Қоғамда әлі күнге дейін бет күтімі “әйелдерге арналған іс” деген стереотип бар. Шын мәнінде, кез келген адам бетін, денесін, терісін күтуі керек. Әсіресе, ер адамдар қыста бет күтімі ерекше мән беруі қажет. Себебі қыс – ерлердің бет терісі үшін ең қиын кезең. Косметолог әрі дерматолог Айбибі Аймырзамен сөйлесіп, ерлердің терісі қыста қалай өзгеретінін және оны қалай дұрыс күту керек екенін Tamga Media-ға айтып берді.
Косметологтың айтуынша, қыста жел соғып, күн суық әрі аяз болған соң, үйдегі ауа да әдеттегіден құрғақ болған соң, ерлердің беті тез құрғап кетеді. Оған қоса олардың бет терісі майлы әрі қалың, май бездері белсенді істейді, сондықтан тез кірлеп кетеді. Ер адамдар ыстық суда шомылып, қырынғанда да кішкентай жарақаттар алады. Ал мұның бәрі бет терісіндегі табиғи қорғаныс қабатын бұзады. Соның салдарынан өңі солғын болып, бет терісі құрған, “шаршап” тұрады. Тіпті әжім, дақ ерте шығуы мүмкін. Жігіттердің көбі “тері өзі қалпына келеді” деп ойлайды. Бірақ қыста теріге ерекше күтім керек.
“Ерлердің терісі әйелдердікіне қарағанда 20-25% қалың және коллагені көп. Бірақ, ең қызығы, ер адам қартая бастағанда белгілері тез көріне бастайды. Әсіресе, қырынғанда тері қатты зақымданады. Кейбірі ерлер ауыр, майлы крем жағу керек деп ойлайды. Бірақ қыста мұндай крем қолданбаған абзал. Беттің қорғаныс терісін нығайтатын, бірақ бет “демалып тұратын” өнімдер әлдеқайда тиімді. Сондықтан қыста ерлер жеңіл, бетті жақсы ылғал ететін, тітіркенгенін басатын компоненттер керек”, – дейді дерматолог.
Терінің типін қалай анықтаймыз?
Ерлердің көбі өз терісінің типін білмеген соң, күтімге шындап кіріспей жатады. Бірақ тері типін анықтау үшін косметолог болудың қажеті жоқ.
“Таңертең бетіңізді жуып, кейін бір сағат ештеңе жақпаңыз. Бетіңіз жылтырап тұрса, майлы тип деген сөз. Т-аймағы, яғни мұрын мен маңдайыңыз ғана жылтырап тұрса, теріңіз аралас типке жатады. Теріңіз құрғап, тартылып тұрса, құрғақ типке жатады”, – дейді Айбибі Аймырза.

Күтімді неден бастау керек?
Бет күтіміне бар болғаны бірнеше минут қана кетеді. Бетті тазалау керек, ылғал ету керек және SPF жағу қажет. Бұл – дұрыс күтімнің ең қарапайым түрі. Ал қырынғаннан кейін міндетті түрде бет терісін тыныштандыратын өнім қолданған жөн.
Қыста жағатын крем теріні терең ылғалдандырып, тітіркенгенін басып, қорғаныш қабатын қалпына келтіруі керек. Сондықтан құрамында гиалурон қышқылы, церамидтер, пантенол, центелла бар крем алған дұрыс.
“Байқағаным, ерлер процесстің тез әрі оңаі болғанын қалайды. Сондықтан осы қарапайым күтімді жасауға кеңес беретін. Бет терісін күтетін адам жинақы, жас әрі тартымды болып тұрады. Күтімнің нәтижесін байқаған адамның өзі кейін мұны әдетке айналдырады”, – дейді косметолог.

Қыста ерлер салондағы қандай процедураға баруы керек?
Үйде негізгі күтім жасалады. Дегенмен салонға барып, бет тазартатын, ылғал ететін терапияларды, теріге дәрумен салатын мезотерапия, жеңіл пилинг жасатуға болады.
“Бұл процедуралар қыстан кейін теріні тезірек “қалпына келтіруге” көмектеседі. Олар теріні тыныштандырып, бірден сергітеді”, – дейді маман.
Қыс бітіп, көктем келгенде ерлердің терісі құрғақ болып, құрылымы бұзылып, “шаршап тұрғандай” көрінеді. Дерматолог мұндай кезде орташа химиялық пилинг, биоревитализация, коллагенді ынталандыратын терапияларды алуға болады дейді. Осы процедуралардан кейін тері жаңарып, жақсы күйіне келеді.

Бет күтімін жасауға ұялатын ерлерге кеңес
Ерлердің күтімнен қашуының ең үлкен себептері – стигма. Бірақ бет күтімі – эстетика, гигиена және жинақылықтың белгісі. Бұл – өз денеңе, тәніңе, денсаулығыңа жауапкершілікпен қарау.
“Әлемдегі ең табысты, харизмаға ие ерлері бет терісіне мән береді. Себебі олар бет-әлпеті жақсы көрінсе, кәсібінде де, жеке өмірінде де артықшылыққа ие болатынын жақсы түсінеді. Ең маңызды кеңесім – басқалардың пікірінен емес, өзіңізге жайлы болатын әдет пен өз-өзіңізге деген сенімнен бастау. Таза, күтілген тері сіздің сыртқы келбетіңізді ғана емес, ойыңыздағы бейнеңізді де жақсартады. Өзіңді күту әлсіздік емес, саналы ер адамның белгісі. Ал нәтижені айнадан көрген сайын басқалардың пікірі емес, нәтижеге ризашылығыңыз маңыздырақ екенін түсінесіз”, – дейді дерматолог.




