Қазір жақсы хабар жеткізсе де, көлік не үй алса да, сәби дүниеге келсе де, жұрт «көрімдік» сұрай береді. Алайда қазақ дәстүрінде әр жоралғының өз орны мен мағынасы бар. Сонымен, көрімдік қашан беріледі? Байғазы мен сүйіншінің айырмашылығы неде?
Сүйінші: жақсы хабардың сыйы
Сүйінші – қуанышты хабарды бірінші жеткізген адамға берілетін сый. Бұрын алыс ауылдарға хабар жеткізу оңай болмағандықтан, жақсы жаңалық әкелген жанға шапан жауып, ат мінгізіп, мал да берген.
Сүйінші тек қуанышқа ғана емес, жоғалған мал-мүліктің хабарын жеткізгендерге де берілген. Тіпті «құлақ сүйінші» деген түрі болған. Бұл – жоғалған дүниенің нақты хабарын жеткізген адамға арналған сый.
Ескі жоралғыларда сүйінші айтқан адам лайық сый алмаса, үйден көңілі түскен бір затты алып кетуге де құқылы болған деседі. Бұл сөз бен хабардың қадірі жоғары болғанын көрсетеді.

Ал қазір бұл дәстүр жаңа қалыпқа көшті. WhatsApp-тағы «Сүйінші!» деп келген хабарлама – соның бүгінгі нұсқасы. Бірақ бастысы мәні өзгерген жоқ: жақсы жаңалықты бірінші болып жеткізу әлі де маңызды.
Байғазы: жаңа затқа берілетін тарту
Байғазы – жаңа мүлікке, жаңарған дүниеге қатысты жоралғы. Біреу үстіне жаңа киім кисе, жаңа жарақ асынса немесе әшекей тақса, соны алғаш көрген жан байғазы береді.
Байғазыны көбіне үлкендер балаларға берген. Әсіресе жаңа киім киген бала туыстарын аралап, байғазы жинаған. Ата-анасы бүлдіршінді «барып байғазыңды жинап кел» деп ағайын-туыс пен көрші-көлемге жібереді. Балақай әр есікті қағып, тақпақ айтқан:

Киімімді көріңіз,
Етегіме төгіңіз.
Барар жерім әлі көп
Байғазымды беріңіз!
Үй иелері «Киімің тозғақ, өмірің озғақ болсын!» деп ақ батасын жаудырады. Ал жаңа жарақ асынған ұл балаға: «Мінісің көп болсын, дұшпаның жоқ болсын!» деп құттықтаған. Содан соң тиын-тебен, тәтті-пәтті немесе әшекей береді. Қолында беретін ештеңесі болмаса, «байғазың мойнымда» деп кейін берген.
Бүгінде байғазы тек киімге емес, дипломға, «Алтын белгіге», алғашқы телефонға немесе алғашқы жалақыға алынған затқа да беріледі. Бұл – өзгенің қуанышына ортақтасудың белгісі. Жоралғы өзге жанның кішкентай қуанышын елеп-ескеру, айналаға мейірім мен көңіл сыйлау үшін жасалады.
Көрімдік – көз қуанышы
Көрімдік – жаңа әрі маңызды жан иесін алғаш көргенде берілетін сый. Жаңа туған сәби, босаға аттаған келін, тіпті асыл тұқымды құлын да көрімдікке лайық саналған. Мысалы, шаңырақта сәби дүниеге келсе, нәрестені көруге келген адам көрімдік береді. Бұл – жаңа адамды алғаш көргендегі ілтипаттың белгісі.

Құдалық жолында да көрімдіктің орны бөлек. Болашақ қайын жұрты келінді алғаш көргенде, жанындағы жеңгесі: «Болашақ келіндеріңізді көріп, көрімдігін беріңіздер», деп сый сұрайды. Сонда болашақ енесі келіннің маңдайынан сүйіп, үлкендер батасын жаудырып, жеңгелердің қолын құр жібермей, көрімдігін ұсынады.
Келінді көрген адамнан,
Көрімдік деп мал алар.
Беретінін әр кісі,
Өз үйінде шамалар.
Халық жыры
Көрімдіктің байғазыдан басты айырмашылығы мынада: жанды дүниеге – көрімдік, жансыз дүниеге – байғазы беріледі.
Қазір де нәрестені көруге барған адам көрімдік береді. Беташарда келін сәлем салса, қоржынға ақша салады. Сыйдың түрі өзгерсе де, дәстүрдің мәні сақталып қалды.
Жолы бөлек үш жоралғы
Көшпелі қоғам бір-біріне сүйеніп өмір сүрді. Туыстық пен көршілік байланыс мықты болса, тіршілік те берік саналған. Сондықтан сүйінші, байғазы, көрімдік сияқты дәстүрлер жай ғана сый сұрау немесе тарту жасау емес, адамдардың арасын жақындатып, қарым-қатынасты нығайтып отырған.

Мұнда экономикалық мән де бар: бүгін сен көршінің баласына байғазы берсең, ертең біреу сенің балаңа береді. Бүгін сен сүйінші естісең, ертең өзің сүйінші сұрайсың. Яғни қуаныш та, сый да ортада айналып жүрген.




