағаттап медитация жасап, ретриттен шықпай қояды. Ақыры күнделікті тұрмыс-тіршіліктен мүлде қол үзеді», – дейді Валерия Суховей.


Медицинада жүйкесі әлсіз адамдардың кундалини йогасынан кейін психикасы сыр берген жағдайлар кездесті. Бұны йога мамандары да растайды: шизофрения немесе басқа да психикалық ауытқуы бар адамдарға айналыуға болмайтынын айтқан болатынбыз. 

«Психологиялық дағдарыс пен рухани тәжірибе – егіз ұғым. Адам дағдарыс пен сынақтан өсіп, өзін жаңаша таниды. Босану мен ажырасу сияқты әрбір өтпелі кезең – рухани тәжірибе. Рухани практика деген – артық сөз емес, іштегі ренішті кешіру, ашуды тыйып, сабырға келу, өзіңді тыңдай білу. Шын мәнінде бүкіл өміріміз – рухани практика, ал кундалини соны саналы түрде сүруге көмектеседі», – дейді Валерия Суховей.

Бөлісу:

Кундалини және депрессия: йога дәрі-дәрмекке балама бола ма?