Автокөлікті көбіне көңіл-күйдің ырқымен сатып аламыз. Кейде түсі көзге түседі немесе бағасы қызықтырады, енді бірде моделі жақсы екен деп жатамыз. Сөйтіп жүріп жаңа темір тұлпардың иесі атанамыз. Арада бір-екі жыл өткенде бармақ тістеп өкініп қалатын кездер болады. Себебі көлік шаруаңызға жарамайды, оны әр жөндеген сайын қалтаңыздағы ақша судай кетеді, тіпті бұрын қандай апатқа ұшырағаны белгісіз бір «жұмбақ темір» болып шығады. Мұндай асығыс шешім миллиондаған теңгеге дейін шығынға батыруы мүмкін. Tamga Media автосарапшы Арсен Шакуовпен сөйлесіп, көп адам көлік сатып аларда жіберетін 10 қатені айтып берді.
1-қате. Көліктің не үшін керек екенін ойланбай алу
Сатып алушылардың ең жиі жіберетін әрі кейін қымбатқа түсетін қатесі – «Маған шынымен көлік керек пе? Ол қандай мәселені шешеді?» деген сұрақты өзіне қоймауы. Егер сіз қала сыртына сирек шықсаңыз, күнде бір бағытпен ғана жұмысқа барып-қайтсаңыз және кішкентай балаларыңыз болмаса, жеке көлік алудың қаншалық қажет екені жөнінде тағы бір ойланған дұрыс.
Қуанып көлік сатып алады, алғашында оны көп айдайды. Бірақ біраз уақыттан кейін оның аса қажет емес екенін түсінеді. Сөйтіп, көлігін қайта сатады немесе ол аулада айына бір-ақ рет қолданылатын зат болып қалады. Сондықтан әуелі өзіңізге: «Маған дәл қазір көлік шынымен керек пе?» деген сұраққа шынайы жауап беріп, оның қаншалық қажет екенін саралаңыз.
2-қате. «Неғұрлым арзан болса, соғұрлым тиімді» деп ойлау
Егер екінші реттік нарықтан қолданылған көлік алсаңыз, «арзан болса, тиімді» деп ойламаңыз. Төмен баға әрдайым жақсы таңдау дегенді білдірмейді. Әуелі көліктің қандай күйде екенін және оның сіздің қажетіңізге сай келетінін бағалау керек.
Көп адам арзан көлік алып, кейін оны жөндеуге көп ақша жұмсайды. Кейде сол кеткен қаржыға бірден жақсы күйдегі көлік сатып алуға болатын еді. Оның үстіне, арзан көлік аз айдалғанына, ауыр жол апатына түспегеніне немесе құжаттары дұрыс екеніне ешкім кепілдік бермейді. Тіпті шетелден өте арзанға әкелінген кейбір көлік ұрланған болып шығуы да мүмкін. Сондықтан тек бағаға емес, көліктің жағдайына, құжаттарына назар аударған дұрыс.
3-қате. Көлікті тарихына емес, «түріне» қарап таңдау
Бүгінде нарықта қытайлық брендтер қаптап кетті, сондықтан көліктің қай брендке жататынын және оның беделін зерттеп алған дұрыс. Кейбір қытайлық өндіруші еуропалық технологияларды пайдаланады, сондықтан олардың көліктері сенімдірек болуы мүмкін.
Әрине, машинаны сырт келбетіне қарап таңдау әрдайым қате деген сөз емес. Әдемі дизайны ұнағанымен, техникалық жағын да ескерген жөн. Қазіргі көліктердің ішкі техникалық құрылысы ұқсас, дегенмен өндірушілер дизайнын, салонын әртүрлі, ерекше етіп, жабдықтап, бір-бірімен бәсекелеседі.
Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз: көлікте электроника мен түрлі функциялар неғұрлым көп болса, оны күтіп ұстау мен жөндеу де соғұрлым қымбатқа түседі. Сондықтан жаңа әрі әдемі көлік таңдағанда, кейінгі шығындарын да алдын ала есептеген дұрыс.
4-қате. Көлікті кейін қайта тиімді етіп сатып жіберемін деп алу
Көлік аларда «кейін қаншаға сатамын?» деген ойды бірінші орынға қоюдың қажеті жоқ. Өйткені жаңа көлік салоннан шыққан сәттен бастап-ақ құнын (кейде 40%-ға дейін) жоғалта бастайды. Бұл кез келген брендке, тіпті қымбат көліктерге де қатысты.
Қай көліктің бағасы жақсы сақталатынын алдын ала дәл болжау мүмкін емес. Бәрі арзандайды, тек бірінің бағасы тезірек, енді бірінікі баяуырақ төмендейді. Кейбір жапон моделі бағасын сәл жақсырақ ұстап тұрады, бірақ бұл көбіне брендтің мықтылығынан емес, нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Мысалы, белгілі бір модельдің өндірісі тоқтап, жаңасы сатылмаса, оның қолданылған нұсқаларының бағасы жоғарырақ сақталуы мүмкін.
5-қате. Толық тексерудің орнына сатушының сөзіне, түріне сену
Қазір сатушының сөзіне сене салатындар аз. Көбіне сатып алушылар таныстарына немесе ақылы автоэлектриктер мен мамандарға тексертіп, алып жүр. Шанақты, соққы іздерін, астын көтеріп қарауға болады, бірақ оның өзі 100% кепілдік бермейді. Сатушылар көптеген ақауды жасырып қояды, ал оның бәрі көлікті сатып алған соң ғана шыға бастайды. Моторы мен коробкасын дәл тексеру мүмкін де емес. Тексергенде ешқандай артық дыбыс шықпағанымен, біраз айдаған соң сыр беруі әбден мүмкін.
Сондықтан ең сенімді жол – ресми дилерден зауыттық кепілі бар су жаңа көлік алу. Бұл қымбаттау, бірақ тәуекелсіз жалғыз тәсіл. Ал егер қолданылған көлікті таңдасаңыз, оны күтіп-ұстау мен жөндеуге кететін ақшаны есептеп, жинап қойған жөн. Ең бастысы, сатушының «су жаңа, мінсіз» деген сөзіне илана бермей, өзіңіз мұқият тексеріңіз.
6-қате. Көліктің кейінгі шығынын есепке алмау
Ең жиі жіберетін қатенің бірі – көліктің бағасын ғана есептеп, оны қолдануға кететін ақшаны ойламау. Мысалы, Еуропаның кейбір елінде адамдар көліктің құнынан бөлек утилизация алымын, салықты, тұрақ пен сақтандыруды бірден есептейді. Онда көлікті толық күтіп-ұстау жылына бірнеше мың еуроға айналуы мүмкін.
Ал бізде көбіне бір реттік төлеммен шектеледі. Машинаның өзін сатып алады да, кейінгі жанармай, сақтандыру, салық, бөлшектер мен жөндеу шығындарын алдын ала есептей бермейді. Шын мәнінде, көлікті алар сәттегі емес, оны айдағанда пайда болатын осы шығындарды басты назарда ұстау керек.
7-қате. «Болашақта керек болар» деп көлік алу
Көлікті «ертең керек болып қалар» деп сатып алу тиімді шешім емес. Дұрысы, дәл бүгінгі қажетіңізге қарау. Отбасыңыз үлкен болса, сыйымды минивэн, ал шаруаңыз басқа болса, соған сай келетін модельді таңдаған жөн.
Бір-екі жылдан кейін жағдайыңыз өзгерсе, машинаны сатып, жаңа мақсатыңызға сай басқасын алуға болады. Бұл – әбден қалыптасқан тәжірибе. Қазір көбі көлікті бөліп төлеуге немесе несиеге алады, бұл көлікті кейін үлкен шығынсыз ауыстыруға мүмкіндік береді. Қазір нарықта кішкентай қалалық машиналардан бастап отбасылық минивэндерге, тіпті пикаптарға дейін неше түрлі нұсқа бар. Ең бастысы, бос қиялға берілмей, нақты шаруаңызға қарай таңдау жасау.
8-қате. Келісімнің заңды жасалып жатқанына үстірт қарау
Сатып алу-сату шартын жасамай тұрып, мейлі қолдан алсаңыз да, банк арқылы рәсімдесеңіз де, көліктің кепілде немесе іздеуде тұрмағанына, өзге де шектеулері жоғына көз жеткізіп алу керек. Қазір мұны оңай істеуге болады: банктер мен арнайы сервистер мәміле кезінде мұндай мәліметтерді автомат түрде тексереді.
Дегенмен техникалық құжатта көрсетілген иелерінің санына және ресми келісімдерге басты назар аудару керек. Мысалы, ерлі-зайыптының ортақ мүлкі болса, жұбайының сатуға берген ресми келісімі талап етіледі. Осының бәрін алдын ала анықтап алсаңыз, кейін күтпеген шығындарға батып кетпейсіз.

9-қате. Тым қатты саудаласу
Көлік аларда бағаны төмендетуге тырысу шешуші фактор емес. Көлік көңіліңізден шығып, алуға шешім қабылдасаңыз, шамалы ақша үшін ұзақ саудаласудың мәні шамалы. Өмірде принципіне сүйеніп, тиын-тебен саудаласамын деп сәтті нұсқадан айырылып калған жағдайлар аздап та болса кездеседі. Бағаны қанша түсіргеніне емес, машинаның жалпы жағдайы мен келісімнің шарттарына көбірек мән берген жөн.
10-қате. Керегі болмаса да, абырой үшін қымбат көлікке ұмтылу
Көптеген сатып алушы өзі ғана айдаса да, үлкен, сәнді әрі қымбат көлік алуға тырысады. Ал негізінде бұл міндетті шағын әрі арзанырақ көлік те дөңгелетіп әкетер еді. Бұл жерде нақты қажет нәрсе мен елге әсер қалдыру қалауын ажырата білген абзал.





