Ойын-сауық●Саяхат●Кітап әлеміне саяхат: әлемдегі ерекше 6 әдеби музей

Кітап әлеміне саяхат: әлемдегі ерекше 6 әдеби музей

15 шілде 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Кейбір шығарма оқырманның жүрегінен ерекше орын алғаны соншалық, сол кітаптардың, ондағы кейіпкерлердің құрметіне музейлер ашылған. Қазір бұл орындарға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер барады. Бірі сүйікті кейіпкерінің ізімен жүргісі келсе, енді бірі кітаптағы атмосфераны өз көзімен көргісі келеді. Әдебиет пен саяхатты қатар ұнататындар үшін әлемдегі ең ерекше музейлерді ұсынамыз.


1. Шерлок Холмс музейі (Лондон, Ұлыбритания)


Мекенжайы: 221B Baker Street, London NW1 6XE, United Kingdom


Билет бағасы:

  • ересектерге – 20 фунт стерлинг (шамамен 12 500 теңге)

  • балаларға – 15 фунт стерлинг (шамамен 9300 теңге)

  • 6 жасқа толмаған балаларға – тегін


Шерлок Холмс – әлемдегі ең танымал әдеби кейіпкерлердің бірі. Бір қызығы, ол шынайы өмірде болмаған. Соған қарамастан Артур Конан Дойлдың кітаптарындағы әйгілі детективтің үйі Лондонда бүгінге дейін сақталғандай әсер қалдырады.


Музей Лондондағы әйгілі 221B Baker Street мекенжайында орналасқан. Дәл осы үйде Шерлок Холмс пен оның досы доктор Ватсон тұрғаны кітаптарда айтылады. Кейіпкер ойдан шығарылғанымен, бұл мекенжай бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен баратын туристер үшін ең танымал орындардың біріне айналған.


Мұнда кірген сәттен бастап өзіңізді кітаптың ішінде жүргендей сезінесіз. Шерлок Холмстың жұмыс үстелі, химиялық тәжірибелер жасайтын бұрышы, скрипкасы, үлкейткіш әйнегі, қалпағы мен құбыры, доктор Ватсонның бөлмесі – бәрі кітаптағыдай. Сонымен қатар музейде шығармалардағы кейіпкерлерге арналған балауыз мүсіндер мен түрлі экспонат қойылған.


Қызық дерек: Шерлок Холмс – ойдан шығарылған кейіпкер болса да, ұзақ уақыт бойы адамдар 221B Baker Street мекенжайына оған хат жіберіп отырған. Тіпті бұрын бұл хаттарға арнайы қызметкерлер жауап берген екен. 


2. Хәрри Поттер студиясы (Ливсден, Ұлыбритания)


Мекенжайы: Studio Tour Drive, Leavesden, Watford WD25 7LR, Hertfordshire, United Kingdom


Билет бағасы – 56,95 фунт стерлинг (шамамен 40 мың теңге). 


Хәрри Поттер кітаптарын сүйіп оқып, фильмдерін қызығып көрген болсаңыз, бұл жер сіздің арманыңыздағы орын болуы мүмкін. Көпшілік оны «Хәрри Поттер музейі» деп атайды. Негізі бұл – фильмдер түсірілген киностудияның аумағында ашылған үлкен экскурсия кешені.


Мұнда фильмде пайдаланылған түпнұсқа декорациялар, актерлар киген костюмдер, сиқырлы таяқшалар және басқа да реквизиттер сақталған. Музейге барғандар Хогвартстың Үлкен залына кіріп, Диагон аллеясымен жүріп, Дамблдордың кабинетін, Гриффиндордың қонақ бөлмесін, Снейптің зертханасын, Тыйым салынған орманды және 9¾ платформасындағы әйгілі Хогвартс пойызын көре алады.


Сондай-ақ фильмдегі сиқырлы көріністердің қалай түсірілгенін, айдаһарлар, Добби сияқты кейіпкерлердің қалай жасалғанын да білуге болады. Сондықтан бұл жер балаларға ғана емес, ересектерге де қызық.


Бұл жерге билетті міндетті түрде алдын ала сатып алған жөн. Өйткені онда баратырдар өте көп, әсіресе жазда, мектеп демалысы кезінде билеттер бірнеше апта, кейде бірнеше ай бұрын сатылып кетеді. Сондықтан Лондонға баруды жоспарласаңыз, билет мәселесін алдын ала шешкен дұрыс.


Қызық дерек: Лондондағы King’s Cross вокзалында Хәрри Поттердегі әйгілі 9¾ платформасының арнайы фотозонасы бар. Онда қабырғаға кіріп бара жатқан арбамен суретке түсіп, жанындағы ресми Harry Potter дүкенінен кәдесый сатып алуға болады.


3.
Сезім музейі (Ыстанбұл, Түркия)


Мекенжайы: Çukurcuma Caddesi, Dalgıç Çıkmazı No:2, Beyoğlu, 34425 İstanbul, Türkiye.


Билет бағасы – 750 лира (7600-7700 теңге)


Кітап кейіпкерлеріне арналған музейлер көп емес. Ал түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук бұл идеяны мүлде басқа деңгейге шығарды. Ол «Сезім музейі» романын жазғаннан кейін, кітаптағы оқиғаларға негізделген нағыз музей ашты.


Абайлаңыз, спойлер! Романда бас кейіпкер Кемаль сүйген қызы Фүсүннен айырылып қалғаннан кейін оған қатысты әрбір естелікті сақтай бастайды. Ол Фүсүн ұстаған заттың бәрін – сырға, шаш қыстырғыш, сөмке, көйлек, фото, сағат, асүй бұйымдары, кино билеттері, тіпті темекі тұқылына дейін жинайды. Кемаль үшін бұл заттардың бағасы емес, олармен байланысты естеліктер қымбат. Романның соңында ол осы коллекцияны бір күні музейге айналдырғысы келетінін айтады. Кейін Орхан Памук бұл ойды шындыққа айналдырып, 2012 жылы Ыстанбұлдың Чукуржума ауданында Сезім музейін ашады.


Мұнда романдағы оқиғаларға қатысты мыңдаған зат қойылған. Музейдегі 83 витринаның әрқайсы кітаптың бір тарауына арналған. 


Ең көп назар аударатын экспонат – Фүсүн шеккен 4 213 темекі тұқылы қойылған қабырға. Әр темекінің астына Кемальдің сол күнге қатысты қысқаша жазбасы жазылған. 


Бұдан бөлек музейде 1970-1980 жылдардағы Ыстанбұлдың тұрмысын көрсететін киімдер, жиһаздар, ыдыс-аяқ, фотолар мен түрлі тұрмыстағы заттар сақталған. Сондықтан мұнда келген адам романның атмосферасын ғана емес, сол кездегі қаланың өмірін де сезіне алады.


Қызық  дерек: Орхан Памук роман мен музейді қатар ойластырған. Ал кітаптың алғашқы басылымдарының соңғы бетінде арнайы билет болған. Сол билет арқылы оқырмандар музейге бір рет тегін кіре алған.


4. Анна Франктың үйі (Амстердам, Нидерланд)


Мекенжайы: Westermarkt 20, 1016 DK Amsterdam, Netherlands.

Билет бағасы:

  • ересектерге – 17 еуро (шамамен 9 000 теңге). 

  • 10-17 жас аралығындарға – 7 еуро (шамамен 3700 теңге). 

  • 9 жасқа дейінгі балаларға – 1 еуро (шамамен 534 теңге). 


Кейбір кітап оқырманға ерекше әсер қалдырса, енді бірі тұтас бір дәуірдің символына айналады. «Анна Франктың күнделігі» – сондай шығармалардың бірі.


Бұл кітап Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврей қызы Анна Франктың жазған күнделігі негізінде жарық көрген. Анна отбасы мүшелерімен бірге нацистерден жасырыну үшін Амстердамдағы осы үйдің құпия бөлмесінде екі жылдан астам уақыт өмір сүрген. Сол күндері ол басынан өткен оқиғаларды күнделікке жазып отырған. Кейін бұл жазбалар әлемнің ондаған тіліне аударылып, миллиондаған данамен жарық көрді.


Бүгінде сол үй музейге айналған. Келушілер Анна тұрған бөлмелерді, құпия есікті жасырған әйгілі кітап сөресін, күнделіктің түпнұсқа беттерін және сол кезеңге қатысты фотолар мен құжаттарды көре алады.


Музейге кіргенде кітаптағы оқиғалар көз алдыңызда келеді. Мұндағы әр бөлме соғыс жылдарындағы қорқыныш пен үмітті қатар сезіндіреді. Сондықтан бұл жер Амстердамдағы ең әсерлі музейлердің бірі саналады.


Билеттер тек онлайн сатылады және сұраныс өте жоғары болғандықтан, бірнеше апта бұрын брондап қойған дұрыс.


Қызық дерек: Анна Франктың күнделігі әлемнің 70-тен астам тіліне аударылған және ХХ ғасырдағы ең көп оқылған кітаптардың бірі саналады. Ал оның жасырынған үйіне жыл сайын миллионнан астам адам барады.


5. Муми-тролльдер музейі (Тампере, Финляндия)


Мекенжайы: Yliopistonkatu 55, 33100 Tampere, Finland


Билет бағасы:

  • ересектерге – 18 еуро (шамамен 11 мың теңге).

  • балаларға – 9 еуро (шамамен 5500 мың теңге).


Муми-тролльдер туралы кітаптарды бала кезде оқып өскендер аз емес. Фин жазушысы Туве Янссон ойлап тапқан бұл кейіпкерлер бүгінге дейін балалардың ғана емес, ересектердің де сүйікті ертегі әлемінің біріне айналды.


Сол себепті Финляндияның Тампере қаласында муми-тролльдерге арналған әлемдегі жалғыз музей ашылған. Мұнда Туве Янссонның өз қолымен салған суреттері, түпнұсқа қолжазбалары, кітап иллюстрациялары және түрлі макет қойылған.


Музейдегі ең ерекше экспонаттың бірі – биіктігі екі жарым метрге жуық Муми үйінің макеті. Оның әр бөлмесі ұсақ бөлшектеріне дейін жасалған. Сонымен қатар музейге келгендер кейіпкерлердің қалай пайда болғанын, Туве Янссонның шығармашылық жолын және муми-тролльдердің әлемге қалай танылғанын біле алады.


Қызық дерек: Муми-тролльдер кітаптары 50-ден астам тілге аударылған. 


6. Дульсинея музейі (Эль-Тобосо, Испания)


Мекенжайы: Calle Don Quijote, 1, 45820 El Toboso, Toledo, Spain.


Бағасы – 3 еуро (шамамен 1600  теңге)


Алдын ала келіскен, 10 адамнан тұратын топтарға – адам басына 1,5 еуро (шамамен 800 теңге) 


Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романындағы бас кейіпкердің сүйіктісі Дульсинея ойдан шығарылған болғанымен, Испанияда оған арналған ерекше музей бар.


Музей Эль-Тобосо қаласындағы XVII ғасырдан сақталған тарихи үйде орналасқан. Аңыз бойынша, дәл осы өңірде өмір сүрген әйел кітап авторы Сервантеске Дульсинея бейнесін жасауға шабыт берген болуы мүмкін. Кейін бұл үй әдеби мұражайға айналған.


Мұнда барған туристер бірнеше ғасыр бұрынғы испан отбасының тұрмысымен таныса алады. Үйдің бөлмелері, асүйі, жатын бөлмесі, ауласы және күнделікті қолданылған заттары сол күйінде сақталған. 


Музей тек «Дон Кихот» шығармасының жанкүйерлеріне ғана емес, Испанияның тарихы мен мәдениетін білгісі келетін саяхатшыларға да қызық болары анық.


Қызық дерек:
Эль-Тобосо қаласы өзін «Дульсинеяның қаласы» деп атайды. Қалада «Дон Кихот» романына арналған мүсіндер, ескерткіштер және тарихи орындар көп. Сондықтан бұл жер – әдебиет сүйер қауым жиі баратын ерекше бағыттардың бірі.

Бөлісу: