ӘлемдеҚаржыКредит картасын қалай ақылмен қолданамыз?

Кредит картасын қалай ақылмен қолданамыз?

21 сәуір 2026
5 мин
Как правильно использовать кредитную карту
Фото: Shutterstock

Қай жерде қай банктің картасын қолдансақ, қарызға батпай, керісінше ұтамыз? Артық төлемдер мен жасырын пайыздарды ескеріп, қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік.


Картаның түрлері


Банк сізге кредит картасын ашып береді, онда белгілі бір мөлшерде сома болады. Сіз оны өз қажетіңізге жұмсайсыз. Яғни, банктің ақшасын «қарызға» алып, уақытында қайтарасыз. Әрине, оның да өз лимиті мен ережесі бар.


Көбіне кредит картасын бірден төлеуге қалта көтермейтін ірі заттарды алу үшін ашады. Барлық дерлік банкте «пайызсыз мерзім» бар. Осы уақытта қайтарсаңыз, үстіне бір тиын да қоспайсыз. Кәдімгі несиеден басты айырмашылығы да осы. Бірақ ақшаны кешіктіріп салсаңыз, пайызы «аттың басындай» болып шыға келеді.


Бұл картаны бір рет алып, ұзақ уақыт бойы қолдануға болады.


Әлемде бұл – қалыпты нәрсе. АҚШ-та әрбір он адамның жетеуінде кредит картасы бар. Бізде бұл көрсеткіш әлі төмен – шамамен төрт-бес адамның біреуі ғана қолданады.


Қазақстанда кредит картасының екі түрі бар:

  1. Кәдімгі кредит картасы: Жоғарыда айтқан, банктің ақшасын алып, кейін қайтаратын карта.

  2. Бөліп төлеу картасы (Рассрочка): Затты алып, ақшасын бөліп төлейсіз. Мұнда пайызды сіз емес, дүкен төлейді. Бірақ мұндай картаны кез келген жерде емес, тек банктің серіктес дүкендерінде ғана қолдана аласыз.


Картадан қалай пайда көруге болады?


Кредит картасы – айлыққа дейін ақша жетпей қалғанда таптырмас шешім. Бірақ оны «табыс көзі» ретінде көруге болмайды. Десе де оны ұтымды пайдаланудың бірнеше жолы бар:


1. Ақшаны айналымға салу (Cash float)


Мәні: Картадағы ақшаны жаратасыз, ал өзіңіздің ақшаңызды депозитке салып қоясыз. Картаның төлейтін уақыты келгенде, депозиттен алып, қарызды жабасыз.


Несімен тиімді: Пайда – екі жақтың айырмашылығынан шығады. Депозиттен жылына 13-16% сыйақы аласыз, ал кредит картасындағы қарыз (жеңілдік кезеңінде) – 0%.


Мәселен, орташа жалақыңыз 300 000–500 000 теңге болса, осы айналымнан айына 3 000-нан бастап, 7 000 теңгеге дейін таза пайда көресіз. 


Бірақ кредит картаның жеңілдік кезеңі әдетте 60 күннен аспайды, сондықтан ақшаны уақытында салып, қайта алып отыру керек. Осының кесірінен депозиттегі табысыңыз азайып кетуі мүмкін (тіпті ақшаны ерте алғаныңыз үшін айыппұл төлеуіңіз де ғажап емес). Сондықтан ең бастысы – тиянақты болу: артық ақша жұмсап қоймас үшін өз қаржыңызды мықтап қадағалауыңыз керек. 


2. Пайызсыз қарыз (Тегін ақша)


Мәні: Досыңнан «айлыққа дейін бере тұршы» деп сұрамай, картаны қолданасыз. Қанша алсаңыз, сонша қайтарасыз. 


Несімен тиімді: Қарызға алған ақшаңыз үшін ештеңе төлемейсіз (пайызы – 0%). Осылай, өз ақшаңызды басқа мақсатқа жұмсауға мүмкіндік болады. «Айлықтан айлыққа» дейінгі ақша жетпей қалатын кездерді оңай өткересіз. Мысалы, смартфоныңыз не құлаққабыңыз істемей қалып, оны шұғыл ауыстыру керек, бірақ айлыққа әлі біраз уақыт бар делік. Мұндай кезде кредит картасы керек соманы дереу тауып береді.


Бұл – кредит картасын пайдаланудың ең дұрыс әрі тиімді жолы.


3. «Рассрочка» алу 


Мәні: Керек затыңызды (техника, гаджет немесе саяхат жолдамасы) сатып аласыз да, қарызды пайызсыз мерзім ішінде өзіңізге ыңғайлы етіп бөліп төлейсіз. Бұл жерде банктен «бөліп төлеуге бола ма?» деп қайта-қайта рұқсат сұраудың қажеті жоқ.


Несімен тиімді: Мұнда бәрі оңай: пайызсыз өтеуге болатын уақыт ішінде үлгерсеңіз, артық төлем мүлдем болмайды (0%). Ең тиімді жері – тауарды тек банктің серіктес дүкендерінен іздеп әуре болмайсыз. Сондай-ақ, тауар бағасына «жасырын комиссия» қосылып кетпегеніне, яғни бағаның үстіне ештеңе қосылмағанына сенімді боласыз.


4. Кешбэк жинау


Мәні:
Кейбір банк кредит картасын қолданғаныңыз үшін бонус немесе кешбэк береді. Көбіне бұл – кәдімгі шын ақша. Онымен негізгі қарызды жабуға немесе ары қарай жинай беруге болады.


Несімен тиімді: Пайдасы бір жыл бойы жүйелі түрде жинағанда ғана анық білінеді. Әдетте кешбэк мөлшері шамамен 3% (әр банкте әртүрлі, біз орташа есеппен алдық). Егер айына 400 000 теңге жұмсасаңыз, бір жылда 140 000 теңгеге дейін кешбэк жинап алуға болады.


5. Күтпеген шығындар


Мәні: Егер депозитке ақша жинасаңыз, кенеттен шығын шыққанда оны депозиттен суырып алғаннан гөрі кредит картасынан жұмсаған тиімді. Осылай, жинаған пайызыңыздан айырылмайсыз.


Несімен тиімді: Депозитіңізде жылдық 15% сыйақымен екі миллион теңге жатыр делік. Сізге шұғыл 300 000 теңге керек. Егер бұл ақшаны депозиттен алсаңыз, сол сомаға тиесілі пайыздар күйіп кетеді. Ал қарызды кредит картасымен төлеп, оны пайызсыз уақыт ішінде жапсаңыз, депозитіңізден тиын да азаймайды, табысыңыз сол күйі сақталады.


Банктер қандай кредит карталарын ұсынады?


Қазір көп банк кредит картасын онлайн рәсімдей береді. Ол үшін Қазақстан азаматы болуыңыз керек немесе елімізде тұруға ықтиярхатыңыз (ВНЖ) болуы қажет. Сонымен қатар тұрақты табысыңыз, жақсы «кредиттік тарихыңыз» (қарызды уақытында төлеп жүру) және жасыңыздың 21-ден асқаны маңызды. Әдетте қосымша анықтама сұрап әуре қылмайды, ал дайын картаны курьер үйіңізге әкеп береді.

  • Halyk Bank. Мұнда My!Card, Black Premium немесе Visa Infinite сияқты карталарды таңдауға болады. Барлығында сауда жасағаныңыз үшін 10%-ға дейін бонус беріледі және 45-60 күн ішінде алған ақшаны «пайызсыз» қайтаруға болады. Жиналған бонустарды Halyk-тың экожүйесіндегі қызметтерге жұмсауға болады. Карта ашу үшін айлығыңыз кемі 60 000 теңге болуы керек.

  • Altyn Bank. Банк несие картасының 11 түрін ұсынады (Nomad Club, Platinum, World Elite және тағы басқасы). Қарызға берілетін ең жоғары сома – 7 миллион теңге. Мұндағы бонустардың бір ерекшелігі – жиналған ұпайларды AirAstana билеттеріне немесе ұшақтағы классты көтеруге жұмсауға болады.

  • Home Credit Bank. Мұндағы басты карта – Özen. Бұл картамен әлемнің кез келген жерінде тауар алып, ақшасын 6 айға дейін бөліп төлеуге болады. Картаның шегі – 5,5 миллион теңге. Оны ашу үшін кейінгі жарты жылдағы табысыңызды растауыңыз керек. Кешбэк қарастырылмаған.

  • Forte Bank. Forte Black картасымен 3 миллион теңгеге дейін әлемнің кез келген нүктесінде (интернетте де) бөліп төлеуге болады. «Пайызсыз мерзімі» өте ыңғайлы – 90 күн. Бонустары 20%-ға дейін жетеді және олар айына бір рет теңгемен есептеледі. Бонусты жинауға да, бірден жаратуға да болады.

  • Bank Center credit. Бұл банк #картакарта немесе #180 карталарын ұсынады. Лимиті – 7 миллион теңгеге дейін (сіздің картаны қаншалық жиі қолданатыныңызға байланысты). «Ақылды бөліп төлеу» жүйесі мен 10%-дан 20%-ға дейін кешбэк бар. Кешбэкпен жылына 240 000 теңгеге дейін қайтарып алуға болады. Ең басты артықшылығы – картаның қызмет көрсету ақысы жоқ, теп-тегін. «Ақылды бөліп төлеу» арқылы қарызды 3, 6 немесе 12 айға бөліп төлеуге болады.

  • Freedom Bank. Freepay картасының ең жоғары шегі – 5 миллион теңге. Қарызды әр айдың 20-сына дейін жауып отыру керек. Қандай зат сатып алсаңыз да, оның сомасы автомат түрде 12 айға бөлініп кетеді. Бірақ бір ескеретін жайт: банктің серіктес дүкенінен алмасаңыз, 2%-дан 5%-ға дейін комиссия алынады.

Бөлісу:

Кредит картасын қалай ақылмен қолданамыз? — Tamga media