Азат Нұрғали Қазақстанда мекендейтін жануарлар мен құстарды, бауырымен жорғалаушыларды фотоға түсіреді. Экспедицияларға шығып, елдің әр өңірін аралап, сирек кездесетін жыландарды да іздейді. Tamga Media Азатпен әңгімелесіп, жануарларды қалай табатынын, оларды фотоға түсіру қаншалық қиын екенін және бұл хоббидің қызық тұстарын сұрап білді.
Қаржы саласында істейтін Азат Нұрғали жануарларды фотоға түсіруге 2021 жылы қызыққан. Instagram желісінде орнитолог Әміреқұл Құдайберген мен зоолог Айдын Есжанның жұмыстарын көріп, кейін өзі де Қонаев қаласы маңынан кесірткелер, жыртқыш құстар мен сүтқоректілерді іздеп, суретке түсіре бастаған.
Азат Нұрғали:
«Бала күнімде жануарлар туралы энциклопедияларды көп оқитынмын. Жазда отбасымызбен саяжайға барғанда басқалар жеміс пен көкөніс ексе, мен кесіртке ұстайтынмын. Ал қазір жануарлар әлемін зерттеу мен фотоға түсіру деген екі хоббиімді біріктірдім».

2024 жылдың күзінде Азат алғаш рет арнайы экспедицияға шыққан. Содан бері жылына шамамен екі рет герпетологтармен бірге Батыс Қазақстанға барып, бауырымен жорғалайтындар мен қосмекенділерді іздейді. Бұдан бөлек Қазақстанның басқа өңірлеріне де экспедицияларға қатысады.
«Жаныңда білікті маман болса, жануарды тез табасың»
Оның айтуынша, экспедицияға шығу үшін күрделі дайындықтың қажеті жоқ. Ең бастысы – қажет жабдықтар мен ыңғайлы аяқкиім. Ал жануарды табу үшін оның мекен ететін жерін, мінез-құлқын және қай уақытта белсенді болатынын білу керек.
Азат Нұрғали:
«Бірде жұмыс барысымен досыммен Өскеменге бардым. Екеуіміз Зайсан үшсаусақты ергежейлі қосаяғын іздеп көрдік. Өлшемі грек жаңғағы секілді, негізінен түнде белсенді. Өкінішке қарай, таба алмадық».
«Жануарды тапқан күннің өзінде, оны сағаттап фотоға түсіруге мүмкіндік болмайды»
Оған қоса қай жануарды қашан, қалай іздегеніңе де байланысты. Мәселен, жылан желді ұнатпайды, күн суық болса, сыртқа шыға бермейді. Азаттың айтуынша, барлық жануардың ішінде ең қиыны – жыланды табу. Кейде бағың шапса, іздеген жыланды 1-2 минутта табасың. Кейде 3-4 сағат, тіпті бірнеше күн кетеді. Ал жыланды не басқа жануарды тапқан күннің өзінде, оны сағаттап фотоға түсіруге мүмкіндік болмайды.

Азат Нұрғали:
«Әдетте аң-құс бізге қарап отырмайды. Сондықтан тез-тез фотоға түсіріп, ұзақ ұстамауға тырысасың. Оның үстіне, жоспарланған жерге барып үлгеру керек. Біз ересек болсақ та, армандаған жыланды көргенде балаша қуанамыз».
«Бір жыланды үш сағат іздедік»
Мәселен, былтыр Азат Нұрғали герпетологтармен бірге Маңғыстаудың оңтүстігіндегі Қаплаңқырға барған. Экспедицияның мақсаты – сирек кездесетін жыланды іздеу.
Бірінші күні жаңбыр жауып, төмен түсетін жолды таба алмаған. Екінші күні экспедиция мүшелері арқар жүрген соқпақпен жарты сағаттай төмен түскен. Содан кейін жылан іздеуге кіріскен. Бірақ іздегені бірден табыла қоймаған.
Азат Нұрғали:
«Жыланды үш сағат іздедік. Қайтар жолда тауға көтеріліп бара жатқанда бас герпетологымыз Қажымұрат Ахмеденов құм эфасын байқап қалды. Ірі ұрғашы екен, ұзындығы 73 сантиметр болды. Улы жылан болғандықтан, оны ұстағанда өте сақ болу керек. Эйфориямен жоғарыға тез көтеріліп, фотоға түсірдік».
«БҚО-да бұрын тіркелмеген жыланды таптық»
Биыл көктемде Азат Батыс Қазақстан облысына жасаған экспедиция кезінде бұл өңірде бұрын тіркелмеген Паллас қарашұбар жыланын тапқан. Бұл – Қызыл кітапқа енген сирек жылан түрлерінің бірі.
Азат Нұрғалидің сөзінше, Қызыл кітапқа енген жануарлардың ішінде саны аз әрі таралған аумағы шектеулі түрлерін табу қиын. Оның үстіне, кейбірі адам аяғы сирек жететін жерлерді мекендейді.
Дегенмен кейде экспедицияда іздеген жануарың емес, күтпеген жануарды кездестіріп қаласың. Азаттың есінде қалған осындай кездесудің бірі – итаю.
Азат Нұрғали:
«Құмды эфаға бара жатқанда жанымдағылар “Итаю!” деп айқайлады. Бастапқыда мән бермедім. Кейін бұрылып қарасам, расымен итаю екен. Көлікті тоқтатып, бәріміз суретке түсіре бастадық. Жалпы, итаю адам көзіне сирек түседі, өте батыл жануар. Оны өз көзіммен көрсем де, көңілім толмады. Итаюды екінші рет қашан кездестіретінің белгісіз, сондықтан телефонмен емес, жақсы камерамен түсіру керек».

«Табиғатта сен қонақта екеніңді ұмытпау керек»
Азат Нұрғали экспедиция барысында қауіпті жәндік не жануарды кездестіру мүмкіндігі жоғары дейді. Таулы аймақта, орманда аю не қабанмен бетпе-бет келуің ықтимал. Жылан мен қарақұрт шағуы да әбден мүмкін екен.
«Табиғатта дұрыс киім киіп, абай болуың керек. Сен өз үйіңде емес, қонақта екеніңді ұмытпау маңызды. Аяқкиімді дұрыс таңдамасаң, аяғыңды қайырып аласың», – дейді ол.
Азат экспедициялар барысында кейбір жануардың саны азайғанын байқағанын айтады. Оның пікірінше, бұған қоректің азаюы немесе жануарлардың мекен ету аумағының өзгеруі әсер етуі мүмкін.
Азат Нұрғали:
«Мысалы, біз білетін оқ жылан Батыс Қазақстан мен Қостанай облысы аумағында да кездесіп жатыр. Шибөрі Астана мен Ерейментауда кездеседі. Орман сусары бұрын тек БҚО-дан Павлодар ормандарына дейін кездесетін, қазір Ерейментау мен Алтайға дейін жетіп алды. Дала мысығын Сайқын ауылы маңынан өз көзіммен көрдім. Мені алаңдататыны – кей жануарлар жайлы ақпараттың жоқтығы. Шағыл мысығы мен қамыс мысығы елімізде кездесетінін не кездеспейтінін білмейміз. Сосын Маңғыстауда кездесетін қабыланға бір ұрғашы әкеліп, санын көбейтсек деген арманым бар».

«Өкініштісі, өз жерімізде не бар, не жоғын білмейміз»
Азат қазіргі басты мақсаты Қазақстанда аң-құстың алуан түрі мекендейтінін көрсету, оларды таныстыру, бастысы оларды сақтап қалу екенін айтады. Азаматтар жануарлар жайлы көбірек ақпарат алса, оларды өлтірмес пе еді дейді.
«Қажет ақпаратты бөлісіп, адамдарды қауіпті жәндіктер және жануарлардан құтқарамын деп үміттенемін. Егер қауіп төнсе, өлтірмей, шығарып жіберуге шақырамын. Неге біз батыс болмаса басқа елдерді өз елімізден жоғары санаймыз? Себебі олардың деректі фильмдерін көп көретінбіз, олардың өз елдеріндегі аң-құстарын, жәндіктерін және табиғаттарын көретінбіз. Ал біздің өз жерімізде не бар, не жоғын білмейміз! Былай қарасаң біздің еліміздің табиғаты, фаунамыз кем емес! Тек көріп, білу керек. Біз бұған өз контентіміз арқылы халықтың көзін жеткізіп жатырмыз деген ойдамын».
– Азат Нұрғали



