Медиа●Қоғам●Коллекция жинағың келеді, бірақ неден бастарыңды білмейсің бе?

Коллекция жинағың келеді, бірақ неден бастарыңды білмейсің бе?

29 қазан 2026
5 мин
«И всё осветилось» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Кітаптар мен фильмдерге қарасақ, коллекция жинау тек байлардың ермегі сияқты көрінеді. Бірақ олай емес. Өзіңе ұнайтын заттарды жинау үшін көп ақша қажет етпейді. Бастысы – көрінгенді сатып ала бермей, өзіңе қызық дүниені таңдау. Неден бастау керек? Коллекция жинаудың қандай пайдасы бар? Адамдар неге бұған қызығады? Тіпті қолмен ұстауға болмайтын дүниелерді де жинауға бола ма? Бәрін осы мақалада түсіндіреміз.


Адамдар неге коллекция жинайды?


Біреулер коллекция жинауды түсініксіз әдет десе, енді бірі ақшаны босқа жұмсау деп ойлайды. Бірақ адамдар жайдан-жай зат жинамайды. Оның негізінде адамның қызығушылығы мен оған байланысты сезімдері жатыр.


Өзіңе ұнайтын іспен айналысу пайдалы. Әрине, ол заңға қайшы келмей, өзіңе де, өзгеге де зиян келтірмеуі керек. Лондон университеттік колледжі ғалымдарының зерттеуі де хоббидің пайдалы екенін айтады. Зерттеу 2023 жылы Nature Medicine журналында жарияланған. Ғалымдар ұзақ уақыт жүргізілген бес зерттеудің деректерін біріктірген. Оларға үш құрлықтағы 16 елден 65 жастан асқан 93 мыңнан астам адам қатысқан.


Зерттеуге жасы үлкен адамдардың қатысуы бекер емес. 65 жастан кейін кей адамдар өзін жалғыз сезінеді, денсаулығы сыр беріп, уайымы көбейеді. Зейнетке шыққан соң күнделікті тіршілігі де өзгереді. Сондықтан сүйікті іспен айналысудың пайдасы осы жаста анық байқалады. Бірақ хобби кез келген жаста пайдалы. Сүйікті ісіңмен айналысудың әсері әр жастағы адамдар арасында зерттелген.


Бұл зерттеудің ерекшелігі – оның ауқымы мен ұзақтығында. Ғалымдар көп адамның өмірін ұзақ уақыт бойы бақылаған. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, адам сүйікті ісімен айналыса бастағаннан кейін өзін жақсырақ сезінген. Бұл хоббидің көмегі болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ бұл жәй сәйкестік емес, адамның жағдайы тек соның арқасында жақсарды деп нақты айту қиын.


Зерттеуде хоббиі бар адамдар өздерін бақыттырақ сезінген, өмірі мен денсаулығына көбірек көңілі толған. Оларда депрессия белгілері де аз болған. Бұл әртүрлі елде тұратын, табысы әртүрлі адамдар арасында байқалған. Ғалымдар оларды бірнеше жыл бақылаған. Олар алдымен өзіне ұнайтын іспен айналыса бастаған, содан кейін көңіл күйі де жақсарған. Бұл хоббидің пайдасы болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ олардың жағдайы тек хоббидің арқасында өзгерді деп нақты айта алмаймыз.


Коллекция жинаудың да көңіл күйге пайдасы болуы мүмкін. Мысалы, оған беріліп кеткенде уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Бар назарың сүйікті ісіңде болып, күнделікті уайымнан бір сәтке алыстайсың.


Анықтама: Бір іске беріліп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалатын кездер болады. Психолог Михай Чиксентмихайи мұны «шабыт күйі» деп атаған. Зерттеулерге сүйенсек, мұндай күйді жиі сезінетін адамдар өміріне көбірек риза болады, өзіне деген сенімі тұрақтырақ болып, өмірдің мәнін тереңірек сезінеді.


Коллекцияға зат іздеу, оның қайдан шыққанын анықтау, тізімін жасау, қалай сақтау керегін ойластыру – осының бәрі адамды қызықтырып, бір іске толық берілуге көмектеседі. Әркімге әртүрлі нәрсе ұнайды. Бастысы – таңдаған ісің тым оңай болып жалықтырмасын, тым қиын болып қажытпасын. Өзіңе қызық әрі шамаң жететін іс болсын.


Екіншіден, коллекция жинағанда алдыңа шағын мақсаттар қоясың. Іздеген затыңды тапқан сайын қуанып, білімің де арта түседі. Өз ісіңді жақсырақ түсініп, өзіңе сенімді бола бастайсың. Кейде затты қолға түсіргеннен гөрі оны іздеудің өзі қызығырақ болады.


Үшіншіден, жаңа нәрсе үйренесің. Жинаған заттарыңның тарихын оқисың, айырмашылығын білесің, реттеп қоясың. Мұның бәрі есте сақтау мен зейінді жаттықтыруға көмектеседі.


Бастысы, өзіңмен қызығушылығы ортақ адамдарды табасың. Әңгімелесесің, білгеніңмен бөлісесің, зат алмасасың. Осылайша жаңа таныстар, тіпті достар пайда болуы мүмкін. Ал осы сияқты әлеуметтік байланыстар орнату - психикалық денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің басты кепілдерінің бірі.


Яғни коллекцияны ойланып жинасаң, ол жай ғана уақыт пен ақша жұмсайтын ермек емес. Көңіліңді тыныштандырып, қызықтыратын, жаңа нәрсеге баулып, өзгелермен араласуға мүмкіндік беретін таптырмас құрал.


Өзіңнің шағын әлемің


Коллекция – өзің құратын шағын әлем. Не жинайтыныңды, заттарды қалай реттеп, қайда сақтайтыныңды өзің шешесің. Бірте-бірте олардың тарихын біліп, бұл іске жақсы түсіне бастайсың. Өмірде бәрі біз қалағандай, біз ойлағандай бола бермейді. Ал коллекцияңды өз қалауыңша реттей аласың. Күнделікті уайымнан шаршағанда, сүйікті ісіңмен айналысып, миыңды тынықтырасың.


Бірақ кейде адам демалуға емес, мәселелерін ұмыту үшін зат жинай бастайды. Көңілін көтеру үшін қайта-қайта бірдеңе сатып алады. Қуанышы басылған соң, тағы жаңа зат алғысы келеді.


Коллекция жинау психологиясын зерттеген Вернер Мюнстербергер мұны былай түсіндірген: жаңа зат алған адам уайымы мен жалғыздығын уақытша ұмытады. Бірақ бұл сезім тез басылады да, тағы бірдеңе сатып алғысы келеді. Сөйтіп, коллекциясын тоқтаусыз толықтыра береді.


Дегенмен зерттеуші көбіне осы әуестікке шектен тыс берілген адамдардың өмірін қарастырған. Сондықтан коллекция жинағанның бәрі тәуелді болады деуге келмейді. Ол «Коллекция жинау: тізгінсіз құмарлық» атты кітабында осы әуестіктің түрлі қырын зерттеген.


Бастысы - шегін білу. Коллекция жинау демалуға, күш жинауға көмектессе – жақсы. Ал бар уақытыңды, ақшаңды алып, жақындарыңмен араласуға кедергі келтірсе, тоқтап ойланған жөн. Өзіңнің шағын әлемің күнделікті өміріңді толықтырсын, оның орнын баспасын.


Естеліктің де орны бар


Кей заттарды бағалы болғаны үшін емес, өміріміздің жылы сәттерінің естелігі болғаны үшін сақтаймыз. Концерт билеті, бала кездегі ойыншық немесе қазір тыңдай алмайтын ескі кассета. Оларға қарағанда өткен күндер есімізге түседі.


Бұрын өткенді сағынуды мұңаюмен, бүгінгі өмірден қашумен байланыстырған. Ал зерттеулер оның қиын кезде адамға демеу болуы мүмкін екенін көрсетеді. Жақсы сәттерді еске алу бүгінгі қиындықты жеңілдетуге көмектесуі мүмкін.


Естеліктер бұрынғы өзің мен қазіргі өзіңнің арасындағы байланысты да сездіреді. Өмірің өзгерсе де, сол сәттер сенің тарихыңның бір бөлігі болып қалады. Ал жинаған заттарың осыны есіңе салып тұрады. Айналаңда бәрі өзгеріп жатқанда, таныс дүниелер көңіліңе тыныштық сыйлауы мүмкін.


Бірақ өткенді еске алу тек қуаныш әкелмейді. Жақсы күндерді ойлап күлімсірейсің, сонымен бірге олардың өтіп кеткеніне мұңаясың. Сағыныштың ішінде қуаныш та, мұң да бар.


Коллекция жинауды неден бастау керек?

  • Өзіңе не қызық екенін анықта. Нені жинағың келеді? Несімен ұнайды? Әдемі болғаны үшін бе, тарихы қызық па, әлде сирек заттарды іздеген ұнай ма? Мүмкін, бәрін реттеп қойып, қарап отырғанды жақсы көретін шығарсың? Біреуге затты іздеу қызық, ал біреу оны коллекциясына қосқанда қуанады. Біреу зат іздегенді ұнатады, ал біреу дайын коллекциясына қарап сүйсінеді. Екеуі бірдей зат жинаса да, қызығушылығы әртүрлі. Бастысы – өзіңе ұнайтын істі таңдау. 

  • Бірдеңе сатып алмас бұрын, тақырыпты зертте. Бірден ақша жұмсауға асықпа. Бастапқыда ақшадан бұрын уақыт бөлген маңызды. Кітаптар мен каталогтарды қара, форумдарды оқы, коллекционерлердің топтарына қосыл. Аукциондарда ұқсас заттардың қаншаға сатылғанын біл. Бір апта ізденудің өзі көп нәрсені түсінуге көмектеседі: қай зат сирек кездеседі, жалған нұсқасын қалай байқауға болады, бағасы қанша болуы керек? Қымбат зат тым арзан сатылса, абай бол. «Жолым болды» деп бірден сатып алма. Неге арзан екенін, қайдан алынғанын, жағдайы қандай екенін сұра. Түсінбегеніңді сұраудан ұялма. Алдымен тексер, содан кейін шешім қабылда.

  • Бір бағытты таңда. «Монета жинаймын» деген тым жалпы. Оның орнына бір елдің, бір кезеңнің немесе бірдей номиналдағы монеталарын жинаудан баста. Сонда не іздейтініңді біліп, кез келген затқа ақша жұмсай бермейсің. Таңдаған бағытыңды жақсырақ түсініп, біліміңді де арттырасың. Кейін қаласаң, коллекцияңды кеңейте аласың.

  • Бірден қымбат зат алма. Алғашқы күннен ең жақсысын алғың келуі мүмкін. Бірақ тәжірибең аз кезде заттың өз бағасына сай екенін, түпнұсқа ма, әлде жалған ба – ажырату қиын. Сондықтан қымбат зат алып, қателесіп қалуың мүмкін. Алдымен бағасы қолжетімді заттардан баста. Таңдап, сатып алып, үйіңде реттеп қойғанның өзін сезініп көр. Шағын заттар да қуаныш сыйлайды әрі тәжірибе жинауға көмектеседі. Алдымен қарапайым, арзан заттардан баста. Кейін тәжірибең көбейіп, ақшаң жеткілікті болса, қымбатырақ заттарды да жинай аласың. Бастысы – бұл іс өзіңе ұнауы керек.

  • Қанша ақша жұмсайтыныңды алдын ала шеш. Коллекция қуаныш сыйлауы керек, қарыз бен уайымға себеп болмауы тиіс. Сондықтан айына немесе жылына қанша ақша бөле алатыныңды есептеп, сол сомадан аспа. «Келесі айда орнын толтырамын» деп артық жұмсама. Қарыз алма, күнделікті қажетіңе арналған ақшаға да тиіспе.

  • Қаласаң, кей шығынды азайтуға болады. Мысалы, кофені сырттан сатып алмай, үйде дайындап, үнемдеген ақшаңды коллекцияға жұмсай аласың. Бірақ жаңа хобби үшін негізгі қажетіңнен бас тартпа.

  • Заттарды сақтауға, қорғауға, қажет болса қалпына келтіруге де бөлек ақша қарастыр. Ақшаны жоспарлап жұмсасаң, сүйікті ісіңмен қиналмай, ұзақ айналыса аласың.

  • Заттарды қайда сақтайтыныңды алдын ала ойлаcтыр. Қанша қымбат болса да, дұрыс сақталмаған зат бүлінеді. Күн сәулесі, ылғал, шаң мен тым ыстық не суық ауа оған зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан коллекцияң көбеймей тұрып, әр затты қайда және қалай сақтау керегін біліп ал.


Әрі қарай не істейміз?


Не жинайтыныңды таңдадың, тақырыпты зерттедің, ақшаң мен сақтайтын орныңды жоспарладың. Алғашқы дайындық аяқталды. Енді келесі қадамға көшейік.

  • Заттың жағдайын және түпнұсқа екенін тексеруді үйрен. Марка, монета, винил пластинкасы немесе коллекциялық карточканың бағасы оның қаншалықты жақсы сақталғанына байланысты. Мінсіз сақталған зат пен аздап тозған заттың бағасында ондаған мың доллар айырмашылық болуы мүмкін. Сондықтан жинайтын заттарыңның сапасы қалай бағаланатынын, түпнұсқаны көшірмеден қалай ажыратуға болатынын біліп ал. Тәжірибең артқан сайын ұсақ сызаттар мен басқа да кемшіліктерді байқай бастайсың. Кей затты тексеруге арнайы құрал, мысалы, ультракүлгін шам қажет болуы мүмкін. Көбірек білген сайын дұрыс таңдау жасау да жеңілдей түседі.

  • Жинаған заттарыңның тізімін жаса. Кейде адам өзінде бар затты ұмытып, қайта сатып алады. Сондықтан не алғаныңды, қашан және қаншаға сатып алғаныңды жазып жүр. Заттың жағдайын, қайдан алынғанын, тарихын да белгілеп қой. Бағаларды бақылауға арналған қосымша болса, пайдалан. Ұқсас заттардың соңғы рет қаншаға сатылғанын қарап отыр. Сонда сатушы қанша мақтаса да, бағаның қаншалықты орынды екенін өзің бағалай аласың.

  • Қызығушылығы ортақ адамдармен аралас. Клубтарға, көрмелерге, ескі заттар базарына бар немесе интернеттегі топтарға қосыл. Басқа коллекционерлермен тапқан затыңды бөлісіп, ізденісің туралы сөйлесіп, тәжірибе алмасуға болады. Кез келген қызығушылыққа арналған орта табылады. Мысалы, Reddit-те сіріңке қорабын, кактус, ойын карталарын, тіпті ерекше кәріз қақпақтарының суреттерін жинайтындар бар. Адамдармен сөйлесуге қысылсаң, алдымен олардың жазбаларын оқып жүрсең де жеткілікті.

  • Асықпа. Бәрін бірден жинап алу мүмкін емес. Кейде ұзақ іздеген затыңды тапқанда ерекше қуанасың. Сабыр сақтасаң, жақсы затты қолайлы бағаға табуға да мүмкіндік болады. «Қазір алмасам, кейін таппай қаламын» деген оймен әр затты сатып ала берме. Кейде ұнатқан затыңды басқа біреу алып кетеді. Бұл да коллекция жинаудың бір бөлігі.

Зат жинамай-ақ коллекция жасауға бола ма?


Әрине! Барған елдерің мен қалаларыңды, шыққан тау шыңдарын, жүрген бағыттарыңды, көрген концерттеріңді тізіп, әсеріңді жазып жүрсең болады. Бір режиссердің барлық фильмін көру, бір автордың кітаптарын оқу немесе бір музыканттың барлық альбомын тыңдау да коллекцияға айналуы мүмкін. Көргенің мен естігенің туралы ойыңды белгілеп отыр. Қызық деректерді, ерекше пікірлердің скриншоттарын немесе тағам рецептерін де жинауға болады. Мұндай коллекция да қуаныш сыйлап, жаңа нәрсе үйренуге көмектеседі.


Қысқа-нұсқа қорытынды


Пиццаны қанша жақсы көрсең де, тек сонымен тамақтана алмайсың. Коллекция жинау да солай: ол өміріңдегі басқа маңызды істерге кедергі келтірмеуі керек. Әр жаңа зат қуаныш әкелсін, артық шығын мен уайымға себеп болмасын. Коллекция жинау демалуға, қиын кезде көңіліңді басқаға бұруға көмектесетін жақсы хобби болуы керек. Осы мақаладан соң оны неден бастауға болатынын білесің не бастауға тұрарлық себеп таптың деп ойлаймыз.

Бөлісу: