Ойын-сауық●Музыка●Көше заңынан үлкен сахнаға дейін: қазақ хип-хоп эволюциясы

Көше заңынан үлкен сахнаға дейін: қазақ хип-хоп эволюциясы

14 қазан 2026
4 мин
Instagram @ninetyone

Кезінде көше балаларының ермегі ретінде басталған музыка жанры бүгінде үлкен шоу-бизнеске айналды. Қазақстандық хип-хоп әлемдік үрдісті қайталап қана қоймай, өзі де жаңа бағыттарды шығаруда. Скриптонит, Jah Khalib, Ninety One және Yenlik есімдерін елімізде ғана емес, әлемде де таниды. Tamga Media қазақстандық хип-хоп кассеталар мен ауладағы батлдардан халықаралық сахнаға дейінгі жолын шолып шықты.


Мәдени тамыр


Қазақ халқы ерте заманнан бері музыканы ерекше жақсы көрген. Бұл туралы қазақ музыкасының тарихына арналған материалымызда жазған едік. Көшпелі халықтың музыкалық шығармашылығында ырғақ, өлең, ұйқас пен оқиға желісі маңызды орын алған.


Рэпке жақын жанрлардың бірі – айтыс. Екі суырып салма ақын домбырамен ешқандай дайындықсыз өлең айтып, сөз жарыстырған. Әрине, айтысты рэп деп атау дұрыс емес шығар, дегенмен сайыстың өту тәсілі рэп батлына ұқсайды. Қарсыласты жеңу үшін кез келген жағдайда тез ойланып, тапқыр әрі жүйелі жауап бере білу керек. 


Айтыс тек екі адамның сөз жарыстыруымен шектелмей, әлеуметтік, саясат, адамгершілік пен қоғам өмірінің мәселелерін көтереді. Яғни ойды жай сөзбен емес, музыкаға қосып, ұйқастырып жеткізу дәстүрі қазақ мәдениетінде хип-хоп пайда болғанға дейін бар еді.


Аула, кассета және гангста-сұлулық


Қазақстанда хип-хоп 90-жылдары пайда бола бастады. Ол заманда халықтың жағдайы төмен, ал айнала өте қауіпті еді. Жастар аулада жиналып, кассета мен CD-дегі әндерді бір-біріне беріп тыңдайтын. Рэп әндерінде негізінен қарапайым халықтың, аула мен көшенің шынайы өмірі, ондағы қиындықтар сипатталатын. 


Сол кезеңдегі танымал топтардың бірі - Ақтауда құрылған «Долина маленьких хулиганов», қысқаша ДМХ. Айтпақшы, топтың атауы сол кезде атағы дүркіреп тұрған америкалық рэпер DMX-тің есіміне ұқсайтын. Бұл әдейі таңдалды ма, әлде жай сәйкестік пе - белгісіз. PlayDog атымен танылған Қанат Мырзағұлов топ мүшелерін 90-жылдардың ортасында жинай бастады. Ол топтың негізін қалаушы әрі жетекшісі болды. ДМХ тобы 2001 жылы «Қазақша стиль» альбомын шығарып, қазақша рэптің негізін қалаушы алғашқы ұжымдардың біріне айналды. 


PlayDog-тың тағдыры да сол замандағы басқа рэперлерден ерекшеленбеді. Ол да заң бұзып, полициямен қиындықтары болды. 2000 жылы ол ұрлық жасағаны үшін үш жылға шартты жаза алды. 2003 жылы қылмыстық топпен бірге қарақшылық шабуыл жасағаны үшін он жылға сотталып, қатаң режимдегі колонияға жіберілді. 2011 жылы бостандыққа шыққан соң, тағы да қарақшылық айыбымен он жылға сотталды.


Дегенмен кейін PlayDog өткен өміріне өкініп, колониядан жас тыңдармандарына өзі жасаған қателігін қайталамауға шақырды:

«Түрмеде істейтін ештеңе жоқ. Мұнда адамның денсаулығы ғана нашарлайды. Сондықтан Қазақстанның және Ақтау қаласының жастарына шын жүректен айтарым тыныш өмір сүріп, жұмыс істеп, адал ақша тапқан дұрыс. Қылмысқа бармаңдар, айналадағы адамдар мен қоғамға құрметпен қараңдар».


Қазақстандық рэпте қылмыс пен көше өмірінен басқа тақырыптар да айтылды. Ақтаулық Som Clan тобы да шетелде таныла бастады. 2001 жылы олар Мәскеуде өнер көрсетіп, кейін музыка шығарумен айналысатын ресейлік Rap Recordz компаниясымен келісімшарт жасасты. Бұл компания Ю.Г., Nonamerz сияқты танымал рэперлермен жұмыс істеген. Көп ұзамай Som Clan әндері музыкалық жинақтарға қосылып, ТМД елдеріне тарады.


Өңірлердегі серпіліс және онлайн-батлдар


Интернет пайда болған соң хип-хоп мәдениеті жылдам дамыды. Енді өңірлердегі жас орындаушылар танылуына көп ақша, таныс, лейбл немесе теледидарға шығу мүмкіндігін іздеу міндетті емес еді. Енді әндерді интернетке жүктеп, тыңдармандарға тез танылуға жол ашылды. 


Уақыт өте әр өңір рэпті өзінше орындай бастады. Әр қаланың әндері әуенімен, қолданатын сөздерімен ерекшеленді. Батыста Ақтау мен Атыраудан шыққан LEGION, BNN және Domalaq топтары танымал болса, ал оңтүстікте HIRO, Lucaveros және Proxxx сияқты орындаушылар топ жарды.


Интернет рэперлердің басын қосып, онлайн-жарыстар өткізуге мүмкіндік берді. Енді олардың шығармашылығын тек өз достары мен көршілері ғана емес, бүкіл ел тыңдай алатын деңгейге жетті. 


Жаңа үн және үлкен сахнаға жол


Уақыт өте келе қазақстандық хип-хоп шағын ортаның музыкасы ғана емес, көпшілік тыңдайтын әуенге айналды. Осы кезеңдегі маңызды оқиғалардың бірі - Скриптониттің ресейлік Gazgolder музыкалық компаниясына қосылуы. Рэпер Баста құрған бұл компания Гуф, Смоки Мо және АК-47 сияқты танымал орындаушылармен жұмыс істеген.


Скриптониттің жетістігі еліміздің де орындаушылары шетелге танылып, Ресей мен өзге де елдердің үлкен аудиториясын баурап ала алатынын дәлелдеді. Ол өзінің деңгейі жағынан ең танымал шетелдік жұлдыздармен терезесі тең екенін көрсетті. 


Кейін Ninety One тобы танылды. Олар поп-музыка мен хип-хопты біріктіріп, киіну стилімен және ойларын ашық айтуымен ерекшеленді. Сахнаға Yenlik пен Say Mo сияқты рэп орындаушы қыздар да шықты.


Қазақстандық әндердің шетелге танылуына өзімізге тән ерекшеліктер де көмектесті. Тыңдарманды тек жақсы рэппен таңғалдыру қиындай түсті. Ал қазақ тілі, өзімізге тән әзіл, мәдениетіміз бен ерекше өнер көрсету мәнері ешкімге ұқсамайтын стиль қалыптастырды.


Өзіндік болмыс сәнге айналды


Уақыт өте дәстүрлі әуендерге деген көзқарас өзгерді. Оларды ескірген дүние деп емес, жаңа музыка жасауға негіз ретінде қолдана бастады. Мысалы, Darkhan Juzz инди-музыканы дәстүрлі әуендермен үйлестірді.



«Ирина Кайратовна» тобы да осыған ұқсас жолды таңдады. Олар өзімізге таныс әзілді, қоғамдағы мәселелерді әжуалауды және Қазақстандағы күнделікті өмірді шығармашылығына қосты. Алғашында интернетте танылған топ кейін ТМД елдерінде де кеңінен танымал болды.


Сонымен қатар SoundCloud платформасында жаңа орындаушылар пайда болды. 667 plugg пен edo hunnidz сияқты музыканттар жастарға жақын, қарапайым әрі сезімді ашық жеткізетін тілде ән айта бастады. «Мен қазақпын» әні интернеттегі мемдерді өз елімізге тән болмыспен бір әнде үйлестіруге болатынын көрсетті.


Қазақстандық хип-хоп ұзақ жолдан өтті. Бәрі аулада қолдан-қолға тараған кассеталар мен көше өмірін жырлаған алғашқы рэперлерден басталды. Бүгінде қазақстандық орындаушыларды ел ішінде де, шетелде де миллиондаған адам тыңдайды.

Бөлісу: