Кеңес кезінде түсірілген фильмдердің көпшілігі көрерменнің көңілінен шығып, “қазақ киносының классикасы” атанды. Ал тәуелсіздіктен кейінгі фильмдер көп сынға ұшырады. Мұндай өзгеріске не себеп болды? Бүгінгі қазақ киносының жағдайы қандай? Болашағы не болмақ? Бұл туралы Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі, кинотанушы Мади Мамбетов айтып берді.

– Көрермен кеңес кезіндегі фильмдердің сапалы екенін жиі айтады. Бұған не себеп болды?
– Ол уақытта жекеменшік киноөндіріс болмады. Барлық кино “Одессафильм”, “Ленфильм”, “Мосфильм”, “Қазақфильм” сияқты мемлекеттік ірі студияларда түсірілді. Сәйкесінше режиссерлер бір фильмге бірнеше жылын арнай алатын. Бюджеті де көп болды. Ең бастысы, фильмді түсіруге кеткен қаржыны прокаттан қайтару керек деген қысым болмады. Сол себепті сапаға шындап көңіл бөлуге мүмкіндік болды. Негізі Кеңес дәуірінде де көркемдік тұрғыдан әлсіз, сапасыз, визуалы нашар түсірілген. Оларды жай ғана бізге көрсетпеді, экранға шығармады. Оған қоса адамдардың есінде теледидардан жиі көрсетілетін ірі картиналар, хиттер қалады. Демек, “сол кездегі барлық кино сапалы болды” деген – қате түсінік.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін түсірілген фильмдер неге жиі сынға ұшырады?
– Меніңше, фильмдердің көңілден шықпай жататыны, сапасы көбіне қаржы мәселесіне байланысты. Кейде мемлекет қаржылай қолдаса да, уақыт жағынан шектеп жатады. Мұндай жағдайда ірі жоба жасауға, декорацияға, production value-ге көңіл бөлуге мүмкіндік болмайды. Мысалы, “Көшпенділер” фильмі Қазақстанды халықаралық деңгейде танымал ететін, имиджі жоғары жоба болды. Оған көп қаржы салынды, жақсы декорациялар мен костюмдер таңдалды. Бірақ сюжеті мен режиссурасы ақсап тұрды.

– Қазақстанда комедия жанрындағы фильмдер көп түсірілетін. Қазір жанрлық ауқым кеңейіп жатыр. Қазақ киносындағы жанр өзгерісін қалай бағалайсыз?
– 2007 жылы Ақан Сатаевтың “Рэкетир” фильмі шықты. Фильм жұмсалған қаржыны ақтады, тіпті, белгілі бір мөлшерде пайда да әкелді. Бұл прокатта өзін ақтаған алғашқы қазақ фильмдерінің бірі болатын. Сол кезде қазақ киносының болашағы криминал, атыс-шабыс жанрындағы фильмдерде, драмаларда сияқты көрінген. Бірақ кейінгі 10 жыл бұл пікірдің қате екенін көрсетті.
Уақыты өте, қазақстандық көрерменге комедия ұнайды белгілі болды. Сондықтан комедиялар, әсіресе, жанұя, отбасы тақырыбындағы комедиялар көп түсірілді. Ене, келін, тоқал тақырыбындағы фильмдер - әлі күнге дейін ең көп табыс әкелетін жанр. Әрине, “қазақтар тек комедия түсіре береді” деген пікірлер бар. Бірақ мұндай тақырыптағы коммерциялық фильмдер де маңызды рөлі бар. Дәл осы фильмдер қазақ қоғамында кинотеатрға барып кино көру мәдениетін қалыптастырды. Көрермен отандық киноға үйренді. Осыдан кейін драма, триллер, хоррор сияқты күрделірек жанрларды түсіруге, көрсетуге мүмкіндік туды. Дегенмен отбасы тақырыбы қазақстандық көрермен үшін әлі де маңызды, басым. Қандай жанрдағы фильм болса да, оның негізінде отбасы, жанұя құндылықтары жатыр.

– Қазақстанда қай жанрлар әлі күнге дамымай жатыр деп ойлайсыз?
– Ең бірінші мықты жағынан бастайық. Қазақстанда авторлық, артхаустық киноның мықты мектебі бар. Менің, бізде барлық жанрлар бар. Бірақ олардың ешқайсы жеткілікті деңгейде дами алмай жатыр. Қазақстан киноөндірісінің тарихы мен халықтың сұранысын ескерсек, бізде музыкалық комедия мен мюзикл жанры әлдеқашан дамуы керек еді. Өкінішке қарай, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз. Жасалса да, сәтсіз шығып жатыр.
– Назардан тыс қалып жатқан талантты режиссерлер бар ма?
– Талантты режиссерлер өте көп. Мұндайда кинофестивальдердің бары қуантады. Мысалы, әйел режиссерлерге арналған фестивальдер бар. Мұндай халықаралық кинофестивальдерде өз еліңде танымал болмасаң да, беделге ие бола аласың. Қазақстанда талантты әйел режиссер өте көп. Бірақ оларды көпшілік тани бермейді. Көрермен оларды танып, шығармашылығымен танысып, дамуына көбірек мүмкіндік болса деймін.
– Қандай фильмдерді үздік деп бағалар едіңіз?
– Қазақстан киносыншылар қауымдастығында киноны үздік деп бағалау үшін белгілі бір кәсіби критерийлерге сүйенеміз. Бірақ түптеп келгенде ең мықты киносыншы да өз талғамына қарай таңдау жасайды. Менің талғамымнан шыққан фильмдер арасында Эмир Байғазиннің “Уроки гармонии” деген фильмі бар. Өте сапалы, терең фильм. Әділхан Ержановтың барлық фильмін ұнатамын. Мәселен, “Ұлболсын”, “Көршілер”, “Дала қасқыры”. Жанна Исабаеваның “Ойпырмай” комедиясы да сәтті шыққан.

– Қазақстан киносының болашағынан не күтуге болады?
– Болашақта не болатынын нақты білмеймін. Бірақ, комедия жанры үстем боп қала береді деп ойлаймын. Сапалы хоррорлар шығады. Өйткені, бұл – маңызды жанр. Драма дамиды. Сериал көп, кино аз түсіріледі, көбірек мюзикал түсіріледі деп ойлаймын. Біз түсіре алатынымызға сенемін. Күлкілі емес, сапасыз комедиялар авторлары нарықтан кетеді.




