СпортСпортКиберспортшы: Команда мықты болмаса, нәтижеге жету қиын

Киберспортшы: Команда мықты болмаса, нәтижеге жету қиын

30 қаңтар 2026
5 мин
Киберспортсмен: без сильной команды сложно добиться результата
Instagram: @qcf.kz

Қазақстанда киберспорт ресми спорт түрі ретінде 2018 жылы танылды. Сол уақыттан бері қазақстандық ойыншылар халықаралық ареналарда жүлде алып, ел атын әлемге танытып келеді. Мысалы, 2022 жылы Қазақстан құрамасы Халықаралық киберспорт федерациясының турнирінде PUBG Mobile ойынынан алтын медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылы Dota 2 бойынша өткен әлемдік чемпионатта да қазақстандық команда үздік нәтиже көрсетті. Көптеген киберспортшының жолы қарапайым компьютерден немесе компьютер клубынан басталады. Әуесқой ойыннан кәсіби деңгейге жеткендердің бірі – Нұрлыбек Асланбекұлы.


Әуесқой ойыннан кәсіби киберспортқа келген Нұрлыбек


Нұрлыбек Асланбекұлы киберспортта Nikola лақап атымен танымал. Нұрлыбек бала кезінен компьютер ойындарын сүйіп ойнайды. Өзінің жолы болған деп есептейді. Себебі әкесі программист болған соң, кішкентайынан үйіндегі құрылғысынан қуатты әрі “ауыр” ойындарды ойнай алған. 2018 жылы әскерден оралған соң, PUBG Mobile ойынымен танысады. Осы ойын Нұрлыбекке киберспорт әлеміне енуге, нағыз кәсіби киберспортшы болуға жол ашады. 


Нұрлыбек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ойыншыларды жинап, команда құрады. Командамен бірге Қазақстан және халықаралық турнирлерге қатыса бастайды. Ол үш жыл бойынша команда капитаны болып, үш мәрте Қазақстан чемпионы, Орталық Азия чемпионы атанады. Кейін Өзбекстан мен Ресей киберспорт командаларының бапкері болып істейді. Одан соң Қазақстан киберспорт федерациясының академиясында ментор болып қызмет етеді. Ал қазір ол – RUKH ESPORTS киберспорт ұйымының директоры.


Киберспортта мақсат, стратегия мен рейтинг бар


Әуесқой ойында нақты мақсат, стратегия, балл жүйесі бола бермейді. Жай ғана жан ләззаты үшін ойнай беруге болады. Ал кәсіби деңгейде ойыншы бірінші орын, ұпай және рейтинг үшін ойнайды. Бұл ұпайлар келесі кезеңдерге өтуге мүмкіндік береді.

Нұрлыбек:

“Әуесқой ойында жүздеген адам қатысып, сайысса, киберспорттағы кәсіби турнирлерде іріктеуден өткен 64 ойыншы немесе команда ғана ойнайды. Әуесқой ойында әлемнің түкпір-түкпірінен кез келген адам ойнай алады, ал киберспортта кәсіби, әуесқой командалар  белгілі бір кезеңнен өтуі керек. Бір сөзбен айтқанда, кәдімгідей басқа спорт түріндегідей өз ережесі, шарты мен талабы бар”.


Киберспорт негізінен екі бағытқа бөлінеді: компьютерлік және мобильді киберспорт. Екеуінің талаптары мен мүмкіндіктері әртүрлі. Компьютерлік киберспортта қаржылай талап жоғары. Ойыншыға қуатты компьютер, монитор, процессор және тұрақты, жылдам интернет қажет. Ал мобильді киберспортта басты құрал – смартфон мен жақсы интернет. Қосымша смартфонды салқындататын желдеткіш пен саусаққа тағатын арнайы қолғап алуға болады. 


Нұрлыбек:

“Мәселе тек қаржыда емес. Киберспортта ең маңыздысы – адамның таланты мен ынтасы. Қабілеті болса, компьютер клубында немесе достарының телефонымен де бастап кетуге болады. Бірақ командаластардың деңгейі де өте маңызды. Команда мықты болмаса, нәтижеге жету қиын”.


Кез келген әуесқой ойыншы кәсіби киберспортшыға айнала алады. Бірақ ол үшін жақсы ойнап қана қоймай, киберспорттың жүйесін жақсы түсіну керек. Мәселен, киберспортта әр ойынның ішкі рейтингі болады екен. Ойыншы жоғары нәтижесін, онлайн ойын кезіндегі үзінділерін, үздік сәттерін әлеуметтік желіге жариялап отыруы керек. Сонда киберспорт ұйымының өкілдері оны байқап, тестке қатысуға шақыруы мүмкін. Ойыншы тестіні сәтті тапсырса, кәсіби киберспортшылардың командасына қосылады.


Киберспорт турнирлері қалай өтеді?


Киберспортта турнирлер онлайн және офлайн форматта өтеді. Бұл сала классикалық спорт түрлеріндегідей күн сайын залда жаттығуды талап етпейді. Дегенмен киберспоршылар жарысқа жақын уақытта онлайн немесе офлайн форматта жиналып, бірге дайындалады.


Олар әуелі қай қалада интернет жылдамдығы жақсы екенін анықтайды. Мұнда ping маңызды рөл атқарады. Ping – интернеттің "ойлану уақыты", яғни ойыншы батырманы басқан сәттен бастап, ойын соған жауап бергенге дейін өтетін уақыт. Ping миллисекундпен өлшенеді. Ping аз болса, ойын тез әрі қатпай, жақсы ойналады. Ал ping көп болса, ойын кеш жауап беріп, қатып қалуы мүмкін.


Нұрлыбек:

“2022 жылы бір жылдың ішінде ойыншыларды Қазақстанның әр қаласында тоғыз рет жинадым. Нәтижесінде Батыс Қазақстанда ping жақсы екенін анықтадым".


Киберспортшылардың күн тәртібі де өзгеше. Турнирлердің көбі түнде өтетіндіктен, ойыншылар әдетте ерте дегенде 10.00-11.00 шамасында оянады.  Бір-екі сағат теория жағынан дайындалады. Бұл кезде бапкер карта сызып, қай команда қай жерде ойнайтынын, қай бағытта қозғалатынын, ротацияны, яғни ойын картасының ішінде бір нүктеден екінші нүктеге қауіпсіз жетуге болатынын түсіндіреді. Одан кейін практикалық жаттығу басталады.


Нұрлыбек онлайн турнирде психологиялық қысым аз, бірақ зейін қою қиын екенін айтады. Ал офлайн ойында ойыншылар ойын ойнайтын құрылғының өзіне де үйренуі керек. Себебі жарыстарта демеуші компаниялардың техникасын қолданады. 


Нұрлыбек:

“Huawei, Oppo, Infinix сияқты компаниялардың смартфондарымен ойнаймыз. Сондықтан турнирге бір ай қалғанда сол телефонға бейімделу қажет”.


Қазақстандағы киберспорт жағдайы


Нұрлыбектің айтуынша, Қазақстанда мықты киберспортшылар бар болғанымен, мемлекеттен қолдау әлі де аз. Мысалы, елдің киберспорт федерациясы 2019 жылы оған “спорт шебері” дәрежесін беруге уәде еткен. Алайда бұл уәде әлі күнге дейін орындалмаған. Киберспортшыларға тұрақты қаржылай қолдау да қарастырылмағанын айтады. Дегенмен кейбір турнирдің алдында компьютер клубтарын дайындап беріп, уақытша көмек көрсетілетін кездер болады екен.


Қазақстан киберспорт федерациясы да жарыстар мен турнирлер ұйымдастырып келеді. Бұрын мұндай турнирлер жылына төрт рет ұйымдастырылса, қазір олардың саны азайып, жылына бір-екі рет қана өтеді. Соған қарамастан, көптеген жас ойыншы халықаралық деңгейге шықпаса да, осы жарыстарға қатысып, елдегі киберспорттың дамуына үлес қосып жүр.


Сонымен қатар киберспортта ping мәселесі де өзекті. Нұрлыбектің айтуынша, Ресей ойыншылары ойындағы кейбір әрекетті қазақстандық ойыншыларға қарағанда 2-3 миллисекундқа жылдамырақ істейді. Себебі көптеген турнир Ресей серверлерінде өтеді. Бұл ойын барысына тікелей әсер етеді.


Нұрлыбек:

“Mobile Legends ойынындағы ойыншыларым дәл осы себептен әлемдік деңгейдегі турнирлерге шыға алмай отыр”.


Осыған байланысты ол мемлекет киберспорт саласына көбірек көңіл бөліп, қаржылай қолдау көрсетіп, Қазақстанда серверлер мен жалпы инфрақұрылымды жақсарту қажет екенін айтады.

Бөлісу: