Әлемдегі ең улы минералдардың бірі ешқандай рецептсіз еркін сатылып жатыр. Бұл – кәдімгі темір. Қазір көп адам дәрумен мен ББҚ-ны дәрі сияқты іше береді. Әсіресе блогерлердің кеңесін тыңдап, D дәрумені, темір, магний мен Омега-3 алатындар артқан. Бірақ қоспаларды орынсыз пайдалану ағзаға зиянын тигізуі мүмкін. Мысалы, темірді мөлшерінен көп ішсеңіз, жүрегіңіз айнып, ішіңіз ауырып, құсып, тіпті улануыңыз мүмкін.
iHerb Қазақстанда танымал болғанымен, елде оның ресми өкілдігі жоқ. Көп өнім арнайы сертификат алмаған және жеке қолдануға арналған тауар ретінде ғана жеткізіледі.

Дегенмен мамандардың айтуынша, негізгі мәселе – адамдардың анализ тапсырмай, өз бетінше қоспа іше бастауы. ББҚ дәрінің орнын баспайды, ол тек ағзада жетіспейтін элементтерді толықтыру үшін қажет.
Талшын Артыққызы, нутрициолог:
«Блогерлердің көпшілігі заң бойынша құқығы болмаса да, ашық түрде диагноз қойып, түрлі қоспа ұсынып жүр. Ал адамдар интернеттен көрген нәрсесіне тез сенеді де, өзіне керек пе, жоқ па – соны анықтамай тұрып, іше береді. Әсіресе "маусымдық иммунитет" немесе "бала денсаулығы" сияқты тақырыптар алаңдап жүрген ата-аналарды тез қызықтырады».

Мұның себебін түсіну қиын емес. Бір жағында – мемлекеттік емхана: ұзын кезек, дәрігердің аз уақыты, түсініксіз рецепт және «мені ешкім тыңдамады» деген өкпе. Ал Instagram-дағы нутрициолог сіздің шаршағаныңызды, мазасыз күйіңіз бен шашыңыздың түскенін сағаттап айтуға бар. Ол сізге чек-лист, арнайы хаттама мен марафон ұсынып, бойыңызға жылу ұялатады. Кейде адам емханадан ала алмаған қамқорлықты сол жерден табады.
Мұнда ешқандай астыртын қастандық та, ашық алаяқтық та жоқ. Бұл – бос қалған орынды иеленген кәдімгі нарық. Wellness индустриясы мемлекеттік медицинаның ақсап тұрған тұсын жақсы меңгеріп алған: олар адамдарды тыңдау қажет екенін жақсы түсінеді. Тек сол «қамқорлықпен» бірге сегіз құтыдан тұратын «протокол» қоса сатылатыны өкінішті.
Талшын Артыққызы, нутрициолог:
«Жұрт кез келген дертке дауа болатын сиқырлы таблетка іздеп әлек. Мұндайда мен әуелі әр жағдайды жеке жіліктеп, анализ бен нақты ахуалға үңілемін. Қызық болғанда, кейбіреулер көз алдындағы талдау қорытындысына да сенбей, интернеттегі «протоколды» ішемін деп қасарысып тұрып алады. Ондайда мен мәселенің мән-жайын нақты дерекпен түсіндіруге тырысамын. Айталық, қалқанша безі жұмысы бұзылғанда, ағзаға ақуыз жетпегенде, ферритин төмендегенде шаш түсе бастауы мүмкін. Мұны стористегі құрғақ сөзбен емес, тек нақты цифрлармен дәлелдеуге болады».
Шын мәнінде, біздің ағзамызға не жетпейді?
Даудың басы – D дәрумені
Бұрын D дәруменін рахитке шалдыққан адамдарға ұсынатын. Ал жай ғана тапшы болса, адамға күн сәулесінде көбірек жүруге кеңес беретін. Қазір жағдай өзгерді. Көп адам үйде немесе кеңседе отырады, күн сәулесін аз көреді. Сондықтан қазір көбінде D дәрумені, магний тапшы. Тіпті мұның салдарынан қазір көп әйелде анемия бар.
Ал D дәруменінің иммунитетке, гормондарға, салмаққа және ағзадағы басқа да процестерге әсері бар. Бірақ мұны алға тартып, оны шамадан тыс іше беруге болмайды.
«Қазір нарықта бірден жоғары дозада берілетін екпелер де шыққан. Бірақ бұл дәруменді өз мөлшерінде ішпесе, бауыр мен өт қабынып, асқазан мен бүйректі зақымдауы мүмкін. Әсіресе D дәруменіне келгенде көбі қате жібереді: дәрігер 2000 МЕ жазып берсе, адамдар «көбірек ішсем, тез жазыламын» деп ойлап, өз бетінше 10 000 немесе 15 000 МЕ сатып алады. Кальций де солай: ол дұрыс сіңбесе, бүйрек пен өтте тас пайда болады», – дейді дәрігер.

Сондықтан D дәруменін дәрігер кеңесі мен қан талдауына сүйеніп қана қабылдаған дұрыс.
Омега-3 бәріне бірдей қажет пе?
Омега-3 – жүрекке, миға, буындарға және теріге пайдалы деп жиі айтылатын қоспалардың бірі. Ас мәзірімізде майлы балық аз болғандықтан, Омега-3 көбімізге ауадай қажет. Дегенмен бұл атаумен сатылатын өнімнің бәрі бірдей сапалы емес.
Талшын Артыққызы, нутрициолог:
«iHerb-тен тапсырыс бергенде мұқият болған дұрыс. Ең әуелі өнімде IFOS және GMP сертификаттарының бар-жоғын қараңыз. Бұл оның сапасын тексеруден өткенін көрсетеді. Кейін EPA мен DHA мөлшеріне назар аудару керек. Екеуінің жалпы мөлшері 500-1000 миллиграммнан төмен болса, пайдасы аз болуы мүмкін. Сапалы Омега әдетте арзан болмайды.Тағы бір маңызды нәрсе – оны майлы тамақпен бірге қабылдау керек. Сонда жақсырақ сіңеді. Бауырға салмақ түсірмеу үшін үш ай қабылдап, екі ай үзіліс жасаған дұрыс. Омега-3-ті Омега-6 және 9-бен араластырып ішпеген абзал, себебі жүрек-қан тамырларына зиян болуы мүмкін».
Магнийді қалай ішеміз?
Магнийді көбіне адам мазасызданғанда, ұйқысы қанбағанда, күйзелгенде, бұлшықеті құрысқанда ішуге кеңес береді. Алайда «магний» деген бір ғана зат емес, бұл – тұтас қосындылар тобы. Сәйкесінше, әр түрінің ағзаға әсері де әртүрлі.
Талшын Артыққызы, нутрициолог:
«Магний глицинаты ағзаға жеңіл сіңіп, оны тыныштандыруға көмектеседі. Магний малаты жүрек пен бұлшықет жұмысына пайдалы. Магний треонаты жүйке жүйесі мен есте сақтау қабілетіне әсер етеді, ал цитрат ішек жұмысына көмектеседі. Бірақ магний мен кальцийді бір уақытта ішуге болмайды. Бұл екеуі ағзаға сіңгенде бір-біріне кедергі келтіреді».

Дәруменге тәуелділік – уақыт дерті
Оған қоса қоспаларды басқа дәрі-дәрмекпен бірге ішсе, қауіпті болуы мүмкін. Кей адам бір уақытта жеті-сегіз түрлі қоспа ішеді де, мұны дәрігерге айтпайды. Бірақ мұндай кезде ағзада қалай өзгеріп жатқанын адамның өзі де байқамай қалуы мүмкін.
Бұл құбылыстың астарында маркетинг қана емес, одан да тереңірек мәселе жатыр. Қазір адамдарды денсаулығы, қартайып жатқаны және өз денесін бақылай алмай жатқанына қатысты ой жиі мазалайды. Ал ББҚ ішу психологиялық тұрғыдан «бәрін бақылап отырмын» деген алдамшы сезім сыйлайды. Айналадағы экологияны немесе бойындағы генді өзгерте алмаса да, магний ішіп «өзім үшін дұрыс іс жасадым» деп көңілін жұбатады. Негізгі қауіп – осы логиканың тәуелділікке айналып кететінінде.
Сонымен, қоспаларды, дәруменді қалай ішу керек?
Дәлелді медицина дәрумендерді мүлдем ішпеу керек демейді. Керісінше, оларды қажет кезде және дұрыс қабылдауды ұсынады.
Ең әуелі қан талдауын тапсырып, ферритин, D дәрумені және B12 деңгейін тексеріп алған дұрыс. Осылай ғана ағзаға нақты не жетіспейтінін түсінуге болады.
Одан кейін дәрігердің немесе маманның кеңесі қажет. Өйткені әр адамның өмір салты, тамақтануы және денсаулық жағдайы әртүрлі. Соған қарай ғана дұрыс шешім қабылдауға болады.
Талшын Артыққызы, нутрициолог:
«Анализ тапсырмай-ақ ішуге болатын санаулы қоспаның бірі – С дәрумені. Бұл – әйелдер үшін пайдалы антиоксидант, оған қоса иммунитетке, терінің саулығына және темірдің сіңуіне жақсы көмектеседі. Бірақ мөлшерін асырмау қажет. Қалған жағдайда бір ғана ереже бар: әуелі – анализ, содан кейін ғана – шешім. Дұрыс жолы – осы».




