ДенсаулықБиохакингКофеден матчаға: неге адамдар жасыл сусынға ауысып жатыр?

Кофеден матчаға: неге адамдар жасыл сусынға ауысып жатыр?

25 сәуір 2026
5 мин
От кофе к матча: почему люди переходят переходят на сторону зеленых?
Instagram: @the.matchaclub

Кофеиннен кейін мазасыздану, қолдың дірілдеуі, жүректің қатты соғуы – кей кофе сүйер қауымның үйреншікті күйі. Десе де әлемдік нарық кофенің «агрессивті» энергиясынан шаршап бастағандай: кофенің өсімі 1-2% ғана болса, матча нарығы жылына 11%-ға дейін қарқын алып келеді. Бұл жай ғана тренд емес, бұл – «жасыл энергияға» көшу. Tamga Media неге тұтынушылар кофені «жасыл терапияға», яғни матчаға алмастырып жатқанын зерттеді.


Матча деген не? 


Матча – арнайы технологиямен көлеңкеде өсіріліп, кейін тас диірменімен ұнтақталған жасыл шай. Кәдімгі шайдан айырмашылығы – оның тұнбасын ғана ішіп қоймайсыз, шай жапырағының өзін, яғни ұнтағын суға араластырып ішесіз. 


Матча Жапониядан емес, Қытайдан бастау алған 


Көпшілік матчаны таза жапондық өнім деп санағанымен, оның түп тамыры VII ғасырдағы Қытайдың Тан әулетінен бастау алады. Ол кезде саудаға ыңғайлы болсын деп шай жапырағын буға пісіріп, тығыздап, кірпіш пішініне келтіріп тасымалдаған. Сол кірпіштен бір үзік сындырып алып, ұнтақтап, ыстық суға араластырып ішкен. Бұл сол кезде монахтардың сағаттап отырып ішетін сұйық медитациясына айналған. Алайда бұл дәстүр Моңғол шапқыншылығы мен мәдени өзгерістерден кейін біртіндеп ұмытылды. 


Кейін матчаның екінші тынысы Жапонияда ашылды. XII ғасырда дзэн-буддизмді зерттеген жапон монахы Эйсай осы шай ішу дәстүрін Жапонияға алып келді. Уақыт өте бұл тәжірибе Жапонияда терең тамыр жайып, шай ішу тек күнделікті әдет емес, рухани және эстетикалық ритуалға айналады. Осылай, матчa жапон мәдениетінің бір симоволына айналды. 



«Энергия емес, фокус сусыны»


Матча құрамында кофеин де, L-теанин аминқышқылы да бар. Зерттеулерге сәйкес, кофеин зейінді ашады, кейде агрессивті стимулятор ретінде жүйке жүйесін бірден қоздырып, артынша адам мазасызданып кетуі мүмкін. L-теанин аминқышқылы бұл процесті теңестіреді. Кофеде кофеин көп болғандықтан тез энергия беріп, тез «өшіп» қалады. Ал матчада кофеин аз болса да, зейін ұзаққа жетеді, себебі ол бірден емес, біртіндеп бөлінеді. Ғалымдар осы себепті матчаны «энергия емес, фокус сусыны» деп сипаттайды. 2024 жылы жарияланған зерттеуде матчаны тұрақты әрі ұзақ тұтынатын адамның зейін көрсеткіштері жақсаруы мүмкін екені анықталған. 


Матча антиоксиданттарға бай. Зерттеулер бойынша, бір кесе матчадағы пайдалы антиоксиданттардың мөлшері 10 кесе қарапайым көк шайға тең. 


Сусын жүрек қан-тамыр жүйесіне оң әсер етеді. Harvard Health дерегінше, қан қысымын және холестерин деңгейін төмендетуге көмектесуі мүмкін. 


«Кофеден кейінгі мазасыздықтан шаршадым»


27 жастағы IT саласында жұмыс істейтін Диана кейінгі үш жылда кофені толық матчaға ауыстырған:

«Кеңсеге алғаш жұмысқа тұрғанда ондағының бәрі кофе ішетін. Кейін олармен қосылып кофе ішуді әдетке айналдырдым, бірақ маған кофе ішкеннен кейінгі әсер мүлде ұнамайтын. Бірден энергиям тасып, жүрегім тарсылдап, ішімде алай-дүлей сезім болатын. Кейін матча туралы зерттеп, пайдасы туралы білдім. Мен сияқты сезімтал және уайымшыл адамға таптырмас сусын екенін ұқтым, бірақ оның дәмі алғашында ұнамайтын, тек «денсаулыққа пайдалырақ» деп іше бердім. Біраз уақыттан соң оң әсерін сезген соң және кофеден кейінгі мазасыздықтан шаршаған соң матчаға толық ауыстым. Матчадан кейін ұзаққа жететін энергия аламын, ішімде бұрынғыдай алай-дүлей болмайды. Қазір кофе мүлдем ішпейтін болдым».


«Матчаға қатыстының бәрін жақсы көремін»


30 жастағы дизайнер Әлішер матча қосылған тағамның бәрін ұнатады:

«Дизайнер болған соң визуалға қатты мән беремін, сондықтан матчаны басында эстетикасына қызығып ішіп бастадым. Қазір матчаны жақсы көріп кеткенім соншалық, оған қатыстының бәрін жақсы көремін, тіпті кофеханаларға барғанда матчамен қатар матча қосылған десерт аламын. Оны ішкенде тек эстетикалық ләззат қана алмаймын, бұл маған демалыс сезімін сыйлайтын ритуал. Үйде Жапониядан алдырған матчамды дайындауға біраз уақыт арнаймын. Бәрін асықпай істеуге тырысамын, бұл күнімді тыныш және еш уайымсыз бастауға көмектеседі. Бұл медитация миымды тыныштандырады. Ендігі арманым Жапонияға барып матча ішу».


«Матчаны баланс үшін ішемін»


27 жастағы фрилансер Арайлым кофемен қатар матчаны да жақсы көреді: 

«Кофені жақсы көремін, көп ішіп кетсем өзімді жаман сезінемін, сондықтан денемді баланста ұстап тұру үшін демалыста немесе кофеден шаршаған кезде матча ішемін. Алматыда кофе мәдениеті қалыптасқандықтан жақсы кофе табу оңай, ал матча мәдениеті әлі ақсаңдап тұр. Көп жерде сапасыз, ащы ұнтақты пайдаланады немесе дұрыс араластырмайды. Сондықтан тек матча ішетіндей онша мүмкіндік жоқ, әйтпесе матчаны көбірек ішер едім».


Матча дайындауға арналған нұсқаулық


Егер сіз де кофені балама сусынға ауыстыруды ұйғарсаңыз немесе матча ішуді әдетке айналдырғыңыз келсе мына қарапайым нұсқаулықты ұсынамыз.


1. Дұрыс түрін таңдаңыз.
Матчаның бәрі бірдей емес. Оның негізгі екі түрі бар:


Ceremonial grade (салтанатты): Тек су қосып ішуге арналған. Дәмі жұмсақ, түсі – қанық неон-жасыл.


Culinary grade (аспаздық): Латте, смузи немесе десерттерге арналған. Дәмі ащылау, түсі – күңгірт.


Осы екеуінің өзіңізге керегін таңдап алыңыз. Бірақ сарғыш немесе қоңырқай түсті матча алмаңыз, өйткені ол сапасыз немесе ескі болуы мүмкін.


2. Минималды жинақ сатып алыңыз. Толық жапондық рәсім жасау міндетті емес. Сол үшін бастапқыда мына заттар жеткілікті:

  • Матча ұнтағы және ыстық су (70–80°C);

  • Үлкен кесе;

  • Chasen (бамбук бұлғауыш) немесе кәдімгі сүт көпірткіш (капучинатор).


3. Дайындау техникасын үйреніп алыңыз («Зигзаг» әдісі). Бір шай қасық матчаны түйіршіктер болмауы үшін електен өткізіңіз. Үстіне 70-80 миллилитр ыстық су құйыңыз. Сосын бамбук бұлғауышпен «Зигзаг» әдісі арқылы жылдам шайқаңыз. Үстінде тығыз көбік пайда болғанда сусыныңыз дайын.


4. Эксперимент жасаудан қорықпаңыз. Өзіңізге ұнайтын дәмді іздеңіз. Матчаның өз дәміне үйрену үшін уақыт керек. Сол үшін мына сусындарды дайындап көріңіз: 

  • Матча-латте;

  • Айс-матча;

  • Құлпынай немесе көкжидек қосылған матча.


5. Таңертең немесе түске дейін ішіңіз. Аш қарынға ішпеген жөн. Күніне бір-екі кесе ішсеңіз, жеткілікті. Одан көп ішсеңіз, зияны болуы мүмкін.


Нағыз матчаны қайдан ішуге болады?


Егер матчаны үйде дайындамай бірінші басқа жерден татып көргіңіз келсе, біздің матча-сүйер спикерлер айтқан дәмді матча жасайтын жерлерді ұсынамыз. 


Алматы:


Астана: 


Матча бірден ұнап қалатын сусын емес, бұл – біртіндеп қалыптасатын талғам. Ең бастысы – өзіңізге ұнайтын дәм мен қарқынды табу. Матча бір жағынан пайдалы сусын, бір жағынан ритуал және медитация. Ол кофені «жеңді» деу әлі ерте, бірақ адамдардың энергияға көзқарасын өзгертіп жатқаны анық.

Бөлісу: