ДенсаулықПсихологияКүйзеліс пен жай шаршағанның арасын қалай ажыратамыз?

Күйзеліс пен жай шаршағанның арасын қалай ажыратамыз?

25 ақпан 2026
5 мин
Күйзеліс пен жай шаршағанның арасын қалай ажыратамыз?
Фото: Freepik

Депрессияда жүрген қазақстандықтар уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ала алады. Дегенмен қазіргі қарбалас өмірде көбі күйзеліс пен шаршаудың ара-жігін ажырата алмай жатады. Тіпті кейбірі дәрігерге уақытында бармай, жағдайын ушықтырып алады. Сонда жай шаршаған кез бен депрессияның айырмашылығы неде? Біз бұл туралы кризистік және тәуелділіктер бойынша психолог, психотравматолог, EMDR терапевттер қауымдастығының мүшесі Алтыншаш Матаевадан сұрадық.


Психологтың айтуынша, шаршау мен депрессияны шатастыратындар көп. Депрессия – адамның ұзақ уақыт бойы мазасыз, үмітсіз күйде жүруі. Бұл кезде психикалық тыныштық бұзылады, өмірге қызығушылығы азаяды. Адам қайғырып, өзін құнсыз, дәрменсіз сезінеді. Бұрын сүйіп айналысқан істері, хоббилеріне қызықпай қалуы мүмкін. Кейде тәбеті шамадан тыс артып не азайып қалады. Ұйқысы қашуы, тым аз не көп ұйықтауы мүмкін. Мұның бәрі – күйзелістің белгілері. 

“Адам шаршағанда денесі, бұлшықеті ауырсынып, тамағы ауырып, жалпы физикалық тұрғыдан өзін әлсіз сезінуі мүмкін. Адам жай шаршап тұрса, бірнеше күннен кейін тәбеті, ұйқысы қалпына келеді. Ал мұндай күйі ұзаққа созылса, арнайы дәрігерге бару қажет”, – дейді Алтыншаш Матаева.


Маманның айтуынша, депрессияға ұшыраған адамды сырттай бірден аңғару оңай емес. Ол күліп жүруі, жұмысын бұрынғыдай атқаруы, айналасына көңілді көрінуі мүмкін. Алайда ішкі әлемінде адам қатты шаршап, өмірде ештеңеге қызықпай, үнемі ауыр салмақты сезініп жүреді. Кез келген жастағы адам күйзеліске түсуі мүмкін. 










“Адамның күйзеліп, қуана алмай, ұйқысы бұзылып, өмірде ештеңеге ынтасы жоқ екенін байқасаңыз, “ойланба”, “бәрі жақсы болады”, “сен мықтысың” деп жұбатқаннан гөрі тиісті маманды ұсынғаныңыз жөн”, – дейді маман. 


Алтыншаш Матаеваның айтуынша, депрессиядан шығудың бәріне бірдей ортақ жолы жоқ. Әр адамның жағдайы әртүрлі болғандықтан, емдеу тәсілі де өзгеше болады. Сол себепті "мен осылай жазылып кеттім" деген кеңестерге сене беру дұрыс емес.

“Танысыңыз күйзелістен шынымен шықты ма, әлде уақытша басылып, жасырын қалыпқа өтті ме – оны айту қиын. Адамның жағдайын дұрыс бағалап, шынайы көмек көрсете алатын – тек кәсіби маман”, –  дейді психолог.


Қазақстанда депрессия диагнозы қойылса, еңбекке жарамсыздық парағын (больничный) алуға болады. Депрессия орташа немесе ауыр деңгейде болса, бұл құжат ауруханада емделіп жатқанда беріледі. Ал адам үйінде немесе емханаға барып ем алып жүрсе де, дәрігер тексергеннен кейін уақытша еңбекке жарамсыз деген парақты ашуы мүмкін. Ол үшін психиатрға бару қажет.








Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын мемлекеттік және жекеменшік емханалардың дәрігерлері, лицензиясы бар жеке дәрігерлер береді. Адам жұмысқа немесе оқуға бара алмайтын болса, тіркелген емханасына баруға немесе үйге дәрігер шақыруына болады. Дәрігер жағдайын бағалап, ем тағайындайды және қажет болса еңбекке уақытша жарамсыз деген демалыс парағын ашып береді.


Егер жедел жәрдем шақырған болса, бірден ауруханаға жатқызуы мүмкін немесе жағдай тұрақты болса "сигнал парағы" беріледі, сол парақпен учаскелік дәрігерге бару қажет. 

“Алғашқыда еңбекке жарамсыздық парағы 3 күнге беріледі. Науқастың жағдайына қарай оны 6 күнге дейін ұзартуға болады. Емхана бөлім меңгерушісінің келісімімен 20 күнге дейін рәсімделетін жағдайлар бар. Егер 20 күннен асса, дәрігерлік-консультациялық комиссияның шешімі қажет. Стационарлық немесе амбулаторлық ем кезінде еңбекке жарамсыздық парағы 60 күнге дейін берілуі мүмкін. Нақты қанша күнге берілетіні науқастың жағдайына байланысты, сондықтан әр адамда әртүрлі болады”, – дейді маман.


Адам күйзеліс диагнозы бойынша уақытша демалыста болса да, жұмыс беруші жәрдемақы төлейді. Төлем күнделікті орташа табыс пен еңбекке жарамсыз болған күндер санына қарай есептеледі. Бірақ бір айда төленетін сома 25 АЕК-тен аспайды.

Бөлісу:

Күйзеліс пен жай шаршағанның арасын қалай ажыратамыз?