Қазір Қазақстандағы жастар жиі қала ауыстырады. Бұрынғы буын үшін бастысы – баспана мен тұрақты жұмыс болса, 20-30 жас аралығындағы жастар тек оқу үшін емес, жұмыс, өмір сапасы, өмір стилі мен әлеуметтік орта үшін бір қаладан екіншісіне көшеді. Бұл тенденцияның нақты себебін түсіну үшін бірнеше қалада тұрған Әсем Асқар мен Назым Сапаровамен сөйлестік.
Әсем Асқар: Қазіргі жастар үшін көшпенді қазақ болу – қалыпты өмір формасы
Әсем өзін “нағыз көшпелі қазақпын” дейді және бұл сөзінің жаны бар. Кейінгі 10 жылда ол Қазақстан мен Түркияның жеті қаласында бірнеше жыл өмір сүрген. Қазір “қай қаладансың?” деген сұраққа жауап беру үшін көп ойланады екен. Сарыағашта туған Әсем мектеп бітірген соң, 2014 жылы Петропавлға оқуға түседі. Кейін Астанаға көшіп, Түркияның Анкара қаласында магистратурада оқиды. Коронавирус кезінде екі жыл Измирде тұрып, пандемия аяқталған соң Анкараға қайтып, оқуын аяқтайды да, Қазақстанға оралады. Алғашында Атырауда жұмыс істеді. Биылдан бастап ол Астанаға тұрақтады. Әсемнің әр қалаға көшіп-қонып жүргенінің негізгі себебі – білім, жұмыс және табыс. Ал баспана мен ортаны адам өзі жасай алады деп есептейді.
“Білім беру гранты – жастарға берілген мүмкіндік, әр қала мен елдің дамуын ескеріп жасалады. Оқу біткен соң бастысы – жұмыс пен табыс. Әрбір түлек тұрақты жұмыс тауып, жақсы жалақы алғысы келеді. Қаладағы өмір менің күткеніме сәйкес болса, қай қала екені маңызды емес. Үлкен қалаларда бәсеке жоғары, өмір қымбат, бірақ шағын қалаларда да мүмкіндік көп”, – дейді Әсем.

Әсем бір қалада тұрып, жобасын жасайды. Ісі бітсе, екінші жобасы оны басқа қалаға жетелейді Мұны ол табиғи даму процесі деп санайды.
“Туған үйіңнен басқа қалаға көшу – белгілі бір деңгейде ата-анадан сепарация жасау, есею. Үлкен қаладағы мәдени орта, жаңа тәжірибе өзіңді тұлға етіп қалыптастырады”, – дейді ол.
Әсем Астананы тұрақтылық беретін қала, Ақтауды жастарға қолайлы, Шымкентті қырқынды дамып жатқан аймақ деп санайды. Ал баспана мәселесінде Әсем аса сақ: ипотекаға табысының басым бөлігін салуды құптамайды. Ол қаржы сауатын арттырып, дайындалып барып қана үй алған жөн дейді.
Назым Сапарова: Алматы – мені өсірген қала, Астана – тұрақтылық үшін қабылданған шешім
Назым Ақмола облысындағы Зерендіде мектеп бітіріп, Алматыға университетке оқуға түскен. Өзінің айтуына қарағанда, Алматы бала кезінен арманындағы қала болған.
“Оқушы кезімде Көкшетауға түрлі байқауға, олимпиадаға баратынмын. Туған жеріме ең жақыны сол қала болса да, шағын қалада жастық шағымды өткізген обал деп ойладым. Өз ортамды таба алатын, өсетін, түсінетін қала керек болды. Алматы маған сол мүмкіндікті, қажеттілікті берді”, – дейді Назым.

Төрт жылдан соң Назым мемлекеттік грантты өтеу үшін ауылына оралып, мұғалім болып істеген. Ол қатарластары қалада магистратураға түсіп, тұрмысқа шығып жатқанда ауылға қайтқан жалғыз өзі болғанын айтады.
“Қазір жастар туған жеріне, үйіне оралуды регресс деп есептеуі мүмкін, бірақ ұзақ уақытқа құрылған стратегияңыз болса, адам нақты жоспармен жүрсе, ауылға оралып та прогресске жете алады. Өз басым, ауыл мектебінде тәжірибе, қаржы жинап, кейін жаңа жоспар құрамын деп ойладым, – дейді ол.
Кейін Назымның өмірінде жаңа кезең туады, ол тұрмысқа шығып Алматыға көшеді. Осы қалада ана атанады. Ал жақында жолдасы екеуі Астанадан баспаналы болып, бас қалаға көшкен. Назымның айтуынша, Астана аса жайлы қала емес: қыста күн суық, балалы отбасылар үшін инфрақұрылым аз. Бірақ олар эмоциямен емес, өмірлік қажеттілікпен шешім қабылдапты.
"Алматы – ыңғайлы, жылы, мүмкіндігі көп қала. Бірақ біз Астанаға баламыздың жағдайын жасау үшін бардық. Үй алу, тұрақталу, болашақ балаларымыздың қауіпсіздігі – басты себеп”, -дейді Назым.

Назым мен Әсемнің тәжірибесі әртүрлі, бірақ түйіні бір. Жастардың қала ауыстыру трендіне бірнеше маңызды фактор әсер етеді.
Экономикалық фактор. Жастар жақсы жалақысы бар тұрақты жұмысқа орналасу үшін, қаржы тұрақтылығына жету үшін жиі қоныс аударады. Үй алу, баланың болашағын ойлау да осы факторға тікелей байланысты.
Даму мүмкіндігі. Ірі қалада кәсіби тұрғыдан өсуге, білім алуға, орта табуға мүмкіндік жоғары. Дегенмен қазір шағын қалаларда да түрлі бағыттағы жастар қозғалысы, ұйымы қалыптасып келе жатыр.
Жеке тұлға болып қалыптасу. Жастардың көбі үшін басқа қалаға көшу – есеюдің, өз жолын табудың табиғи кезеңі.
Баспана мен өмір сүру құны: Қымбатшылық, доллар бағасының өсуі, жалдау ақысының көтерілуі жастарды тиімді аймаққа көшуге мәжбүрлейді.
Қала мәдениеті мен әлеуметтік өмір: Алматы мен Астана – мәдени, интеллектуал, кәсіби ресурстар шоғырланған орталықтар.




