Ойын-сауықМузыкаКөшпенділер музыкасы қалай дамыды: бақсыдан бастап, Spotify-ға дейін

Көшпенділер музыкасы қалай дамыды: бақсыдан бастап, Spotify-ға дейін

23 шілде 2026
8 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Көшпенділер үшін музыка жай ғана көңіл көтеру емес, тіл, саясат әрі қасиетті жоралғы еді. Ол кеңес кезеңінен аман өтіп, той индустриясында жоғала жаздап, ақыры қазақ инди-музыкасынан жаңа дем тапты. Tamga Media музыкатанушы Раушан Нұртазамен бірге осы жолды саралап көрді.


XIX ғасырға дейінгі музыка: эволюция, музыканың киесі, саясат


Эволюция


Ежелгі көшпенділер тілден қалса да, айналасымен тілдесе алар еді. Өйткені олардың домбырасы бар еді. Олар күй арқылы сезімін де, қайғысы мен ашуын да, тіпті қазаны да жеткізе білді.


Жазуы ерте дамыған отырықшы халықтарда музыка нотаға түсіріліп, архивтерде сақталды. Соның арқасында музыкалық жанрлар мен мектептер қалыптасты. Ал қазақ даласында музыка көбіне ауызша тарады. Ән мен күй қағазға емес, халықтың жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырды.

«Қазақтың дәстүрлі музыкасы – өте абстракт құбылыс. Белгілі бір күй бір-ақ рет импровизациямен орындалуы мүмкін еді, ал оны халық бірден қағып алып, есте сақтайтын десе сенесіз бе? Тіпті Құрманғазының өзі шығармасын бір рет қана тартқан, ал тыңдармандар оны жадында сақтап, ары қарай таратқан», – дейді музыкатанушы Раушан Нұртаза.


Музыка ауызша тараған соң, уақыт өте келе әр шығарманың бірнеше нұсқасы пайда болды, ал кейбірі мүлде ұмытылып кетті. Дегенмен шығарманың негізгі әуені, көңіл күйі мен автор жеткізгісі келген ой сақталып отырды. Еуропа дәстүрінде музыканы нота мен такт арқылы дәл орындауға мән берілсе, дала дәстүрінде оны әуелі жүрекпен сезініп, табиғи жеткізу маңызды болды.


Музыканың киесі


Көшпенділер бұрын Тәңірге сенген. Олардың түсінігінде әлем үш деңгейден тұрды: жоғарғысы – аруақтар мен рухтар мекені, ортаңғысы – адамдар әлемі, ал төменгісі – жер асты күштерінің тұрағы. Бұл сенімде біз білетіндей жұмақ пен тозақ түсінігі болмады. Олар үшін барлық әлем табиғаттың мәңгілік айналымына бағынып, бір-бірімен тепе-теңдікте өмір сүрді. Үш әлемнің арасында байланыс орнату кез келген адамның қолынан келе бермейтін.


«Ол кезде әркім өз әлемінде өмір сүрді, ал әлемдер арасында тек бақсы өте алатын. Оған басты жолбасшы — қобыз сияқты аспаптар еді. Аспабы болмаса, бақсы да қатардағы адам. Тек музыка үні ғана оны ерекше күйге енгізіп, рухтармен байланыстыратын», – дейді маман.


Музыка адам өміріне әрдайым серік. Мәселен, бесік жырында сөз емес, маңыздысы – әуен мен ырғақ. Сәби әуеннің сөзін түсінбесе де, ырғақты сезінеді.


Саясат


Уақыт өте келе музыканың киелі сипатына саяси салмақ қосылды. Хан кеңесшісі болған жыраулар әскердің алдына жай ғана музыкант ретінде шықпаған. Олар майданға аттанған сарбаздардың рухын көтеріп, не үшін күресу керегін ұғындырған. Тіпті ел билеушілері де әскери шешім қабылдарда әуелі осы жыраулармен кеңескен.

«Еуропа сарайларында музыкант тек қызметші еді.  Жұрт ас ішіп, көңіл көтеріп отырғанда, әуенін ойнап отыра беретін. Ал қазақта музыканттың орны мүлдем өзгеше болды. Ол әрдайым ең сыйлы жерде, төрде отыратын, бүкіл жиын соның төңірегінде өтетін», – дейді музыкатанушы.


Мәдени код: қоңыр дауыс пен домбыра


Қоңыр дауыс


Күйді тіл деп алсақ, оның негізгі бірлігі нота емес, дыбыс. Мысалы, қытай музыкасында сырнай мен тарелканың ащы, жездей шыңылдаған биік үнін идеал санаса, қазақ құлағына мұндай дыбыс түрпідей тиетін. Себебі дала музыкасының басты ерекшелігі – қоңыр үн.

«Бұл –  баурап алатын жұмсақ, жылы, төмен әрі қою үн. Қосымша дыбыс реңктеріне де бай».


Көшпенділердің бүкіл тұрмыс-тіршілігі осы тембрге сай құралғандай. Қазақтар әйнек пен металдан гөрі, ағаш, тері, тас пен жүннің ортасында өмір сүрді.


Домбыра


Домбыраның жөні тіпті бөлек. Кез келген кәсіби маман қазақтың күйшілік дәстүрін кемінде жеті өңірдің мектебіне бөле алады. Орындау мәнерінен-ақ музыканттың Атырау, Сарыарқа, Маңғыстау немесе Жетісудан екені бірден білінеді. Әншілік дәстүрден де жергілікті ерекшелік айқын көрінеді: дауыста, тембрде, ән әшекейінде туған жердің табиғаты сайрап тұрады, Арқаның шалқыған әндерінен бастап Жетісудың тироль фальцетіне ұқсас биік ырғағына дейін байқалады. Өкініштісі, енді домбыраның нағыз үнін естімейтін де шығармыз.


«Баяғыда домбыраның жеті түрлі пішіні болған: трапеция, үшбұрыш, алмұрт тәрізді және тағы басқа. Бүгін біз оның бір-ақ түрін білеміз. 100 жыл бұрынғы домбыра мен қазіргі домбыра – екі бөлек аспап. Қазір ішек орнына кәдімгі балық аулайтын алтыншы нөмірлі леска тағылады, содан да домбырадан сол кездегі қоңыр дауысты естімейсіз. Бұрын ішек қойдың ішегінен жасалатын, сосын дыбысы да төмен, терең әрі қою шығатын».


Түпнұсқа домбырада перне де болмаған, мойнағында нота бөлетін белгілер салынбайтын. Бұл бүгінге жетпеген нәзік дыбыс ырғақтарын құбылтып тартуға мүмкіндік беретін. Қазіргі аспап бірізді, сахнаға ыңғайлы болғанымен, сол баяғы табиғи үнді бере алмайды.


XVIII-XIX ғасырлар: стиль мен эпатаж


XVIII-XIX ғасыр тоғысында дала сал-серілері шықты. Олар ән шығарып қана қоймай, дара образ қалыптастырды. Қазірше айтсақ, нағыз эпатаж: сал сері ауылға етігін шешіп жалаңаяқ кіретін не тонды теріс айналдырып киетін. Қазіргі тілде айтқанда, әрқайсының «фишкасы» болды. Осылай, «мен» дәуірі басталып, өнер иесі әнге өз атын қосып, стилін ашық көрсете бастады.


Енді музыканың авторы болды. Дәстүрлі музыка десе, бәрінің есіне алдымен Құрманғазы түседі.

«Құрманғазының талант екені сөзсіз, бірақ оны кеңес өкіметі әдейі брендке айналдырды. Өйткені бай-манаппен күрескен кедей ақынның бейнесі идеологияға өте тиімді еді. Осылай, оның есімі барынша дәріптеліп, күйлері әр бұрышта шырқалды. Ал, мәселен, Тәттімбет сияқты тұлғалар туралы 1991 жылға дейін мүлде тіс жармауға тырысатын».

Екеуінің арасы жер мен көктей. Құрманғазы Сағырбайұлы Бөкей ордасындағы кедей отбасында туып, байларды ашық сынағаны үшін талай рет түрмеге түскен. Ал Тәттімбет Қазанғапұлы, керісінше, текті жерден шыққан: би, дипломат, патша армиясының офицері, алтын кеніштері бар бай әрі Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың бірі болған. Содан да кеңес кезінде оның аты аталмай, елеусіз қалды. Тәуелсіздік алған соң ғана есімі қайта жаңғырды. Қазір Алматы консерваториясында Тәттімбеттің мектебіне негізделген шертпе күй сыныбы бар.


XX ғасыр: мемлекет ырқындағы музыка


Кеңес өкіметі орнаған соң, сахнада жалғыз өнер көрсету дәстүрі біртіндеп жоғалды. 300-500 күйді жатқа білетін өнерпаздар ресми сахнадан шеттетілді. Өйткені идеология жеке өнерді емес, хор мен оркестр сияқты ұжымдық өнерді қолдады.


Сөйтеп, музыкатанушылар айтқан «қазақ музыкасының жазбаша дәстүрі» дами бастады: опера, симфония, соната мен квартеттер пайда болды. Бәрі де нотаға, партитураға негізделіп, Еуропадағыдай жүйе құрылды.


Композиторларға жағдай жасалды: шен-шекпен берілді, саяжай мен көлік үлестірілді, съездерге арнап жазған шығармаларына қомақты қаламақы төленді. Мемлекет жағдай жасағанымен, шығармашылыққа еркіндік бермеді. Нәтижесінде ауызша дәстүр тоқырап, күй табиғи дамуын тоқтатты. Халық музыкасы – үлкен академикалық сахнаға татымайтын, қарапайым ғана дүние деген түсінік қалыптасты.


1960 жылдардың соңы: «Дос-Мұқасан»


Кеңес дәуірі бірсарынды болған жоқ. 1960 жылдардың соңында сахнаға поп-музыка келді. Сол сәтте еліміздегі ең танымал ұжым – «Дос-Мұқасан» еді. Топтың атауы оны құрған төрт жігіттің есімінен шыққан: «Дос» – Досым Сүлеев, «Мұ» – Мұрат Құсайынов, «Қа» – Қамит Санбаев, «Сан» – Александр Литвинов.


Оларды ел “қазақтың Bеatles-і” деп кетті. Ол кезде батыстың жаңа музыка ағымдары Кеңес Одағына жете бермейтін. Соған қарамастан ансамбль КСРО-да алғашқылардың бірі болып рок-н-роллды ұлттық өнермен ұштастырып, ана тілінде ырғақты әндер айтып, домбыра мен заманауи аспаптардың үнін тоғыстырды.


«Дос-Мұқасан» қазақ музыкасын сол кездегі заманауи ырғаққа салды. Бұл, шын мәнінде, дәстүрлі музыканың жаңаша жалғасы еді».

1970-1980 жылдар: бүкіл одаққа танылған эстрада


1970-1980 жылдары бүкіл Кеңес Одағында, соның ішінде Қазақ КСР-інде эстрада музыкасы толық қалыптасты. Бұл теледидар арқылы тарайтын, ел аралап гастрольге шығатын, жалпы бұқараға арналған өнер еді. Яғни музыка бұрынғыдай тар ортада емес, қалың тыңдарман үшін жұмыс істей бастады.


Роза Рымбаева – сол кезеңнің нағыз жұлдызы болды. Ол өзінің кәсіби вокалына funk және soul ырғақтарын шебер ұштастырда білді. Әнші ана тілін, ұлттық колоритті үлкен поп-сахнаның төріне шығарды.


80 жылдардың ортасында оған «Арай» тобы сүйемелдеу жасады. Топты пернелі аспапта ойнайтын Байғали Серкебаев пен бас-гитарист Владимир Миклошич құрды. Электрогитара, үрмелі аспаптар мен синтезаторды шебер үйлестіріп, ерекше ырғақ тапқан бұл топтың өнері батыс музыкасынан кем түспейтін.


A'Studio және Батырхан Шүкенов: жаңа деңгейге шығу


1987 жылы Байғали Серкебаев пен «Арай» тобындағы әріптестері Роза Рымбаевадан бөлініп, өз алдына бөлек ұжым болды. Бастапқыда «Алма-Ата», кейін «Алма-Ата Студио» деп аталған топ 1989 жылы Алла Пугачевамен бірлесе жұмыс істеген соң A'Studio атауын бекітті. Сол жылы олардың «Джулия» хиті жарық көріп, ұжым Пугачеваның «Рождественские встречи» бағдарламасына қатысты. Осы өнер көрсетуден кейін олар бір-ақ түнде бүкіл одаққа танымал болып шыға келді.

Топтың негізгі тиегі Батырхан Шүкенов еді: ол әрі ән айтты, әрі саксофонда ойнады. Оның ерекше майда үні топты брендке айналдырды. 2000 жылы ол бұрыннан өзі армандаған жеке орындаушы ретінде жолын бастау үшін топтан кетті. Этно-музыкаға қайта оралып, қазақ тілінде альбом шығарды.


1990 жылдар: тоқырау мен қайта оралу


1990 жылдары бәрі өзгерді. Композиторлар одағы тарап, мемлекет тапсырысы тоқтады. Опера, симфония сияқты ауқымды классикалық жанрларын қаржыландыру тиімсіз болды. Сондықтан музыканттың көбі кәсіпке кетіп, кейбірі шетелге көшті.

«XX ғасырдың ортасындағы композиторлардың мұрасы біртіндеп ұмыт қалғандай. Себебі өнерге көп уақытыңызды арнап, ұзақ оқуыңыз керек, ал кейін осы мамандықпен күн көру оңай емес еді»


Соған қарамастан ел ішінде ұлттық өнер қайта жандана бастады. Бұрын ойға да келмейтін дәстүрлі ән кафедрасы ашылды. Кезінде аты аталмай келген тұлғалар қайта еске түсті. Уақытша шетке ысырылған мұра қайта жаңғырды.


Сонымен бірге қазақ сахнасына MTV, Америка рэпі, R&B және евродэнс сияқты батыс музыкасы тікелей келді. Сол кездегі орындаушылардың көбі осы дайын сарынды көшіріп алғанның әсерінен поп-бағыт бірінші орынға шықты.

2000 жылдар: музыка – той индустриясы


«Бізде ұзақ уақыт бойы әлем деңгейіндегі турды армандаған әншіні емес, тойдан тапқан табысы көп адамды поп-жұлдыз деп мойындап келдік. Ал ең беделді сахна филармония емес, жүздеген, тіпті мыңдаған қонақ жиналған банкет залдары болды».


Ол кездегі сахна да, теледидар мен клиптер де өнерді насихаттау үшін емес, тапсырыс беретін клиенттерге өзін көрсететін жарнама сияқты жұмыс істеді.


«Бізде бақыт жеке жетістікпен емес, бұрынғы көшпелі замандағыдай, айналаңа қанша ағайын-туғанның басы қосылғанымен өлшенеді. Отау тігіп, көшіп жүрген шағын ауылдың адамына бұдан артық не керек? Мәдениетіміздің, болмысымыздың негізі – осы».


2000 жылдары орыс эстрадасының ықпалы қайта артты. Нағыз жұлдыз деп Мәскеу сахнасын бағындырып, теледидардан көрінгендерді санады. Әншілер де эфирдегі орын үшін таласты.


2010 жылдар: Интернет дәуірі


Басты өзгеріс интернеттің келуінен басталды. YouTube, SoundCloud, кейін Spotify сияқты платформалардың арқасында әртістер Мәскеуге немесе басқа да орталыққа тәуелді болуын тоқтатты. Қазақ тілі де тек бір аймақтың тілі болып қалған жоқ. 2015 жылға қарай Moldanazar үлкен аудиторияға шықты. Ол қазақша инди-рок пен синти-попты батыс жобаларынан кем қылмай, заманауи жеткізе білді.

Осы кезде елде тағы бір жаңа бағыт пайда болды. Продюсер Ерболат Беделхан корей мәдениетінен шабыт алып, K-pop үлгісінде Ninety One тобын құрды. Мұнда кастинг, жылдар бойғы дайындық, ерекше стиль мен нақты идея да бар еді. Тіпті топ мүшесі ACE Сеулдегі SM Entertainment-те тәжірибеден өтті. Осылай корей моделінен үлгі алған, бірақ қазақша ән айтуды бірінші орынға қойған Q-pop жанры дүниеге келді.


2020 жылдар: еркін музыка


Қазір қазақ музыкасы қарқынды дамып жатыр. Сахнаға қазақ тілін ана тілі санайтын 30 жасқа дейінгі жастар шықты. Олар рэпті, халық әндерін, фольклор мен заманауи дыбыстарды еркін араластыра береді.


K-pop Қазақстанға нағыз шоу-бизнес қалай жұмыс істейтінін көрсетті: айдол форматын, музыкаға сапалы өнім ретінде қарауды, ерекше стиль мен фан-клуб мәдениетін қалыптастырды. Бірақ Ayau, dudeontheguitar, «Ирина Кайратовна» сияқты әртістер корей поп-музыкасына емес, батыстың инди бағытына көбірек бой түзейді.

Қазір бұл салада бірнеше бағыт қатар өмір сүріп келе жатыр: кеңес дәуірінен қалған кәсіби талаптар, көшедегі рэп, батыстың инди стилі мен Корейдің шоу-бизнес үлгісі. Соған қарамастан, қазақ музыкасы осының бәрін бойына сіңіріп, өз болмысын қалыптастырып келеді.


Қазақ әншілерінің әндері Spotify-да көш бастап, әлемдегі плейлисттерге еніп жүр. Оларды шетелде де миллиондаған адам тыңдайды.


Болашақта не болмақ?


Музыкамен бірге елде фестиваль мәдениеті де дамып жатыр. Spirit of Tengri, Cozy Fest, Toyla Music Fest сияқты фестивальдерде рэп те, поп та, баламалы музыка да қатар айтылады. Дыбыс сапасы мен ұйымдастыру да жақсарып, нағыз индустрия қалыптасып келеді.

«Бір қызығы, зерттеушілер «бұрынғы музыка жоғалды» деп дауласып жатқанда, сахна көз алдымызда өсіп жатыр. Әндердің сөзі де мағыналы, адамдар ішкі сырын, тарихты, қоғамдағы мәселелерді айта бастады. Бұл — дәстүрлі қазақ музыкасына тән әрі өмірді терең ұғынуға ұмтылыс жасау».

Бөлісу: