ӘлемдеЭкологияКеңседегі ауа адам денсаулығына қаншалық зиян?

Кеңседегі ауа адам денсаулығына қаншалық зиян?

23 қаңтар 2026
5 мин
Насколько вреден воздух в офисе для здоровья человека?
Фото: Unsplash

2021 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауадағы адамға ең зиян алты затты атап, олардың шекті деңгейін белгіледі. Бұл заттар сол деңгейден асып кетсе, адам денсаулығына қауіпті. Дегенмен лас ауа тек далада емес, үйде де, кеңседе де болады. Ал біз уақытымыздың көп бөлігін жабық жерде, оның 8 сағатын жұмыста өткіземіз. Осы себепті кеңседегі ауаның адам денсаулығына қалай әсер ететінін эколог Лаура Маликовадан сұрап білдік.


Экологтың айтуынша, таза ауада азот, оттек, асыл газдар бар. Бірақ ғимараттағы, кеңседегі ауаны таза деуге келмейді. Себебі кеңседегі ауа тікелей қаладағы ауа сапасына байланысты. 

"Адам тыныс алғанда көмірқышқыл газын бөледі. Ал бір бөлмеде көп адам отырса, ауадағы көмірқышқыл газы көбейіп, ауа тез ластанады. Сондықтан кеңсенің көлемі қызметкерлер санына сай болуы керек. Оған қоса сырттан келетін лас заттар, кеңседегі принтер, бояулар адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Ал күні бойы осындай ауамен тыныстаған адамның басы ауырып, өзін жайсыз сезінуі, жүйке жүйесі бұзылуы мүмкін", – дейді эколог. 


Қыста ауаны қалай тазартамыз?


Жұмысқа келгенде кеңсенің терезесін сәл ашып қою керек. Бірақ қыста күн суық болған соң, қызметкерлер тез ауырып қалуы мүмкін. Сол себепті ұзақ уақыт ашқан да дұрыс емес. 

Кеңседегі ауа температурасы өз нормасына сай ылғал болуы керек. Бұған, әсіресе, қыста мән беру керек. Себебі қыста үйді, ғимаратты жылыту үшін қолданатын қондырғылардан шығатын ауа кеңсе ішіндегі ауаны құрғақ болып, ылғал азаяды. Оның салдарынан адамның терісі, шашы құрғайды. Сол себепті жұмыс бөлмесіне ауа ылғал ететін құрылғы қосып қойған жөн. 


Жазда қалай тазартамыз?


Жазда ауаны тазарту оңайырақ. Таңертең терезені ашып, бөлмені желдетуге болады. Түстен кейін ауа баптағыш немесе желдету құрылғысын қолданған дұрыс. Бірақ бұл құрылғылардың жұмыс жағдайын тексеру керек, себебі дұрыс істемесе, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. 


Ал ылғал ететін құрылғыларды әр қалада әртүрлі қолдану керек. Мысалы, Ақтауда ауа өте ылғал, сол себепті мұндай құрылғының қажеті жоқ. 

"Кеңседегі ауа желдететін шахта арқылы тазарып тұруы керек. Біз көбіне терезені ашып желдетеміз. Меніңше, Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда сырттағы ауаны тазалап, ішке беретін арнайы құрылғылар болғаны дұрыс", – дейді маман.

Оған қоса өсімдіктер кеңседегі ауаны тазартады деген миф. Себебі өсімдіктер өздігінен ауаны жақсарта алмайды. Кеңседе ылғал төмен болса, керісінше өсімдіктер солып қалуы да мүмкін.

Бөлісу:

Кеңседегі ауа адам денсаулығына қаншалық зиян? — Tamga media