ДенсаулықПсихологияКөктемде дерт не үшін асқынады?

Көктемде дерт не үшін асқынады?

3 сәуір 2026
7 мин
Весеннее обострение: оно существует?
Фото: Tamga Media / ЖИ

«Көктемгі асқыну» (весеннее обострение) деген ғылыми термин жоқ. Бұл – адамдардың басындағы психикалық және эмоциялық өзгерістерді сипаттау үшін қолданылатын халық арасындағы танымал тіркес қана. Әдетте мұндай толқу көктем мен күзде, яғни мезгіл ауысқан кезде қатты байқалады. Осы құбылыс жайлы біз психотерапевт, психолог және сексолог Юлия Исаевамен сөйлестік. 


Халық арасындағы аңыз


XIX ғасырдың соңында және XX ғасырдың басында психиатрлар көктемде психикалық мәселелері бар науқастардың жағдайы нашарлайтынын байқаған. Еуропа мен Ресей империясының емханалары статистика жүргізіп, көктемде ауруханаға түсетіндердің саны артатынын анықтаған. Сол кезде бұл құбылысты «маусымдық асқыну» деп атаған.


Ал «көктемгі асқыну» деген фраза әуелі ауызекі тілде пайда болып, кейін БАҚ-қа тарап кетті. Ғылыми ортада басқа терминдер қолданылады: «симптомдардың маусымы» немесе «аффектив күйлер».


Юлия Исаева:

«Мұндай термин жоқ болса да, сол айтылып жүрген «көктемгі асқынуды» әр адам әртүрлі деңгейде сезінеді. Шизофрения, биполяр бұзылыс және тағы басқа диагнозы бар адамдар симптомдары күшейгенін анық байқайды. Ал психикасы немесе жүйке жүйесі әлсіздеу адамдар да апатияны, ұйқысы қанбайтынын сезеді немесе көңілі құлазып жүруі мүмкін. Эмоциялық күйі тұрақты жандар ештеңе байқамайды десе де болады. Соған қарамастан мезгілдің ауысқаны – ағза үшін үлкен стресс.Көктем мен күздегі өтпелі кезеңде адам ағзасында гормондар мен көңіл күйі өзгереді».


Кім кінәлі?


Маусымаралық кезеңде ағза қайта құрылады. Күн ұзарады, температура өзгереді, сонымен бірге адамның ағзасындағы гормондар да құбылады. Осының бәрі қосылып, жүйке жүйесі мен психикаға әсер етеді.


Көктемде күн көзі көбейеді, демек мелатонин (ұйқы гормоны) бірден азаяды. Сонымен қатар серотонин деңгейі көтеріледі. Бір қарағанда жаман емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ гормондардың күрт жоғарылағанда эмоциялық күйімізді теңселтіп жібереді. Ал күзде күн көзі азайып, мелатонин көбейеді, серотонин азаяды.


Сонымен қатар көктемде қыс бойы болған витамин тапшылығының бәрі алдымыздан шығады. Ішіп-жегеніміз қанша жерден дұрыс болса да, қыста бәрібір витамин аз аламыз, аз қозғаламыз және «энергия үнемдеу» режимінде өмір сүреміз. Көктемге қарай ағза қажып бітеді. Сыртта тіршілік жанданып жатқанда, іштей мазасыздық пен апатия күшеюі мүмкін, ал кейбірінде керісінше – мания мен гипомания (шамадан тыс белсенділік) оянады.


Юлия Исаева:

«Мүның бәрі біздің биологиялық сағатымыздың өзгергенінен болады. Мелатонин мен серотонин ғана емес, кортизол да өзгереді. Бүйрек үсті бездері белсенді болады да, дофамин жүйесі зардап шегеді. Егер ағзаны витаминдермен қолдамаса, иммун жүйесі де әлсірейді. Яғни, тек сыртқы факторлар емес, ішкі жағдайлар да маңызды. Егер осы кезеңде адам қатты күйзеліп, өзіне қарамаса, жүйкесі шаршап, тіпті депрессияға түсуі мүмкін».


Қалай білуге болады?


Көктемгі асқыну – іште барын сыртқа шығару немесе күшейту. Егер адамда бәрі тұрақты әрі жақсы болса, ол энергияның сәл ғана көтерілгенін сезініп, одан әріге бармайды. Ал ұйқысы бұзылса, мазасызданып жүрсе және жалпы психикасы тұрақсыз болса, онда бұл нағыз қоздырғыш кезең (катализатор) болады.

Көктемгі асқынуды мына белгілерден тануға болады: көңіл-күйдің кілт өзгеруі, жиі ашулану мен мазасыз болу, әлсіздік немесе керісінше тым белсенді болу, ұйқының бұзылуы және «бірдеңе дұрыс емес, бірақ не екені түсініксіз» деген сезім.


Юлия Исаева:

«Ешкім күні бойы бір қалыпты күйде жүрмейді. Көңіл-күйіміз үнемі өзгеріп отырады. Бірақ күннің көп бөлігінде еңсеңіз түсіп жүрсе, ал бұрын қуаныш сыйлаған нәрселер енді қуантпаса, бұл сол «көктемгі асқынудың» белгісі болуы мүмкін. Кейде салмақ тастайды немесе қосып алады, бәріне көңілі толмай жүреді немесе жиі ашулана бастайды. Сондай-ақ ұйқы мәселесі (ұйқысыздық немесе тым көп ұйықтау), өте баяу немесе тым жоғары белсенді болу те симптомдарға жатады. Қысқасы, сіз не мүлдем марғау, не тым белсенді боласыз – бұл бір күйдің екі шеті. Бұл белгілер депрессияны да білдіруі мүмкін, сондықтан өз сезімдеріңізді бақылау керек. Егер сіз осындай «шамадан тыс» күйде бір-екі айдан артық жүрсеңіз, маманға көрінген дұрыс».


Өзіңізге қалай көмектесуге болады?


Көктемгі асқыну диагноз емес, бұл – ағзаның қайта құрылу процесі. Мұнда денемен де, санамен де, айналамен де кешенді жұмыс істеу керек.

Ең басты кеңес – ұйқы мен күн тәртібін реттеу. 7-9 сағат ұйықтау керек, ал таңертең биологиялық сағатымызды табиғатпен теңестіру үшін аздап (кем дегенде 15-30 минут) серуендеген жөн. Сонымен қатар ас мәзірін жеміс-жидек пен көкөніске байытып, спорттың бір түрімен айналысу қажет. Таңертеңгі жеңіл жаттығу, йога немесе жаяу жүру де жеткілікті.

Дүйсенбіден бастап өміріңізді түбегейлі өзгертуге тырыспаңыз. Бұдан тек мазасызданып кетесіз. Одан да жұмыс пен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтап, кішкентай әрі оңай мақсаттар қойыңыз. Табиғатқа жиі шығып, өзіңізге жағымды адамдармен араласыңыз.


Юлия Исаева:

«Ең маңыздысы – бойыңыздағы психологиялық өзгерістерді байқау. Мұны мойындау – табыстың 50%-ы. Бұл қорқынышты емес, бәріміз бейімделу кезеңінен өтеміз, бастысы өзіңізді елеусіз қалдырмаңыз. Толықтай жоққа шығару жағдайды ушықтырып, кейін өз бетіңізше шыға алмай қалуыңыз мүмкін. Дене белсенділігі мен тыныс алу жаттығулары жақсы көмектеседі. Даостық тыныс алу жаттығуларына назар аударыңыз – бір аптадан соң мазасыздық деңгейі айтарлықтай төмендейді. Бос уақытыңызды рахаттанып өткізуге тырысыңыз – жақсы кітаптар оқыңыз, фильмдер көріңіз. Тіпті жақындарыңызбен өткізген уақыттың өзі шипа бола алады. Егер ештеңе көмектеспесе, дәрі-дәрмек жазып бере алатын психиатрға барған абзал. Дәрілерді, тіпті достарыңызға көмектескен БАД-тарды да өз бетіңізше ішуге кеңес бермеймін. Біздің жүйке жүйеміз әртүрлі, сондықтан бір дәріге әркімнің ағзасы әрқалай жауап беруі мүмкін. Сондықтан бақылап, қажет болса емді түзеп отыратын маман керек».

Бөлісу:

Көктемде дерт не үшін асқынады? — Tamga media