Медиа●Қоғам●Қытайдан тауар алу: маркетплейстер бойынша нұсқаулық

Қытайдан тауар алу: маркетплейстер бойынша нұсқаулық

15 шілде 2026
7 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

2024 жылғы қорытынды бойынша, еліміздегі интернет-дүкендердің ақша айналымы былтырмен салыстырғанда 29,5% өсіп, 3,16 триллион теңгеге (шамамен $6,2 миллиард) жетті. 2026 жылдың басында бұл сома 3,2 триллион теңгеден асып кетті.

Жалпы саудадағы онлайн сауданың үлесі 2015 жылы 0,8% болса, қазір – 14,1%. Осындай қарқынның арқасында Қазақстан Канаданы артқа тастап, интернет арқылы тауар сатып алу көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кірді.


Бөлшек сауда және өз бетінше сатып алу


Бұл платформаларды кез келген Қазақстан азаматы қолдана алады. Тауар сатып алу үшін делдал, арнайы білім немесе Қытайдың банк есепшоты керек емес. Картаңыз арқылы төлем жасап, тауарды бірден үйіңізге немесе арнайы бөлімшелерге алдыра бересіз.


AliExpress


Alibaba холдингінің шетелдегі сатып алушылары үшін арнайы ашқан интернет дүкені. Бұл – Қазақстан нарығына 10 жылдан астам уақыт бұрын келген бірінші Қытай платформасы. Ұзақ уақыт бойы Қазақстанда Қытай платформаларының ішінде AliExpress бәрінің алды болды. Ал «Қазпошта» осы уақыт аралығында тауарды соңғы нүктеге дейін жеткізіп беретін негізгі серіктесіне айналды.


Қытайдан еш қиындықсыз тауар алдырғысы келетіндерге, әсіресе бірінші рет сауда жасайтындар үшін өте ыңғайлы: интерфейсі түсінікті, түрлі тіл бар, сондай-ақ сатып алушының құқығын да қорғайды. Содан болар, мұнда қателесу мүмкін емес.

Не сатады?


Өзіңізге қажет кез келген зат табасыз: электроника, киім-кешек, аяқ киім, үйге арналған бұйымдар, құрал-сайман, косметика, балаларға арналған тауарлар мен автобөлшектер. Басқа интернет дүкендерімен салыстырсақ, AliExpress-те тауардың түр-түрі бар..

Артықшылығы:

  • Интерфейсі өте түсінікті әрі сұрақ туындаса, қолдау қызметі бар.

  • Сатып алушы құқығын қорғайды: тауарды қолыңызға алғанша, ақшаны сатушыға аудармайды.

  • Қазақстанда өзіміз қолданатын кез келген Visa немесе Mastercard картасы арқылы тікелей төлей аласыз.

  • Түрлі акция, купон, кешбэк пен үлкен жеңілдік бар (мысалы, 11.11, 12.12 сияқты).

  • Қазақстанға жеткізіп береді, сонымен қатар тауардың қай жерде келе жатқанын картадан көріп отырасыз.

  • Әр заттың астында сатып алған адамдар салған сурет, видео мен пікір өте көп.

Кемшілігі

  • Жеткізу мерзімі ұзақ: қай тәсілмен келетініне қарай орта есеппен 15 күннен бастап, 45 күнге дейін күтесіз.

  • Кейде суретте әдемі болып көрінген зат шынайы өмірде басқаша болуы мүмкін.

  • Тауар ұнамай, ақшаны кері қайтарғыңыз келсе, бұл шаруа біраз уақыт алуы мүмкін.

  • Бағасы Қытайдың өз ішіндегі дүкендермен салыстырғанда қымбатырақ.

Temu


Дүкенді 2022 жылы Pinduoduo-ның иесі, Қытайдың PDD Holdings компаниясы іске қосты. 2024 жылғы наурызда Temu Қазақстан нарығына кіріп, көп сұранысқа ие болды: бұны Google-дағы іздеу статистикасы дәлелдейді. Оған қоса тауар таситын компаниялар мен сатып алушылардың өздері де бірден байқады. 2024 жылдың аяғында Қазақстандағы тұтынушылар App Store-дан Temu-ды өте көп жүктеп алды. Мұнда тауарлар ешқандай делдалсыз, тікелей Қытайдың зауыттарынан шығады, содан болар өте арзан. Үйге қажет ұсақ-түйектерді, күнделікті қолданатын заттарды, тіпті қарапайым киімдерді де таба аласыз. Тек тәуекел етуіңіз керек.


Не сатады?


AliExpress-тегі сияқты барлық зат бар. Әсіресе үйге арналған ұсақ-түйек заттар, киімдер мен аксессуар көп.

Артықшылығы

  • Өте арзан тұрады, тіпті кейде AliExpress-тен төмен.

  • Қосымшасы ыңғайлы, ішінде түрлі тіл бар.

  • Акция көп болады: жаңа қолданушыларға сыйлық береді, достарыңызды шақырсаңыз жеңілдік жасайды.

  • Қазақстанның банк картасы арқылы төлей аласыз.

  • Тауарды Қазақстанға тіке жеткізеді. Тек Қазпошта емес, Jana Post, Tezber, YM Trans, Kimigo, ILine сияқты бірнеше серіктесі бар. Қазір тіпті үйіңізге дейін әкеліп береді. 

Кемшілігі

  • Тауар сапасын алдын ала біле алмайсыз: сипаттамасында матаның құрамы, нақты өлшемі мен салмағы жиі жазылмайды.

  • Ұнамаған затты кері қайтару өте қиын әрі қымбат: тауарды Қытайға өзіңіз жіберуіңіз керек.

  • Temu Қазақстанда ресми тіркелмеген және өкілдігі жоқ, сондықтан заң бойынша құқығыңызды қорғау қиын.

  • Instagram, TikTok желілерінде жарнамасы тым көп.

  • 2024 жылы Еуропалық ойыншықтар қауымдастығы Temu-дағы балалар ойыншығының 95%-ы қауіпті екенін анықтаған.

Shein


Киім-кешек, аяқ киім мен аксессуарлар сататын Қытай дүкені. Әсіресе 30 жасқа дейінгі жастар арасында өте танымал. Тауарды ешқандай делдалсыз, зауыттардан алады және күн сайын мыңдаған жаңа киім қосып, үнемі жаңартып отырады. Егер бір маусымға сәнді әрі қымбат емес киім іздесеңіз, осы жерден табасыз.

Не сатады?


Киім, аяқкиім, аксессуарлар, сөмкелер, шомылуға аралған киімдер мен іш киімдер. Сондай-ақ үй заттарының да шағын бөлімі бар.

Артықшылығы

  • Киімнің түрі де, үлгісі де өте көп (онлайдағы ең көп киім түрлері осында).

  • Арзан әрі үнемі жеңілдік болады.

  • Қосымшасы ыңғайлы: өлшемдері анық жазылған, сатып алған адамдардың шынайы суреттері мен видеолары бар.

  • Карта арқылы төлеп, Қазақстанға алдыра аласыз.

Кемшілігі

  • Матасы мен тігісінің сапасы кейде нашар болады.

  • Өлшемдері Еуропа стандартына келмейді, сондықтан шатасуыңыз мүмкін.

  • Елімізде ресми өкілдігі жоқ, сол себепті ұнамаған затты кері қайтару қиын.

  • Компанияның экология мен жұмысшылар құқығы бойынша беделі төмен.

Көтерме сауда және B2B


Мұнда негізінен кәсіпкерлер сауда жасайды. Өз бетіңізше қосымшаны қолдану қиынырақ. Өйткені кейбір дүкен тек қытай тілінде істейді, тек Қытай карталарын қабылдайды және сауда жасау үшін міндетті түрде делдал керек.


Alibaba


Бұл – Alibaba холдингінің халықаралық деңгейдегі басты дүкені. Мұнда қарапайым адамдар емес, шет ел компанияларымен бірге жұмыс істеуге дайын зауыттар мен тауарды көп мөлшерде тарататын ірі көтерме саудагерлер отырады. Сондықтан тауарды зауыттың өзінен алғыңыз келсе немесе заттарға өзіңіздің бренд белгіңізді бастырғыңыз келсе, тура осы жерге келесіз.


Не сатады? 


Қытайда шығатын заттың бәрі бар: матадан бастап үлкен зауыт станоктарына дейін таба аласыз. Тауар тек топтап (партиямен) сатылады, ал ең аз дегенде қанша дана сатып алу қажет екенін әр сатушы өзі таңдайды. 

Артықшылығы

  • Делдалсыз, өндірушілерге байланыса аласыз.

  • Тауарға бренд белгіңізді бастыруға болады.

  • OEM және ODM мүмкіндігі бар (зауыт тауарды сіздің тапсырысыңызға немесе дайын жобаңызға жасап береді).

  • Trade Assurance жүйесі бар: тауарды алғаныңызды растағанша, ақшаңыз сатушыға берілмейді.

  • Сайт ағылшын тілінде, бірақ автомат түрде аударады.

  • Тауарды салып жібермей тұрып, сапасын тексертіп алуға болады.

Кемшілігі

  • Trade Assurance барлық сатушы қолданбайды, ол арқылы алсаңыз, тауар қымбатырақ.

  • Сапаны толық тексеру үшін бәрібір тәуелсіз инспектор жалдау керек.

  • Қытай сатушылармен бірге келіссөз жүргізуге тәжірибе қажет.

  • Өзіңізге бір-екі зат сатып алуға мүмкіндік жоқ.

1688.com


Бұл – Alibaba компаниясына тиесілі, тек Қытайдың ішкі нарығына арналған, тауарды көтерме бағамен сататын сайт. Alibaba.com шетел азаматтарына арналған болса, 1688 – Қытай азаматтарының өздері сауда жасайтын жер. Біздегі байерлер мен делдалдар тауарды қайта сату үшін осы жерден алады. Өйткені мұнда тауа арзан, экспортқа артық төлем алынбайды және халықаралық агенттер жоқ. Егер сіз Қытаймен жұмыс істеп жүрген әрі онда сенімді делдалыңыз бар тәжірибелі кәсіпкер болсаңыз, бұл сайт сізге қолайлы.

Не сатады? 


Alibaba-дағы сияқты кез келген зат бар, тек бағасы әлдеқайда төмен әрі өндірушілер де көп. Оның үстіне, мұнда тауарды аз мөлшерде сатып алуға болады.

Артықшылығы

  • Қытайдағы барлық сайттың ішінде ең арзан тауарды осы жерден табасыз.

  • Өндірушілерге тікелей шығып, тауарды өз талғамыңызға сай жасатуға немесе бренд белгіңізді бастыруға болады.

  • Кез келген тауар түрі бойынша сатушылар өте көп.

Кемшілігі

  • Сайт тек қытай тілінде, автомат аудармасы нашар жұмыс істейді.

  • Тек Қытай банк карталарын немесе Қытай банкіне тіркелген Alipay әмияны арқылы төлей аласыз.

  • Байер немесе делдалсыз сауда жасау мүмкін емес деуге болады.

  • Шетелден тауарды кері қайтару өте қиын.

  • Сапаны өзіңіз немесе арнайы инспектор жалдап тексертуіңіз керек.

Taobao және Tmall


Taobao – Қытайдың ішкі нарығында тауарды бір-бірлеп (данамен) сатып алатын ең үлкен дүкен. Ал Tmall танымал брендтердің ресми дүкендері жиналған премиум нұсқасы. Тіпті AliExpress-ке қарағанда Taobao-да зат әлдеқайда көп. Өйткені сатушының көбі халықаралық сайттарға шықпай, тек осы жерде сауда жасайды. Егер сіз байермен бірге жұмыс істеуге дайын болсаңыз және белгілі бір бренд заттарды арзанға іздесеңіз, осы сайттарды қарасаңыз болады.


Не сатады? 


Бұл жерден кез келген бағаға не іздесеңіз де табуға болады. Түпнұсқа (оригинал) Nike, Adidas, Apple өнімдері мен Қытайдың өз брендтері де бар.

Артықшылығы

  • Тауар түрі AliExpress-ке қарағанда әлдеқайда көп.

  • Tmall-дағы бренд заттардың таза түпнұсқа екеніне кепіл бар.

  • Экспорт үстеме ақысы жоқ, көбіне AliExpress-тен арзан.

  • Нағыз сатып алушылар қалдырған пікірлер көп.

Кемшілігі

  • Сайт толық қытай тілінде істейді.

  • Төлем тек Қытай шоты бар Alipay арқылы немесе байер арқылы жасалады.

  • Қазақстанға тікелей жеткізу жоқ, Қытайда қоймасы бар делдал керек.

  • Шетелден тауарды кері қайтару мүмкін емес.

Pinduoduo


Бұл – тауарды басқа сатып алушылармен бірігіп, арзанға алуға болатын Қытайдың танымал маркетплейсі. Бір затқа бір уақытта көп адам тапсырыс берсе, әрқайсы үшін соңғы баға соғұрлым төмен. Сайт негізінен Қытайдың өз ішіндегі сатып алушыларға арналған, бірақ кейінгі жылдары ең арзан тауар іздеген Қазақстан азаматтары да жиі сауда жасайды. Ал бұл алаңның иесі – PDD Holdings компаниясы өзінің нарықтағы құны жағынан 2024 жылдың басында атақты Alibaba Group-ты басып озып, Қытайдағы ең алдыңғы қатарлы онлайн сауда алаңына айналды.


Тапсырыс беру үшін қазақстандықтар көбіне Жаңа Пост, Tezber, 138express сияқты карго қызметтерін пайдаланады. Бұл компаниялар тауарды Қазақстанға жеткізу үшін тапсырыстың салмағына қарай қосымша ақы алады.

Не сатады? 


Тамақ пен киімнен бастап, электроника мен үйге арналған заттың бәрі бар. Мұнда көбіне күнделікті тұрмысқа қажет өтімді тауар сатады.

Артықшылығы

  • Басқалармен бірге тапсырыс бергенде, тауар әлдеқайда арзан. 

  • Тауар түрі өте көп (көбіне Temu-ға қарағанда да кеңірек).

  • Қолданып үйренсеңіз, ақшаңызды үнемдейсіз

Кемшілігі

  • Қосымшасы толық қытай тілінде істейді.

  • Қазақстанға тікелей жеткізеді.

  • Кейбір тауардың сапасы нашар болуы мүмкін.

Байерлер мен делдалдар: олар кім және не үшін керек?


Қытайдың ішкі маркетплейстері туралы сөз болғанда, бірден мынадай сұрақ туындайды: сайт толық қытай тілінде болса, оның үстіне банк картамызды қабылдамаса, ол жерден қалай тауар сатып алуға болады? Жауабы – байерлер.


Байер – тауарды бастан-аяқ сатып алуға көмектесетін адам немесе компания. Ол 1688 немесе Taobao-дан сенімді сатушы тауып, тексереді, өзі сөйлесіп келіссөз жүргізеді және Қытайдың Alipay жүйесі арқылы ақшасын төлейді. Сондай-ақ затты елге жібермей тұрып, Қытайдағы қоймада тексеріп, сізге фотоесеп жібереді, ал соңында кеден құжаттарын реттеп, тауардың қолыңызға жетуін қадағалайды.


Байер соңғы нәтижеге өзі жауап береді. Ол сіздің уақытыңызды, ақшаңызды үнемдеп, жүйкеңізді тоздырмайды. Әсіресе Қытайда жұмысты жаңа бастағандар үшін бұл өте тиімді.


Ал делдал (посредник) – сізді сатушыға байланыстырып қана қоятын адам. Ол тапсырыс беруге көмектескенімен, тауардың сапасы, соңғы нәтижесіне жауапкершілік алмайды.


Байер бүкіл жұмысты өзі атқарады: сатушы іздейді, сөйлеседі, ақшасын төлейді, сапасын тексереді, сыртын орайды және жеткізеді. Сырттан жалдаған жеке сатып алу менеджері сияқты жұмыс істейді. Егер тауар нашар немесе бүлінген болса, уақытынан кешігіп жатса, себебін өзі анықтайды.


Кәсіби байерлердің көбінде Қытайдың ішкі куәлігі (ID) болады. Бұл оларға жабық топтамаларды көруге, іштегі ең арзан бағада алуға және басқа елдің азаматтарымен бірге мүлдем жұмыс істемейтін зауыттарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. 


Олар әдетте жұмысы үшін тапсырыс сомасынан 5-10% алады. Мысалы, 5000 долларға тауар алсаңыз, байерге 250-ден 500 долларға дейін бересіз. Ал сатушыны іздеу, қойма немесе жүкті жинау сияқты қызметтерге бөлек төленуі мүмкін.


Байермен бірге жұмыс істеу тиімді болғанымен, бұл жерде тәуекел көп. Өйткені ешқандай құжатсыз, жауапкершілік алмай-ақ, өзін «байермін» деп жүргендер көп. Егер мұндай адам ақшаны алып жоқ болып кетсе немесе басқа зат жіберсе, артынан іздеп таба алмайсыз. Жеке байерлер үлкен жүкті жай сәлемдеме ретінде жіберетін болған соң, кеденде мәселе болуы мүмкін.


2026 жылғы кеден ережесі


Шетелден интернет арқылы тауар сатып алу ережелері биыл, яғни 2026 жылы өзгерді. 1 шілдеге дейін бағасы 200 еуродан, ал салмағы 31 келіден аспайтын сәлемдемелерге ешқандай кеден салығы төленбейтін. Ал осы екі өлшемнің біреуінен асып кетсе, тек асқан соманың 15%-ы көлемінде (немесе артық салмақтың әр келісіне кем дегенде 2 еуро) салық төленетін. Ал қосымша құн салығы (ҚҚС) ол кезде бөлек есептелмейтін.


2026 жылғы 1 шілдеден бастап ЕАЭО-ның Кеден кодексіне жаңа ережелер шықты. Енді интернеттен алған заттарымыз «жеке қолданысқа арналған» деп емес, олар үшін бөлек «электронды сауда тауарлары» санаты ашылды.


Тауар бағасы 200 еуродан асып кетсе, салық мүлдем басқаша есептеледі. Бұрын салық тек 200 еуродан асқан сомаға ғана салынса, енді тауардың толық құнынан 5% алынады (бірақ әр келісіне 1 еуродан кем емес), оған қоса 16% ҚҚС қосылады (бұл 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді).


Мысалы


Сіз бағасы 500 еуро тұратын тауарға тапсырыс берсеңіз, оның 5%-ы кеден салығы 25 еуро болады, оған тағы 16% ҚҚС, яғни 80 еуро қосылады. Сонда жалпы 105 еуро төлейсіз. Ал бұрынғы ережемен бұл үшін тек 45 еуро төлейтін едіңіз.


Егер тапсырысыңыз 200 еуродан аспаса, бұрынғыдай ешқандай салық төлемейсіз. Сондықтан 200 еуроға жетпейтін ұсақ-түйек заттар алатын сатып алушылар үшін ештеңе өзгермейді.


Маңызды жайт: бұл жаңа ережелер тек ЕАЭО-дан тыс жатқан шетел платформаларына, мысалы, Қытай, АҚШ және Еуропа елдеріне ғана қатысты. Ал ЕАЭО елдерінде тіркелген Wildberries немесе Ozon сияқты маркетплейстерден сатып алынған тауарларға бұл өзгерістердің ешқандай қатысы жоқ.

Бөлісу:

Қытайдан тауар алу: маркетплейстер бойынша нұсқаулық