ӘлемдеҚаржыКраудфандинг: көмек пе, әлде тәуелділік пе?

Краудфандинг: көмек пе, әлде тәуелділік пе?

24 мамыр 2026
4 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде «100-200 теңгеден аударсаңыздар, несиемнен құтылар едім» деген видеолар көбейді. Кейбірі осылай бірнеше сағаттың ішінде қомақты ақша жинап алады. Бұл тенденция әлемде «краудфандинг» деп аталады. 


Краудфандинг – белгілі бір мақсат үшін көп адамнан аз-аздан ақша жинау. Бастапқыда краудфандинг ауыр дертке шалдыққан адамдарға көмектесу, табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын беру немесе қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау үшін қолданылған. Кейін әлеуметтік көмек көрсету құралына да айналды.


Мәселен, 17 сәуірде қазақстандық қолданушы Балауса Төлеуқызы әлеуметтік желідегі парақшасында «20 мың адам 250 теңгеден аударса, ипотекамның 5 миллион теңге қарызын жабамын» деген видео жариялаған. 18 сәуір кешке дейін оның шотына шамамен 1 миллион теңге жиналған. Балаусаның айтуынша, бастапқыда ол ақша жиналады деп мүлдем ойламаған. Алғаш болып таныстары мен достары көмектескен. Кейін видеоны бөтен адамдар да көріп, қолдау білдіре бастаған.

«Адамдардың “ипотекаңды жауып ал” деген бір ауыз сөзі қатты қуантты», – дейді Балауса. 


Балауса бізге сұхбат берген кезде жалпы 2 миллион теңге жиналғанын айтты. Оның сөзінше, бұл ақшамен қарызын жапса, ипотекасының 38 айын қысқартып, біраз артық төлемнен құтылады. 

«Бұл үрдіс Ресейде челлендж деп аталды. Мұны біздің елдегілер қорға айналдырып жіберді. Егер "жалғызбасты анамын, еміме қаражат қажет” десем, бұл қор болар еді. Кейбірі видеома жаман пікірлер жазды. Оларға аса мән бермедім. Ал енді бір жандар менің санатымды, қай әлеуметтік топқа жататынымды сұрамай-ақ шын көңілдерімен көмектесті», – дейді Балауса. 


Алайда қаржылай қиындықты көпшілік есебінен шешудің зияны да бар. 


Жанар Қожабаева, қаржыгер, салық кеңесшісі:

«Ипотека мен несие – әр адамның өз жауапкершілігі, оны қоғам мойнына арту қалыпты жағдайға айналмауы керек. Бұл әрекет қаржылай жүйеге әсер етеді. Себебі мұндайда адамдардың қаржы жоспарлау, жинақ құру, табыс пен шығынды басқару тәртібі әлсірейді». 


Қаржыгер бұл тренд бақылаусыз қалса, алаяқтық арта түсетінін ескертті. Яғни, алаяқтар жалған аккаунттар ашып, қиын жағдайларды ойдан шығарып, сенімге кіретіндер көбейеді.


Оның айтуынша, бұл тренд бақылаусыз қалса, алаяқтар да көбейеді. Себебі кей адамдар жалған оқиға ойлап тауып, жұрттың сеніміне кіруі мүмкін.


Мамандар тағы бір маңызды мәселеге назар аударады. Адамдар үнемі осылай көпшіліктен көмек сұрай берсе, қайырымдылықтың да қадірі кетуі мүмкін. Уақыт өте келе жұрт шынайы мұқтаж адамдарға сенбей қалуы ықтимал. 


Назигүл Абылхасқызы, психолог-практик:  

«Адам жауапкершілікті сезініп үйрену керек. Өзіне үй алды, өз атына несие алды. Енді ол қарыздан өзі шыға алуды үйрену керек. Бұл трендтен бала позициясы мен құрбан болу позициясын көріп тұрмын. Сондай-ақ, адам қайта-қайта осылай елден көмек сұрай берсе, оның ішкі тірегі әлсірейді. Өзіне деген сенімсіздік пайда болады». 


Психолог мұндай әрекеттер тәуелділікке алып баруы мүмкін екенін де жасырмады. Мысалы АҚШ-қа тиесілі GoFundMe платформасы адамдар бір-біріне интернет арқылы қаржылай көмектесетін орынға айналған. Бірақ бұл АҚШ-та ғана емес, Канада, Ұлыбритания, Аустралия елдерінде қолданылады.


Сарапшылардың айтуынша, бұрын краудфандинг көбіне шығармашылық жобалар мен бизнес идеяларға ақша жинау үшін қолданылса, қазір адамдар оны күнделікті қаржылық қиындықтарды шешуге пайдаланып жүр. Яғни, бұл халықтың қаржылық жағдайының қиындағанын да көрсетеді. Статистика бойынша, кейінгі жылдары жеке шығындарға ақша жинау үшін ашылған қорлар саны 20% артқан.


Ал GoFundMe-дің 2025 жылғы “Year in Help” есебінде пәтерақы, коммуналдық төлем мен азық-түлікке көмек сұрайтындар көбейгені айтылған. Компания басшысы Тим Кадоган қазір платформада ең көп ақша қайырымдылыққа, ал екінші кезекте адамдардың ай сайынғы шығындарына жиналатынын мәлімдеген.


Қазақстандағы мұндай көмектің  баламасы ретінде StartTime платформасы қолданылады. Бірақ бұл стартаптар, әлеуметтік жобалар және идеялар үшін ғана “ашық”. Ал халыққа әлеуметтік қолдау беретін қайырымдылық қорлары мен түрлі ұйым жетерлік. Бірақ бұл ұйымдар жағдайы төмен отбасыларға ғана қол ұшын созады. 


Қорыта айтқанда, бір жағынан, краудфандинг адамдардың бір-біріне көмектесуге дайын екенін көрсетеді. Аз ғана ақша да біреуге үлкен көмек болуы мүмкін. Бірақ мұндай тәсіл тым көбейіп кетсе, адамдар жеке жауапкершілікті аз сезінуі мүмкін. Оның үстіне, краудфандинг бірнеше адамға ғана көмектескенде тиімді. Ал бәрі бірдей осылай ақша жинай бастаса, оның әсері де азаяды. Сондықтан краудфандингті тек қиын әрі шұғыл жағдайда қолданған дұрыс. Ең маңыздысы – көмек сұрау мен жеке жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Бөлісу:

Краудфандинг: көмек пе, әлде тәуелділік пе? — Tamga media