Күнделікті өмірде мінезі жұмсақ, ешкімге дауыс көтермейтін, биязы жан көлік тізгіндеуге отырды делік. Бес минуттан соң кептеліске тірелгенде, мұндай адамның өзі балағат сөздер айтып, сигналды қатты басып, айналасындағылармен дауласуға көшеді. Алайда мәселе адамның жаман мінезінде емес. Жолда тұрып қалу адамның жүйкесіне соққы болып тиеді, ал ғылым мұның себебін әлдеқашан дәлелдеп қойған екен. Осы орайда Tamga Media бұл жағдайдың түпкі сырына үңіліп көруге тырысты.
Адамның шамына бір орында тұрып қалу тиеді
1970 жылдардың соңында америкалық психолог Реймонд Новако бұл жағдайдың мәнін ашатын – impedance («кедергі») ұғымын ұсынды. Кептеліс адамның жоспарлап қойған мақсатына бөгет болған сәтте стресс тудырады. Мұнда жолдың қауіптілігі немесе қолайсыздығы екінші орында қалады. Ал бір орында тұрып қалуды ми өз уақытына өзі иелік ете алмау деп қабылдайды. Ал бұлай дәрменсіз қалуды ағзамыз тура бір төнген қауіптей көреді.
Бұл жай ғылыми болжам емес. Канадалық психологтар жүргізген зерттеуде жүргізушілерге жұмысқа бара жатқан жолда телефон соғып, сауалнама алған. Бірде кептеліс күндері, бірде жол ашық кезде хабарласқан. Нәтижесінде бағыт та, рульдегі адам да өзгермесе де, жол кептеліп тұрған күндері жүргізушілердің күйзелісі де, ашуы да едәуір жоғары болған.

Сондай-ақ барлық адам бірдей күйге түсе бермейтіні де анықталды. 1978 жылы Дэниел Стоколс бастаған психологтар тобы кептелістегі жүргізушілерді салыстырды. Зерттеушілер жанталаста, үнемі асығып жүретін, тыпыршыған адамдарды «А типті», сабырлы адамдарды «Б типті» деп екіге бөліп, олардың мінез-құлқын саралаған. Үнемі асығып жүретін жүргізушілер сәл ғана тоқтағанның өзінде бұрқан-талқан болған. Десек те ғалымдарды өзге жайт таңғалдырған: жол созылып, мезі қылғанда, байсалды жүргендердің де шыдамы таусылып, дәл сондай күйге түскен. Тіпті кейде А типтідегілерден де асып кеткен. Демек, кептеліс жоқ жерден ашу тудырмайды, тек адамның сабырын сынайды. Біреу бес минутта долданып шықса, екіншісі ұзақ сірескен кептелісте барып ашуға мінеді. Түптің түбінде мұндай жол бәрінің де жүйкесін тоздырады.
Сигнал басу – іштегі ызаны шығару
Новако теориясы сигнал басу себебін де айқын түсіндіреді. Кептелісте қол байланып, дәрменсіз күй кешкен жүргізушінің қолынан келетіні – рульдегі батырманы басу ғана. Сондықтан сигналды басу арқылы адам ахуалды аз да болса өз бақылауында ұстап тұрғандай алдамшы күй кешеді.
Жүргізушілер арасында жүргізілген канадалық сауалнама да осыны айқындайды. Әсіресе, жастар сигнал басуға қатты құмар болып шықты. Мәселен, миллениалдардың 59%-ы сигналды үнемі басатынын айтса, аға буында бұл көрсеткіш 38%-дан аспайды. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы ғана сигналды қауіптің алдын алу сияқты тікелей мақсатында қолданатынын жеткізген. Ал қалғандары үшін бұл – жай ғана іштегі ыза мен эмоцияны сыртқа шығарудың амалы екен.

Бірақ бұдан келіп-кетер пайда шамалы. Алматы жолдарын зерттеу деректеріне сүйенсек, кептелісте тыпыршып, кенет газ басу, біреудің алдына килігіп қатар ауыстыру сияқты асығыс жүру мәнері арқылы бүкіл жолдан бары-жоғы 42 секунд қана уақыт ұтады екенсіз. Соған қарамастан, әрбір төртінші жүргізуші (23,5%) кем дегенде бір рет осылай жүрген, ал 9,5%-ы үнемі осылай айдайды. Адамдар ұтатын уақыты шамалы болса да, жүйкесін тоздырып, қауіпке бас тігеді. Үнемдеген секундта мән жоқ, мұндағы басты мақсат – жағдайды бақылауда ұстағандай алдамшы күй кешу.
Неге кептелісте біреудің алдын кесу оңайырақ?
Жол неғұрлым тығыз әрі баяу болса, өзге көліктермен қатарласып, соғұрлым ұзақ жүресіз. Алайда басқа көлік ішіндегі жүргізушілердің жүзін көре алмайсыз. Көліктің әйнегі мен темір корпусы адамды сырт көзден тасалап тұрады. Соның кесірінен адамдар арасындағы қарапайым әдеп сақталмайды. Бір-бірінің жүзін көрмейді, көз түйістірмейді, «ұят болады-ау» немесе «біреу танып қояды-ау» деген қымсыну да жоғалады.
Тасада қалудың адам мінезін қалай өзгертетінін дәлелдейтін белгілі зерттеу бар. 1976 жылы америкалық психологтар Хэллоуин мерекесінде балаларға бақылау жүргізеді. Бір топ баланың есік алдында аты-жөнін сұрап білсе, екінші топты бетпердемен, үндемей өткізе береді. Нәтижесі ғалымдарды таңғалдырады: бет-аузы жабық, аты-жөні белгісіз балалардың 57%-ы топтасып жүріп, вазадан рұқсатсыз артық кәмпит пен ақша жымқырып кеткен. Ал аты-жөні аталған, жалғыз жүрген балалардың 7%-ы бірақ мұндай әрекетке барған. Бұл жерде баланың тәрбиесі емес, оның танылмай, тасада қалуы шешуші фактор болып тұр.

Психологтар бұл құбылысты деиндивидуализация (тұлғасыздану) деп атайды, ал кептеліс мұның өрістеуіне таптырмас орта. АҚШ-тың жол қауіпсіздігі қорының мәліметіне сүйенсек, америкалық жүргізушілердің 96%-ы соңғы бір жылда рульде отырып тым болмаса бір рет ашуға ерік бергенін мойындаған. Ал сигналды қажеттіліктен емес, іштегі ызадан басатындардың үлесі соңғы он жылда едәуір көбейген.
Тіпті көліктің маркасы да өзінше бір бетпердеге айналады. Insurify сервисінің дерегінше, АҚШ-та жолда дөрекі жүргені үшін жауапқа тартылғандар арасында Audi мен BMW мінгендер өте жиі кездеседі. Мұны тек ел аузындағы әңгіме емес, статистика да айғақтап отыр. Яғни, адамды ешкім танымаса, ол ұятты ұмытып, білгенін істей бастайды.
Кептелісте неге жаяу жүргіншіге жол бергіміз келмейді?
Мұнда да сол кедергі мәселесі басқа қырынан көрініс табады. Кептелісте тұрған жүргізуші жалпы жағдайды өзгерте алмаған соң, алдынан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні сөзіне көндіре алатын жалғыз субъект ретінде көреді. Тоқтамай, бірінші өтіп кету арқылы ол жол бойы жиналған дәрменсіздік сезімін жеңгендей болады.
Бұл жағдай Алматыда да жиі байқалады. Жол қауіпсіздігі сарапшыларының айтуынша, көшелері тар, жаяу жүргіншісі көп қалада қақтығыс ошақтары да көбейеді. Себебі бұл жерде жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жолы минут сайын түйіседі. Елдегі қайғылы жол апаттарының статистикасы да осыны айғақтайды. Жаяу жүргіншісі көп ірі қалалар адам қағу көрсеткіші бойынша үнемі алдыңғы қатарда тұр.

Не істеу керек?
Кептелісте көбіне өзге жүргізушілерге емес, өзіміздің ішкі күйімізге ашуланамыз. Адам өз уақытына иелік ете алмай, дәрменсіз қалғанда, ми мұны қауіп деп қабылдайды. Содан соң тығырықтан шығудың амалын іздеп, жанталаса бастаймыз: бір секунд болса да ұтып қалуға, біреуді озып кетуге немесе арқасынан сигналды бұрқыратуға тырысамыз.
Мұны түсінгеннен ашу сап басыла қоймас. Дегенмен келесі жолы сигналды баса бергіңіз келсе, мұны мидың рефлексі деп балап, сабырға келуге тырысыңыз. Өйткені қанша дабылды бассаңыз да, жол бәрібір ашылып кетпейді.




