Ойын-сауықКино“Костюмдер де сөйлейді”: қазақ фильмдеріндегі образдар

“Костюмдер де сөйлейді”: қазақ фильмдеріндегі образдар

23 қаңтар 2026
5 мин
“Костюмы как часть истории”: как создаются образы в казахстанском кино?
"Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмінен үзінді | Фото: Imdb

2012 жылы режиссер Джо Райт түсірген “Анна Каренина” фильмі “Үздік костюм дизайны” үшін Оскар жүлдесін алды. Фильмнің костюмдеріне жауапты Жаклин Дюрран бір сұхбатында Аннаның киімдерін қалай таңдағанын айтқан. Ең қызығы, кейіпкердің көйлектерінің түсі оның өміріндегі оқиғаға байланысты өзгеріп отырған: бақытты кезінде ашық, қиын сәттерде сұр түс болған. Ал қазақ фильмдерінде костюмдер қалай таңдалады? Біздің елде бұл сала қалай дамып жатыр? Бұл туралы костюмер-суретші Айна Төлегенқызы айтып берді.


– Фильмдегі кейіпкерлердің костюмі қаншалық маңызды?
– Фильмдегі костюмдер де сөйлейді. Актерлер кейіпкерді өзінің ойынымен алып шықса, біз костюммен көрсетуге тырысамыз. Көрермен киімге мән бермесе, костюм бойынша суретші жұмысын жақсы орындады деген сөз. Өйткені актер мен оның костюмі біртұтас болуы керек. Фильмдегі актерлардың костюмдері – кейіпкердің үнін жеткізу, көңіл-күйін көрсету. Тіпті кейде костюм арқылы фильмнің жалғасын, келесі бөлімінде не болатынын астарлап жеткізуге болады.


– Қазақ фильмдерінде костюм қалай таңдалады?
– Әуелі сценарийді оқып, кейін оны командамен бірге талқылаймыз. Режиссермен бірге фильмнің жанрын, ондағы кейіпкерлердің мінезін, немен айналысатынын ескеріп, образдарын ойластырамыз.


Содан кейін кейіпкердің сырт көрінісі мен стильін көрсететін mood board тақтасын дайындаймыз. Онда әр сахнадағы киімдердің идеялары түседі. Режиссер Mood board-ты мақұлдаған соң, сол бойынша костюмдерді іздей бастаймыз.


– Киімдерді өздеріңіз тігесіздер ме әлде жалға аласыздар ма?
– Кей киімді сатып аламыз, енді бірін жалға аламыз. Кейде қажет киімді табу қиын. Оны іздеуге уақыт жетпей жатады. Тіпті кейде Қазақстанда жоқ, басқа халықтың киімі керек. Осындай кезде тіктіруге тура келеді. Мысалы, “Кеттік бәрін таста” фильмінде 60 адамға бірдей киім керек болды. Бірдей 60 киімді дүкеннен таппайсың, сондықтан арнайы тіктірдік. Ал тарихи фильмдерде немесе 90 жылдар туралы ностальгия жобаларда көп киімді жалға алып қолданамыз. Тапқан немесе тіктірген костюмдерді актерларымызға кигізіп көреміз. Керек жерін түзейміз. Бәрін реттеп, дайын болған соң ғана түсірілімге кірісеміз.






– Костюмдер қанша уақытта дайын болады?
– Бұл жобаның ауқымына байланысты. Жоба ауқымды болса, костюмге де көп уақыт керек. Әдетте заманауи фильмдерге кем дегенде екі апта қажет. Фильмді түсіріп бастап кетіп, барлық костюмді дайындап үлгермей қалатын кезіміз де болады. Мұндай да сол түсірілім кезінде іздеп тауып, дайындауға тура келеді.


– Костюм таңдағанда не нәрсеге мән бересіздер?
– Костюм таңдағанда көп нәрсені ескереміз. Драма жанрындағы фильмдердің кейіпкерлеріне тым ашық түстегі киімдерді кигізбейміз. Ал кейіпкердің көңілді сәттері үшін ашық түсті киім таңдаймыз. Киімнің пішініне де қараймыз. Мысалы, актрисанің өзі толықтау, ал кейіпкері арық болса, костюмді үлкендеу өлшемде (оверсайз) таңдаймыз. Актердің сырт келбетіне, оған қандай түс жарасатынына да мән береміз. Актердың қалауын да ескереміз. Мысалы, кейбір актер қысқа киім кие алмауы мүмкін. Біз оған қысқа киім дайындап қойсақ, образын ауыстырамыз. Себебі киім актерға жарасып тұру әрі ыңғайлы болуы керек.


Кейіпкердің өзгерісін де костюм арқылы көрсетеміз. Ол сахнада қандай көңіл-күйді беруі керек, қандай эмоцияны жеткізгені маңызды – бәрін ескереміз. Фильм желісіндегі жылдардағы киім трендтерін де қараймыз. Адамдар сол уақытта қалай киінгенін зерттеп, сол стильде киіндіреміз.


– Киімнің материалын, түсін таңдағанда шектеу қойыла ма?
– Материалдарды таңдағанда басқа департаменттермен бірге жұмыс істейміз. Мысалы, операторлардың жарық қоюына, түсіне, локациядағы қабырғалар мен заттарға қарап киімнің матасын таңдаймыз. Бұрын операторлар “Ақ киім киюге болмайды, қара киім де болмайды, мына принт жарамайды” деп кей түске тыйым салатын. Қазір мұндай шектеулер жыл өткен сайын азайып келеді.


– Ал тарихи фильмдерде костюмдер қалай таңдалады?
– Тарихи фильм мен қазіргі заманның фильмдері үшін костюм дайындау процесі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Мысалы, заманауи фильмдерде костюмге жауап беретін департаментте екі-ақ адам болады: костюм бойынша суретші және ассистенті. Кейде түсірілім алаңында үшінші костюм қоюшы көмектесіп жүруі мүмкін. Ал тарихи фильмдерде костюмге жауап беретін командада 10-15 адам болады. Команда да көбіне бұрыннан тарихи фильмдердің костюмдерімен жұмыс істеп келе жатқан, тәжірибелі суретшілер болады.


Тарихи фильмнің кейіпкерлеріне костюм таңдау үшін көп іздену қажет. Ескі суреттерді, кітаптарды, журналдарды шолып, mood board жасаймыз. Костюмдерді “Қазақфильмнен” киностудиясынан немесе жеке қоймалардан жалға аламыз. 1990, 2000 жылғы өмірді бейнелейтін ностальгия фильмдеріне second hand-терден табуға болады.


Әрине, тарихи фильмдегі костюмдер 100% сол замандағыдай болмауы мүмкін. Бірақ біз әр дәуір мен рудың ерекшеліктерін барынша ескереміз. Мысалы, әр кезеңде киімге әртүрлі ою салған, әртүрлі әшекей-бұйым таққан. Тіпті орамалды әртүрлі тартқан. Мұның бәрі тарихи фильмдерде назарға алынады.












– Ұлттық ерекшелікті қалай жеткізесіздер?
– Оны әдетте түстермен көрсетуге тырысамыз. Қазақтың жайсаң мінезін, кең даланы мекендеген халық екенін көрсету үшін көбіне сары, қоңыр, жасыл түстерді пайдаланамыз. Бұл – даланың, күннің, жердің түстері.


– Ұзақ уақыт бойы таба алмаған костюмдеріңіз болды ма?
– Түркияда түсірілуі керек болған жоба қиналғанбыз. Фильмге түрік актерлеры түсетіндіктен, түрік фильмдеріндегі сияқты жарқын образдар дайындау қажет еді. Оны Қазақстаннан апарамыз дедік. Бірақ біздің елден ондай ашық түстегі киімдерді таба алмай, қиналдық. Тағы бір жобада дубль костюм (бірдей киім – ред) керек болды. Режиссер бір жейдені ұнатты. Актерларға да жараса кетті, бірақ екінші сыңарын таппай әлек болдық. Дүкеннің барлық қаладағы желісінен сұрадым. Астанадан, Атыраудан, Шымкенттен, тіпті Түркиядан да іздедік, бірақ таппадық. Сосын соған ұқсайтын, бірақ түсі басқа жейдені тауып, бояп шыққанбыз.


– Шаң, дауыл, жаңбыр сахналарында киімдерді қалай дайындайсыздар?
– Cценарийде жауын болса, біз алдын ала дубль костюм (бірдей киім – ред) дайындаймыз. Бірін киіп түсіп болған соң, келесін кигізіп түсіреміз. Шаң болса, арнайы фактура жасаймыз. Бәрі алдын ала жоспарланады.


 – Өзіңізге қатты ұнаған образ бар ма?
– Образдар өзімнің көңілімнен шықпаса, режиссер мен актерға ұнамайды деп ойлаймын. Сондықтан барлық жағынан үйлестіруге тырысамын. Маған 90 жылдардағы образдарды құрастырған ұнайды. Мысалы, меніңше, “Брат или брак 3” фильміндегі Әбунасыр Серіковтің образдары өте жақсы шыққан.

















– Қазақстанда бұл сала қаншалық дамыған?
– Бұрын адамдар актерлар фильмдегі киімдерін өзі әкеледі деп ойлаған. Бірақ қазір олай емес екенін жақсы түсінеді. Костюмға қатысты түрлі пікір, сын естиміз. Қоғам кәдімгідей талқылап та жатадыц. Мұның бәрі бұл саланың дамып жатқанын көрсетеді. Дегенмен қазақстандық кинофестивальдерде “Үздік режиссер”, “Үздік продюсер”, “Үздік сценарий”, “Үздік фильм” деген номинациялар бар. Бірақ “Үздік костюм суретшісі” деген номинация жоқ. Сол себепті костюм суретшілерінің танылуға, дамуға мүмкіндігі аз. Осы нәрсе ескерілсе деймін.

Бөлісу: