Халқымызда «Балалы үй – базар» деген сөз бар. Расында, бала үйге қуаныш пен шаттық әкеледі. Үбірлі-шүбірлі болуды әр қазақ отбасы армандады. Біздікілер тіпті «Ұлың болсын он шақты» деп әндетті. Ал бүгінде көп балалы отбасы болуға асықпайтын ерлі-зайыпты көбейді. Бұған не себеп? Бала саны ата-ананың бақытын еселей ме? Бұл туралы ғалымдар түрлі зерттеулер жүргізген. Толығырақ Tamga Media тарқатып айтады.
Ата-ана алғашқы сәбиі дүниеге келгенде қуанышы қойнына сыймай, алып ұшады. Жүрегі толқып, мойнына жауапкершілік артылғанын анық сезінеді. Перзентінің алдында жақсы ата-ана болуға тырысады. Бірақ ата-ана болу мен сүріп жатқан өмірге риза болу екі түрлі нәрсе. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесіне қарағанда, тұңғыш баласын күтіп жүрген ата-аналардың көңіл күйі көтеріңкі болып, өмірге деген құлшынысы арта түседі екен. Сәби дүниеге келген кезде бұл көрсеткіш ең жоғары деңгейге жетеді. Алайда уақыт өте келе әуелгі қуаныш сейіліп, ерлі-зайыптының өмірге құштарлығы қайта төмендей бастайды.

Бұл өзгеріс әсіресе әйелдер арасында анық байқалған. Себебі бала өмірге келген соң ананың күнделікті тірлігі көбейіп, демалуға және өзіне уақыт бөлуге мүмкіндігі азаяды. Бала күтімі, жұмыс, үй шаруасы мен ұйқының қанбауы да әйелді қажытады. Дәл осындай тағы бір зерттеу де балалы болу адамды күн сайын бақытты ете бермейтіні анықталған. Ересектердің өмірінде бала күтімімен бірге жауапкершілік те артады дедік. Соған қарамастан, ата-аналардың көбі өмірін баласы жоқ адамдарға қарағанда мағыналы сезінеді екен. Яғни бала ата-ананың тұрмысын жеңілдетпегенімен, өміріне жаңа мән-мағына береді.
Бала саны бақытқа әсер ете ме?
Бір баланы тәрбиелеудің өзі ата-анадан көп уақыт пен күшті талап етеді. Ал отбасында бала саны артқан сайын жауапкершілік те, күнделікті шаруа да көбейетіні түсінікті. Бір жағынан, көпбалалы болу үйді күлкі мен қуанышқа бөлеп, ата-анаға өмірдің мәнін тереңірек түсіндіруі мүмкін. Екінші жағынан, үлкендерді әрқайсысының тәрбиесі, болашағы алаңдатады. Шығын көбейіп, ересектер өзіне уақыт таппайды. Балалардың тамағы, күтімі, сабағы, тәрбиесі деп ата-ана шаршаса да тынбайды. Үлкендер жағы «әр бала өз ырыс-несібесімен келеді» деп айтады. Олар жас отбасыларға «бала бір-біріне ілесіп өсіп кетеді, жас кезде перзенттердің санын арттырып алыңдар» деп кеңес беріп отырады. Ал ғалымдар бұл кеңеспен келіспейді. Олар кішкентай балалары бар отбасында тағы бір сәбидің дүниеге келуі ата-ананың көңіл-күйіне, өмірге ризашылығына кері әсер етуі мүмкін деген тұжырымға келген. Мұның себебі қарапайым. Жаңа туған нәресте мен үйелмелі-сүйелмелі өсіп келе жатқан кішкентай балаларды бағып-қағу оңай шаруа емес. Оған көп күш кетеді. Олар тіпті айтқанды да ұға қоймайды, тіліңді алмайды. Бірнеше кішкентай бала қатар өсіп жатқандықтан ең бірінші қиналатын ата-ана екені белгілі.

2026 жылғы жаңа зерттеу тағы бір қызық жайтты ашты. Зерттеушілер балаларының көп болуына қай жастағы ата-ана көбірек қуанады деген сауалға жауап іздеген. Баласы көп адамдардың өзін бақыттырақ сезінуі негізінен 60 жастан асқанда байқалады екен. Өйткені ол кезде перзенттерінің өзі етек-жеңін жинап, ата-анасына қолғабыс болып, қамқорлық танытады. Осы тұста ата-ана «қанша жылдық бейнетімнің зейнетін көріп жатырмын, жаман бала өсірмеппін» деп қуанса керек.
Қоса кетейік, зерттеуде тек қыздары бар ата-аналар өздерін кілең ұлы бар ата-аналарға қарағанда бақыттырақ сезінетіні анықталған. Әсіресе екі қызы бар отбасыларда бұл айырмашылық анық байқалған.
Ал жас ата-аналар неге көп балалы болуға асықпайды? Жас отбасы үшін көп балалы болу үлкен уайыммен қатар жүреді. Әсіресе әйелдердің міндеті артады. Қарасатын адам болған күннің өзінде бала бәрібір анасын іздеп тұрады. Оның үстіне бәрі бір-бірінен озып, бәсекелестік белең алған заманда өзін көштен қалғандай сезінетіні тағы бар. Балалардың «қатарынан қалдырмайын» деп тамағы, киімі, күтіміне бас қатырады. Ер адам «табысты қалай жеткіземін, қаржыны қалай еселеймін» деп ойы сан саққа жүгіреді. Бала емес, осы сары уайым-ақ ата-ананы шаршатады. Бір жақтан қымбатшылықта қыспаққа алатыны сөзсіз. Баспана, күнделікті ас-тағам, балалардың қажеті, киім-кешек, балабақша жас отбасыларды келесі перзентін сүюге асықтырмайды. «Аяққа тұрып алайық» деп бәрін кейінге ысырады.

Бала саны ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына әсер ете ме?
7 мыңнан астам адам қатысқан халықаралық зерттеу нәтижесі бойынша, бала саны көбейген сайын ерлі-зайыптылардың отбасылық өміріне көңіл толу деңгейі аздап төмендегені анықталған. Зерттеуге Қазақстан азаматтары да қатысқан. Бұл зерттеуде ер адамдарды бала санының көп болуы уайымға батыра бермейтіні белгілі болған. Ғалымдар көп балалы жас отбасыларға отбасылық шаруаны бірге атқаруға, шаршағанда жақындарынан көмек сұрауға кеңес береді.
Ескерту! Қазақ халқы қашанда баланы шаңырақтың шаттығы, әулеттің жалғасы, ұрпақтың берекесі деп білген. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп, әр перзенттің өз несібесі бар екеніне сенген. Дегенмен әр шаңырақтың жағдайы, әр ата-ананың мүмкіндігі мен өмір жолы әртүрлі. Бір отбасы көп баланың қызығын көріп, шаттыққа бөленсе, енді бірі аз баланы аялап өсіруден бақыт табады. Бұл мақалада көпбалалы болудың қадірін түсіріп немесе ата-ананың таңдауына баға беріп отырған жоқпыз.Мәселе баланың көптігінде немесе аздығында емес, әр перзентке мейірім мен лайықты тәрбие бере білуде. Үнемі уайымда жүретін, эмоциялық тұрғыда шаршаған ата-ана баласына да лайықты дәрежеде махаббатын көрсете алмауы мүмкін.

Психологтардың айтуынша, ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүріп, жеткілікті демалмаған адамның эмоциясын басқаруы қиындай түседі. Мұндай жағдайда ата-ана баланың қарапайым еркелігін, жылауын немесе айтқанды бірден орындамауын сабырмен қабылдай алмауы мүмкін. Өйткені адамның бойында жиналған шаршау мен мазасыздық ашушаңдығын арттып, балаға қол көтеруі немесе айқайға басуы ықтимал. Ал бала ата-анасының ішкі күйзелісін, күнделікті қиындықтарын толық түсіне бермейді. Балаға әкесі мен анасы мейірім күтетін ең жақын адамдары. Сондықтан үлкендердің жиі айқайлауы, ашуын баладан алуы немесе оның сезімін елемеуі баланың психологиялық жағдайына да кері әсер етеді. Психологияда ата-ананың эмоциялық қажуы деген ұғым бар. Бала тәрбиесіне байланысты ұзаққа созылған күйзеліс пен жауапкершіліктің салдарынан адам психологиялық тұрғыда әлсірейді. Мұндай кезде ата-ана баласын жақсы көргенімен, оған бұрынғыдай көңіл бөлуге, бірге ойнауға, әңгімесін тыңдауға күш таппай қалуы мүмкін. Сондықтан бала тәрбиесінде тек оның қажеттілігін өтеуге ғана емес, психологиялық саулығын сақтауға да күш жұмсау керек.

Балаға қымбат ойыншықтан көрі ата-анасының мейірімін көру артығырақ. Ал мұндай ортаны қалыптастыру үшін үлкендердің де жан тыныштығы, өзара түсіністігі мен бір-біріне қолдауы маңызды.
Бақытты ата-ана болу үшін не істеу керек?
Ата-ананың көңіл күйіне бала саны ғана әсер етпейді. Үйдегі тірлікті ерлі-зайыптылардың бірге атқаруы, бір-біріне демалуға мүмкіндік беруі, ал қажет кезде ата-әже мен туған-туыстың қол ұшын созуы да маңызды. Осындай қолдау бар жерде ата-ананың мойнындағы жүгі де жеңілдей түседі.
Балалардың жас айырмашылығы да ескеретін нәрсе. Бірнеше кішкентай бала қатар өссе, ата-ана физикалық және эмоциялық түрде шаршайды. Ал балалар есейген сайын олардың өз бетінше әрекет етуі көбейіп, ата-ананың күнделікті тірлігі біршама жеңілдейді.
Үнемі тек бала күтімімен айналысып, жеке қызығушылығы мен демалысын кейінге ысыра беру адамды тез қажытады. Кейде бірер сағат тынығып, достармен жүздесіп немесе сүйікті іспен айналысып көңіл күйді көтеріп алған жөн.
Отбасының табысы да ата-ананы ойландырмай қоймайды. Бала өскен сайын оған жұмсалатын қаржы көлемі де ұлғаяды.

Қорытындыласақ, отбасының бақыты бала санымен ғана өлшенбейді. Баланы тәрбиелеуге бөлінетін уақыт, отбасының материалдық жағдайы, ата-ананың денсаулығы, ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік пен жақындарының қолдауы да үлкен рөл атқарады. Көпбалалы болу бір шаңыраққа шаттық пен береке сыйласа, енді бір отбасыға үлкен жауапкершілік жүктеп, уайымын көбейтуі мүмкін. Дегенмен ұрпақтың көптігінен бұрын, оның көрегенді, саналы, тәрбиелі болып өскені маңызды. Шаңырақтың шын байлығы бала санымен емес, олардың бойына сіңірген тәлім-тәрбиесімен, адамгершілігімен, пайым-парасатымен өлшенеді.




