ДенсаулықДене«Кілең қыз тудың». Баланың жынысы неге байланысты?

«Кілең қыз тудың». Баланың жынысы неге байланысты?

30 шілде 2026
4 мин
"Гениальные младенцы" фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Қоғамда әйелдер «кілең қыз тудың» немесе «қашан ұл табасың?» деген сөздерді жиі естиді. Тіпті осының кесірінен отбасының шырқы бұзылып жататын кездер де аз емес. Одан бөлек «ішің шошайып тұр, ұлды боласың», «етке жеріксің, атұстар келе жатыр» деп тон пішетіндер көп. Тіпті ұл тапсын деп ырымдап, төсектің астына қамшы немесе балта жасыратындар да кездеседі. Алайда биология мен медицина бұл мәселеге баяғыда нүкте қойған. Шын мәнінде, баланың жынысына ананың ешқандай қатысы жоқ – бәрі тікелей әкеге байланысты. Бұл қалай жұмыс істейді және ел аузындағы болжамдар қаншалық рас? Tamga Media түсіндіріп көрді.

Ұл мен қыз қалай пайда болады?


Адамның ағзасында жынысты анықтайтын арнайы бөлшектер, яғни хромосомалар бар. Оны қарапайым тілде «ұрық кодтары» деп атайық. Әйелдің жұмыртқа жасушасында әрқашан тек бір код болады – Х, яғни, қыз баланың коды. Онда басқа код мүлдем жоқ. Ал еркектің ұрығында екі түрлі код бар. Бірі – Х (қыз), екіншісі – Y (ұл).


Ұрықтану процесі кәдімгі бәйге сияқты. Миллиондаған ұрық аналық жасушаға қарай жарысады:

  • Мәреге бірінші болып Х (қыз) ұрығы жетсе, дүниеге қыз бала келеді (Х + Х = қыз).

  • Ал көмбеге Y (ұл) ұрығы бірінші жетсе, онда ұл бала туады (Х + Y = ұл). Айтпақшы, қыз баланы жасайтын Х-хромосомасы өте көп, онда 2000-дай ген бар, ал ұлдың Y-хромосомасы кішкентай, 100-ге жетпейтін ғана гені бар.


Қысқасы, ана тек «қабылдайтын» тарап, ал қандай ұрықтың бірінші жететіні – тек әкенің ағзасына байланысты. Сондықтан табиғат заңдылығы бойынша, әр жүктілікте ұл немесе қыз туу ықтималдығы 50/50 болады. Тіпті алдыңғы бес бала кілең қыз болса да, алтыншы баланың ұл болуы немесе болмауы бәрібір сол баяғы 50/50 күйінде қалады. Әр жүктілік – жаңа лотерея.


Ғылым мұны қалай дәлелдеді? 


Баланың жынысы ең алғашқы секундта-ақ шешіліп қоятынына қазіргі жасанды ұрықтандыру (ЭКҰ/ЭКО) нағыз дәлел бола алады. ЭКҰ кезінде дәрігерлер сол миллиондаған ұрықтың ішінен «бәйгеден» озып келген сперматозоид пен жұмыртқа жасушасын пробиркада қосады. Ұрық әлі жатырға салынған жоқ, ол әлі көзге көрінбейтін нүкте болып пробиркада жатыр. Бірақ дәрігерлер арнайы тест арқылы оның ұл не қыз екенін 100% дәл көре алады.

Бұл нені білдіреді? Бұл баланың жынысы ана ағзасына, оның жүктілік кезіндегі тамақтануына немесе ырымдарына мүлдем байланысты емес екенін көрсетеді. Бәрі тек әкеден келетін сперматозоидқа ғана байланысты және ұрық пен жұмыртқа қосылған ең алғашқы секундта-ақ шешіліп қояды.


Баланың жынысын болжайтын наным-сенімдер 


Ғылым бәрін дәл осылай дәлелдеп берсе де, қоғамда ескі наным-сенімдер тамырын тереңге жайған. Табиғат заңдылығын түрлі күнтізбе бойынша есептеп, тіпті ырым-тыйыммен өзгерткісі келетіндер де жоқ емес. 


1-миф: «Қытай немесе жапон күнтізбесімен есептеу, ерлі-зайыптылардың жасына қарап немесе қанының жаңарғанын аңдыпм, ұл не қыз туатынын дәл табуға болады».


Шын мәнінде, бұл әдістердің ешқандай биологиялық механизмі жоқ. Ғылыми зерттеулер мұндай күнтізбелердің дәлдігі кездейсоқ болжамнан (шамамен 50/50) аспайтынын дәлелдеген. Баланың жынысы анасының жасына да, айдың нешесі екеніне де, «қанның жаңаруына» да қарамайды.


2-миф: «Әйелдің бетіне дақ түсіп, сұрықсызданып кетсе – қыз, ал құлпырып кетсе – ұл». 

Шын мәнінде, жүктілік кезіндегі безеу, тері пигментациясы, ісіну, шаш пен тері жағдайының өзгеруі тек ағзадағы гормондардың күрт өзгергеніне байланысты. Бұл өзгерістердің ұл не қыз көтеруге тікелей қатысы жоқ, бәрі тек әйелдің жеке физиологиясы мен генетикасына тәуелді.


3-миф: «Әйелдің іші шошайып алға қарай шығып тұрса – міндетті түрде ұл, ал жалпақ болып жайылса – қыз».


Шын мәнінде, медицина мұны да жоққа шығарады. Іштің формасы іштегі ұрықтың жатырда қалай орналасқанына, ананың дене бітіміне, бұлшықеттерінің тонусына, жамбас сүйегінің құрылысына және жүктілік мерзіміне байланысты. Ұл не қыз екенін іштің пішіні арқылы анықтау мүмкін емес.


4-миф: «Етке жерік болсаң – ұл, тәттіге құмартсаң – қыз». 


Шын мәнінде, тағамға құмарлық жүктілік кезіндегі физиологиялық қажеттілік пен дәрумендердің жетіспеушілігінен туады. Мысалы, ағзаға темір немесе ақуыз жетіспесе, адам ет жегісі келеді. Белгілі бір тағамды қалау ұрық хромосомаларына еш әсер етпейді.

5-миф: «Төсектің астына балта немесе қамшы жасыру ұл табуға көмектеседі».


Шын мәнінде, «Ұл тапсын» деп жас келіннің жастығының немесе төсегінің астына қамшы, пышақ немесе балта жасырып қою – мәдени-дәстүрлік ырым. Оның баланың жынысына ықпал ететін ешқандай медициналық күші жоқ. 


Мұндай қате нанымдар біздің қоғамда ғана емес, тарихта да болған. Ежелгі грек философы Аристотель баланың жынысын ұрықтың дамуы кезіндегі «жылу мөлшері» шешеді деп есептеген. Оның теориясы бойынша, барлық ұрық ер бала болып дамуы керек, бірақ оларға жылу жетіспей қалса, толық жетілмей, қыз балаға айналып кетеді-міс. 1676 жылы аталық ұрықты (сперматозоидты) микроскоппен алғаш көрген ғалым Антони ван Левенгук оларды ұсақ жануарлар деп ойлаған. Ол баланы жасайтын тек сол сперматозоидтар, ал әйелдің жұмыртқа жасушасы оған тек қорек береді деп қате тұжырым жасаған.


Сонымен, келесі жолы біреу «неге ұл таппадың?» деп мін тақса, оған ғылыми тұрғыдан кімнің «кінәлі» екенін сеніммен айта аласыз. 

Бөлісу: