ДенсаулықСұлулықКосметолог ұсынбайтын 5 антипроцедура

Косметолог ұсынбайтын 5 антипроцедура

14 сәуір 2026
7 мин
5 антипроцедур по версии бьюти-эксперта
Фото: Tamga Media / ЖИ

Ақшаңыз бен уақытыңызды босқа шығындамау үшін біз YELLOW Clinic антиэйдж клиникасының иесі Дина Мәлікпен сөйлестік. Ол көмегінен гөрі зияны көп косметологиялық әдістер туралы өз ойын айтты. 



Плазмалық лифтинг


Бұл – теріге плазмалық доғамен (микроразрядтармен) әсер етіп, бетте көптеген ұсақ жарақаттар қалдыратын аппаратпен жасалатын процедура.
Арнайы құрылғыны теріге тигізбей-ақ, бетке кішкентай-кішкентай нүкте етіп күйдіреді. Содан кейін тері жазыла бастайды да, «жасарып жатырмыз» деп есептеледі.


Бұл теріні тарту (лифтинг) үшін жасалады. Бірақ одан кейін бет ісіп, қызарып, қабыршақтанып, ұзақ уақыт қалпына келуі керек. Ал теріңіз сезімтал болса, соңында пигмент дақтар мен тыртықтар қалуы мүмкін.


Дина Мәлік: 

«Мұны қаннан жасалатын PRP терапиясымен шатастырмаңыз. PRP-ді, керісінше, қолдаймын. Ал мына аппараттық лифтинг теріде кішкентай күйік қалдырады. Оны көбіне қабақты түзеу үшін жасайды. Мұны ешкімге ұсынбаймын. Мектепте еңбек сабағында ағашты күйдіріп өрнек салатын «выжигатель» естеріңізде ме? Бұл процедура соған ұқсайды. Соңында өмір бойы кетпейтін тыртықтар қалуы ғажап емес».


Арықтауға арналған пептидтер 


Бұлар – гормон деңгейінде тәбетті тыйып, зат алмасуды тездететін және майлардың ыдырауына көмектесетін реттегіш молекулалар. Адам соның нәтижесінде арықтайды. Ең танымал дәрілердің негізі – GLP-1 (семаглутид).


Пептидтер ағзада бірнеше бағытта жұмыс істейді. Қарапайым тілде айтқанда, олар миға «тоқсың» деген белгі беріп, адам ұзақ уақыт аш болмай жүреді. Сонымен қатар, майдың ыдырауын жылдамдатады және қандағы қантты бірқалыпты ұстап тұруға көмектеседі.


Негізі бұл дәрілер жай ғана арықтау үшін емес. Олар көбіне екінші типтегі қант диабеті бар, артық салмағы өте көп немесе ағзасы инсулинді дұрыс қабылдамайтын адамдарға арналған.


Дина Мәлік: 

«Қазір «Оземпик» пен «Мунджаро» салғызу сәнге айналды. Бірақ бұл – 40-60 келі артық салмағы бар немесе диабеті бар адамдарға арналған ем. Ал қазір «сәл сымбатты көрінсем» дегендердің бәрі салғызып жатыр. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. «Оземпик бет» (ozempic face) деген термин шықты. Беттің терісі салбырап, босап кетеді. Одан бөлек, іш қату, құсу, лоқсу сияқты ас қорыту мәселелері шығады. Тіпті депрессияға түсіруі де мүмкін. Меніңше, 10-20 келіні спорт пен дұрыс тамақтану арқылы-ақ тастауға болады».


Филлерлер


Бұл – құрамында гиалурон қышқылы бар, инемен салынатын препараттар. Олар тері астына енгізіліп, ерін мен бет сүйегіне көлем береді, әжімдер мен қатпарларды жазып, суды ұстап тұру арқылы беттің толық әрі балғын көрінуіне көмектеседі. Әдетте оларды бет пішіні мен контурын түзеу үшін, кейде тіпті мұрынның формасын өзгерту үшін қолданады.


Филлерлер тез нәтиже беріп, бетке бірден сергектік сыйлайтынымен танымал. Қажет болған жағдайда гиалурон қышқылы негізіндегі филлерді арнайы ерітіндімен ерітіп те жіберуге болады.


Дегенмен оның кемшіліктері де бар: олар суды өзіне тартып, бетте ісініп кетуі мүмкін. Уақыт өте келе, филлердің орнынан жылжып кетіп те жатады. Мұндай мәселелер көбіне процедураны жиі жасатқанда немесе шамадан тыс қолданғанда байқалады.


Мынаны ұмытпаған жөн: филлер бетті жасартатын емес, тек оның пішінін өзгертетін құрал.


Дина Мәлік: 

«Филлер тым көп болса, бет жасанды әрі ұсқынсыз көрінеді. Әсіресе мұрынға немесе көз астына көп салса, бет ісіп, «шаршап» тұрғандай көрінеді. Егер олар төмен сырғып кетсе, бетіңіз жастық сияқты пішінсіз болып қалады. Филлерді біліп және өте аз мөлшерде ғана қолданған жөн».


Экзосомалар


Экзосомалар – жасушалар бір-біріне ақпарат жіберу үшін бөлетін өте ұсақ көпіршіктер. Олардың ішінде ақуыздар, РНҚ және түрлі сигнал беретін молекулалар бар.


Оларды теріге қолданса, экзосомалар жасушалардың тезірек қалпына келуіне және коллаген түзуіне көмектесуі мүмкін дейді.


Косметологияда оларды көбіне лазер, RF-лифтинг немесе микронидлинг сияқты теріні аздап зақымдайтын процедуралардан кейін қолданады, себебі сол кезде терінің жазылу процесін жылдамдату керек. Оларды екпе инесімен салуға немесе косметикалық күтім өнімдерінің құрамына қосуға болады.


Дегенмен бұл бағыт әлі толық зерттелмеген: ұзақ мерзімге жететін әсері туралы дерек аз әрі стандарттары нақты бекітілмеген. Сондықтан экзосомалардың қайдан алынғанына және сапасына ерекше мән берген маңызды.


Дина Мәлік:

«Өзім де сынап көрдім, бірақ ешқандай «ғажайып» нәтиже байқамадым. Меніңше, экзосомалардың жарнамасы тым асыра сілтеген, оның пайдасы әлі дәлелденбеген».


Микроинелер мен патчилер


Бұл – үй жағдайында күтім жасаудың жаңа әрі өте танымал түрі, әсіресе корей косметикасында жиі кездеседі. Өнімнің құрамында өте ұсақ инелер болады. Оларды жаққан кезде терінің үстіңгі қабатына еніп, пайдалы заттардың тереңірек бойлайды.


Микроинелер негізінен гиалурон қышқылы сияқты еритін заттардан жасалады. Бірақ кейбір өнімде спикулалар – теңіз губкаларының микробөлшектері қолданылады. Инелер теріні инемен шаншығандай тесіп, оның өткізгіштігін арттырады.


Мұндай күтім түрі сезімтал теріге мүлдем келмейді. Мамандар бақылайтын инелі терапия (микронидлинг) сияқты кәсіби процедураларда иненің тереңдігі мен тазалығы қатаң қадағаланса, үй жағдайында бәрі басқаша. Мұнда нәтиже не тым әлсіз болуы мүмкін немесе тері қатты тітіркеніп, қызарып, зиянын тигізуі ғажап емес.


Дина Мәлік: 

«Бұл қазір өте сәнді, бірақ мен мұны ұсынбаймын. Әсіресе терісі сезімтал жандарға өте қауіпті, теріні қатты тітіркендіріп жіберуі мүмкін. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: сіз теріңізге теңіз губкасының сынықтарын ысқылап жатырсыз. Бұдан ешқандай жақсылық күтудің қажеті жоқ, солай емес пе?»

Бөлісу: