МәдениетСалт-дәстүрКөрісу немесе Амал: Наурыздан бұрын келетін көктем мерекесі

Көрісу немесе Амал: Наурыздан бұрын келетін көктем мерекесі

13 наурыз 2026
9 мин
Көрісу или Амал: весенний праздник накануне Наурыза
Иллюстрация: Tamga Media / ЖИ

Наурыз десе бәріміздің ойымызға демалыста жайылған дастархан мен қала орталықтарындағы мерекелік концерттер түседі. Дегенмен қазақтың нағыз жыл басы одан ерте, 14 наурызда келеді. Қала жұрты бұл күнді жай ғана аптаның бір күні деп өткізсе, Батыс жұрты Амал мерекесін тойлауды бастап кетеді. Таңнан дастарқан жайып, үлкендердің батасын алуға асығады. Бұл күні сый-сыяпаттан гөрі адамның ақ ниеті маңызды.


Амал – жарнама мен сахнаға таңылмаған, ағайынның ақ ниетімен қауышатын кезі. Tamga Media бұл мақаласында Амал атауының төркіні, оның кеңес заманындағы алпыс жылдық тыйымнан қалай аман қалғаны және «Наурызнама» онкүндігінің мәні туралы баяндалады. 


Амал деген не және атауы қайдан шықты?


«Көрісу» немесе «Амал» мерекесі – екі адамның бір-біріне деген ықыласы мен сағынышы тоғысатын сәт. Мейрамның негізгі мәніде осы өзара дидарласуда жатыр. «Амал» сөзі парсының «хамал» (Hamal) сөзінен шыққан. Иран астрономиясында бұл – Тоқты шоқжұлдызы мен көктемнің алғашқы айының атауы. Ал шығыс күнтізбесі бойынша, күн Тоқты белгісіне кіргенде жаңа жыл басталады. Сол себепті Амал мен Наурыз – түпкі мәні бір, тек уақытты есептеу тәсіліне байланысты әртүрлі аталып кеткен көктемгі жаңару мерекелері.


14 наурыздың бұл күнге түсуі юлиан күнтізбесінен григориан күнтізбесіне ауысумен байланысты. Ескі есеп бойынша, бұл күн 1 наурыз, яғни көктемнің алғашқы күні болған. Батыс Қазақстан халқы осы ескі есепті сақтап қалған. Сондықтан Маңғыстау мен Атырау өңірінде 14 наурызды «ескіше жыл басы» деп атайды.


Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жаңа жылды сегіз күн бойы – 14 наурыздан бастап 21 наурызға дейін тойлағанын жазып, оны «Наурыздама» (қазіргі «Наурызнама» – ред.) деп атаған. Абайдың «Жазғытұры» өлеңіндегі «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деген жолдары дәл осы сәтті суреттейді.


Дәстүр неге тек батыста сақталды?


Ғалымдар арасында бұл дәстүрдің неге тек батыс аймақтарда қатты сақталғанына қатысты ортақ пікір жоқ. Бірақ бірнеше болжам бар. Біріншіден, табиғат ерекшелігі. Қазақстанның батысына жылымық өзге өңірлерден ерте келеді. Сарыарқада әлі қар жатқанда, Маңғыстауда көктем лебі сезіле бастайды. Яғни, табиғат циклі астрономия мерзімімен дәлме-дәл келеді.


Екіншіден, кеңестік тыйымның ықпалы. 1926 жылдан бастап Наурызға шектеу қойылып, 1988 жылға дейін мейрам ресми тойланбады. Осы алпыс жылдан астам уақыт ішінде қалалық ортада дәстүр сабақтастығы үзіліп қалды. Ал ауылдық өмір салты басым батыс өңірлері бұл құндылықты сақтап қалды. Ұзақ жылғы тыйымнан кейін басқа өңірлерде бұл салт ұмытылып кетсе керек.


Мейрамды қалай қарсы алу керек? 


Амал күні таңертеңнен басталады. Дәстүр бойынша, күн шыққанда ешкім ұйықтап жатпауға тиіс. Қариялары бар үйлерде түннен бастап дастарқан жайылып, бауырсақ пісіріліп, жеті шелпек таратылады. Үй иелері таңғы сәлеммен келетін қонақтарды күтеді.


Басты салт – қос қолдап, құшақтасып амандасу. Бұл ишара көңілдің пәктігі мен ниеттің түзу екенін жеткізеді. Адамдар бір-біріне «Жаңа жасыңыз құтты болсын!» немесе «Амалыңыз қайырлы болсын!»,  «Бір жасыңыз құтты болсын» деп тілек айтады. Осылай, адамдар қақаған қыстан аман шығып, жаңа жылды бастағанына құтты болсын айтады. 


Бұл мереке ұрпақтар сабақтастығына аса мән береді. Жастар үлкендердің үйіне барып, сәлем беріп, батасын алады. Көрісу тек бір күнмен шектелмейді: кімде-кім 14 наурызда үлкен кісілердің үйіне жолы түспесе, басқа күні міндетті түрде барып, амандасуы керек.


Сонымен қатар бұл – кешірім күні. Араздасқан ағайын Амал күні табысып, өкпе-ренішті ұмытуға тиіс. Жаңа жылды таза көңілмен бастау – мейрамның басты шарты.


Наурыздың ақша қары

Мейрамның тағы бір әдемі нышаны – «Наурыздың ақша қары». Халықтық бақылау бойынша дәл 14 наурызда жиі жеңіл қар жауады. Ол жерге түсе салысымен еріп кетсе де, жақсылықтың нышаны, табиғаттың жаңа жылға сәлемі деп есептеледі.


62 жылдық тыйым және жаңғыру


Кеңес үкіметі 1926 жылы Наурызды «ескіліктің қалдығы» деп танып, оған тыйым салды. Ресми деңгейде мейрам 62 жыл бойы тойланбады. Бірақ Наурыз халық жадынан өшкен жоқ. Ауылдық жерлерде адамдар наурыз көжесін пісіріп, жасырын болса да дастарқан басында бас қосып тұрды.


1988 жылы Мұхтар Шахановтың бастамасымен бұл мейрамды тойлауға қайта рұқсат етілді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін бұл қадам билік пен халықтың табысуына септігін тигізді. Ал 2001 жылы Наурыз мемлекеттік мереке мәртебесін алды. Амал мерекесінің жөні бөлек, өйткені ол ресми қағазбен емес, халықтың тірі дәстүрі ретінде сақталып, бізге жетті.


2024 жыл: Амал – жалпыұлттық мейрам


2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызды тойлаудың жаңа форматын – «Наурызнама» онкүндігін бекітті. Ол бойынша 14 наурыз – Көрісу күнінен басталады. Осылай, ғасырлар бойы батыс өңірінде сақталған дәстүр тұңғыш рет жалпыұлттық деңгейге көтерілді.


Онкүндік 10 тақырыпты қамтиды, атап айтсақ: Көрісу, Қайырымдылық, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ, Жыл басы және Тазару.


«Наурызнаманың» онкүндігі


1. Көрісу – Амал мерекесі (14 наурыз). Жыл басы. Көктемнің алғашқы күні әрі онкүндіктің беташары. Бұл күні ағайын-тума, көрші-көлем бір-біріне арнайы барып, амандық-саулық сұрасады. Өкпе-реніш ұмытылып, араз жандар табысады. Қос қолдап амандасу – ақ ниет пен шынайы құрметтің белгісі.


2. Қайырымдылық (15 наурыз). Жомарттық күні. Қазақ ұғымындағы кеңпейілділік – байлықтан бұрын адамгершіліктің биік өлшемі. Әркім шама-шарқынша мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Бұл күн жаңа жылды тек өзің үшін емес, өзгеге де қуаныш сыйлаудан бастау керегін ұғындырады.


3. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр (16 наурыз). Руханият күні. Мұнда ән мен күй, жыр мен айтыс салтанат құрады. Ұлттық құндылықтар кітап бетінен гөрі халықтың жадында, домбыраның пернесінде көбірек сақталады.


4. Шаңырақ (17 наурыз). Отбасы күні. Шаңырақ – үйдің киесі, әулеттің берекесі. Бұл күні ағайын-тума түгел жиналып, әулеттің бірлігін дәріптейді.


5. Ұлттық киім (18 наурыз). Тектілік нышаны. Қазақы киім – сәннен бұрын адамның тегі мен мекенін айқындайтын нышан. Шапан, сәукеле, тымақ сияқты киімдер иесінің кім екенін танытады. Бұл күн ұлттық болмысты киім арқылы паш етеді.


6. Жаңару (19 наурыз). Тазару мен түлеу күні. Үй-жайды реттеп, ескі-құсқыдан арылу – ежелгі жоралғы. Көңілдегі кірді де, айналадағы қоқысты да тазартып, жаңа жылға тың серпінмен, таза ниетпен аяқ басады.


7. Ұлттық спорт (20 наурыз). Білек пен жүректің күші. Көкпар, бәйге, қазақша күрес – спорттан бұрын ер жігіттің ептілігі мен төзімін сынайтын үлкен дода. Дала мәдениеті әрқашан қозғалыс пен қайратты серік еткен.


8. Ынтымақ (21 наурыз, таңертең). Бірлік пен береке. Ел ішіндегі татулық пен ауызбіршілік дәріптеледі. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жұрт жұмылып, мерекені бірге қарсы алуға дайындалады.


9. Жыл басы (21 наурыз). Ұлыстың ұлы күні – Наурыз. Күн мен түн теңеліп, табиғат қайта түлейтін шақ. Жыл қайырып, жаңа өмір басталатын ерекше астрономиялық сәт.


10. Тазару (22 наурыз). Рухани түлеу. Онкүндіктің түйіні әрі қорытындысы. Өткен жылдың жүгін артқа тастап, болашаққа жеңіл әрі жарық үмітпен қарау күні.


Жаңа жасыңыз құтты болсын!

Бөлісу:

Көрісу немесе Амал: Наурыздан бұрын келетін көктем мерекесі